СЫРЛЫ САЗДЫҢ САҢЛАҒЫ
«Ақсақалға жарасар, еліне болса тоғашы», – депті ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері. Соңынан шәкірттері ерген ұстаз десеңіз – ұстаз, сазгер десеңіз – сазгер, бүкіл өмірін дерлік өнерге бағыштаған мәдениет саласының нағыз майталманы ретінде басшылық қызметтерді қылаусыз атқарған, бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне шықса да, жаны жайдары қалпынан бір ауытқымайтын Қуандық аға Жанғазыұлын көрген сайын Әбубәкір Кердерінің өлеңіндегі осы бір ғана жол жадымызда жаңғырады да тұрады.
Бұл кісімен дидарласып азды-көпті әңгімелескен адам, әсіресе оның әндерін, ол әннің қайсысы қалай дүниеге келгенін тыңдап отырғанда, өмірі мен өнері осынау жарық дүниеге бірге келген, ешқашан қартаймайтын ұлағатты тұлғаны танып отырғандай боласыз. Сосын, бір ақынның:
Шаттыққа шомып жатсаң да,
Адамға жастық шақ қызық.
Аңсатар соны аспанда,
Аққулар сызған ақ сызық, – деген өлең жолдары еске түседі, көз алдыңызға мәңгілік бір жастық шақ елестейді.
Қашан да жақсы мен жақсының жүрегі де, тілегі де бірін-бірі тез танып, тез тіл табысады. Қуандық аға дүниеден озғанына әлі көп уақыт өте қоймаған талантты ақын Әбдірахман Асылбековпен өте жақсы қарым-қатынаста болды. Оған сәл кейінірек.
Әдетте, Алла тұла бойына өлмес өнер дарытқан шын талант иелері қайтсем атақ-абыройға бөленем деп мен мұндалап өзін-өзі әртүрлі әдіспен жарнамалайтындарды жаны жек көреді. Сазгер ағамыз да бойында сондай қаншама мол даңғайыр дарын, өнегелі өнері болса да, сол жолда қаншалықты талмай, тынбай мехнат шегіп келе жатса да осы күнгі кейбір ортақол өнерпаздарша өзін көпке көрнекі етуден, көзге түсуге тырысушылықтан ар-намысын алыстау ұстайды. Бұл кісі жас кезінде де, таланты толысқан шағында да теледидарға түсіп, баспасөзде өзін насихаттап таныстыру сияқты пендәуи қылықтардан қиястау болды.
Дегенмен, сол бір сырбаз да сабырлы қалпымен-ақ оның дүниеге әкелген әндерін бүгінде өнерден, әсіресе сазгерлік өнерден, ән-күй өнерінен хабары барлардың қай-қайсысы да сүйсіне тыңдайды, талантына тәнті болады десек еш қателеспейміз.
Қуандық Жанғазыұлы Кенжебайдың сонау 1970 жылдары дүниеге әкелген «Біз бақытты баламыз», «Кішкентай ғана бөбегім», «Достар», «Қысқы кеш» атты әндері Республика көлеміне кеңінен тарап, Қазақ радиосы мен телеарналардан көрсетілді, әлі де сахна төрінен, эфирден түскен емес. Халқымыз «Заманына қарай амалы» дейді ғой. Ол кісі жазған «Комсомолдар маршын» күні кешеге дейін есімі елге әйгілі әншілер талай орындады.
Ал ортамыздан бақиға кеткеніне көп уақыт бола қоймаған албырт жүрек ақын Нарша Қашағановтың «Таласым», «Жүрек сыры», «Мен сені ұмытқан жоқпын», «Малшылар» өлеңдеріне, Әскербек Құйқабаевтың «Қазақстаным», «Ерке сәулем», Әбдірахман Асылбековтың «Дала жыры», «Мен сені тойда көрдім» өлеңдеріне жазылған әндері көпшіліктің көңілінен орнықты орын алды.
Бүгінде жасы 80-ге толған талантты сазгер жас балаларға арнап, өзін де жас баладай сезініп отырып жазған «Кел балалар, оқылық», «Күз айы», «Менің атам», «Ән салшы, жас достым» сияқты тағы да бірнеше әндерін мектеп оқушылары қазір де өз репертуарынан қалдырмай келеді.
Қуандық аға 1944 жылы қыркүйектің 20-жұлдызында Жамбыл уәлаяты, Жамбыл ауданы, Амангелді кеңшарында дүниеге келген. 1960 – 1964 жылдары Жамбыл мәдени-ағарту училищесін, 1976 – 1981 жылдары Шымкенттің педагогикалық-мәдениет институтын тамамдап, мәдениет үйінің меңгерушісі қызметінен бастады еңбек жолын Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрында музыкант болып еңбек етті. Сол жылдары «Сен едің ғой сырласым», «Айға ұшып барамын» әндері республикалық баспасөзде жарияланып, эфирге шықты. Кейін, 1968 – 1975 жылдар аралығында Талас аудандық мәдениет бөліміне аға инспектор болып, 1975 – 1997 жылдары Ақкөл музыка мектебін басқарды. Сонымен қатар мектепте ән-күй пәнінің ұстазы болып қызмет атқарды. Бүгін қазақтың ән-өнеріне айтарлықтай үлес қосқан ағамызды сеңгірлі сексен жасқа толуымен құттықтап, өнер саласына әлі де талмай-қажымай қызмет қыла беруіне елі тілектес.
Ақмарал РАҚЫШ
МЕН СЕНІ АЛҒАШ РЕТ ТОЙДА КӨРДІМ
Әні: Қуандық Кенжебаевтікі
Сөзі: Әбдірахман Асылбековтікі
Мен сені алғаш рет тойда көрдім,
Құлпырған қызғалдақтай бойда көрдім.
Өзіңдей адамзаттың перизаты,
Бақ құсым болса деген ойға келдім.
Қайырмасы:
Адамдар бақыт үшін жаралат, жаралады,
Көңілдер қуаныштан нәр алат,
нәр алады.
Сағыныш саздарынан,
Махаббат наздарынан.
Ән болып кең әлемге,
Таралат, таралады.
Көктемде бар табиғат гүл ашады,
Қыз-жігіт бір-біріне сыр ашады.
Сұқтана қарай бердім сымбатыңа,
Өзіңнен бұл өмірде кім асады.
Қайырмасы:
Тамсанған талайлардың тілегісің,
Құрбым-ау, көзіңе бір ілемісің.
Жүз жігіт жүгірсе де күйіп-жанып,
Тап мендей сүйе алмасын білемісің.
Қайырмасы.
ТАЛАСЫМ
Әні: Қ.Кенжебаевтікі
Сөзі: Н.Қашағанұлынікі
Тамаша неткен, Таласым менің,
Мақтамас кімдер, даласын жерін.
Тірліктің сырын, түсінген сайын,
Киелі болып, барасың елім.
Қайырмасы:
Қасиетіңнен айналайын,
Қайран аулым.
Сенің арқан, сайрандауым,
Жайрандауым.
Өсірген малын, баптаған жерін,
Қонаққа ылғи сақтаған төрін.
Ауданның ары намысы болған,
Алпыс бір бірдей мақтаған ерін.
Қайырмасы:
Тәкәппар тауым, кең пейіл далам,
Біреуі – әкем, ал бірі – анам.
Қаншама қиын, болғанмен заман,
Таласым мәңгі боласың аман.
Қайырмасы: