Жұмекен Нәжімеденовтің «Қыран қия» дастаны хақында
«Қыран-қия» дастаны – ерекше бітімді шығарма. Оның ерекшелігі сол, дастан ақынның философиялық толғанысынан туындаған. Мұнда автор екі ұғымды бүкіл поэма идеясының тұғыры етеді. Олар – биіктік пен тереңдік. Табиғаттағы заттық биіктікті адамзат өміріндегі символдық тереңдікпен баламалайды. Таудың қия биіктігі, адамның рухани өмірі әрі іс-әрекетіндегі асқарлығы, адамшылық шынайылығы мен тазалығы, адам баласының биік идея үшін күрестегі асқан ерлігі деп біледі де, теңіз-мұхиттардың тереңдігі адамшылық рухы мен ақыл-ойындағы тұңғиық тебіреністі әрі рухани, ғылыми ой-толғаныстардың ақыл тұңғиығынан шымырлап шығуын қалайды.

Ақын осы екі ұғымды адам өміріндегі ең құдіретті қасиет деп бағалайды. Адамзат тарихындағы мұндай ұлы қасиеттерден мысал келтіріп, поэтикалық шолу да жасайды. Әр адам осы қасиеттерді иемденуге ғұмыр бойына ұмтылады, бірақ армандағаны, өкінішке қарай, алдынан шығып, тілегі орындала бермейді. Себебі бұл қасиеттер оңайлықпен пайда бола қалмайды, ол адамдардың адамында болады. Адам «ер боламын» деп ерлік жасамайды, «ақылды боламын» деп ақылдылыққа ұмтылмайды. Мұның бәрі тек тілекпен туа берсе, ғанибет болар еді-ау! «Әттең, – дейді ақын, – ол мүмкін нәрсе емес. Ерлікті – биіктік, ақылдылықты – тереңдік десек, ол өмірдегі тірі адам таңдап болмайтын құбылыс, ол ғайыптан пайда болып аспаннан түспейді. Оны тұрмыс-тіршіліктің, болмыстың жемісі деп білген жөн. Ең бастысы адамның тумысынан, табиғатынан ерлік іс істеуге икемді немесе терең ақылды болып жаратылуынан»…

Алайда адам баласы күнделікті күйкі тіршілікте өмірдегі жасалар биіктіктер мен тереңдіктерді ерсі көріп, одан бойын аулақ салуға тырысты. Тумысынан солай жаратылғандардың сағын сындырып, тұқыртып отырған күндестік, жасқаншақтық, қорқақтық.
«Тағдыры артық жаралғаны
жоқ есте,
Тектілермен түстік талай егеске», – деп ақын кеселдердің, тектілердің адымын аттатпаған шындығын ашады.
Гете, Пушкин, Цицеронның шалт үні
Терең болып, теңіз болып шалқыды»,
– деп, тарихқа бір жүгіндіреді. Тіпті спартактардың қалың жауға үш жүз ғана жүректі жігіттермен қарсы шыққанын мысалға ала отырып, ақын былай тебіренеді:
«Ішінде оның қасапшы бар,
молда бар,
Әрқайсысы бір тасқын боп долданар,
Өз ісінің ақындары болды олар,
Өз ісінің тереңдері болды олар,
Өз ісінің биіктері болды олар».
Ақын оқырманға тың бір құпия ашып берді. Әр адамнан қолына қару алып, жауды жеңіп, ерлік етуі ғана немесе ақылды болуы ғана талап етілмейді. Әр адамның табиғатында өзінің белгілі бір қыры, икемділігі болуы мүмкін. Сол икемділікте өзіндік биіктік те, тереңдік те бар дегенді ұғамыз. Адам қасиетінің шығандап шырқауға шығуын, ұланғайыр мүмкіндігін топастықпен тұқыртқандық зор өкініш тудырады.
«Ал, біз талай сөйледік-ау екпіндеп,
«Тереңдіктер батырады» деп
күндеп,
Түсінбеуде емес шығар бұл тіпті».
Мұндай тұмшалаушылық, «шынжырлаушылық» түсінбеуде емес екеніне, әдейі біле тұра істелетін әрекет екеніне назар аудартады ақын. Тіршілікте ақылдылар мен батылдар неге зардап шекті? Оған кінәлі топастық пен озбырлық деп жауап береді.
«Тереңдікке ел баяғыда-ақ ынтықты,
Ауыздарға күзет қойып мылтықты.
Біреу жұрттың көмейін де тінтіпті,
Тереңдікке ел баяғыда-ақ ынтықты.
Галилей де, Томас Мор да – бәрі де терең ақылдың салдарында зардап шегіп, халық аузында аңыз боп қана қалғанын, ақын осындай қасиетті адамдардың қорлықпен шейіт болғанын мұңая еске алады.
«Ертегінің алтын балығы сынды
Талай ғажап жақсылықты ұсынды», – дей отыра, ақын ел осы жақсылықтарды түсінбеді деп өкінеді. Тереңдік, биіктік жайлы ұғымдардың құрметтелмей, аяқ асты етілгеніне ақынның жүрегі сыздайды.
«Терең жайлы саяз тартты ірі ұғым,
Шалшықтағы бақаларды көтереміз
кісі ғып,
Тереңдікті қою үшін аулағырақ,
әрірек,
Қорқытамыз: «Терең батырады»,
– деп.
Міне, бұл елді жайлаған, етектен
тартқан топастық».
Адамдардағы таланттылық, қасиеттілік – табиғат сыйлығы.
Жымиып бір күлген шақта
мұртынан
Желкіл қағып жез шудалы күн туған.
Кезінде бір көңілің биік ұмтылған
Көмейіңнен көкке атылып
шың туған.
Шығып кеткен шағында,
әр ырқыңнан
Тасқын туған тар шатқалда
жұлқынған».
Осындай символдық сөз кестелерімен Жұмекен табиғи биік қасиеттердің қалай пайда болатынын дәлелдегендей. Табиғаттың әсем көркін, сұлулығын, даралығы мен тереңдігін мақтаныш етіп, адам бойындағы дара қасиеттерге тамсана, сүйсіне қарап, бағалап биіктете түскендей мақтанамыз:
«Теңіздің тек гүрілі үшін мақтанам,
Тек таулардың биігі үшін
мақтанам».
Поэма жеті тараудан тұрады, оның алғашқысында ақынның айтайын деген негізгі идеясының тұғыры жатыр. Биіктік, тереңдік адамның елдің елдігін танытатын қасиеттерін қалай қастерлейтінін айта келіп, қалған тарауларда алғашқы тарауда айтылған өз ойларын нақтылап дәлелдей түседі.
Ақын поэманың келесі тарауында батыр Александр Матросовтың ерлігін тілге тиек етеді де, өз кеудесімен дзоттың аузын жапқан «көзсіз ерлік» жөнінде бұрын айтылмаған басқа бір жайттарға нұсқайды. Ер ерлігі тектен-тек жасалған жоқ, өзінің сол қимылын жасау үстінде «өлу, өлмеу» туралы еш ой да болған жоқ, намыс тұтанған шағында ол кек қайтару жетегінде болды. Ол «бұйрықты орындаймын» деп ұмтылса да, бұйрық үшін өлген жоқ. Ол өлмей қалғанына қайта шексіз қуанар еді. Оның басында «көпті бастап өлем» деген де ой болған жоқ, қайта өлмеуге арпалысты.
«Өлмеу мүмкін болмаса да қаншама,
Тойлар еді-ау, шіркін, тірі қалса о да!
Өлім қаупін сезді және соқты сәт,
Бір лап етіп өшетұғын от құсап.
Лапылдап көтерді оны кек күші,
Келді содан бәрін бір-ақ төккісі.
Бірақ олай жана алмайды көп кісі,
Бірақ олай сөне алмайды көп кісі».
Бұлайша кез келген пенде жана алмайды, оны тек табиғатынан осылай жануға жаратылған Матросов қана жасай алды, ерлікті тек тегінде ер боп жаратылған адам ғана жасай алады деген ой байқалады.
«Күнге ұмтылған бұлтты жарып
тұңғыш ақ,
Шыңғырып бір шықты тұңғыш
шың құсап,
Оқыс ерлік жасалды бір, бітті
ұлы іс», –
деп сол ойын кестелі сөздермен бекіте түседі.
Жұмекен өмірде жасалып жататын жарқын істердің кейбір тоғышарларға «ерсі іс» боп көрініп жататын табиғатын да ашады. Жалт еткен жаңалықтар, үрдіс төңкерісті қимылдар көрсоқыр, жылмағай, тайғанақ, ағымдағы бірқалыптылықты қалайтын адамдарды шошындырады. Олардың оқыс әрекеттерден сескеніп, бойларын аулақ салатыны кездейсоқ емес. Көбең көңіл, қоңырқай өмір кешкендер ерлікті – ерлік деп бағаламайды, қайта «өмірдегі ерсілік» деп тітіркенеді.
«Судың ызғып бұрқағаны – ерсілік.
Шыңның үздік шырқағаны – ерсілік.
Жақсы іс етсем, мен де ерсілік
сезінем.
Ерсі көрген көп кездерге кезігем:
Расында, шыңның ерсі тұлғасы,
Қараса егер, төбелердің көзімен.
Ерлік үшін ерсілікке бара сал.
Елің үшін бір пайдаға жарасаң,
Матросовтың ерлігі, рас, ерсілік.
Қорқақтардың көкейімен қарасаң».
Тоғышар, жан рақатын ғана ойлап ел үшін еш пайдасы жоқ бұқпантай өмір сүретіндерді ақын философиялық түйіндеулермен өлтіре түйреп өтеді.
«Айналайын қасиетті топырақ,
Мұндай мол қып туармысың
қырттарды!»
Олардың көздегені құрбақаның бағындай «бақытты өмір» болса, сұңқар тектес, табиғатынан сұңқар мінезді, қыран тегеурінді адамдар тартқан өз сорларын бақалардың бағынан артық көреді. Бұл пәлсафалық ойды батыр Бауыржанның: «Бақалардың бағынан сұңқарлардың соры артық» деген белгілі мақалымен үндестіреді.
Поэманың келесі тарауларын ақын қадау-қадау шыңдар сияқты «елім» деп еңірегенде етегі жасқа толған, ел үшін шексіз еңбек еткен, тіпті жанын қиюға, қанын төгуге барған ерлерді құрметтеу, қастерлеу мәселесіне арнайды. Бұл үшін бір шаңырақта дүниеге келген нәрестенің шілдеханасындағы балаға ат қою рәсіміне байланысты болған эпизодты бейнелейді. Үй иесінің дүниеге келген балаға таңдаған есімі «Бауыржан» екен. Осыдан келіп батыр Бауыржан дастарқан басындағы әңгіме тақырыбы болады. Қонақтардың бірі Бауыржанмен кездескенін, онымен қол алысып амандасқанын айтады. Осы сәтте үй иесі ерсілікке басып жаңағы әңгіме айтқан қонағын тұмсығынан жұдырықпен қойып өтеді. Шынында, үй иесінің әрекеті ерсі шығады. Үйдегілердің көбі үй иесіне өкпе айтады. Ол «ашу қысқан» ісіне қонақтардан кешірім сұрайды. Сол отырыста бірге болған лирикалық кейіпкердің бұл «ерсілікке» көзқарасы басқаша болып шығады. Ақын үй иесін былай арашалайды:
«Мен де қашпан мақтан деген
сайтаннан,
Бірақ Бауыржан секілді батырдың,
Қолын алдым деп айта алман,
Өйткені ерді көрдім десем, әр өңін
Арзандатып алатындай көремін.
Жаяу соқпақ тапсам-дағы мың ұры,
Шыңға шықпас едім деймін ғұмыры.
Өйткені шың қасиеті не түрлі
Епке салып мен шықсам
сол биіктік
Аласарып қалатұғын секілді».
Ерлерді, олардың ерліктерін қастерлеудің, қасиетті адамдарды құрметтеудің жаңа формасын ақындық қиялдан ұсынады. Парасаттылық, сүйіспеншілік құрметі өзгеше болғаны жөн: тауға шықтым деп мақтану сол тауды аласартқанмен бірдей, «ұлыны көрдім, тіл қағыстым, қолын алдым» деу – «оның ұлылығын арзандатып алумен бірдей» деген ұғым ұсынады.
Ақын поэманың төртінші тарауында ұлылық пен ірілікті адам бойындағы қасиетті белгілер деп дәріптейді. Ұлылармен жақындасуды, олардың айналасын сағалап, жағалап жүруді мұрат тұту – азғындықтың белгісі, адамгершілікке жатпайтын қылық екені керісінше, іріні сағалаудың орнына адам рухани жігерлілік дарытып, Абай айтқандай, «болмасаң да ұқсап бағуға» тырысқан жөн екеніне мегзейді де, аянбай еңбек етуге шақырады. Қиындықтан сескенбей бетімен мәреге жетуге талпынуды уағыздайды. Онда да сол ірілерге жетемін, сол биіктен көрінемін, ұлымен қатар бой теңестіремін деу қате пиғыл деп түсіндіреді. Табиғаттың берген күшімен, табиғат сыйлаған қауқармен қолдан келетін істі ғана айналдыру абзал. Ал енді оның нәтижесі ойдағыдай болмаса, оған ренжудің орны жоқ. Өйткені деңгейіңнің, әліңнің келгені сол болғаны, одан артпады деп қорланудың, кемшін соқты деп зәбірленіп, өзін-өзі тезге салудың орынсыздығы ескертіледі.
«Талап қудым күнін жалғап түнімен.
Мансап үшін жасағам жоқ
мұны мен,
Биікпін деу ұят дейтін
Биіктің «Мен» дей алар правосын
қуып ем», –
деген жолдар арқылы әр істе мансап қуудың орнына, істегі өзіңді көрсету құқығына ұмтылуды уағыздайды.
Ақын одан әрі ұлылардың, биіктер мен тереңдердің дүниеге келуі, олардың осынша дәрежеге жетуінің басты себебі құнарлы топырақ – халқының киелілігінен, халқының алып күшінен дейді. Ал сол биіктер мен алыптар, даңққа бөленген даралар өзін жарыққа шығарған халқын – анасын ұмытпақ емес. Оның алдында кішірейе көрініп, қарапайымдылықты бойына дарытқаны жөн. Сонымен ірілердің өзі ұлылықтан жаралғанын мақтаныш тұтады.
«Ер өзінің арынан биік болмайды,
Су өзінің жарынан биік болмайды», –
деп афоризмдік түйіндеулермен шегелейді.
Поэмада «күндестік» пен «бәсеке» проблемасы қозғалады, екеуінің табиғаты екі басқа. Күндестік өлтіреді, бәсеке өсіреді. Күндестік ерлер мен өскендердің жеткен биігін төмендеткісі келсе, бәсеке биіктікті аласартпай, бәсекелес өзін ерлік жарысына, өнер жарысына салады, асылы, адамды өсіретін жан тазалығы, ар тазалығы, дарындылық та, шалқар білгірлікке жеткізетін ат бәйгесіндегі бәйге – жарыстар іспеттес, қызыға да, қызғана қарап, қатарласу, қоян-қолтық жарысқа түсу.
«Жаса, жаса, дүниедегі бәсеке,
Бәсеке тек болмаса екен
күндестік» –
деген жолдар «бәсеке» сияқты қасиетті құбылысты дәріптейді. Адамдар арасындағы бәсеке өшпесін, ол өшсе, жарқындық пен жарық, өнер мен өнерпаздық, биіктік пен тереңдік атаулының бәрін қараңғылық, күңгірттік, топастық басады деген философиялық байлам жасалады.
Әр ата-ана өз перзентінен ерекшелік күтеді, батырлық, ойлылық, кемеңгерлік, өнерпаздық, жақсылық атаулыны қалайды, әйтеуір, ұлы мен қызы өз еліне деген шексіз пайдасын тигізсе екен дейді, оларға мақсат-мүддесіз қаңбақ тағдырын қаламайды. Сондықтан перзентіне халқының батыр ұлдарындай, ойшылдарындай, данышпандарындай болса екен деп солардың есімдерін береді. Бұл – жақсы ниет. Осыдан келеді де сол ниеттен жасөспірімдерді өмірге лайықты етіп тәрбиелеу борышы бар екенін де ұмыттырмайды. Бір ғана тілектің өзімен аспандағы жұдызды алу мүмкін емес, сондықтан ол үшін күрес, майдан керек.
«Халқымыздың ақ тілегі, пәк көңілі
Талай Сәбит, Мұхтарларды
ап келді», –
деп айта келіп, өкінішін де жасыра алмайды:
«Ер болмай жүр біреу, әттең,
әттең бір
Қобыланды деген қоңқақ атпен де».
Жұмекен үміт, арман проблемасын да көтереді. Оларсыз өмір жоқ. Халықты халық еткен үміт пен арман жетегі. Көкжиекке ұмтылған күндей өмір үміті, арманы алдағы ғажайыптарға, ашылмаған жұмбақтарға ұмтылдырып отырады. Халықтың үмітшілдігін, арманшылдығын, көсемдігін, есерлігін, қиқарлығын, батагөйлігін ақын мақтаныш етеді. Барлық жақсылық осы қасиеттерінен туған. Бәрі де халықтың биіктік пен тереңдікке ұмтылуынан. Әйтпейінше, Майра, Мәншүк, Әлия, Бұхар, Құрманғазы, Біржаны, Күләш пен Бауыржаны дүниеге келмес еді. Солардың қатары көбейе берсін деген қасиетті ниет халық жүрегінде ұялаған.
«Бір Бауыржан атқа мінді,
енді ептеп,
Бір Бауыржан барады әні еңбектеп,
Бір Бауыржан тракторын
жүр айдап,
Бір Бауыржан қой айдап жүр
құрайлап».
Ақын логикалық ойын философиялық пікірмен жалғастыра береді. Ал осының бәрі «батыр Бауыржан бола ма?» деген сұрақ қояды. Табиғат бітімімен адам өмірін салыстырады. Төбелер көп, ал Алатаудың жалғыз болатыны сияқты өмірде де адамдар бірі – биік, бірі – аласа боп қатар тұрмыс кешеді.
«О, аналар, тектілерді төкпектеп,
Өссін, өссін Бауыржандар –
көп-көп-көп.
Кім біледі, шығар бәлкім, ісімен
Бір Бауыржан бауыр жандар ішінен.
Ал әзірше Момышұлы біреу-ақ».
Ақын пікірінше, мықтылардың әрбірінің орны бөлек, ерекше. Әр ұлы өзінше – ұлы, әр батыр өзінше – батыр, әр ғұлама – өзінше ғұлама, әр ақын – өзінше ақын. Әрбірі – жеке дара мықтылық.
Ақын қиялымен ойдан-ой туындатып, тереңге сүңгіте береді. Осы ұлыларды, ерлерді, ғұламаларды туған ана, одан әрі ана – халық сондай ұл тудым деп мақтанбайды. Оның мақтанышы – бұлдануға бара-бар. Туған елі, туған анасы сол ұлыларға бұлдана қарайды. Ал бұлданғаны – мақтанғаны деп түсіндіреді. Елдің де, ананың да мақтанышы тереңде, көкірек тұңғиығында жатады. Осы жерде ақын «мақтаныш» проблемасының құпиясын ашады:
«Бауыржанды тапқан ана өлсе егер,
Өлген шығар мақтаныштан
жарылып».
Қандай ғажап пікір! Мақтанышын сыртына шығармаған ана сол мақтаныштан жарылып өледі. Ақын мақтанудан сақтануды да еске салғандай, нендей жетістікке де мақтанбауды насихат етіп тұрғандай.
«Бауыржанды тапқан ана көп онша
Мақтанбаса не әйелше, адамша.
Болғандығы оның нағыз ұлы ана,
Топырақтың өзі сынды ғұлама».
Ақын осылайша, қарапайымдылықты қолдайды. Оны қазақтың қоңырлығындай момақан қоңырлық деп түсінеді. Осы жерде ақын өз халқының момақан да қарапайым мінез-құлқын нағыз табиғилық деп дәріптейді.
«Еменді де туған топырақ
қоп-қоңыр,
Ебелекті туған жер де қоп-қоңыр.
Қоңыр мұңмен, қоңыр оймен
өтті өмір;
Айналайын, халқым менің
ақ көңіл!»
Жұмекен адамдағы күллі қасиеттердің барлығын тектілік проблемасына әкеп тірейді. Егер адам бойында туындаған шоқтығы биік бір қасиет байқалса, ол тектен туындаған, демек «тек» дегенді жоққа шығаруға болмайды. Текті, тектілікті қастерлеу керек.
«Тек деген сөз – киелі сөз, сөз асыл,
Тегім десең, тұлпар болып озасың,
Тегім десең, арқа болып озасың,
Тек деген сөз – қасиетті сөз асыл.
Тегім менің топырағым деп біліп,
Күш көрсетсе, жігіт міне, тектілік»
Бұл үзіндіден көп нәрсені аңғаруға болады. Біздің туған жеріміз талай тарихты, алапат апатты бастан кешірген. Ал онда бабалардың – тегіміздің ерліктері, ақыл-өрнектері, шешендік-ғұламалығы сайрап жатыр. Қазіргі жалт етіп жанған жалынды ерліктер – солардың жалғасы. Даламыз бен жеріміз, еліміз бен халқымыз батырсыз, ерсіз, күллі басқа да қасиетсіз болмайды деп ақын қорытынды жасайды. Бұл – қыран қиясындай биік фантазия.
Поэманың әр тарауында батыр Бауыржанның аты аталып, оның ерлігі үлгі етіліп отырылады. Оқырман көз алдында Бауыржан бейнесі тұрады, ол – поэмада Ерліктің символы ретінде көрінеді. Поэманың өн бойында Бауыржан аты жүргендіктен шығарма батырға арналған деп айтуға болар еді, одан гөрі поэма жалпы халқымыздың бойындағы ерекше қасиеттерді дәріптеуге, оны кейінгі жастарға үлгі етуге арналған деу орынды сияқты. Қазақ поэзиясының биік идеялы қадау-қадау дастандары баршылық. Жұмекеннің бұл шығармасына сол шығармалардың қатарынан орын беру әбден лайықты. Дастан өзінің жаңалығымен, тақырыбының сонылығымен, идеясының нұсқалылығымен, сезім тебіреністілігімен, философиялық тереңдігімен, тілінің шұрайлылығымен, оқырманын терең ойларға үйіре алатын ерекшеліктерімен көрінеді. «Қыран-қия» – қазақ поэзиясындағы ерекше құбылыс. Күнінде елемеген дастанды енді ұғына білсек те, кештік етпейді.

Қадыр ЖҮСІП,
жұмекентанушы, филология ғылымдарының
докторы, Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің профессоры