Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ДЕГДАР немесе «ҚАРАТАЯҚТЫҢ КӨЗІ» (Ғалым Ахмедовтің туғанына 120 жыл)
Бүкіл саналы ғұмырын Жазушылар одағының әр түрлі қызметінде өткізіп, одақтың Одақ көлемінде қанат жаюына қалам күшін қалтқысыз жұмсаған (Отызыншы жылдардың екінші жартысынан бастап, алпысыншы жылдардың басына дейін орыс тілінде жазылатын хаттардың бәрі Сейітжан Омаров екеуінің қолынан шығатын) Ғалым Ахмедов дегдардың да туғанына осы айда тура 120 жыл толыпты. Дегдар! Иә, жанына жанасып, жан жылуын сезінген санаулы санаткерлер дәл осылай атайтынбыз.

Өйткені ол кісіге – Дегдар деген ат та, «Қаратаяқтың көзі» деген емеурінді есім де жарасып тұратын. Сырты да, іші де, ой аясы да, жан сарайы да, сыпайы да биязы мінезі де, көктемде – көктемге сай жасыл түсті, жазда – жазға жарасымды ашық түсті, күзде – қоңыр түсті, қыста – бұйра жағалы қамқа тонына сай үйлесім тауып тұратын. Кербез де емес, мырза да емес, кекейіп те жүрмейді, бірақ үнемі кеудесін тік, иегін көтеріңкі ұстап, жаяу аяңмен маң-маң басып бара жатады. Тура Абайдың айтқанындай, «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Күлсе де, ренжісе де білдірмеген», жанының жұмбағын ішіне жиған сырсандық. Сыртынан сүйінесің. Жанына тартқанда, елжірейсің. Есіңе, аға буын аға-апайлар сүйініп айтып, күйініп жоқтайтын тура жиырмасыншы ғасырдың басындағы «қаратаяқтар» – қазақ зиялылары елестейтін.
Ол бауырына тартып, мен бауыр баса бастаған кезімде, әсіресе сексенінші жылдардың екінші жартысында ту сыртынан баспақтап кеп, қолтығынан демеп: «Сіз, Қаратяқтың көзісіз ғой. Солар туралы сұрайтыным бар еді», – деп жанасалағанымда: «Олардай болу қайда? Қазақтың бағына орай, адалынан жарылқап берген азаматтар, міне, солар еді ғой. Ойлары да, бойлары да таза. Ұлты үшін жанын қасым еткен, жатқа – төре, жақынға – төлеңгіт, ұлтына – ұйытқы, еліне – құт, ар-ожданына кір, қабағына кірбің түсірмеген аяулы азаматтар еді ғой. Оқығандардың, қала үлгісімен асатаяқ ұстап жүретін әдеттеріне қарап, қара қазақтар зиялыларды «Қаратаяқ» деп атап кеткен. Оқығандардың ішінде – тоқығандары, зиялының ішінде – зиялысы мен зияндысы бар емес пе. Егер маған, бұл фәниден арын таза сақтап өткен жандар кімдер десе, мен сол Алаш ұранды азаматтарды атар едім. Қазақтың бағына туып, қазақтың сорына қарай сорын қайнатып жазықсыз құрбан болып кетті. Оларды бір көрген адам қайтып ұмытуы мүмкін емес. Мен де өспірім кезімде көріп, өмір бойы соларға сүйсіне еліктеумен келемін. Тіпті жетпістен асқан осынау шағымда, олар менің киеме айналып кеткен сияқты сезінемін. «Дегдарыңды» білмеймін, «Қаратаяқтың көзісің» дегенің ұнайды, бала. Әттең, соны қыз Жібектер білсе ғой!» – деп сөзінің басын үнемі күңіреністі бастап, жеңіл желпініспен аяқтайтын дегдар Ғалекем, мен үшін қазақтың соңғы қаратаяғы – Ғалекем, көпшілік үшін жазушы, аудармашы, баспагер Ғалым Ахмедов.
Содан кейін барып сәл тыныстап, оңашалау тұсқа барып, жанарына мұң толтыра алысқа қадап, өзі көрген «Қаратяқтардың» қадір-қасиеті, оқып-тоқуы, адал да жанкешті ғұмыры туралы асықпай баяндай бастаушы еді. Әдетте «Ғалия» медресесінде оқығандарды өте жоғары бағалап: «Медресе деген сөз – оқу орыны деген сөз. Олардың дәрежелері де әр түрлі болады. Ал «Ғалия» медресесі» Ресейдегі тізімде Университет ретінде тіркелген. Отызға тарта ұстаз шетел университеттерін бітіріп келген адамдар екен. Қазақтар да көп оқыған. Мен солардың өмірін зерттеп жүрмін (кейін жеке кітап боп жарияланды). Ал енді, Әлекең мен Ахаңдардың айбыны мен мысы, сыны мен сымбаты, даналығы мен маңғаздығы ғажап еді. Олардың жанында біздің мырза, кербез деп жүргендеріміз, жай шикі есілген шуда жіп сияқты еді. Ақаңды Орынборда оқып жүргенде жиі көрдім. Алыстан орағыта айналып, соңынан еріп отыратынбыз. Біз үшін әр қимылы өнеге. Ақаңның елу жасқа толған мүшелтойына арналған салтанатты мен де көрдім. Кілең шәкірттер арт жақта отырдық. Сәкен баяндама жасады. Сондай ұстанымды үлгіде тәртіпті өтті. Осы, Сәбең де қызық, соны «Өмір мектебінде»: Біз – шәкірттер, арт жақта отырып, «Алаштың көсемі бізге ұстаз емес. Жиналыс тоқтатылсын!» деп дуылдап-шуылдап, шіріген жеміс лақтырып, берекесін қашырдық», – деп жазыпты. Ондай бейбастыққа кім жол береді? Сәкен – үкіметтің бастығы. Сәбеңе кездескенде: «Мәжілісте мен де болдым. Сондай әдепті өтті ғой. Неге өтірік жазғансыз? Обал емес пе?» – дегенімде: «А, сен де тыңдап па едің? Е, оны кім біліп жатыр. Қазір шындық емес, өтірік өтеді, Һи-һи», – деп күле жалтарып кетті. Мен әлі де түсімде көрем соны. Сол мәжіліс қалған бүкіл өмірімнің ұстыны болды. Соларша оқып, соларша жүріп, соларша киінуді ғадетіме айналдырдым. Оған қыз Жібектер де теріс қарамайды. Енді, міне, сен ғой, дегдар деп дікілдейсің. Маған сол «Қаратаяқ» дегенің Пайғамбар дегенмен бірдей. Ал көсемдерін былай қойғанда, жай қатардағы қаратаяқтардың қазақ үшін атқарған еңбегінің өзі ұшан-теңіз. Мысалы, Телжан Шонановтың жер туралы еңбегі – қазақтың бар-жоғын түгендеп, түсіндіріп беретін кітап. Әттең… Отыз екінші жылғы ашаршылықты айтсам, сай-сүйегім сырқырайды», – деп күрсініп қойып үйіне қарай маң-маң басып жүре беретін.
Алаш қайраткерлерін ақтау ісіне араласқан тұста, ең бірінші бас ақылшым осы Қаратаяқ-Ғалекең болды. Комиссияның мүшесі ретінде әр қайраткер туралы мағлұматтар беріп, ақылын айтып, тиісті жерде сақтандырып отырды. Комиссия құрылғаннан кейін бір айдан соң Олжекең – Олжас Сүлейменов Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары Қ.Әбдірахменов пен әр салаға қатысты жеті басқарманың бастықтары – жеті полковникті Одаққа шақырып, Алаш қайраткерлерін ақтау мәселесін алға қойды. Генерал жолдас: «Азаматтығын ақтау – жоғарғы соттың дәргейінде, ал шығармашылығын ақтау – Жазушылар одағының ісі. Біздің мекеме елуінші жылдардың аяғында Мағжан Жұмабаевты ақтау туралы ұсыныс жасағанда, қарсы шығып, қайта жапқызып тастаған, Жазушылар одағының екінші хатшысының қолы қойылған хат. Міне», – деп оқып берді. «Кім, кім ол?» десіп Әлжаппар Әбішев, Сафуан Шаймерденов бастаған Ағалар алқасының мүшелері үре түрегелді. Сонда Қаратаяқ-Ғалекең баяу ғана: «Дұрыс айтады генерал жолдас. Сейтжан Омаров жай хатшы болатын. Әбділда Тәжібаев соған жазуды
бұйырды.
– Мен Жоғарғы әскери сот азаматтығын ақтаған ақынды қаралап хат жаза алмаймын, – деді ол.
– Онда, кет жұмыстан! – деді Әбділда.
– Жарайды, оның есесіне арым таза болады, – деп арызын қолма-қол жазды да, шығып кетті. Содан кейін:
– Сауатың дұрыс, сен жаз! – деп маған бұйырды.
– Жазбаймын. Бұйыруға қақыңыз жоқ. Бұл – шығармашылық мәселе, Одақта талқылансын, – дедім.
– Ендеше, сен де жұмыстан кет! – деді. Кеттім. Ал, мына мәтінді кім жазды, оны білмеймін. Қолын қоюын қойғанымен, оны орысша жазуға Әбділданың сауаты жетпейді», – деді.
Міне, ары таза, адал, ақиқатты айтудан да, мойындаудан да қайтпайтын жаны таза адамның дегдарлығы, яғни «Қаратаяқтарға» тартқан мінезі осындайда байқалды. Содан бастап, Алаш қайраткерлері туралы ашық әңгімелесетін болдық. Өзі білетін деректерді де айтты. Телжан Шонанов пен «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ зиялылары жазуды мойнына алды және орындап шықты. Сол тақырыпта жазған мақалалары мен ашаршылық туралы естеліктерінің басын қосып, «Алаш – Алаш болғанда» деген атпен «Өнер» баспасының директоры Оразбек Сәрсенбаевқа айтып, жоспарға енгіздірдім. Құрастыруына шындығын айтайын, қатыса алғаным жоқ. Қолжазбаны баспадағылар өзінен сұратып алды.
2002 жылы 94 жасқа келіп, қазақтың соңғы «қаратаяқтарының» бірі, соңғы дегдар Ғалым Хакімұлы Ахмедов ағамыз да дүниеден озды. Астанада тұрғандықтан да топырақ сала алмадым. Өкінішті. Осы бір қайырым естелігімді туғанына 120 жыл толып отырған Ғалым Ахмедов дегдардың қабіріне салған бір шымшым топырақтың есебіне жатқызса екен деп, Жаратқанға жалбарынамын.
16.05.2026 жыл,
Бағанашыл