ДАЛАНЫҢ ДАРҚАН ДАУЫСЫ
Қазақстанның халық артисі, Абай атындағы академиялық опера және балет театрының баритон дауысты даңғайыр әншісі, Алматы мемлекеттік консерваториясының профессоры, Атырау облысының құрметті азаматы, бірнеше халықаралық конкурстардың лауреаты Ғафиз Есімовтың өмірден озғанына жыл толды. Сахнадағы 50 жылдан астам ғұмырында ол рухани мұратқа адал қызмет етіп, ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын үнімен талай ұлы тұлғалардың бейнесін сомдай жүріп, өзі де осы саланың санаулы саңлағына айналды. А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абайында» Абай, А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазысында» Құрманғазы, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Тарғын, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» Жанбота, Е.Рахмадиевтің «Алпамысында» Алпамыс , Б.Жұманиязовтың «Махамбетінде» Махамбет партияларын аса жоғары кәсіби деңгейде орындап, ел рухын көтеріп, таным-талғамын биіктетуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Бүгінде белгілі өнер зерттеушілері мен мамандары оның шығармашылығындағы ерекшеліктер туралы арнайы талдау мақалаларында айрықша атап көрсеткен. Басқасын былай қойғанда ол Алпамыс, Ер Тарғын, Махамбет партияларын орындау барысында операда қаҺармандық образдарды сомдауда сара жол көрсетті. Өнерге махамбетшіл мінезді алып келді. Ол тек дауыс емес, образға актерлік қабілетімен де терең үңілу арқылы тыңдарманын таңдандырып, тамсандырып, күрсіндіріп, ойландыра білген қырымен де дараланды. Ұлт өнерінің ұстындары Қ.Жандарбеков, К.Кенжетаев, Б.Жылысбаевтардың әншінің өзгеше болмыс бітімін айшықтайтын жоғары бағасы опера тарихында мәңгіге таңбаланып қалды. Ол тек операда ғана емес, халық, осы заман композиторларының әндерін орындауда да озық болды. Бұл ретте Құрманғазы, «Отырар сазы» оркестрімен тығыз шығармашылық байланыста болғанын атап айтсақ та жеткілікті. Оның бойындағы Тәңірден берілген әсері өзгеше даланың дарқан, дара дауысы әлі тыңдарман құлағында десек, артық айтқандық емес. Себебі ол әнді айтып қана қоймайды, оған бар жан-тәнін, ішкі иірімдер мен ағыстарды қосады. Содан да болар ол орындаған бір әннің өзі бір спектакльдің жүгін көтеріп тұрғандай еді. Ол өнердің ең биік шыңы саналатын операда КСРО халық артистері – Р.Абдулин, Е. Серкебаев, Б.Төлегенова, Р.Жамановалармен бірге қызмет еткенін әркез мақтан тұтып, ұстаз санады. Өзі де кейін осы сара соқпаққа түсіп, опера сахнасында қызмет ете жүріп, жастарға әншіліктің қыр-сырынан дәріс оқыды. «Ұстаздық өзіңді аямау, өзгенің бақытын аялау» деп ұстазымыз Зейнолла Қабдолов айтқандай, Хафекең де шәкірт тәрбиелеуде аянып қалмады. Бүгінде халықаралық конкурстарда оза шапқан Жанат Шыбықбаев, Қайырлы Ісләмов, Ким Йоң Дон, Андрей Трегубенко, Жанболат Жұмағазиндер ұстаз сенімін ақтап, талай биіктерді бағындырып үлгерді. Хафиз Есімовтің «Өнер соқпағымен» атты өнербаяны іспетті кітабынан алынған мына бір үзік үзінді еріксіз назар аудартады. Ол оған жанынан қымбат жан, өмір, өнер жолында да жан серігі болған ғазиз адам. Оқиық «…Қай заманда да ұйғыр халқы өздерінің беделді де өнерлі, батыл да қайсар қыздарын мақтан тұтқан. Назыгум, Ипархан, Аманниса, Шынаргүлдер сияқты арулары – өз халқының жоғын жоқтап, тәуелсіздігін аңсап, қайғы-қасіреті мен аяусыз қуғын-сүргінін, зорлық-зомбылығын бөліскен жандар. Сол ару апаларындай талантты жанның бірі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Маһинур Хамитқызы Рахман өмірге деген көзқарасын сахнада сомдаған бейнелерімен баян етеді. М.Х.Рахманның өнер жолы қилы асу белестерден тұрады. Оның сахна төрінде кескіндеген сан алуан рөлдері көрермендердің көкірек көзін ашып, жан дүниесін байыта түсті».
Есіңізге түскен болар, бұл баяғы консерваторияның актерлік факультетін бітіре сала Ғабеңнің «Қозы Көрпеш — Баян сұлуында» Баянды ойнаған бүлдіршін қыз ғой. Әйгілі Ә. Мәмбетов, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, С.Майқановаларды тамсандырған Маһинурдың Баяны осы рөлді ойнаған актрисалардың қатарына қосылғанын Хафекең терең толғанысқа түсіп жазады. Жымиысы Джоконданы еске түсіретін сол жаны жайсаң жеңгеміз, қазақтың келісті, көркем келіні қайсыбір күні редакцияға келіп, отағасының өзгеше қыр-сыры туралы ойларымен бөлісті. Сан қырлы, тағдырлы тұлға оңашада қолына қалам алып, көңіліндегі көріністерді қойын дәптеріне түртіп қояды екен. Маһинур Хамитқызының өтінішімен әншінің артында қалған аманатына қиянат болмасын деп, сол жазбалардың ықшамдалған нұсқасын жариялап отырмыз.
Қали СӘРСЕНБАЙ

Ғафиз ЕСІМОВ: Өмір мектебінде оқушыдан оқытушы көп
* * *
Жастығым – қадір-қасиетім,
Кәрілік – қайғы-қасіретім.
* * *
Есті сөз – өсер,
Есер сөз – өшер.
* * *
Тұлпарға деген талапты тайға артпа.
* * *
Батасыз байлық та, бақыт та болмайды.
* * *
Келешегімнен кешегім жарқын.
* * *
Мадақ адамды өлтіреді, мазақ өсіреді.
* * *
Қаймақты қалқып алар, қаспақты қырып алар.
* * *
Қаспақ та «қаймақ» болсам деп армандайды
* * *
Қанша қаржы бөлсең де, ұлт денсаулығын сатып ала алмайсың.
* * *
ОППОЗИЦИЯ – тырнақ астынан кір іздеу.
* * *
ЛИЦЕМЕР – бетпішуші
* * *
КОНДИЦИОНЕР – тұмаулатқыш .
* * *
ТРАЙБАЛИСТ – жүзі күйгір.
* * *
ГРИМЕР – бетбұзар.
* * *
ОЛИГАРХ – әлі қарық болмағандар.
* * *
К… нен шыққан тенор болғанша, бетіне шыққан баритон болған артық.
* * *
Құркеуденің қолында шоқпар болар.
* * *
Қоңырау тақса, есек те серке болар.
* * *
Кірпіні құшағыңа ала алмайсың.
* * *
Заманақырдың баласының тілі тісінен бұрын шығады.
* * *
Құстың сүтінен қаймақ айырған қу …
* * *
Данышпандық – әркімге келе бермейтін ауру.
* * *
Ағаштың түбірі самалдың қадірін білмес.
* * *
Бір таба нан үшін табанға түспе.
* * *
Көрінгенге көзәйнек болма.
* * *
Әзілсіз өмір – әзәзіл.
* * *
Тағдырдың ұлты жоқ.
* * *
Кешегілер – бүгінгінің сыншысы.
* * *
Артист «ескіріп» өлмейді, ескерусіз қалғанда өледі.
* * *
Әйелдің даңқын шығарғандар – Дон-Жуандар емес, Дон-Кихоттың махаббаты.
* * *
Ерсіз әйелдің «ойбайы» көп.
* * *
Күнің өтіп болмаса базарға бар
* * *
Қолы ашықтың – жолы ашық.
* * *
Жалашыл жаладан өлер..
* * *
Молда оқып
жейді, қарға шоқып жейді.
* * *
Жақсының аты қалар, жаманның таты қалар.
* * *
Судың басы – бұлақта, сөздің басы – құлақта.
* * *
Пәле қыр астында емес, аяқ астында.
* * *
Қасқыр жылда түлесе де, құлқыны өзгермейді.
* * *
Бәйтерек жалғыздықтан қуарар.
* * *
Түлкіге құйрығы куә.
* * *
Мешелден ақсақ артық.
* * *
Ауырған жерің аяулы.
* * *
Адамнан жасырсаң да, арыңнан жасыра алмайсың.
* * *
Құлағымнан көзім адал.
* * *
Әке жимаққа, бала шашпаққа.
* * *
Ұраға түскен ешкі қасқырға ағатай дер.
* * *
Жылқыға тобықтан су – тауыққа топан су.
* * *
Өмір мектебінде оқушыдан оқытушы көп.
* * *
…Мемлекеттік емтихан жүріп жатыр. Мен үшінші курстамын. Қазіргі Қазақстан Республикасының халық артисі Зейнеп Қойшыбаева консерваторияны тамамдап, дипломдық жұмысы М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан Сараның, мен Біржанның әкесі Қожағұлдың партиясын орындадым. Студияда киім-кешек тапшылау, киген шекпенімнің жеңі шолақ, шалбардың қысқалығын есіктің қонышына тығып жасырамыз әйтеуір. Бас киім екі бастан жетпейді, оның үстіне маған жетпейді. Спектакль басталғалы жатыр. Менің бас киім таппай шырылдап жүргенімді байқап қалған Құрекем:
–Әй, Ұзынтұра мә,– деп басындағы қара тақиясын шешіп бере салды.
Спектакльді аман-есен өткіздік. Ал Құрекем болса Шымкенттегі Мәдениет институтының мемлекеттік емтиханына төрағалыққа шақырылып, кешкі пойызға асығып кетіпті. Ақсақал сол кеткеннен туған жері Шымкентте дүниеден өтті. Сөйтіп, Құрекемнің қара тақиясы менде қала берді.
Қайран, Құрекемнің сол тақиясын шашымды тықырлап алдырған сайын көзіндей көріп киіп жүрдім.
***
…Консерваторияның ән салу кафедрасының дайындық курсына емтихан жүріп жатыр. Маған кезек келіп, «Ауылым қонған Сырымбет саласына, ғашық болдым ақсұңқар баласына» деп әуелете бергенімде кафедра меңгерушісі, профессор Бекен Жылысбаев «жарайды» деп тоқтата салғанда, зәремнің қайда кеткенін білсеңдер-ау. «Жігітім жеткен жерің осы болды» дедім өзіме-өзім.
Емтихан қорытындысын жариялайтын уақыт жақындап қалды. «Кірмей-ақ қойсам қайтеді» деймін. «Әй, нар тәуекел!» деп ішке қойып кеттім.
Оқуға түскендердің қатарында өз атым аталғанда шалқамнан түсе жаздадым.
Өстіп, менің алғаш үлкен өнердегі жолымды ашқан қайран Бекен аға Жылысбаев еді!