Гүлнәр ДӘРІБАЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы: Бала тәрбиелеу дегеніміз – ақыл айту емес, үлгі көрсету
03.08.2026
15
0

Білім саласы – қоғамның әлеу­меттік-экономикалық дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Ол жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуына, кәсіби біліктілігін көтеріп, адами капиталдың дамуына ықпал етеді. Білім саласының дамуы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына негіз қалайды. Жуырда ғана Президент қол қойған педагог мәртебесі туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды педагог қауымы қалай қарсы алды? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Гүлнәр ТҰРДЫБАЙҚЫЗЫМЕН аз-кем сұхбаттасып едік.

– Гүлнәр Тұрдыбайқызы, жуырда ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің құқықтық қорғалуын күшейтуге және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Ұстаздардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған осы өзгерістер туралы не айтасыз?
– Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғанда, бұл үдерісті біздің ұстаздар үлкен қуанышпен қарсы алған болатын. Қазіргі таңда сол заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мұғалімдеріміздің құқығы мен жауапкершілігін тағы да оңтайландырды. Бұл заң – педагогтердің құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеретін маңызды құжаттардың бірі. Қабылданған өзгерістер мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға жол бермеуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және олардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында олардың ата-анасы да жауапкершілікті сезінуге тиістігін көздейді. Мысалы, бұрын кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігі мен қылмыс үшін мектеп ұжымы мен мұғалім жауап беретін болса, өзгеріске енген заңнамада мұғалім сабақ беру процесінде ғана оқушының қауіпсіздігі мен құқығына жауапты тұлғаға айналды. Одан басқа уақытта баланың өмірі мен қауіпсіздігіне ата-ананың жауапкершілігі заңды түрде нақтыланды, яғни тәрбие жұмысында ата-анаға да жауапкершілік жүктелді. Сондай-ақ жаңа заң аясында педагогтерден заңнамада көзделмеген есептер мен ақпараттарды талап етуге тыйым салынады, бұрыңғыдай құжаттарды қағаз және электронды форматта бір уақытта жүргізуге мәжбүрлеуге жауапкершілік қарастырылатын болды.
Шымкент қаласының білім беру ұйым­дарында осы заң талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, педагогтердің құқықтарының сақталуына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл өзгерістер мұғалімдердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтіп қана қоймай, олардың кәсіби қызметке деген ынтасын арттыруға және білім беру сапасын жақсартуға оң ықпал етеді.
– Өзгертуде педагогтерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерге тартуға жол берілмеу керегі айтылған. Осы ретте мұғалімдердің елімізде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы секілді акцияларға қатысу жағы қалай болмақ?
– «Педагогтерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерге тартуға жол берілмейді» деген норма мұғалімдерді олардың келісімінсіз немесе жұмыс уақытында өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға мәжбүрлеуге тыйым салуды білдіреді.
Ал «Таза Қазақстан» сияқты республикалық экологиялық акцияларға қатысу – азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділіктің көрінісі. Сондықтан педагогтердің мұндай іс-шараларға қатысуы ерікті негізде, жұмыс заңнамасының талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылады. Мұғалімдер сенбіліктер мен экологиялық акцияларға өз еркімен қатыса алады. Алайда оларды сабақ уақытында немесе қызметтік міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға міндеттеп тартуға жол берілмейді. Қабылданған заңның негізгі мақсаты – педагогтің уақытын кәсіби қызметіне, яғни білім беру мен тәрбие жұмысына бағыттау, оның еңбек құқықтарын қорғау және артық жүктемеге жол бермеу.
– Бұл педагогтерді басқа сала мамандарынан ерекшелеп қоймай ма?
– Қоғамдық акцияларға қатысу еріктілік қағидаты негізінде жүзеге асырылады және педагогтің негізгі қызметіне кедергі келтірмеуі тиіс. Ал тазалық немесе кез келген қоғамдық жұмыстарға мұғалімдеріміз өз еркімен, азаматтық позициясы арқылы қатысуына ешқандай кедергі жоқ.
«Таза Қазақстан» акциясының мәні тереңде. Бұл тек қаланың, көшенің ғана емес, адамның жан дүниесінің, рухани болмысының да тазалығы деп ойлаймын. Әрбір адам тазалықты өзінен, өз үйінен бастаса, біз таза да көрікті елде өмір сүреміз. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған аталмыш акция тек тазалау емес, ол – жас ұрпаққа көрсететін үлгіміз. Жас өркенді қоршаған ортаны таза ұстау­ға, жасыл желекті қорғауға үйрететін, табиғатқа жанашыр болуға шақыратын өнегелі үрдіс. Акцияға қатысып жатқан педагогтеріміз аз емес. Олар өздерінің азаматтық позициясымен, Отанға, өз қаласына деген сүйіспеншілігімен қатысады деп ойлаймын. Қаламыз жылдан жылға көркейіп, абаттанып келеді. Жан-жағыңа қарасаң, көз тояды, өте әдемі. Мұндай таза да әдемі ортаны ұқыпты сақтау – осы қаланың әрбір тұрғынының міндеті.
Тәрбие беру дегеніміз – ақыл айту емес, үлгі көрсету. Жалпы, адам баласы көру арқылы қабылдайды. Осы ретте біздің, үлкендердің әрбір жасап жатқан дұрыс, не бұрыс әрекеттеріміз – балаларға беріп жатқан тәрбиеміздің тетігі. Біздің ұстаздарымыз мұны жақсы түсінеді және әрбір іс-әрекетімен, сөзімен, жүріс-тұрысымен, мінезімен де балаларға үлгі болып жүр деп айта аламын.
– Соңғы жылдары баспасөзге жазылу мәселесі әлеуметтік желіде біраз шуға айналып, жоғары мінберге дейін жетті. Мұғалім білімді ғана емес, саяси сауатты да болу керек дегенді ескерсек, осы мәселеге жеке көзқарасыңыз қалай?
– Бүгінде мұғалім тек білім беруші ғана емес, қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайтын, ақпаратты саралай алатын, құқықтық және саяси сауаты жоғары тұлға болуы тиіс. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарын оқып, ресми ақпаратпен танысып отыру – кәсіби дамудың бір бөлігі.
Алайда баспасөзге жазылу мәселесінде ең басты қағидат – еріктілік. Педагогтің қандай басылымды оқитынын немесе оған жазылатынын өзі таңдауы керек. Бұл оның жеке таңдауы мен құқығы, заңда көрсетілгендей әр азаматтың жеке құқығын құрметтеуіміз керек.
Шымкент қаласында да білім беру ұйымдарында педагогтерді қандай да бір газет-журналға мәжбүрлеп жаздыруға жол берілмейді. Сондықтан біздің ұстанымымыз – мұғалімнің саяси және құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды, бірақ ол қандай ақпарат көзін пайдаланатынын өзі еркін таңдауы қажет. Ең бастысы – педагогтің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасап, оның құқықтары мен таңдау еркіндігін құрметтеу. Бұл ұстаздарымыз баспасөз басылымдарына жазылмайды немесе жазылғысы келмейді деген сөз емес. Кәсіби сала басылымдарынан бөлек, республикалық, облыстық, қалалық газеттерге жүйелі түрде жазылып, Президент саясатына қолдау білдіріп келеді. Бүгінгі таңда, керісінше, халықтың ақпараттық сауатты болуға, кітап оқуға қызығушылығы артуда. Соның ішінде біздің мұғалімдеріміз де, әсіресе жас мұғалімдер жан-жақты дамыған, соңғы ақпараттарға жетік, ізденімпаз.
– Президентіміз оқитын ұлтты қалыптастыру мақсатында бірнеше бағдарлама қабылдады. Балаларды кітаппен достастыру, оқуға қызықтыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біз, педагогтер балаға білім беру, дамыту жүйесімен айналысатындықтан ұрпақты қалыптастырушымыз десем, артық айтқандық емес. Он бес жылдың ішінде бір ұрпақ қалыптасады, яғни болашағымыздың қандай болғанын қаласақ, оған сондай білім мен тәрбие беруіміз керек. Халықта «бала көргенін жасайды» деген сөз бар. Бүгін сауатты да білімді ұстаздан дәріс алған оқушыдан ертең білімді азамат, білікті маман шығады, яғни баланы жан-жақты, рухани толыққан азамат етіп шығару үшін оқулықтағы білім аздық етеді.
Өздеріңізге белгілі, еліміздегі үш қала «Оқитын ұлт» жобасына қатысуда. Соның бірі – Шымкент қаласы. Жоба бойынша, біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жерде тағы бір айта кететін мәселе – кітапты да мәжбүрлеп оқыта алмайсыз. Оған да баланың қызығушылығын ояту керек. Ол үшін, алдымен, өзің кітап оқуың керек. Кітапты қызықты етіп таныстыра білуің керек.
Бүгінде қаламыздың барлық мектептерінде оқырмандар клубы жұмыс істеуде. Онда оқушылар жас ерекшеліктеріне сай оқыған кітаптары жайлы ой бөлісіп, пікір алысады, талқылайды. Мұндай клубтар жылдан жылға көбейіп келеді. Мектеп директорларынан құралған оқырмандар клубын өзім жүргіземін. Кітапты оқу – бір бөлек, оны талқылау – бөлек дүние. Осындай кішкентай қадамдар арқылы біз жас өрендерді кітап оқуға қызықтырып келеміз.
– Білім беру жүйесінде оқыту сапасын жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Бүгінде қаламыздағы білім беру ұйымдарында 34 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың басты міндеті – жас жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2025 – 2026 оқу жылының қорытындысы бойынша жариялаған еліміздегі ең үздік мектептердің рейтингінде қаламыздағы алты білім беру ұйымы көшбасшылар қатарынан көрінді. Олар – ер балаларға арналған «Білім-Инновация» №1 лицей-интернаты, Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты, З.Хусанов атындағы №110 орта мектеп, Айбек атындағы №14 орта мектеп, А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия, Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия. Бұл көрсеткіш – білім сапасының дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Білім алумен қатар оқушыларымыз түрлі үйір­мелер мен секцияларға барады. Спорт мектептері мен спорттық клубтар, мектеп жанындағы үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта жасанды интеллект заманы, цифрландыру заманы дейміз. Соңғы бес-алты жылда қағаз жүзіндегі құжаттардың, есептердің барлығын цифрландырдық. Қағазбастылықтан жүз пайыз арылдық. Қаладағы барлық білім беру ұйымдары оқу процесінде қолданылатын Қазақстандық білім беру платформаларымен жұмыс істейді. Цифрлық білім беру платформалары үй тапсырмасын беру, оқу процесінде пәндер бойынша көрнекіліктер, зертханалық жұмыстар арқылы тәжірибелердің мәнін түсіндіру мен ұсынудың қолжетімділігін арттыру бойынша қолданылады.
«Цифрлық Қазақстан» жол картасының бағыттарының дамуы бойынша білім беру саласының барлық деңгейінде толықтай цифрландыру жұмыстары іске асырылды. Орта білім беру саласында кеңжолақты интернет желісіне 100 % қосылған және WI-FI құрылғыларымен толық қамтамасыз етілген.
– Биылғы жылы қала бойынша қанша түлек бітірді? Олардың білім көрсеткіші жайлы не айтар едіңіз?
– Биыл Шымкент қаласында 16032 оқушы 11 сыныпты тамамдады. Оның ішінде 763 түлек – «Алтын белгіге», 1151 түлек – үздік аттестатқа ие болды. Сонымен қатар 24178 оқушы негізгі мектепті аяқтады.
Бұл көрсеткіштер қаладағы білім беру жүйесінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы жылдары оқушылардың білім сапасын арттыру, функционалдың сауаттылығын дамыту, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысуын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші де жоғары деңгейде. Биыл 16032 бітіруші түлектің 14021-і, яғни 87%-ы ҰБТ тапсыруда, бұл түлектердің жоғары білім алуға деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.
Жалпы, білім көрсеткішін тек тест нәтижесімен бағалау дұрыс емес. Бүгінгі таңда біз оқушылардың академиялық жетістіктерімен қатар, олардың шығармашылық, ғылыми, спорттық және қоғамдық белсенділігін де маңызды көрсеткіш ретінде қарастырамыз. Шымкент қаласының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен түрлі зияткерлік байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
2025 – 2026 оқу жылында оқушылардың білім сапасы – 62 % құрайды, бұл былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 3%-ға артқан.
– Шымкенттік оқушылар дүркін-дүркін әлемдік білім рекордын орнатуда…
– Иә, №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Дастан Рақыманбердінің әлемнің 117 университетінен шақырту алып, халықаралық деңгейде рекордтық жетістікке жетуі – Шымкент қаласының ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Сонымен бірге мұндай жетістіктер тек мамандандырылған мектептерде ғана емес, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары арасында да бар. Мәселен, Шымкент қаласындағы «125 High Scool» мектебінің 11 сынып оқушысы Жанерке Жүнісәлі әлемнің 118 университетінен шақырту алып, халықаралық білім кеңістігінде жоғары нәтиже көрсетті. Оған АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Сингапур, БАӘ, Түркия және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындары гранттар мен шәкіртақылар ұсынды.
Сондай-ақ А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының 11 «3» сынып оқушысы Набира Перналы шетелдік 90 жоғары оқу орнынан шақырту алды. Бітіруші түлек терең білімі және қажырлы еңбегінің арқасында әлемнің беделді университеттерінің стипендиянты атануға мүмкіндік алып отыр. Олардың ішінде АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австралия, Еуропа елдері мен Біріккен Араб Әмірліктерінің жетекші оқу орындары бар.
Сонымен қатар Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі, №20 мектеп- гимназия, №45 мектеп-гимназиясы сияқты бірқатар мектептерден де өз білімін дәлелдеп, шетелдік грант иегерлері атанған оқушылар бар.
Ең бастысы, бүгінгі жетістік белгілі бір мектептің ғана емес, қаладағы білім беру жүйесінің дамуының, мұғалімдердің қажырлы еңбегінің және оқушылардың мақсатқа деген ұмтылысының нәтижесі деп білеміз.
– Мектеп бітірушілері ҰБТ сынақтарын тапсыруда. Бақ пен бапты сынайтын осы сәт мектеп пен мұғалімнің де еңбегі сынға түсетін мезгіл. Бүгінде көптеген оқушылар ҰБТ-ға даярлайтын ақылы орталықтарға жүгінеді. Бұл мектепке сенбеу ме, әлде қарапайым мектеп мұғалімі ҰБТ-ға даярлай алмай ма?
– ҰБТ – мектеп бітіруші түлектер үшін маңызды кезең, сондықтан ата-аналар мен оқушылардың қосымша дайындыққа жүгінуі – бүгінгі білім беру нарығында қалыптасқан қалыпты құбылыс. Бұл жағдайды мектепке немесе мұғалімге сенімсіздік ретінде қабылдау дұрыс емес.
Мектеп мұғалімдері мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес оқушыларға сапалы білім беріп, ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындық жұмыстарын жүргізеді. Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында да пәндік консультациялар, сынақ тестілері, жеке білім беру маршруттары және қосымша сабақтар ұйымдастырылып келеді.
Ал ақылы орталықтар мен онлайн-платформалар көбіне тест тапсыру техникасын жетілдіруге, уақытты тиімді пайдалануға немесе белгілі бір тақырыптарды тереңдетіп оқуға бағытталған қосымша мүмкіндік ұсынады. Бүл мектептегі білімнің орнын алмастырмайды, керісінше оны толықтыратын құрал ретінде қарастырылуы керек.
ҰБТ нәтижесі, ең алдымен, оқушының өз еңбегіне, жүйелі дайындығына және мұғалім мен ата-ананың бірлескен қолдауына байланысты. Сондықтан мектеп мұғалімі ҰБТ-ға дайындай алмайды деу дұрыс емес. Керісінше, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген түлектердің басым бөлігі мектепте алған білімінің негізінде жетістікке жетіп отыр.
– ҰБТ-ға даярлайтын арнайы жекеменшік мектептер көбеюде. Білім берудегі бұл үрдіс қаншалықты дұрыс?
– ҰБТ-ға даярлайтын арнайы білім беру орталықтарының өзіндік әдістемесі бар. Олар, негізінен, тест форматына бейімделген оқыту жүйесін қолданады. Тақырыптарды қысқа мерзімде қайталау, жиі сынақ тестілерін өткізу, нәтижелерді талдау және оқушының әлсіз тұстарымен жеке жұмыс жасауға басымдық береді. Сонымен қатар уақытты тиімді пайдалану, тест стратегиясын меңгерту және психологиялық дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. Алайда мұндай орталықтардың мақсаты – оқушыны нақты емтиханға дайындау болса, жалпы білім беретін орта мектептің міндеті әлдеқайда кең. Мектепте оқушының функционалдық сауаттылығы, сыни ойлауы, пәнді терең түсінуі және тұлғалық дамуы қатар қалыптасады. Сондықтан ҰБТ-ға арналған арнайы дайындық мектептері орта мектеп бағдарламасын алмастыра алмайды.
Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында да соңғы жылдары ҰБТ-ға дайындық жұмыстары жаңартылған тәсілдермен жүргізілуде. Пән мұғалімдері тақырыптық талдау, диагностикалық тестілеу, жеке білім беру траекториясын құру арқылы әрі цифрлық платформаларды пайдаланып, нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстарды жүзеге асырады. Бұл тәсілдер оқушылардың біліміндегі олқылықтарды дер кезінде анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді.
Сондықтан ҰБТ-ға даярлайтын арнайы орталықтардың тәжірибесінде тиімді әдістер бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жоғары нәтижеге жетудің негізгі кепілі – мектепте берілетін сапалы білім, мұғалімнің кәсіби шеберлігі, оқушының жүйелі еңбегі және ата-ананың қолдауы. Ең жақсы нәтиже осы үш тараптың бірлескен жұмысы арқылы қалыптасады.
– Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – инклюзивті оқыту мен тьютор мәселесі…
– Шымкент қаласында инклюзивті білім беру жүйесі кезең-кезеңімен дамып, мектептерде арнайы кабинеттер ашылып, педагогтер мен мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар жалпы білім беретін мектептерде өз қатарластарымен бірге білім алып, олардың жеке мүмкіндіктеріне сәйкес қолдау көрсетілуде.
Бұл бағыттағы маңызды тетіктердің бірі – тьюторлық қолдау. Тьютордың міндеті – баланың оқу процесіне бейім­делуіне, оқу материалын меңгеруіне, мұғаліммен және сыныптастарымен тиімді қарым-қатынас орнатуына көмектесу. Бұл маман оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оның білім алуына қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда қала мектептерінде 301 тьютор ерекше балалармен жұмыс атқарса, алдағы оқу жылына 96 маманға қажеттілік туралы қорытынды алынып отыр.
Барлық мектептерде педагог-ассистенттер, психологтар, логопедтер, дефек­тологтар және әлеуметтік педагогтармен бірлескен кешенді жұмыс ұйымдастырылуда. Жалпы, инклюзивті білім беру – ерекше балаларға бөлек жағдай жасау емес, олардың барлық құрдастарымен тең дәрежеде білім алып, өз қабілеттерін толық дамытуына мүмкіндік жасау. Сондықтан алдағы уақытта да Шымкент қаласында инклюзивті білім беру ортасын кеңейту, тьюторлық қолдауды күшейту және мамандардың әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
– Оқу жылы аяқталғанымен сіздердің жұмыстарыңыз қайта қыза түсті. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Балалардың денсаулығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мазмұнды демалысын ұйымдастыру – негізгі басым бағыттардың бірі. 2026 жылдың жазғы кезеңінде балаларды сауықтыру, жетілдіру және бос уақытын тиімді ұйым­дастыру мақсатында жалпы саны 13 895 баланы қала сыртындағы сауықтыру лагерлерімен қамту жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстар, ең алдымен, әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларды қолдауға бағытталған. Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру арқылы олардың денсаулығын нығайтуға, шығармашылық және танымдық қабілет­терін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар лагерьлерде балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес күніне 4 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Тамақтану сапасы мен қауіпсіздігі тұрақты бақылау­да.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдау­ларында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға және сапалы жазғы демалыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударуына байланысты Жолдауды іске асыру мақсатында Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан 500 орындық «Машат Арасан» жазғы сауықтыру лагері сатып алынып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру инфрақұрылымы кеңейтілді.
Нәтижесінде, 2026 жылғы жазғы сауықтыру маусымында мемлекеттік «АҚСУ» (1 200 бала) және «Машат Арасан» (2 400 бала) сауықтыру лагерлері – балаларды жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтуды жүзеге асыратын негізгі нысандар.
Сонымен қатар 10 000 бала «Үркер», «Үш бұлақ», «Турбаза Қазығұрт», «Көктөбе-1» лагерьлерінде жазғы демалысын өткізетін болады. Оны мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз болып танылған «17,1 Сотрапу К7» ЖШС ұйымдастырады. Бұл демалыс лагерьлерінің 3-і Түркістан облысында, 1-і Шымкент қаласында орналасқан.
Балалар үйінің 135 тәрбиеленушісі «Тау гүлі – Эделъвейс» жекеменшік лагерінде демалатын болады. Оны мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз болып танылған «ММА» ЖШС ұйымдастыратын болады.
Сондай ақ №8 және №90 дарын мектептерінің оқушылары демалысын Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Машат елді мекенінде орналасқан «Қуаныш» лагерінде өткізеді.
Сонымен қатар 224 640 баланың жазғы демалыс кезіндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 28 мамыр мен 9 шілде аралығында мектеп жанынан жазғы алаңдар жұмыс істеуде.
– Мектепке дейінгі тәрбие жайлы не айтасыз? Миллиондық қаланың бүлдіршіндері балабақшамен толық қамтылған ба?
– Шымкент қаласында соңғы жылдары бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар желісі көбейіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жаңа мектепке дейінгі ұйымдар ашылуда. Соның нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі жыл сайын артып келеді.
Бүгінде қала бойынша 654 балабақшада 77 589 бала тәрбиеленуде. Ағымдағы жылдың сәуір айында мектепке дейінгі мекемелерге 1500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Жыл соңына дейін қосымша 2000 орынға мемлекеттік тапсырыс берілетін болады.
Биыл қаламызда 1394 орынды 15 бала бақша ашылды. Осы жылдың 1 маусымынан бастап мектепке дейінгі мекемелерден 1 сыныпқа баратын балалардың есебінен 15 000-ға жуық орын босатылды.
Қазіргі таңда қала бойынша 33 000 бала балабақша кезегінде тұр. Оның ішінде 2 жасқа дейінгі балалар саны – 18 000, ал 2-6 жас аралығындағы балалар саны – 15 000.
Балабақша топтарын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Барлық кезек балалардың жас ерекшелігі мен санаттарына сәйкес жаңартылады. 1 шілдеден бастап 2020 жылы туған балалардың мектепке баруына байланысты балабақшаларда бос орындарға қабылдау басталады.
Топтарды жасақтау аяқталғаннан кейін балабақша кезегі кезең-кезеңімен жылжып, жаңа орындар ұсынылатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан Бақтыгүл АУДАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір