ДАЛАНЫҢ ҚОҢЫР КҮЙІН СҮЙІП ӨТКЕН (Жұмекеннің домбырашылығы хақында)
03.08.2026
45
0

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны мәтіні авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов туралы сөз қозғалғанда, алдымен оның поэзиясы ойға оралады. Ақынның ұлттық рухқа суарылған жырлары, терең философиялық ойлары, азаматтық болмысы жөнінде аз айтылған жоқ. Алайда Жұмекен тұлғасын толық тану үшін оның домбырашылық өнеріне де үңілу қажет. Өйткені ақынның өлеңіндегі әуез, ырғақ, ішкі иірім – бәрі де күй табиғатымен біте қайнасқан.


Жұмекен күйді кейін үйренген жоқ. Ол күйдің ішінде дүниеге келді, күйдің ортасында өсті. Сондықтан оның жырларынан домбыраның қоңыр үні, Нарын даласының самалы, қазақтың ғасырлық күйшілік дәстүрінің тынысы қатар сезіліп тұрады. Күй атасы Құрманғазы дүниеге келген қасиетті Нарын топырағында Жұмекен де өмір есігін ашты. Махамбет «алақандай Нарын» деп жырлаған бұл өлке – тек құмды дала ғана емес, қазақтың күйшілік өнерінің алтын ұясы. Мұнда әр төбе тарих сөйлейді, әр жусанның жұпарынан күйдің иісі аңқиды. Жел көтерілсе, қияқтың сыбыры домбыраның қос ішегіндей күмбірлейді, кешкі тыныштықта құмның өзінен көне сарын естілетіндей. Осындай рухани ортада туған баланың өнерге жақын болуы заңдылық еді. Жұмекеннің кейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның домбыра сыныбында білім алғаны белгілі. Бірақ оның алғашқы мектебі – туған ауылы, алғашқы ұстаздары – Нарынның көнекөз күйшілері болды.
Жұмекен үш-төрт жасынан-ақ домбыраға ерекше әуес болып өседі. Үй ішіндегілердің айтуынша, қолына аспап тимесе, көйлегінің өңірін немесе омырауын сол қолымен қағып, өзінше күй тартып отырады екен. Бұл – баланың жай ермегі емес, табиғи қабілетінің белгісі болатын. Нәжімеден қарияның шаңырағы қашанда өнер адамдары бас қосатын құтты мекен еді. Бұл үйге Азғырдың белгілі күйшісі Сабыр Мұқатов, Қошалақтың әйгілі домбырашылары Әсима Қалиқызы мен оның ұстазы Баһуеден Ниязалиев сияқты дәулескер орындаушылар жиі келіп, күй тартып, өнердің қасиеті жайында әңгіме өрбітетін. Сол қоңыр кештердің бәрі бала Жұмекеннің жан дүниесіне өшпестей із қалдырды. Немересінің өнерге ынтасын аңғарған атасы Өтебәлі шеберге арнайы балаларға лайық домбыра жасатады. Домбыраның мойны жіңішке, басы шағындау болып, баланың қолына дәл келетіндей етіп әзірленеді. Сол шағын ғана домбыра кейін қазақ әдебиетінің үлкен тұлғасының өнер жолындағы алғашқы серігіне айналды.
Жұмекеннің орындаушылық мәнерінің қалыптасуына ықпал еткен адамдардың бірі – Қошалаққа аты мәлім солақай домбырашы Дүйсен қария. Көнекөздердің айтуынша, Дүйсен «Нарату», «Баламайсаң», «Аңшылық» сияқты сирек орындалатын күйлерді ғана емес, Дәулеткерейдің, Мәменнің, Қазанғаптың, Кекілдің шығармаларын ерекше тебіреніспен орындайтын. Тағдырдың өзі оларды жақындастырғандай болды. Кейін Дүйсеннің ұлы Зейнелге Жұмекеннің үлкен әпкесі Мүлкима тұрмысқа шығып, екі әулет құдандалы болады. Соның арқасында жас Жұмекен қарт күйшінің жанында жиі болып, оның күйшілік мектебінен мол тағылым алады. Жылдар өте ақын сол күндерді ерекше сағынышпен еске алған екен: «Пай, шіркін-ай, сол Дүйсекеңнің басына бір барсам деп едім. Әдемі қарт еді. Солақай күйлерді тамаша тартатын. Мені алдына алып отырып, ерінбей күй соқтырған күндері әлі есімде…» Бұл сөздердің өзінен-ақ ұстазға деген шәкірт құрметі айқын аңғарылады. Кейін Жұмекен бірнеше рет арнайы барып, Дүйсен қарияның бейітіне тағзым етеді. Бұл – өнерге, ұстазға, күй мектебіне деген адалдықтың белгісі.
Жұмекеннің өнерпаз болып қалыптасуына туған топырақтағы күйшілік дәстүрдің ықпалы айрықша болды. Оның бойындағы табиғи дарын ауыл арасындағы өнерпаздардың өнегесімен ұштасып, уақыт өте келе үлкен мектепке айналды. Солардың бірі – Нарын өңірінің әйгілі күйшісі Сабыр Мұқатов еді. 1907 жылы дүниеге келген күйші Нәжімеден қарияның шаңырағына жиі келіп, талай мәрте күй шерткен. Сол себепті бала Жұмекен Сабырдың орындаушылығын тыңдап өсіп, оны өзіне рухани ұстаз санады. Кейін ақынның шығармаларынан да сол әсер анық аңғарылады. Әсіресе «Ақ шағыл» мен «Кішкентай» романдарындағы күй тартылып отырған көріністер – жай ғана суреттеу емес, күй өнерінің ішкі табиғатын терең түсінген адамның қолтаңбасы. Домбыра үні бұл шығармаларда оқиғаның фоны емес, кейіпкерлердің жан дүниесін ашатын көркемдік құралға айналады.
Жұмекен көрген күйшілер шоғырын тағы бір дара тұлға – Фазыл Сұлтанов толықтырады. Сары-Ысық елінің перзенті Фазыл заңгерлік біліммен қатар Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тамамдап, кейін Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінде және консерваторияда ұстаздық қызмет атқарды. Ол – әйгілі Сейтек күйшінің жиені. Сондықтан Сейтектен жеткен көптеген сирек күйлерді елге жеткізушілердің бірі болды. «Шәрипа», «Айдау», «Балқаймақ», «Бұлбұл», «Айша», «Он жетінші жыл», «Еркіндік» сияқты күйлерді кейінгі ұрпаққа жеткізуі – ұлттық күй мұрасын сақтаудағы үлкен еңбек. Жұмекен Фазыл Сұлтановпен Алматыда танысады. Ақынның жары Нәсіп Мұстахқызы өз естелігінде: «Бір күні Жұмекен сабақтан ерекше көңілденіп келді. «Фазыл ағайды көрдім. Күй тартқыздық. Техникасы өте мықты екен. Бұрын көпшілікке мәлім емес күйлерді біледі екен» деп ұзақ әңгімелегені есімде», – дейді. Бұл сөздердің өзінен-ақ Жұмекеннің күйшілік өнерге қандай жауапкершілікпен қарағанын аңғаруға болады. Ол үшін күй орындаушының шеберлігі ғана емес, оның жеткізіп отырған дәстүрі мен мектебі де аса маңызды еді.
Жұмекеннің өнер жолында ерекше орны бар адамдардың бірі – әйгілі домбырашы Әсима Қалиқызы. Әсима апай Жұмекеннің әкесінің туған қарындасы Күлмашпен құрдас болған. Ол бала күнінен домбыраны жетік меңгеріп, күйшілік дәстүрдің көрнекті өкілдерінің біріне айналды. Өзі кейін: «Жұмекенжанды Күлмаш екеуміз кезектесіп арқалап өсірдік», – деп еске алып отыратын. Бұл естеліктің өзінен-ақ олардың арасындағы жақындық байқалады. Сондықтан Жұмекеннің Әсима Қалиқызынан күй үйренгенін айту – тарихи шындыққа толық сай келеді.
Әсима Қалиқызы Құрманғазының «Қарт жігер», «Көкалат», Мақаштың «Байжұма», Мүсірәлінің «Ақжелең» секілді күйлерін орындаушылық дәстүрмен бүгінгі күнге жеткізген санаулы күйшілердің бірі болды. Оның орындауындағы күйлер Қазақстанның ұлттық музыка қорында сақтаулы. Бұл – бір ғана күйшінің емес, тұтас Батыс Қазақстан күйшілік мектебінің асыл мұрасы.
Жұмекеннің тете қарындасы Сәбила Сабырқызының естеліктері де ақынның домбырасыз күн кешпегенін дәлелдейді. «Әкемізден қалған бір домбыра болатын. Мен ес білгелі ағамның қолынан сол домбыра түскен емес. Үйімізге қонақ көп келетін. Атамыз келген меймандарға күй тартқызып, артынан Жұмекенге домбыраны ұсынатын. Ағам кейде күй тартып болып, ұзақ ойланып отыратын. Домбыраны құшағына қысып үнсіз отырғанының өзінде бір терең сыр бар еді…» Бұл естеліктен біз ақынның тағы бір қырын көреміз. Ол домбыраны тек орындау үшін ғана ұстамаған. Домбыра – оның ойланатын, сырласатын, жалғыз қалатын серігі болған. Сондықтан кейін туған «Күй» кітабындағы поэзия кездейсоқ емес. Ол – бала күнінен жүрегіне сіңген қоңыр үннің сөз болып қайта жаңғыруы еді.
Жұмекен Алматыға келгенде ауыл арасындағы талапкер ғана емес, ел алдына еркін шығып, күй тарта алатын шебер домбырашы болып қалыптасқан еді. Дегенмен өнер жолы әрқашан даңғыл бола бермейді. 1955 жылы ол Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түсе алмай, комсомолдық жолдамамен Қарағанды көмір шахтасына жұмысқа аттанады. Көмірдің қара шаңы басқан ауыр еңбек оның өнерге деген ықыласын бәсеңдете алмады. Керісінше, домбыра сол қиын күндердің өзінде жан серігіне айналды. Қарағандыдағы жастардың мәдени кештерінде Жұмекеннің орындауындағы күйлер жұртшылықтың назарын аударып, жас домбырашының есімі бірте-бірте өнер ортасына таныла бастайды.
Сол кезеңде Қазақстан кәсіби музыка өнерінің көшбасшысы Ахмет Жұбанов жастар арасындағы өнер байқауларына ерекше көңіл бөлетін. Осындай кездесулердің бірінде ол Жұмекеннің күй орындаушылық шеберлігін тыңдап, ерекше әсер алады.
Академиктің сұңғыла талғамы жас таланттың бойындағы табиғи дарынды бірден таныды. Ол Жұмекенді Алматыға арнайы шақыртып, кәсіби білім алуына қолдау көрсетеді. Бұл – жас өнерпаздың тағдырын өзгерткен тарихи шешім еді.
1956–1957 оқу жылында Жұмекен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның домбыра сыныбына қабылданады. Мұнда ол қазақтың дәулескер орындаушылары Рүстенбек Омаров, Хабиболла Тастанов, Құбыш Мұхитов секілді көрнекті ұстаздардан тәлім алды.
Бұл ортада Жұмекеннің бойындағы табиғи талант кәсіби біліммен ұштасып, орындаушылық мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Ол тек күй тартуды ғана емес, күйдің құрылымын, орындаушылық мектептердің ерекшелігін, әр күйшінің дара қолтаңбасын ғылыми тұрғыдан меңгере бастады. Сондықтан оның кейінгі шығармаларында күйдің табиғаты сырттай сипатталмайды. Ақын күйдің ішкі болмысын, философиясын, үн мен үнсіздіктің арақатынасын терең сезіне білді.
Кейде өнердің өзі адамды басқа бір биікке бастайды. Жұмекеннің өмірінде де сондай кезең туды. Кәсіби домбырашы болып қалыптасып келе жатқан жас жігіттің жүрегінде сөз өнеріне деген құштарлық барған сайын күшейе түсті. Домбырада шертілетін күй енді өлең жолдарына көшті. Бірақ ол күйден алыстап кеткен жоқ. Керісінше, күй ақынның поэтикалық әлемінің өзегіне айналды. Жұмекеннің кейін жазылған өлеңдері мен поэмаларынан төкпе күйдің екпіні, шертпе күйдің сыршылдығы, домбыра қағысының ырғағы анық сезіліп тұрады. Қазақ поэзиясында мұндай табиғи үндестік сирек кездеседі. Ол күйді сөзбен суреттеген жоқ. Ол күйдің өзін сөйлетті.
Ахмет Жұбановтың Жұмекен тағдырындағы орны ерекше. Егер академик жас домбырашының дарынын дер кезінде байқап, оған қолдау көрсетпегенде, қазақ әдебиеті бүгінгі Жұмекенді дәл осылай танымаған болар ма еді. Ақын өмір бойы осы жақсылығын ұмытқан жоқ. Өзінің әйгілі «Күй» кітабында Ахмет Жұбановқа арнап «Дирижер» және «Ақаң» атты өлеңдерін жазды. Бұл – шәкірттің ұстазға деген шынайы алғысының көрінісі.
Консерваториядағы ұстазы Құбыш Мұхитов кейін былай деп баға береді: «Жұмекеннің бұл өлеңдері оның музыка өнерін терең білетінін, күй табиғатын бес саусағындай меңгергенін көрсетеді». Бұл пікір ақынның әдебиет пен музыканы қатар игерген бірегей тұлға екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Жұмекеннің шаңырағы кейін өнер мен әдебиеттің тоғысқан рухани ордасына айналды. Оның орындауындағы күйлерді тыңдау үшін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Әбу Сәрсенбаев, Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов арнайы бас қосатын. Ал музыка әлемінің саңлақтары Нұрғиса Тілендиев, Әзидолла Есқалиев, Шәміл Әбілтаев секілді майталмандармен бірге өнер туралы сырласу Жұмекен үшін өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.
Домбыра – олардың басын қосқан ортақ тіл еді. Жұмекен орындаған бірнеше күйдің магнитофон таспалары бүгінгі күнге дейін сақталғаны – қазақ музыка мәдениеті үшін аса құнды мұра. Сол сияқты шебер М.И.Ромоненко жасаған қасиетті домбырасы да ақын шаңырағында сақтаулы болуы – Жұмекеннің домбырашылық болмысының үнсіз куәсі.
Қазақ әдебиетінде Жұмекен Нәжімеденовтің орны бөлек. Себебі ол күй туралы жазған ақын емес, күйдің табиғатын поэзия тіліне көшірген суреткер болды. Қазақ поэзиясында домбыра, күй, күйші туралы өлеңдер аз емес. Бірақ солардың басым бөлігінде күй сыртқы әсер ретінде көрінеді. Ал Жұмекенде күй – ойлау жүйесі, өмірді тану тәсілі, көркемдік әлемнің өзегі. Сондықтан оның өлеңдерін оқығанда оқырман әуелі сөзді емес, күйдің үнін еститіндей болады. Бұл қасиет ақынның туған ортасынан, балалық шағынан, көрген күйшілерінен, кәсіби музыкалық білімінен бастау алады. Жұмекен үшін домбыра – сахнада өнер көрсетуге арналған музыкалық аспап қана емес, рухани серік болды. Ол қуанышын да, мұңын да, толғанысын да алдымен домбыраға сеніп тапсырған жан еді. Домбырадан туған сол қоңыр үн кейін оның өлеңдеріне көшті.
Нарын – қазақтың күйшілік мәдениетінің алтын бесіктерінің бірі. Осы қасиетті топырақтан Құрманғазы, Дина, Сейтек, Мақаш, Сабыр Мұқатов, Баһу Ниязалиев, Әсима Қалиқызы сынды өнер саңлақтары шықты. Сол ұлы дәстүрдің заңды жалғасы ретінде Жұмекен Нәжімеденов өмірге келді. Ол күй шығарған жоқ. Бірақ күйдің мәңгілік өмір сүруіне қызмет етті. Өйткені күйдің үнін өлеңге айналдыру – күй шығарумен бірдей үлкен өнер. Ақынның әйгілі «Күй» жинағы – соның айқын дәлелі. Бұл кітапта сөз музыкаға айналып, поэзия күйдің тынысымен үндеседі. Сондықтан Жұмекеннің шығармашылығын ақындық және домбырашылық деп екіге бөліп қарауға болмайды. Бұл – бірін-бірі толықтыратын тұтас құбылыс.
Жұмекеннің орындауындағы бірнеше күйдің магнитофон жазбасының сақталуы – қазақ музыкасы үшін баға жетпес мұра. Өкінішке қарай, оның домбырашылық өнері ақындық даңқының тасасында қалып қойды. Бүгінгі ұрпақ Жұмекенді көбіне ұлы ақын, Мемлекеттік Әнұран мәтінінің авторы ретінде таниды. Ал оның кәсіби күйші болғанын, Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алғанын, Ахмет Жұбановтың арнайы қолдауымен өнер жолына түскенін, қазақтың белгілі күйшілерінен тәлім алғанын көпшілік біле бермейді. Сондықтан Жұмекеннің домбырашылық мұрасын зерттеу – тек бір адамның өмір жолын тану емес, қазақ күйшілік мәдениетінің тарихындағы маңызды бір кезеңді қайта зерделеу болып табылады.
Нарында жел көтерілгенде құм ғана көшпейді. Қияқтың сыбыры домбыраның қос ішегіндей күмбірлейді. Сол үннің арасында Құрманғазының қайраты, Динаның даналығы, Сейтектің сыршылдығы, Сабыр Мұқатовтың қоңыр мақамы, Баһу Ниязалиевтің орындаушылық шеберлігі, Әсима Қалиқызы жеткізген көне сарындар және Жұмекен Нәжімеденовтің рухы қатар сезілетіндей. Өйткені Нарын – күйді ғана емес, күйдің үнін сөзге айналдырған ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Жұмекен сол ұлы көштің соңғы тұяғы емес, жалғасқан алтын арқауы болды.

Есмұқан ЖАНИЗИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір