Қоңыр әуен
30.09.2025
191
0

«Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй…»
Жаныммен, жүрегіммен ұнататын Абайдың өлеңін еске түсіргенім бекер емес. Осындағы «Көңілге түрлі ой салар» өлең жолында үлкен құпия, ашылмаған сыр жатыр. Әлемге әйгілі математик Давид Гильберттің  шешілмеген сұрақтары сияқты, көңілдегі ой – әр пенденің өз құпиясы, сыры, сыр сандығы. Сондықтан да «Әр кәлләда бір қиял» деген мәтел бар екені тағы рас… Мен де – көп кәлләнің бірімін. Қиял деген біздің ауылда да жетіп артылады.
Мейрамбектің әнін жұмыс істеп отырғанда, жол жүргенде, қолым босағанда, жаяу жүріп қыдырған кезде де, көлік жүргізіп бара жатып та тыңдай беремін және  оны тыңдаудан жалыққан емеспін. Оның әндерін бұлай жақсы көретіндердің қатары аз емес.
Мейрамбек шырқаған әндердің музыкалық иірімі, темп ритмі, ырғағы қазақ елінің менталитеті, өмірі, тіпті пәлсафасы десек, артық емес. Бізде қазір «ұлттық» деген ұғым бар. Ұлттық кітапхана, ұлттық театр, ұлттық оркестр, ұлттық мұражай т.т… Осы тұрғыда мен Мейрамбектің дауысын, үнін, оның салған әуенін, ешкімге ұқсамайтын тембрін ұлттық ұғымымен бағаласам, артық болмас.
Қазақ киносының тарландарының бірі Қанымбек Қасымбековті қазіргі оқырман, көрермен көп біле бермес. Өткен ғасырдын 70-80-90 жылдары Каноның есімі ерекше ыстық та сыйлы болатын. Оның алғашқы жұмысы – «Шоқ пен Шер» халықаралық Монте Карло кинофестивалінде бас бәйгені алған. Атағы жер жарған режиссер ағамыздың «Қоштасқым келмейді» фильмінде Мейрамбек алғаш рет көзге түсті. Кино да, ән де бүгінгі тілмен айтқанда, «хит» болды. Көгілдір экраннан осы фильмді асыға күткен жастардың шет жағасын көріп қалдым. Оның үстіне, бұл әуенді Мейрамбек  те ұмыта қойған жоқ. Реті келгенде әлі айтады. Әлі күнге дейін той-жиында жастардың сүйіп айтар әуені – осы ән. Авторы – әнші, композитор Марат Омаров. Фильмнің де,  режиссердің де табысы – актер Мейрамбектің осы әнді айтуы. Бозбаланың бойындағы тазалық, албырттық, адалдық, ұяңдық, сезімталдық, сұлулыққа іңкәрлік – бәрі-бәрі осы әуенде, осы кейіпкерде бар. Фильм сонысымен құнды, ерекшелігі де сонда жатыр.
Ал Мейрамбекті өнерге баулыған, тұсауын кесіп топқа қосқан – Алтекең… Алтынбек Қоразбаев – қазақ өнерінде өзіндік орны, өрнегі бар, қолтаңбасы өзгелерге ұқсамайтын сазгер-сардар. Ол кісінің симфония жазғанын естісем де, есімде жоқ… Бірақ Саркөкемнің «Сағындым Алматымды» әні әр қазақтың жанында, әр әншінің жүрегінде екені рас.
Тоғызға толмаған ойын баласын Жамбылдағы филормония директорына мұғалім апайы алып келген екен. Алтекең оны тыңдаған… Тыңдаған да дәл таныған… «Бұлақ көрсең, көзін аш»… Бұл мәтел – Қоразбаевтың өмірлік қағидасы, кредосы. 
Өнер иесі іргедегі Глинка атындағы музыкалық колледжге Мейрамбекті алып барады. Қас қылғандай, Қазақстандағы қалада домбыра класы жоқ екен. Жамбыл қаласында Жамбыл тартқан аспап болмай шықты… Абыржитын Алтынбек емес… Баланы қобызға берді. Мейрамбек осылайша, өнер өңіріне алғаш қадам басты. Кейін консерваторияға, артынан Өнер академиясына ауысты.
Мен ол кезде Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында, яғни Өнер академиясында ректор кезім. Алып-ұшып Алтекең келген. От ала келген кісідей асығыс. «Осылай да осылай… Бір балам бар, жақсы әнші, тамаша күйші. Осы бала консерваторияда қор болып жүр. Сол баланы осы институтқа алсаң», – деп қолқа салды. Ол кезде Қоразбаев көкеммен тығыз араласпасақ та сыйластығым мықты. Алдым. Мейрамбектің Өнер академиясында оқуына осылай сеп болғаным бар-ды…
Ғажайып әуен күйсандықтан құлай түскен… Жинақы да жанға жақын… Жағалауға қайта-қайта соғылған толқын тәрізді. Болмаса Медеудің сонау төбесіндегі баспалдақтың басынан төмен қарай жүгірген қымбатына, қимасына құлай түскен арудың ардасына асыққаны секілді… Ойнақы да ерке… Желмен  жарысқан ақшыл түсті көйлектің қысқа етегі бір ашылып, бір қымсынып жарқ еткені  сияқты…
«Қосамын әнге атыңды,
Тосамын әр хатыңды.
Сағындым алма бағын,
Арайлы Алматымды…

Сағындым аққу үнді,
Сағындым ақ гүлімді.
Алматым, сыйладың сен
Шабытты шаттығымды».
Ғашық жанның алыста жүрген арман қызға арнауы. Тыныштығын талқан етіп, түн ұйқысын ұрлаған Алматының өзі емес, оның аппақ қызы… Аппақ қызға арналған әсем әуен…
Мейрамбек бұл әнді жалғыз өзі емес, МузАРТ құрамында Сәкен мен Кенжебекпен бірге орындайды. Мейрамбек триода шырқаса да жоғалмайды, керісінше, еректігімен жарқырай көрініп тұрады. Жалпы, ол бала кезінен үлкен-үлкен тұлғаларды көріп қалды. Тұлпар болар құлыншақ сәйгүлікпен бір жүрер… Мейрамбек Нұрғиса көкесін де көрді, батасын алды. Қазақтың дүлдүл ақындарымен, талантты әншілерімен аралас-құралас болды. Шамасы келгенше ағаларына қамқорлық танытып, қастарынан табылды.
«Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып,
Өмір өтті-ау зырғып ағып,
зырғып ағып…
Сарғалдаққа бір қуанып,
Қызғалдаққа бір қуанып,
Өмір өтті-ау зырғып ағып…»
Талантты ақын, өмірдің қызығы  мен шыжығын қатар татқан Есенқұл Жақыпбектің өлеңі. Адам ғұмырының, уақыттың келте екенін мойындаған, бас иген, шарасыздан шарқ ұрып, маңайынан қарманатын тал таппаған ақынның күйзелісі, көңіл күйі, мазасы мен азасы… Ақын өмірдің мәні мен мағынасын іздеген Қорқыт баба іспетті мұңаяды…
Осы әнді орындағанда Мейрамбектің дауысы, үні, толғануы, толқуы, тебірене толғауы әр пендеге ой салады. Мына қысқа ғұмырда жылтыраған зат, дорбалаған ақша емес, адам үшін ең керегі сыйластық пен махаббат екенін емеурінмен меңзейді. Бұл әуенде сағыныш бар, Пер Гюнттің Сольвейг салған сазындай әуез бар. Әр жолда алаңсыз өткен жастық шағына деген ностальгия жатыр… Мейрамбек әр тыңдарманның қасына кеп құшақтап бауырына басқандай әлдебір бөлек күй сезіледі. Үн-түнсіз тыңдап, мына әуез бітпейінше қозғалғың келмейді. Бұл әуен бітпесе дейсің. Қоңыр әуен сазына батып оянғың жоқ… Құдды сонау сәби шақта анаң салған бесік жыры іспетті жаныңды тербейді. Сондықтан да Мейрамбекті елі жақсы көреді, сыйлайды, төбесіне көтереді.
«Көк аспаннан бара жатыр
Өмірімнің жұлдызы ағып.
Жетем деген арманы жоқ,
Бара жатыр жұлдыз ағып…»
Жо-жоқ, бұл пессимизм емес, керісінше,  философиялық оптимизм. Сол үшін де мына қысқа ғұмырда адам үшін ең маңыздысы, ең керегі – маңайыңа нұр шашу, жақсылық жасау, танитын-танымайтын, ойда-жоқта кездескен жандарды қуанту, құшақтау, бауырыңа басу. Адам үшін одан басқа не керек?!
Мейрамбек отыз жыл бойы осылай ән салып жүр. Бүгінде не көп, жұлдыз көп. Кеудесіне нан піскені де, көздеріне шаң түскені де жетерлік. Ал Мейрамбек өзгеше. Басқаларға ұқсамайды.
«Дүние қызыл-жасылды,
Сан ұрпақ саған бас ұрды.
Толқын да толқын қазақтың
Топырақ бетін жасырды.
Өткізіп қилы ғасырды,
Ырысың жатқа шашылды.
Тау менен тасқа соқтым мен,
Халқым деп ғазиз басымды…»
Бұл кешегі Ақтамберді, Шалкиіз, Қожаберген, Жиембет, Доспамбет, Бұхар жыраулардың жаңғырығы емес пе? Ұрпағына өсиет айтып, болашаққа сәлем деген дүлдүлдердің  бізге қалдырған өсие­ті осы ғой…
Кейде маған Мейрамбек сол абыздарды еске салады. Жақсы көрген сүйікті елін, тыңдарманын осылай айқайламай, бақырмай-шақырмай, қоңыр әуенді көңіл әуезімен оятып жатқан іспетті. Абыздық жасқа емес, дарынға тән екенін еске тағы түсіргендей.
Бала кездегі бір көрініс жадымда қалыпты. Алатаудың бауырында атақты Асы жайлауы бар. Әкем екеуміз бір үйге тоқтағанбыз. Түнде кеш жаттық. Таңертең тыңқылдаған домбыра үні оятты. Далаға шықсам, үйдегі ата екен. Керегеге арқасын тіреп жай ғана ыңылдап отыр. Қоңыр дауысымен ұйықтап жатқан немересін оятқаны екен. Домбырасы болмаса да, талай әжелер мен аталардың ертегі айтып, кішкентайын ұйықтатқанын көргенім бар. Алайда сүйікті немересін әнмен оятқан абызды көріп таңғалғаным тағы рас… Мені де Мейрамбек  дәл солай оятады, ойландырады, таң сібірлеп атқанда шаңырақтан түскен сәуледей маңайына жарық  төгеді. Нұрландырады, жаныма нұр құяды. 
Қоңыр әуен маңайға маңып барады. Қандай ғажап ән… Мейрамбектің дауысы… Ұлттық әуез!
Қоңыр үн, қоңыр әуен…

Талғат ТЕМЕНОВ,
кинорежиссер, Қазақстанның халық артисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір