Гүлнұр СҮЙЕУОВА, Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы: «БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ»
27.08.2024
73
0

Халық пен атқарушы биліктің сындарлы серіктестігіне ықпал ететін бірден-бір күш – азамат­тық қоғам. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялап, азамат­тық қоғам институт­тарының рөлін нығайтуға да басымдық берген болатын. Соның негізінде үкімет­тік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекет­тік тұжырымдамасы жасалды. Азамат­тық қоғам институт­тарының заңнамалық негізі қаланып, мемлекет­тік бағдарламалар қабылданды. Осы рет­те атыраулық үкімет­тік емес ұйымдардың қоғамның өркендеуіне қосып жүрген үлесі, қызметі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуовамен әңгіменің өзегі болды.

– Кемелденген азамат­тық қоғам қалыптасып, сана жаңғыруы үшін азамат­тардың белсенділік танытуы маңызды. Ал игі іске бастамашыл болып, өзекті мәселелердің оң шешім табуы жолында үкімет­тік емес ұйымдар қоғамның ұйытқысына айналып келеді. Гүлнұр Жалғасқызы, Атырау облысындағы үкімет­тік емес ұйымдардың жұмысы туралы баяндап берсеңіз.
– Атырау облысында 744 үкімет­тік емес ұйым, 18 этно-мәдени бірлестік, 50 бұқаралық ақпарат құралы, 7 партияның облыстық филиалы қызмет атқарады. «Үшінші сектор» атанған үкімет­тік емес ұйымдар қоғамдық диалогтың қалыптасуына үлес қосып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып жүр. Бұл үкімет­тік емес ұйымдардың ішінде қазіргі таңда 150-ден астамы белсенді түрде қызмет атқаруда.
ҮЕҰ азамат­тардың денсаулығын қорғау, салауат­ты өмір салтын насихат­тау, қоғамдық келісімді нығайту, білім және ғылым, ақпарат, спорт және дене шынықтыру, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, қоршаған ортаны қорғау, гендерлік саясат, басқа да әлеумет­тік маңызды бағыт­тар бойынша жұмыс істеп жүр. Облыстағы үкімет­тік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық бойынша Кеңес құрылды. Кеңес отырысы жылына екі рет өтеді.

– Қоғамдық бастамаларды мемлекет­тік қаржыландыру жайы қалай?
– Мемлекет­тік әлеумет­тік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау қағидалары негізінде өткен жылы 18 ҮЕҰ 10 бағыт бойынша 61 жобаны қолға алса, биыл 1 255,4 млн. теңгеге 66 жоба бойынша жұмыс жүруде.
Мемлекет­тік әлеумет­тік тапсырыс тақырыптарын айқындауда стратегиялық және бағдарламалық құжат­тар, өңірдің өзекті мәселелеріне, зерт­теулердің қорытындыларына басымдық беріледі.
«Азамат­тық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-мен үкімет­тік емес ұйымдар үшін жергілікті бюджет­тен 2022 жылы 41 071,0 теңгеге сегіз, 2023 жылы 79 363,0 теңгеге 11 грант­тық жоба жүзеге асырылды.

– Облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан аймақтағы үкімет­тік емес ұйымдарға арналған Азамат­тық орталық ашылғанынан хабардармыз. Бұл орталық ҮЕҰ жұмысын ілгерілету, азамат­тық қоғам институт­тарының өзекті мәселелерін шешу бағытында қандай жұмыстарды атқарып жатыр?
– Иә, 2017 жылдан бастап өңірде Азамат­тық орталық ашылып, барлық ауданда өкілдері қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда орталық ҮЕҰ-мен ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жүргізудің басты алаңына айналды.
Азамат­тық орталық үкімет­тік емес ұйымдарға тұрақты түрде кеңес беріп келеді. 2023 жылы орталықтан 293 кеңес алса, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 383-ке жет­ті. Орталықпен «Үкімет­тік емес ұйым мектебі» жобасы тұрақты өткізіледі. ҮЕҰ мүшелеріне жоба жазу, көшбасшылық, коммуникация және тиімді команда құру және оны басқару дағдысын қалыптастыру бағытында 2023 жылы 13 семинар-тренингке 281 адам қатысса, 2024 жылы сегіз семинарда 100 адам қамтылды.

– Ал үкімет­тік емес ұйымдарды қолдау бағытында қандай жобалар бар?
– Өңірдегі түрлі салада қызмет ететін үкімет­тік емес ұйым өкілдерінің басын қосу, оларды қолдау және бір-бірімен тәжірибе алмасу мақсатында қолға алынған «Белсенді үкімет­тік емес ұйымдар ауданда» жобасын атап өткім келеді. Жобаға 80-ге жуық ҮЕҰ қатысты. Алдағы қыркүйек-қазан айларында «QOLDAY» байқауы ұйымдастырылады. 2021 жылдан бері ҮЕҰ қолдау, әлеумет­тік жобаларды анықтау мақсатында «QOLDAY» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаға 85 ұсыным түсіп, 15 ҮЕҰ жеңімпаз атанып, 21 800 000 қаржы табысталды. Сонымен қатар ҮЕҰ арасында Атырау облысының «Үздік әлеумет­тік жоба-2023» байқауы өт­ті. Нәтижесінде 10 жеңімпаз 5 аталым бойынша Алматы және Астана қалаларына барып, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, 2021 жылдан бері облыс волонтерлері мен волонтерлік ұйымдарды қолдау мақсатында «DEMEY» облыстық байқауы ұйымдастырылып келеді.
Үкімет­тік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша уәкілет­ті тұлғалардың қызметін жандандыру үшін жыл сайын Атырау облысы әкімі, жергілікті атқарушы органдар басшылары, Атырау қаласы және аудандар әкімдері ҮЕҰ өкілдерімен кез­десулер өткізіп тұрады. 2022 жылы 21 кез­десу ұйымдастырылып, оған 266 ҮЕҰ өкілі қатысса, 2023 жылы 13 кез­десу алаңы ұйымдастырылып, оған 200-ге жуық ҮЕҰ өкілі қатысты. Кез­десулер фасилитация форматында өтіп, мемлекет­тік органдар тарапынан атқарылған жұмыстары мен жоспарлары тыңдалады. Биыл 21 кез­десу жоспарланды. Қазіргі таңда 8 кез­десу алаңы ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық ҮЕҰ қатысты.
Атырау облыстық Азамат­тық Альянспен бірлесе «Әлеумет­тік әріптестік құралдары – өңірдің табысты дамуының негізі» тақырыбында Атырау облысының ХІ-Азамат­тық форумы өт­ті. Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде белсенді ҮЕҰ-дың саны артып, 2022 жылы – 190, 2023жылы – 250 ұйымға дейін өсті.
Сондай-ақ, биыл республикалық форумда атыраулық бес ҮЕҰ «Таңдау» сыйлығына ие болды.

– Өңірдегі ҮЕҰ мемлекет­тік әлеумет­тік тапсырыстармен қатар ұлт­тық компаниялар мен халықаралық грант­тардың қолдауына ие болып жүр.
– Бұл бағыт­та атап айт­қанда, 2021 жылы – 16, 2022 жылы – 12, 2023 жылы – 30 ҮЕҰ грантқа ие болды (Самұрұқ Қазына компаниясынан «Миялы» мүгедектер қоғамы 81 207 000 тг. грант ұтып алды). 2024 жылы қаңтар-тамыз айы аралығында дейін 15 ҮЕҰ грантқа қатысып, 73 782 000 теңгеге ие болды.
Сонымен қатар азамат­тық сектор өкілдері әлеумет­тік кәсіпкерлік бағытына бет бұрып, 20-дан астам ҮЕҰ осы салада жұмыс істеп отыр.
Облыс бойынша азамат­тық қоғамды дамыту бағытында «Атырау облысының Азамат­тық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, Азамат­тық орталық, «Жастар ресурстық орталығы» коммуналды мемлекет­тік мекемелері өз қызмет­терін атқаруда.
Жалпы Атырау облысы әкімдігі белсенді жұмыс істейтін ҮЕҰ мен азамат­тық қоғамның, басқа да институт­тардың санын арт­тыру, сондай-ақ мемлекет­тік органдар мен азамат­тық қоғам институт­тарының өзара іс-қимылын дамыту бағытындағы бастамаларды жаңа деңгейге көтеру үшін жұмыс істеп жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат­тасқан
Бақытгүл БАБАШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір