ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫС МЕЙРАМЫ!
22.03.2024
73
0

Бүгінде мейрам атаулы көбейіп тұр. Дүйсенбіден басқасының бәрі бізде – той… Ілгеріде «көсемтой» деген болған екен. Лениннің тойы, Сталиннің тойы дегендей…

Бүгінгінің көсем тойы – Жаңа жыл болып тұр. Жұрт­тың көбі Жаңа жыл деп 1 қаңтарды тойлап жатады. Елден қалмай біз де тойлап жатамыз. Ол аздайын 22 наурызда тағы тойлаймыз. Наурыз мейрамы деп. Есебі, бұл да – Жаңа жыл. 1 қаңтарда көше атаулы шыршадан көрінбесе, 22 наурызда киіз үйдің көптігінен көшелеріміз жабылып қалады. Бұдан сырт 8 наурызда арулар күніміз бар, 1 наурызда Алғыс айту күніміз бар, 14 наурызда Көрісу күніміз бар… Пау дейміз, Жаратушымыз тойдан кенде қылмасын дейміз. Алайда тойдың да тойы бар ғой. Соның ұлықтысы қайсы дейміз…
Әрине, Наурыз мейрамы! Сол тойымыз келе жатыр… Алайда тілдік қорымызда «наурыз» деген сөздің болмауын қалай түсіндіреміз. Тілімізде наурыз деген сөз болмаса, наурыз мейрамымыздың да бос сөз болғаны. Қазіргі қолданыстағы «наурызек», «нау­рызша», «наурыздық», «нау­рызкөже» сөздері біздікі емес. Анығырағы, өзіміздің қолдан жасап алған сөздеріміз. Керек десеңіз, наурыз деген ай атауы да жоқ. Қытайдағы, Моңғолиядағы бауырларымыз оны «үшінші ай» дейді. Ел ішінде «шіншай» деп айтушылықты да кез­дестірдік.
Наурызымыз басты мейрамымыз болса, оны көжемен қарсы алатынымызды қалай түсіндіреміз? Оны «наурызкөже» деп ай атауымен әспет­тейтінімізге не айтамыз?! Бұрынғыларды қайдам, қазіргілеріміздің астау табақ ет келме­йінше орындарынан қозғалмайтыны ештеңе түсіндірмей ме?
Біздің жылымыз маусымына қарай төрт тоқсаннан тұрады. Қыс тоқсан (желтоқсан, ақпан, шіншай) желтоқсан айының он үшінде кіреді. Бұл күні бабаларымыз белгі малдарын пышаққа жыққан (соғым). Қыс тоқсан шіншайдың он үшінде шығады. Шіншайдың он төртінде көктем – Жаңа жыл кіреді. «Ұлыстың ұлы күні құт­ты болсын!» – деген бұл күні бабаларымыз. Мұндағы «ұлыс» деп отырғанымыз – үшінші айымыздың атауы.
Ұлы күн – ұлыс айының он төрті! Сонымен, үшінші айымыздың қазақша атауы бар екен – ұлыс айы. Олай болса, наурыз деген ай атауынан құтылайық. Өзіміздің төл атауымыз – ұлысты орнықтырайық. Наурыз мейрамы деген мейрамнан бас тартайық! Ұлыс мейрамын кіргізейік!
Күнтізбеміздегі осы ұлыс айын толып жатқан мейрамдармен бытыстырып біт­тік. «Көрісу күні» дегенді шығарып алдық. Ал шын мәнінде, ол – ұлыс мейрамымыз! «Алғыс айту күні» дегенді тауып алдық. Ұлыс күнімізді осылардан тазалап алайық. Ұлыс күнімізді осылардан аластап алайық.
Ұлыс тойымызды әсіредусыз өткізуді жолға қояйық. Ат шаптырып, көкпар берейік дегеніміз – асылық нәрсе. Көше қуалап үй тігу де ұшпаққа шығармайды. Шеру өткізу деген – тіпті күлкілі нәрсе. Наурызкөже деп ботқа ішіп жүргеніміз де жараспайды. Мұның бәрі – рәсуа тірлік. Қазақ тойында көже ішу деген сұмдық болмаған.
Бізге қалғаны да жарасады. Асық ойнайық, жақ тартайық, белдесейік, сайысайық… Сөз жоқ, осы жерде тағы бір сауалдың құлағы қылтияды. Кешегі күнде де осы наурыз тойын тойлап келдік ғой деген. Оны да түсіндіруге болады. Елдің түсінгі ол күнде де бұл күндегіден алыс емес еді. Бірінші ғинуарды Жаңа жыл деп тойлау миға (ақылға) сыймайтын еді. Алайда ол Совет­тің тойы еді ғой. Ал совет­тің жолы қашанда даңғыл болған…
Кешегі арыстарымыз мұны жақсы білді. Мәдениет­тен жұрдай деп түсіндіріліп келген қазақ баласының ол тұста Ұлыс тойын тойлауға мүмкіндігі жоқ еді. Алайда Шығыс та Жаңа жылды тойлайтын. 22 наурыз күні… Шынтуайтында, бұл парсылардың тойы болатын. Той болғанда, бұл от мерекесі еді. Қара күштерді (жын-шайтанды) отпен қуа­лайтын (аластайтын) күн еді. Наурыз тойының осындай діни негізі болды. Содан барып та оны тойлауға тыйым салған жылдарымыз да болды.
1987 жылы Одақтың сол кез­дегі Бас хатшысы Ю.Андропов 7 қарашадағы мерекелік сөзінде: «Совет халқы» қалыптасты», – деп жариялады. Мұнан ке­йінгі сөз артық еді. Қалғаны белгілі.
«Көрісу күнін қайтеміз» деушілер де табылар. Турасын айтсақ, біздің Жаңа жылымыз – осы күн. Көрісу күнін Арқа қазақтары да атап өтетін. Оны мына өзіміз көрдік. Дау-дамайға берілмей сабырға келейік. Алға қазақы парасатымызды шығарайық. Жаңа жылымызды ұлыстың 14-інде атап өтейік! Ұлыстың ұлы күнін 14-інде тойлайық! Келе жатқан Жаңа жылымызбен!
Ұлыстың ұлы күні құт­ты болсын!

Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір