Сырлы Созақ
05.07.2024
113
0

Халық жадында ежелден келе жатқан ертегіде «Ер Төстігім – бір төбе» дейтін бір тәмсілге айналып кеткен сөз бар емес пе еді?! Сол айтпақшы, бірлік пен тұрақтылықтың символына айналған Түркістан өңіріндегі теріскейдің тарихы да, жолы мен жөн-жосығы да бөлектеу екені рас.
Қазақ даласының жон арқасы секілді қарт Қаратаудың солтүстік-батысқа қарай көлбеп жатқан жоталы сілемдері де тылсым сырға толы. Ал, елі тамылжыған ән-жырымен, күмбірлеген күйімен ерекшеленеді. Қазақ өнері мен руханиятына қанық, әдебиет­тің айтулы кемеңгерінің өзі: «Шаянға барсаң – әншімін деме, Созаққа барсаң – күйшімін деме!» деген сөзді бекер айт­ты деймісіз?! Сондай-ақ, бұл өңірдегі жұрт­тың көбінің сүйегіне сөз сіңген, әр ауылдағы көнекөз қариялардың аузынан қазақтың небір құнарлы сөз, әсерлі әңгімелерін естігеніңізде құлақ құрышыңыз қанады.  
Халқы да мінезді. Артық-ауыз сөзің, іс-әрекетің болса басын иіп, мойнын бұғып, сүлесоқ кейіп танытып тұруды намыс көреді. Кеңес өкіметінің бұратана халық деген түсінікпен бұл жерде «Кіші Октябрь» орнатпақ болған содыр саясатынан туындаған Созақ көтерілісі – соның бір айғағы…
Ислам діні мен қазақ руханиятының бекем орнығып, ту тіккен ордасы – Түркістан шаhарынан онша қашық болған соң ба, әлде ұлағат жолында ұстанымы берік, табиғатына тартып туған тектілік пе, бұл жерде Алла Тағаланың хақ дінін өздеріне шамшырақ етіп ұстанған әулие-әнбиелер, ғұлама, оқымысты, қайраткерлер де аз болмады. Бір ғана кешегі елім деп, жерім деп өткен, Сталиннің өзінен де қаймықпай қарсы пікірін көлденең тарта білген қайсар қазақ Сұлтанбек Қожановтың өзін айтсақ та жеткілікті… Жә, бірді айтып, бірге кетпейік!
«Осы Созақта туып-өсіп, қазақ даласында Қарахан мемлекетінің шаңырақ көтеріп, ірге бекітіп, нығаюына үлес қосқан, ке­йін Қожа Ахмет Яссауиді ақ жуып, арулаған Қарабура әулие – бүкіл түркі әлемінің тәу етер рухани піріне айналған еді», – делінеді кешегі Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбеков секілді Алаш абыздары жазбаларында. Шындығында, Қарабура әулие ұлы ұстазының сопылық жолын ұстанған көп діндардың, әулиенің бірі емес, бірегейі десе болады. Өйткені Қарабура – қазақ мойындаған әзіз әулие ғана емес, бес қаруы белінен түспеген батыры, ел қорғаны болған тұлға.
Осы жылдың 15-маусымында жергілікті азамат­тар Қарабура бабаға арнап берілетін нәзір асқа барлық өңірдегі түркі тілдес жұртқа сауын айтып, шақыру жеткізген соң, біз – жиырма шақты кісі, Шымкент қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев мырзаның басшылығында екі микроавтобуспен Созаққа қарай жол тарт­тық… Созақ өңіріне менің екінші сапарым. Осыдан екі-үш жыл бұрын бір топ қажылармен Бабатадағы Ысқақ ата, Құмкент­тегі Баба түкті Шашты Әзиз әулиенің басына арнайы ат басын бұрып, құран бағыштап өткенбіз.
Таңертеңгі сағат 7-ден аса Шымқаладан шыққан біздер Шаян арқылы Жартытөбе ауылдық округінен өтіп, Созақ ауданы шекарасына ентелей ене бергенімізде автобус ішіндегі әңгіме де қыза түсті… Бір әріптесіміз Созақ жолының қыс мезгілінде жолды жиі қар басып қалатындығын сөз етсе, енді бірі екі-үш жылдан бері жолаушылардың межелі жерге қиналмай барып-келетіндігін, жол жағдайының біршама жақсарғандығын айтады. Созақтың кешегі және бүгінгі жай-күйі туралы сауалдарға автобустың алдыңғы орындығының бірінде отырған, егде жастағы елгезек кісі жан-жақты жауап беріп келеді. Бұл жергілікті жердің жай-күйін жақсы білетін, осы Созақта туып-өскен, бір кез­дері әкесі Теріскейде көп жыл колхоз бастығы болған Өсербай Көшеров екен. Өсекең Шолаққорғаннан өтіп, Созақ ауылына жеткенше осы жердің ой-қырын танбай әңгімелеп келеді. Бір қиырдағы туған жерінде жалаңаяқ шаң кешіп, жусан, бидайық, селеу секілді шөптердің арасымен бірнеше шақырым жол жүріп, мектепке баратындығын, тіпті жол бойында бірнеше рет қоян соғып алғандығын еске түсірді…
– Осы мына Қаратаудың арғы бет тұсы Түркістан ба, қандай елді мекен бар? – дейміз терезеден өркеш-өркеш тау шоқыларына көз тастап.
– Жоқ, арғы бет­те тауға жақыны – Түркістан емес, Кентау… Әне, көрмейсіз бе, әне бір көшке ұқсаған тау шоқылары Келіншек тау деп аталады.., – деп оның тарихынан да біраз баян ет­ті.
– Өсеке, осы тауда барыс, аю, қасқыр дегендер бар ма? – дейді әңгімеге құлақ түріп отырған тағы бір ардагер.
– Аю, барыс жоқ-ау, сірә!.. Бірақ, арқар бар. Ал, таудың етегінде қасқыр, бөрілер болуы мүмкін. Әй, бірақ аңнан бетер азулы жыртқыштар сол таудың үсті мен жықпылдарын да «жекешелендіріп» алғаны рас. Кейде, бүгінде биліктің жоғары сатысындағы, даңғайыр даңқ иесі, бір «спортшы» шенеуніктің тікұшақпен тау үстін тіміскілей шарлап, төрт аяқты тіршілік иелерін түгендеп, сейіл-серуен жасап кететіні осындағы жұртқа белгілі жайт…
Осы әңгімеден түсінгеніміз, Созақ жерінің асты да, үсті де ен байлыққа ие екендігі. Бірнеше шетелдік компаниялардың осы жерлерден әр мысқалы алтынға пара-пар жер асты қазба байлығын (уран) өндіріп отырғаны белгілі. Тек, белгісізі оның қанша пайызының қарапайым халық – жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға жұмсалатындығы.
Сонымен, Шымқаладан үш жарым сағат­тай, Шолаққорғаннан әрмен жетпіс шақырым жол жүріп, Созақ ауылындағы Қарабура әулие қорым-кесенесіне де жет­тік. Кесенеге де­йін көшенің екі жағы қаптаған жеңіл көліктер, баба рухын ұлықтауға келген нөпір халық. Бір жерде бүркіт, тазы ұстаған саятшылар, тағы бір жерде тас көтеріп сайысқа түсіп жатқан тегеурінді жігіт­тер.
Біздерді осы шараны ұйым­дастырушы белсенді азамат­тар, оның ішінде «Оңтүстік Қазақ­стан» газетінің бас редакторы Балажан Абай Бекназарұлы да бар, ашық рай, ыстық ықыласпен қарсы алып, төрге оздырды. Шымкент қаласының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, тағы бірнеше шымқалалық ардагерлер мінбеге көтеріліп, көпшілік қауымға құт­тықтау сөзін жолдады.
Пантеон деп саналатын бұл кесене кешенінде Қарабура әулиеден бастап, Ықылас, Сүгір күйшілер, Нәрік, Дәулет батыр, тағы басқа көптеген танымал тұлғалардың қара мәрмәрға қысқаша өмірбаяндары жазылып, құлпытастары қойылған. Қарабура әулие кесенесінің ішіне кіріп, тізе бүгіп, осы өткендер рухына, елдің ынтымақ-бірлігіне арнап, дұға жасадық.
Қайтар жолда Созақ көтерілісі құрбандарына арнап салынған мемориалға аялдап, ел-жер үшін қуғын-сүргін көрген боздақтар рухына да құран бағыштадық. Мемориалдың қара тақтасына 397 боздақтың аты-жөні жазылыпты.
Иә, өткен ғасырдың 30 жылдары Кеңес өкіметінің зорлықшыл саясаты халықтың ашу-ызасын тудырып, ұлт­тың намысын оят­ты емес пе?! Еліміздің әр шалғайында бұрқ еткен шаруалар көтерілістеріне 80 мыңдай адам қатысқан екен. Солардың ең ірісі – кезінде өкімет тарапынан контрреволюциялық қарулы көтеріліс ретінде насихат­талып келген Созақ көтерілісі еді. Алайда, ашынған халықтың жан айқайы күштік құрылымдар тарапынан аяусыз басып-жаншылды. Мұздай қаруланған қызыл әскер жасақтары бір жеті ішінде шиті мылтық, айыр, орақ, балта, бақанмен қарсы тұрған халықты қынадай қырып салды. Тарихи құжат­тарда бас-аяғы мыңға жуық көтерілісшілер табан астында атылғаны, күдіктілердің ауыр жазаға тартылғандығы туралы жазылған. Кеңес өкіметінің қолдан ұйымдастырылған солақай саясатының кесірінен халық әр түрлі елдерге ауа көшіп, босып кет­ті
Арада талай уақыт өтсе де, қазақ даласындағы ұлт-азат­тық қозғалыстар ұшқыны жалынға ұласып, халық санасында өшпес сәулесін қалдырды. Сексен алтының желтоқсанында Алматыда алаңға шыққан қазақ жастары тас құрсау, темір бұғауды бұзып-жарып, тәуелсіздіктің жарқын болашағына жол ашты. Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңдердің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзент­тік борышымыз!» – деп айт­қанындай, бүгінгі сапарымызда бірге болған Шымкент ардагерлері де Созақ көтерілісі құрбандарының ерлігін еске түсіріп, олардың рухына бас иіп, тағзым ет­ті.
Осы мемориалдық кешенді салуды ұйымдастырушылар қатарында шымкент­тік жерлесіміз, белгілі меценат, заң ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері Бекет Тұрғараевтың да болғандығы біздің кеудемізде ерекше разылық пен мақтаныш сезімін ұялат­ты. «Әрбір игі істе жақсылардың қолтаңбасы бар» деген сөздің тура мағынасы осы болар деп ой түйдік.
Түс ауа әйгілі Қарабура әулие, қазақ руханиятының кешегі қара шалдырмас хас талант­тары – шертпе күйдің шебері Сүгір, Төлеген Момбеков, әдебиет пен өнер майталмандары – Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлімқұлов, Әшірбек Сығай… тағы басқа тарландардың ел-жұртынан мегаполис шаһар-Шымқаламызды бетке алып, таспадай тілінген тегіс күре жолдың бойымен Шаянға қарай өрлеп, ұзай бердік!.. 

Бекшүкір КАРШАЛОВ,
Қазақ­станның Құрмет­ті журналисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір