Ғалымжан ОРЫНОВ, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы. САПАЛЫ БІЛІМГЕ БАСТАР ЖАҢА КЕЗЕҢ
Түркістан облысы соңғы жылдары білім беру саласын жаңғырту бағытында ауқымды реформаларды жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық міндеттерге сәйкес, өңірде білім сапасын арттыру, мектеп инфрақұрылымын жаңарту, педагог мәртебесін көтеру және оқушыларға заманауи білім беру ортасын қалыптастыру, мектеп инфрақұрылымын жаңарту, педагог мәртебесін көтеру және цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Басқарманың стратегиялық бағыты Қазақстан Үкіметінің 2023 – 2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білімді дамыту тұжырымдамасына негізделген. Осыған сәйкес өңірде білім беру жүйесін цифрландыру мен инновациялық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Түркістан облысындағы мектепке дейінгі және орта білім беруді дамытудағы реформалар
Түркістан облысы бойынша 1106 орта мектепте 554 776 оқушы біліммен қамтылуда. Оның ішінде 54 996 оқушыны қамтитын 166 жекеменшік орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жалпы оқушылар контингентінің 9,9 пайызын құрайды. Өңірде жекеменшік білім беру секторының қарқынды дамуы мектептердің жалпы санының 14,9 пайызына жетіп, білім беру жүйесіндегі бәсекелестік пен қолжетімділікті арттыруға ықпал етуде.
Өңірде бағдарламалау және цифрлық технологиялар бағытындағы білім беруді дамытуға да ерекше басымдық берілуде.
— Astana Hub халықаралық технопаркі базасында білім алушыларға арналған edu.astanahub.com платформасы іске қосылды. 2024 – 2025 оқу жылында жасанды интеллект (AI) және ойын әзірлеу (Game Development) бағыттары бойынша педагогтерді оқытуға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы 697 оқушы edu.astanahub.com платформасы арқылы бағдарламалау негіздерін меңгерді.
Сонымен қатар Келес ауданы аумағындағы №7 жалпы орта білім беру мектебі КММ 2024 – 2025 оқу жылынан бастап CodiPlay жобасына қатысып келеді. Жоба 2025 – 2026 оқу жылында да жалғасуда. Оның негізгі мақсаты – балаларды ойын элементтері арқылы бағдарламалауға үйрету, шығармашылық және инженерлік ойлау қабілеттерін дамыту.
2026 жылы «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалдарында Түркістан облысының 12 850 педагогін біліктілік арттыру курстарынан өткізу жоспарланған, оның ішінде біліктілікті арттыру білім беру бағдарламалар тізімінде «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану» курсы ендірілген.
Министрлік тарапынан педагогтердің ЖИ құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған «ChatGPT Edu» жобасына Түркістан облысы ең көп квота бөлінген өңір болып табылады.
Жоба аясында педагогтер өздерінің ЖИ-ассистенттерін әзірлеуді және пайдалануды меңгереді, бұл рутиналық жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Бастама мектепке дейінгі білім беруден бастап техникалық және кәсіптік білім беруге дейінгі барлық деңгейді қамтиды.
Қазіргі уақытта, аталған жобаны іске асыру жоспары бекітіліп, бастапқы квота облысқа 15 350 лицензия көлемінде айқындалды, оның ішінде 14 054 орта білім беру ұйымдарына, 925 колледждерге, 371мектепке дейінгі ұйымдарға арналған.
Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымдарында оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – жас ұрпақтың қабілеті мен қызығушылығына сәйкес мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру, еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер туралы ақпараттандыру және болашақ мамандарды даярлауға негіз қалау.
Бүгінде мектептерде кәсіптік бағдарлау аясында түрлі кездесулер, семинарлар, ашық есік күндері, психологиялық тестілеулер мен мамандық жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Оқушылар жоғары және арнаулы оқу орындарының өкілдерімен, түрлі сала мамандарымен кездесіп, болашақ кәсіптердің ерекшеліктерімен танысуда. Әсіресе IT, инженерия, медицина, педагогика және ауыл шаруашылығы салаларына қызығушылық танытқан жастар саны артып келеді.
2025 – 2026 оқу жылында инновациялық технологияларды еңгізу және педагогтер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында EDUSER платформасы ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 17 аудан-қала бойынша 100 мектеп оқушылары мен педагогтеріне өз қызметін ұсынып, жұмыс жүргізуде. EDUSER платформасы «Профоринтолгтар мен педагогтердің кәсіби бағдар беру бойынша құзыреттілігін арттыру» тақырыбында 80 сағаттық дәріс өтіп, сертификат табыстады.
«Мансап компасы» платформасында оқушылардың кәсіби қызығушылықтарын анықтау мақсатында Түркістан облысы бойынша 7-11 сынып арасында 13000 оқушы https://mansap.enbek.kz сайтында профдиагностика бойынша тест тапсырды.
Түркістан облысында оқушылар арасында мемлекеттік қызмет құндылықтарын және ерте кәсіптік бағдарлауды ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарына сай білім беру ұйымдарында 7-11 сынып оқушыларына бағытталған «Болашақ мемлекеттік қызметші» жобасы 2026 – 2029 жылдарға арналып жасалынып, жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан облысында білім саласындағы тіл саясатын дамыту – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, этносаралық келісімді нығайтуға және көптілді білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды стратегиялық міндеттердің бірі.
Білім саласындағы тіл саясатын дамыту – мемлекеттік тілдің қоғамдық маңызын арттырумен қатар, ұлт бірлігін нығайтуға, мәдени құндылықтарды сақтауға және жас ұрпақтың сапалы білім алуына бағытталған маңызды қадам болып табылады.
2025 – 2026 оқу жылында Түркістан облысы бойынша 940 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 728 мектеп қазақ тілінде, 4 мектеп орыс тілінде, ал 208 мектеп аралас тілде білім береді. Бұл көрсеткіш өңірде мемлекеттік тілдің білім беру жүйесіндегі басым бағытын айқын көрсетеді.
2025 – 2026 оқу жылында облыс бойынша 2186 оқушы, оның ішінде 2164-і өзбек, 15-і түрік, 6-ы тәжік және 1-і ұйғыр ұлтының өкілдері қазақ сыныптарына ауысты. Бұл көрсеткіш ата-аналар мен оқушылар арасында қазақ тілінде білім алуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.
Сонымен қатар бірінші сыныпқа қабылданған оқушылардың ұлттық құрамы да мемлекеттік тілдің сұранысының өскенін көрсетеді. 2025 – 2026 оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған оқушылардың 78%-ы қазақ, 10%-ы орыс, 11%-ы өзбек және 0,4%-ы тәжік ұлтының өкілдері.
Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі де кезең-кезеңімен жақсарып келеді. Қазіргі таңда өзбек сыныптарында қазақ тілін меңгеру деңгейі 70,4%-ды, ал тәжік сыныптарында 71,3%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер өңірде жүргізіліп жатқан тілдік интеграция саясатының нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында білім беру саласындағы тіл саясаты этносаралық келісімді нығайтуға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және жас ұрпақтың елдік құндылықтарға бейімделуіне бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
«Кітап оқитын ұлт»:
облыстағы рухани жаңғырудың жарқын үлгісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі мақсаты — қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың рухани және зияткерлік дамуына жол ашу. Осы бағытта Түркістан облысы көлемінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы 2021 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Жоба аясында облыс мектептерінде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бірқатар тың бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда:
«Кел, балалар, оқылық!» кітапханашылар клубы;
«KITAPLIKE» оқырман клубы;
«Буктрейлер арқылы кітап оқуға қызықтыру» бағытындағы «Кітаптарды жарнамалау» жобасы;
«КІТАПХАНА+ТЕАТР» жобасы;
«Отбасымен бірге кітап оқимыз» марафоны;
«KEMEL BOL» кітап оқу жобасы;
«Каникулда кітап оқимыз» кең ауқымды іс-шарасы;
Мектеп кітапханаларындағы «Оқу сағаты» жобасы;
«Ең үздік оқырман сынып», «Ең белсенді оқырман отбасы» номинациялары;
Жергілікті ақын-жазушылармен кездесулер мен әдеби кештер тұрақты ұйымдастырылуда.
Бұл бастамалардың басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және көркем әдебиетті күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Осы мақсатта облыс мектептерінде әр оқушының сабақ басталар алдында 20 минут кітап оқу тәжірибесі енгізілген.
Жыл сайын мектеп кітапханаларында:
2 сәуір — Халықаралық балалар кітабы күні;
23 сәуір — Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні;
14 ақпан — Халықаралық кітап сыйлау күніне арналған апталықтар мен «Мектепке кітап сыйла» акциялары ұйымдастырылады.
Сонымен қатар «Каникулда кітап оқимыз» жобасы аясында:
«Қысқы каникулда кітап оқимыз»;
«Күзгі демалыста кітап оқимыз»;
«Әдебиет әлемінде көктем самалы»;
«Жазда кітап оқимын» тақырыптарындағы іс-шаралар өткізіліп келеді.
Жоба аясында үздік оқырмандарды ынталандыру мақсатында кітап, велосипед және қозы сыйлау дәстүрі қалыптасқан. Бұл балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырудың ерекше әрі ұлттық сипаттағы үлгісі ретінде бағалануда.
Мемлекет басшысының «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» бастамасы негізінде облыстық «KitapХАН@» жобасы 2021 жылы іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты — кітап оқу мәдениетін терең қалыптастыру және көркем әдебиетті оқуды күнделікті әдетке айналдыру. Жоба ZOOM платформасы арқылы өткізіліп, аудан-қала мектептерінің басшылары, педагогтері, ата-аналары мен оқушыларының белсенді қатысуымен жүзеге асуда.
2025 жылы жобаға 1000-нан астам қатысушы қатысып, өзара бақ сынасты. «KitapХАН@» әдісінің нәтижесінде Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарындағы оқырмандар саны 96%-ға жеткен.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасымен ынтымақтастық орнатылып, Түркістан облысының тәжірибесі республика көлемінде таратылуда.
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана бастамасымен функционалдық және сыни ойлауды дамытуға бағытталған бірыңғай республикалық сұрақтар базасы қалыптастырылды.
Облыс бойынша: Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы»; Халит Ертуғрулдің «Өзіңмен күрес жетістікке жет»; Хушанг Муради Кермани шығармасының «Бала Мәжиттің хикаялары»; Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет»; Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние»; Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» еңбектері бойынша сұрақтар, эссе тақырыптары мен дебат қарарлары әзірленіп, ұлттық базаға енгізілді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Оқуға құштар мектеп» және «KitapХАН@» жобалары жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналып отыр.
Педагог мамандығын дәріптеу – болашаққа бастар маңызды қадам
Өскелең ұрпақ арасында педагог мамандығын дәріптеу, оның қоғамдағы беделін арттыру және жастарды осы салаға қызықтыру – бүгінгі білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Себебі сапалы білім мен саналы тәрбие, ең алдымен, ұстаздың кәсіби шеберлігіне байланысты.
Соңғы жылдары елімізде педагог мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет тарапынан мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, жалақысын кезең-кезеңімен көтеру, кәсіби дамуына қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістер педагог мамандығының тартымдылығын арттырып, жастардың ұстаздық жолды таңдауға деген қызығушылығын күшейтуде.
Сонымен қатар мектептер мен жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтардың артықшылықтарын кеңінен насихаттау маңызды. Болашақ ұстаздарға арналған кәсіби бағдар беру жұмыстары олардың мамандықты саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді.
Педагог кәсібін жастар арасында танымал етудің бірнеше тиімді жолы бар. Ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ұстаздардың жетістіктерін кеңінен насихаттау қажет. Жас мұғалімдердің табысты тәжірибелері, оқушыларға берген сапалы білімі мен тәрбиесі, түрлі жетістіктері жас буынға үлкен мотивация береді.
Сондай-ақ мектептерде «Ұстазға тағзым», «Болашақ мұғалім» секілді кездесулер мен танымдық іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру маңызды. Мұндай шаралар оқушылардың педагог мамандығына деген құрметін арттырып қана қоймай, ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын терең түсінуге ықпал етеді.
Жастардың педагогикалық қабілеттерін дамытуда олимпиадалар, шығармашылық байқаулар және еріктілік жобаларының да рөлі зор. Оқушылардың кіші сыныптарға тәлімгер болуы, сабақ өткізуге қатысуы немесе әлеуметтік жобаларға араласуы олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытып, мұғалімдік мамандыққа қызығушылығын оятады. Педагог болу – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін қасиетті мамандық. Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол жас ұрпақтың бағыт-бағдарын айқындайтын тәрбиеші, рухани жетекші. Сондықтан мұғалімнің бойында мейірімділік, сабырлылық, ізденімпаздық және жоғары кәсіби мәдениет болуы қажет.
Бүгінде ұстаз еңбегінің қадірін жастарға түсіндіру, оның қоғамдағы ерекше рөлін дәріптеу — ортақ міндет. Себебі білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу тікелей мұғалімнің еңбегіне байланысты.
Қорытындылай келе, педагог мамандығын танымал ету – болашаққа салынған маңызды инвестиция. Ұстазға құрмет көрсету арқылы біз елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтып, рухани тұрғыдан дамыған, білімді қоғам қалыптастыруға жол ашамыз.
«Келешек мектептері» жобасы – сапалы білім берудің жаңа моделі
Түркістан облысында «Келешек мектептері» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – заманауи талаптарға сай білім беру ортасын қалыптастыру, оқушыларға қолайлы инфрақұрылым ұсыну және сапалы білімге тең мүмкіндік жасау.
Қазіргі таңда жоба аясында облыс бойынша 29 мектеп іске қосылып, онда 17 954 оқушы білім алуда. Өңірдегі жаңа форматтағы мектептердің инфрақұрылымдық базасы толық қалыптасып, білім беру ұйымдары қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жобаны тиімді әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында арнайы облыстық жұмыс тобы құрылып, барлық мектептердің даму портреттері әзірленді.
Бұл құжаттар әр мектептің білім беру бағытын, даму әлеуетін және стратегиялық міндеттерін айқындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар STEM бағытындағы білім беруді күшейту мақсатында Nazarbayev Intellectual Schools (NIS) мамандарымен бірлескен семинарлар ұйымдастырылып, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығы арқылы мектеп директорларымен дөңгелек үстелдер өткізіліп, заманауи басқару тәжірибелері талқыланды.
2026 жылғы 26–28 наурыз аралығында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыстағы 27 білім беру ұйымының басшылары Астана қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ж.Сүлейменовамен кездесті. Кездесу барысында «Келешек мектептерінің» даму стратегиясы, білім сапасын арттыру және басқару жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Министр тапсырмасына сәйкес, 2026 жылғы 30 наурыз – 3 сәуір аралығында мектеп педагогтері, ата-аналар және оқушылар арасында сауалнама жүргізілді. Бұл зерттеу білім беру сапасына қатысты ұсыныстар мен пікірлерді жинақтауға бағытталды.
Сонымен қатар 8–10 сәуір күндері мектеп басшылары арасында мектептер желісінің бірыңғай атауына қатысты арнайы сауалнама ұйымдастырылды. Бұл бастама жоба аясындағы білім беру ұйымдарының ортақ брендтік жүйесін қалыптастыруға негіз болмақ.
Жалпы алғанда, «Келешек мектептері» жобасы Түркістан облысында заманауи білім беру кеңістігін қалыптастыруға, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға және оқушылардың сапалы білім алуына бағытталған маңызды стратегиялық бастамалардың біріне айналды. Жоба аясында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдегі адами капиталды дамытуға, инновациялық ойлайтын әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуге берік негіз қалайды.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру: қауіпсіздік пен цифрлық профилактикаға басымдық
Түркістан облысында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы республикалық форматпен қатар өңірдің ерекшеліктеріне бейімделген нақты тетіктер арқылы жүзеге асырылуда. Өңірде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық қолдау жүйесін жетілдіру және цифрлық технологияларды енгізу бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған.
Облыстың басты ерекшеліктерінің бірі – балалар қауіпсіздігі саласында жоғары оқу орындарының, құқық қорғау органдарының және IT-сектордың әлеуетін тиімді пайдалану. Осы бағытта Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті әзірлеген «Ai-Jan» цифрлық платформасын өңірдегі 1105 мектеп пен 50 колледжге кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
Бұл платформа мектептегі психологиялық қызметтің тиімділігін арттыруға және тәуекел тобындағы балаларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Цифрлық жүйе арқылы оқушылардың психологиялық ахуалына мониторинг жүргізіліп, алдын алу шараларын уақытылы ұйымдастыру көзделген.
Сонымен қатар прокуратура органдарымен бірлескен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында отбасы, мектеп және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл нығайтылып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді моделі қалыптастырылуда.
Өңірде енгізіліп жатқан тағы бір маңызды бастама – «Cheker» жүйесі. Бұл жүйе интернет кеңістігіндегі зиянды контентті, деструктивті ақпараттарды және балаларға қауіп төндіретін тәуекелдерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, цифрлық ортадағы қауіптердің алдын алу жұмыстары күшейтілуде.
Осылайша, Түркістан облысында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы толық қамту қағидатына, ведомствоаралық ықпалдастыққа және цифрлық профилактика тетіктеріне сүйене отырып жүзеге асырылуда. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, психологиялық саулығын нығайтуға және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан білім беру реформалары өңірдің білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған кешенді әрі стратегиялық сипаттағы өзгерістер болып табылады. Инфрақұрылымды дамыту, цифрландыруды енгізу, педагог мәртебесін арттыру, тіл саясатын жетілдіру және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты негізгі бағыттар өзара сабақтасып, сапалы білімге қол жеткізудің берік негізін қалыптастыруда.
Бұл реформалар тек білім сапасын арттырумен шектелмей, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, олардың заманауи дағдыларды меңгеруіне және бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде Түркістан облысы білім беру саласында инновациялық даму жолына түсіп, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді.