ТАРИХИ РОМАНДАҒЫ ТАБЫСТАР
Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихында қазақ әдебиеті барлық жанрда қарыштап дамыды. ХХ ғасырдың екінші жартысында үлкен эпикалық түр (роман жанры), оның ішінде, тарихи роман саны жағынан да, сапасы жағынан да бұрын-соңды болмаған даму биігіне шықты. Тарихи роман саласында мұндай алып тыныстың ашылуына ықпал еткен қуат көзі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болды. Ел басынан өткен қилы кезең оқиғаларын ХХ ғасырдың басында «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» сияқты орта және үлкен көлемді эпикалық түр үлгілерінде реалистік ұстаныммен көркем суреттеп, оқырмандарының санасын тарихи шындықтың салқын лебімен желпіп өткен жазушы «Абай жолы» эпопеясымен қазақ қаламгерлерінің тарихи есінің оянуына, тарихи ойлау танымының жаңаша қалыптасуына зор ықпал етті. Нәтижесінде, қаламгерлеріміз халықтың басынан өткен қилы кезеңдердің шындық құбылыстарын пайымдау мен парықтауға, көркемдік жинақтауға жаңа көзқарас тұрғысынан қарай бастады. Қаламгерлер халықтың тарихи тағдырындағы қилы кезеңдердің шындықтарын, қазақ елінің, қазақ мемлекетінің басынан өткен алуан түрлі сұрапыл оқиғаларды тарихи дәуір мен тарихи тұлғаларға, ел мен жерге қатысты тарихи деректер, тарихи таным негізінде шынайы да көркем суреттеуге құлшынып, батыл бетбұрыс жасады.
Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда», «Көшпенділер» трилогиялары, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Ұстаздың оралуы» романдары, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» роман-хамсасы, Әбіш Кекілбаевтың «Ханша дария хикаясы» мен «Аңыздың ақыры» романынан кейінгі «Үркер» және «Елең-алаң» тарихи романдар циклі, Софы Сматаевтың «Елім-ай» трилогиясы, М. Мағауиннің «Аласапыран дилогиясы, Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш», «Дарабоз» роман дилогиялары, «Тағдыр» (1988) романы белгілі бір кезеңнің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің аса маңызды жетістігі болды. Сонымен қатар өткен замандарда өмір сүрген қайраткерлер, ақындар, ағартушылар, сал-серілер, батырлар мен билер және олардың заманы туралы жазылған тарихи романдардың қалың қатары бой түзеді.
І. Есенберлиннің алты кітаптан тұратын эпопеялық алып құлашты тарихи трилогиялар циклы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті қазынасындағы үлкен құбылыс болды. Жазушының тарихи трилогияларының кең тынысты эпикалық суреттеу кеңістігінде Алтын Орда дәуірінен ХІХ ғасырдағы Кенесары ханға дейінгі көпғасырлық тарихи шындық көрініс тапты. Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірлеріндегі қайбір шындық оқиғалар мен құбылыстарды зерттеуге, қайбір тарихи ірі тұлғалардың аттарын атауға кеңестік билік қатаң тыйым салғанына қарамастан, Ілияс Есенберлин батыл шығармашылық шешім жасады және нақты нәтижелерге жетті: халық тарихын, халық тарихындағы тәуелсіздік пен азаттық идеясын тануға барар жолға уақыт, заман қойған тоспалар мен тосқауылдарды, бұғаулар мен құрсауларды бұзып-жарып өтті; Алтын Орда тарихының көркем шежіресін жазды; қазақ хандығының құрылуынан жойылуына дейінгі, қазақтың алғашқы ханының өмірінен соңғы ханының өліміне дейінгі аралықтағы ірі тарихи оқиғаларды, халық өмірінің шындығын өнер шындығына айналдырды; тәуелсіздік пен азаттық жолында жауларымен арыстандай алысып, жолбарыстай жұлқысып, қара терін тамызып, қызыл қанын ағызып өткен ата-бабаларымыздың естен кетпес ерлік істерін оқырмандар санасында жаңғыртты; қазақ халқының ғасырлар кеңістігінде теңіздей шалқыған елдік рухын, күндей балқыған ақыл-ой қуатын көрсетті.
Уақыттың, заманның санаға салған саяси тоспасы мен тосқауылын, бұғаулары мен құрсауларын бұзып-жарып өту, сөйтіп, халықтың ғасырлар кеңістігінде телегей теңіздей шалқыған елдік рухын, күн көзіндей балқыған ақыл-ой қуатын табиғи қалпында шынайы суреттеп көрсету – ерен еңбек, ерлік, ердің ерінің ғана қолынан келетін ерен ерлік.
Қазақ тарихи романының ХХ ғасырдың екінші жартысындағы тамаша табыстарының бірі – Ә. Кекілбаевтың «Үркер» және «Елең-алаң» тарихи романдар циклы. Тарихи романдар циклының негізгі тақырыбы – қазақ халқының ХVІІІ ғасырдың басында тәуелсіздік үшін жүргізген күресі, негізгі идеясы – қазақ елінің, қазақ жерінің тұтастығы мен азаттығы. Романдар циклына тән басты көркемдік-эстетикалық ерекшеліктер мына түрде айқындалады: а) тақырыптық-идеялық өрісінің кеңдігі; ә) саяси-әлеуметтік мазмұнының байлығы; б) суреттеу жүйесінде эпикалық суреттеу амалынан лирикалық суреттеу амалының басымдығы. Жазушы тарихи кезең оқиғалары арқылы кейіпкерлерінің психологиясын, ішкі және сыртқы саясат бағыттарын бағдарлау, таразылау, бағалау қабілетінің ауқымын, интеллектуалдық болмысын аңғартты. Шығарманың мазмұны мен пішінін, образдар жүйесін саяси-әлеуметтік сарынмен ажарлады.
М.Мағауиннің «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы – қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі, қазақ әдебиетінің тарихындағы аса ірі шығармашылық құбылыс. Роман-дилогияда Еуразия кеңістігінің белгілі бір кезеңдегі аласапыран тарихының шындығы қазақ ханзадасы Ораз-Мұхаммедтің тағдыр-талайы, өмір жолы арқылы суреттелді. Ораз-Мұхаммедтің бейнесі бодан болған, отарлық күйге түскен тұтас бір елдің бейнесі сипатында дараланды. «Шыңғыс хан» эпопеясы – М. Мағауиннің қазақ әдебиеті кеңістігіндегі үлкен тарихи эпостың дамуына қосқан іргелі үлесі.
Софы Сматаевтың «Елім-ай» тарихи трилогиясында көрініс тапқан шындық құбылыстардың, олардың негізінде ұсынылған ойдың, түйінделген идеяның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылығы – жазушы шеберлігінің де, жазушы шығармашылығының көркемдік-эстетикалық байлығының да бастапқы және басты өлшемі. Қаламгер трилогиясының осындай ішкі құндылығы мен сыртқы сұлулығының тұтастығы һәм жарастығы, іші алтындай ардақты, сырты күмістей салмақты болып келуі – жазушылық шеберліктің ғана емес, суреткерлік кемелдіктің де көрінісі. Жазушының шеберлігі мен кемелдігі – оның көркемдік әлемінің айнымас негізі. Ал көркемдіктің көзін жазушының ел өмірінен, Отан тарихынан таңдап, талғап алып, өз шығармасына арқау еткен шындық құбылыстарға деген айрықша көзқарасы, құштар күйі, сүйіспеншілігі ашады. Қаламгердің пайымдауынша, осы күйден, «Отанға деген шексіз махаббаттан… тарихқа деген шынайы көзқарас қалыптасады». Автордың «Елім-ай» тарихи трилогиясы кеңістігіндегі көркемдік-эстетикалық ізденістерінің өрісін ашатын, көрікті ойы мен көркемдік ойлауын тереңнен толқытып, биікке көтеретін тетік – осындай ерен көзқарас, терең таным, берен ұстаным.
Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» тарихи дилогиясы, «Тағдыр» романы Шығыс Түркістан қазақтары тағдырындағы қилы кезеңдердің оқиғасына негізделген. ХІХ ғасырдың 80-жылдары Цин империясы мен Ресей арасында шекара сызығы жүргізілді. Шекара сызығы
тауды бұзып, тасты жарып, өзен мен көлді кесіп өтті. Шекара аймағындағы ел мен жер аузын айға білеген екі империяның билігінен екіге бөлінді. Мұның зардабы, қайғысы мен қасіреті жекетұлғалардың тағдырында, халық өмірінде көрініс тапты. Шекара сыртында қалған халық елінен адасып бір қиналса, жаттың билігінен екі қиналды. Аз ұлттық топтардың ынтымағы мен бірлігіне сына қағу, әрқайсысын өз ішінен іріту, сөйтіп, бәрін бір биліктің алдында кіріптар ету саясаты адам тағдырын тәлкекке салды. Көнгеннің тілі байланды, басы иілді, көнбегеннің қаны төгілді, жаны қиылды. Шекара сыртында қалған қазақтардың осындай қиын да қилы тағдыры «Соңғы көш» дилогиясы мен «Тағдыр» романында тарихи шындыққа сай сарапталды. Жазушының «Дарабоз» тарихи роман-дилогиясы қазақ елінің жоңғар шапқыншыларына қарсы ерлік күресін суреттеудегі шығармашылық табыстарын жаңа жетістіктермен толықтырды.
Шерхан Мұртазаның бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» роман-хамсасы – шын мен жалған, адал мен харам, жарық пен түнек, жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық арасындағы бітіспес күрестің зардабын эпикалық кең құлашпен суреттеген роман-эпопея. Роман-эпопеяда тарихи тұлғаның өмірі мен қызметі, халық бейнесі, тұтас бір елдің өмір-тарихы, бүкіл бір дәуірдің аса ірі саяси-әлеуметтік шындық оқиғалары көркем баяндалған. «Қызыл жебенің» негізгі қаһарманы – халық. «Қызыл жебеде» суреттелген шындық – халық өмірінің шындығы. Роман-эпопеяда а) саяси-әлеуметтік қайшылықтарға толы, сұрапыл өзгерістер мен төңкерістер орын алған бүкіл бір дәуірдің шындығы көркем жинақталған, ә) бүкіл бір дәуір бойы қоғамды, мемлекетті билеп-төстеген әлеуметтік күштердің үдерісі мен күресі бейнеленген, б) ұлт тағдырындағы, халық өміріндегі кезеңді құбылыстар көрініс тапқан.
Біз қысқаша сипаттап өткен тарихи романдардың мазмұны бай, мәні терең, көркемдік әлемі сырлы, түрі мен түсі келісті. Олар – қазақ тарихи романының дамуына қосылған зор үлес, белгілі дәуір шындығының, ел тарихының, халық тағдырының көркемсуретін жасаудағы үлкен табыс, қазақ әдебиетінің ірі жетістігі.
Қазақ тарихи романы Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңдегі қазақ әдебиетінде де басты жанр ретінде дамыды. Қажығали Мұқанбетқалиұлы, Смағұл Елубаев, Кәдірбек Сегізбаев, Жолдасбай Тұрлыбаев, Ұзақбай Доспанбетов, Мәди Айымбетов және басқа жазушылар қазақ тарихи романының дамуына соны серпін берді.
Хазақ халқының қилы кезеңдерде сыртқы жауларға қарсы өзінің елдік егемендігін, мемлекеттік тәуелсіздігін, ұлттық азаттығын қорғау үшін қанын төгіп, жанын қиып майдандасқан сұрапыл ұрыстары мен соғыстары, ақыл-ой тартысы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тарихи романының басты өзегіне айналды. Осы тұста елдің естиярлары мен өсер өркені елдің азаматтық тарихындағы ащы шындықтың өзегін тарихи романнан тауып толғанды. Тарихи роман қоғамның тарихи есінің жаңаруына ықпал етті.
ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында қазақ тарихи романының қатары жас жазушылардың романдарымен толықты. Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан», Иманғазы Нұрахметұлының «От пен су» (Мөде қаған туралы), Серік Елікбайдың «Қанжығалы Бөгенбай» сияқты және басқа жас қаламгерлердің тарихи роман саласындағы алғашқы жетістіктері олардың болашағынан үлкен үміт күтуге болатынын көрсетті.
Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толуы қарсаңындағы соны пайымдаулар негізінде мынадай пікір түюге болады: қазақ тарихи романы мазмұн жағынан да, пішін жағынан да, жанрлық түр жағынан да қарыштап өсіп, қоғамның тарихи есін жаңғыртуға, халықтың тарихи танымын байытуға, елдің интеллектуалдық қазынасын дамытуға зор үлес қосты.
Ұлттың, ұлттық мемлекеттің тарихы – ұлттың, ұлттық мемлекеттің рухани асыл қазынасы. Қазақ тарихи романы осындай асыл қазына байлығына негізделді.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ
Қазақстан Жазушылар одағы
Әдеби сын және әдебиеттану кеңесінің төрағасы