Әбіл ЖОЛАМАНОВ, Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы: ӨНЕРІ ӨРІСТІ ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ
– «Ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз». Әңгімемізді Мемлекет басшысының осы сөзімен бастағым келіп отыр. Әбіл Тауфихұлы, ауылдың рухани айнасы – мәдениет үйлері, клубтардың қазіргі ахуалы қандай?
– Мәдени демалыс ұйымдастыру бағытында жұмыс істейтін Атырау облысындағы 82 клубтық мекеменің 76-сы ауылдық жерде орналасқан. Ауыл тұрғындарының өнер ордаларына қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде жаңа мәдениет нысандарын салу қарқынды түрде жүзеге асуда. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жылыой ауданы Майкөмген, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарында және Қызылқоға ауданындағы Тасшағылда мәдениет үйлері бой көтерді. Құрманғазы ауданы Азғыр, Бөкейхан ауылдарындағы клубтардың құрылысы уақытша тоқтап тұр. Жобалық-сметалық құжаттарына түзетулер енгізілуде. Сонымен қатар, өткен жылы 11, биыл 12 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Қазір Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылында, Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында екі мәдениет үйі салынып жатыр.
– Атырауда жаңа мәдениет нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатқанымен, клубы жоқ ауылдар әлі де бар деп естиміз…
– Иә, қазіргі таңда жеті ауылда клубтық мекеме, тоғыз ауылда кітапхана жоқ. Бес клубтық мекеменің ғимараттары апаттық жағдайда деп танылды. Басқарманың алдында тұрған мақсаттың бірі – осы мәселені шешу. Ауылдың өнері өркендесе, тұтас елдің мәдениеті көркейеді. Бұл жағдай облыс басшылығының назарында.
Өңірдегі мәдениет үйлері мен клубтарда үйірмелер, көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Биыл Атырау қаласында Жастар театры ашылды. Жыл сайын мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Атап айтсақ, гала концерттер және ашық аспан астында өтетін түрлі мәдени іс-шараларға арналған соңғы үлгідегі мобильдік сахна алынды.
– Президент биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет», – деген болатын. Құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай қорғаумен қатар көпшілікке дәріптеп, ел игілігіне айналдыру бағытында қандай жұмыстар қолға алынды?
– Атырау облысында 317 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 313-і жергілікті маңызы бар ескерткіш болса, төртеуі республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. Тарихи-мәдени мұра нысандарының алдын-ала есепке алу тізімінде 1 128 ескерткіш тіркелген. 2023 жылдан бері алдын-ала есепке алу тізімінде тұрған 448 ескерткішке сараптама жұмыстары жүргізілді.
Өңірдегі тарихи орындарға жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отырады. Өткен жылы ескі Сарайшық қалашығына жүргізілген қазба жұмыстары барысында 10-ға жуық тұрғын үй мен көрхана, нумизматикалық ортағасырлық күміс көмбе (100 күміс монета), 50-ге жуық мыс монета, қыш ыдыс түрлері табылды. Таскешу керуен сарайы, Қызылқоға ауданындағы Қарабау-2 мен Қарақұдық-1, 2 қорғандарына да қазба жұмысы жүргізілді. Сол үрдіс биыл да жалғасын тауып, аталған киелі нысандарға қазба жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, биыл алғаш рет Қызылқоға ауданындағы Қорғанша қалашығына қазба жұмыстары басталатын болады.
Тағы бір жаңалық – облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға рұқсат беретін арнайы лицензия иеленді. Қазір музей ерте темір және орта ғасыр дәуіріне тиесілі құмтөбелі жерлеу орындары мен обаларды, қорғандарды, тұрақтарды анықтау және көтерме артифактілерді жинақтауда. Жыл сайын Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен бекітілетін жоспарға сәйкес археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Қазба нәтижесінде табылған барлық материал мен олжа ғылыми тіркеліп, өңделгеннен кейін еліміздегі мемлекеттік музейлерге беріледі.
– Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала Сарайшық «Қазақстанның киелі жерлері» географиялық картасына енді. Музей-қорыққа жыл сайын 15 мыңға жуық турист келеді екен. Осы маңызды нысанда мәдени-танымдық туризмді дамыту үшін қандай жұмыс атқарылды?
– Мәдениет және ақпарат министрлігі Сарайшық қалашығын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Басқарма тарапынан облыстық музей қорындағы Сарайшық қалашығының тарихына қатысты жәдігерлер республикалық Сарайшық музей қорығының меншігіне берілді. Сапар орталығы ашылды. Қасым ханның еңселі ескерткішін орнату үшін республикалық ашық конкурс нәтижесінде түскен жобалар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі республикалық комиссияның қарауына ұсынылды. Қазіргі таңда комиссия шешімімен анықталған Қасым хан бейнесінің үздік жобасын Сарайшық қалашығына еңселі ескерткіш етіп орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Ел тарихын танымал тұлғалар арқылы зерделеу, кеше мен бүгіннің байланысын бағамдау – рухани биіктігіміздің өнегелі өлшемі. Атырау жері – ұлт мақтанышына айналған ұлыларды түлеткен топырақ. Қастерлі өңірдегі тарихи тұлғаларды халыққа кеңінен насихаттауға қатысты жобалар жайында айтсаңыз.
– Құрманғазы мен Динадан басталатын күй абыздарының, арқалы ақындар мен жыршы-жыраулардың, дулығалы батырлар Исатай мен Махамбеттің кіндік қаны тамған, құт дарыған қазыналы Атырау өлкесіндегі өнердің өрісі кең. Өткен жылы өңірімізде Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығы, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығы және ақын Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығы аясында ауқымды рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай «Тартынбай сөйлер асылмын» республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, «Атадан туған аруақты ер» республикалық суретшілер симпозиумы, «Күй өнері – ұлы жол» облыстық күйшілер байқауы, Чапай Зұлхаш атындағы І Республикалық режиссерлар мен сценографтардың фестиваль-форумы көпшіліктің көңілінен шықты. Халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы VI «Алтын домбыра» халықаралық күй байқауы, Бейбарыс Сұлтанға арналған республикалық ақындар айтысы өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалар болды.
Биылғы жоспарда «Жошы ұлысының 800 жылдығына» орай «ШЕБЕРFEST-2024» шеберлер мен қолөнершілердің республикалық фестивалі, Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің Республикалық деңгейдегі дирижерлармен концерттері, Рысбай Ғабдиев атындағы республикалық дирижерлер конкурсы, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» аясында Қазақстанның Еңбек Ері, Атырау облысының Құрметті азаматы Ілия Жақановтың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Сұлулықты жырлаған суреткер», «Сырлы наз, жырлы саз» тақырыптарында танымдық іс-шаралар бар. Халық жазушылары Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына, Берқайыр Аманшин, Нұралы Әжіғалиев секілді көрнекті тұлғаларға арналған іс-шаралар ұйымдастыру көзделген.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында барлығы 7120 іс-шара ұйымдастырылып, 549 448 көрермен қамтылды.
– Жергілікті шығармашылық ұйымдар мен өнерпаздардың түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, олжалы оралып жүргенінен хабардармыз.
– Атыраулық өнер ұжымдары мен өнерпаздарының табысы туралы ұзақ айтуға болады. «V ТеART-Көкше» Халықаралық театр фестиваліне облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры ұжымы Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шерімен қатысып, «Алтын Бүркіт» бас жүлдесін жеңіп алды. Белгілі режиссер Мұқанғали Томанов сахналаған қойылым бұған дейін де шетелдердегі байқауларда топ жарып жүрген еді. «Қазақстан таланттары» атты халықаралық конкурста «Меруерт» би ансамблі бас жүлдеге ие болды. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әртістері Жасұлан Базарбаев пен Алида Хуанова «Ән дария» ІІІ дәстүрлі әншілер конкурсына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің әртісі Темір Ақбөкен Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар конкурсында бірінші орынды, Нұрлыбек Нәжікенов екінші орынды жеңіп алды.
Аймақтағы кәсіби шығармашыл ұжымдар жоспарлы түрде гастролдік сапарларға шығып тұрады. Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына орай Мысыр елінің астанасы Каир қаласына гастрольдік сапармен барды. Облыстық филармония Қазақстан Республикасының Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігімен бірлесе отырып, Швейцарияда өнер көрсетіп келді. Сонымен қатар, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Мажарстан мемлекеті Будапешт қаласының «House of music» залында өнер көрсетті.
Мәдениет өкілдерінің ел руханиятын дамытуға қосып жүрген ерен еңбегін атап өту парыз. Ол шағын ғана кітапханадағы іс-шара болсын, театрдағы спектакль, тіпті алаңдағы концерттік бағдарлама болсын, артында қаншама еңбек бар. Рухани кемел қоғам қалыптастыру жолында шығармашылық тұрғыда аянбай қызмет етіп жүрген өнер адамдары қандай құрметке де лайық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Бақытгүл БАБАШ
ПІКІРЛЕР1