Дегдар
Адами азаттық қорғаны
Журналистика факультетіне қадам басқан алғашқы жылы-ақ профессор адами ажарымен бізді айрықша баурап алған еді. Бір мені ғана емес, бар шәкіртінің көңіліне иманжүзді шырайымен, ақжарқын мінезімен ұялаған. Қамзинмен алғашқы кездесу күнінде өзіме етене таныс әдеби кітапты қайта парақтағандай болдым.
Елдің әр аймағынан жиналған болашақ жас журналистер факультеттің үшінші залында тоқайластық. Кірген кезде төргі орындықтың арқауын қос қолымен таяныш етіп, сүйене сөйлеп тұрған жүзі жылы ұстаз, ақылман ақсақалға бірден назар ауды. Әр сөйлемінің соңын сұлу создықтатып, қайыра түйіндеп отыратын әдісі, жас шәкірт, зиятты талапкерге деген асқан ілтифаты аңдалады. Басында журналистиканың қоғамдық қызметі хақында жан-жақты талдады. Соңыра функцияларына тоқталған. Беташар-баянының белуарында Сайын Мұратбековтің жастар жайлы әңгімесіне ойысты. Мектеп жасынан жақсы таныс Сайын… Сайын даланың Сайыны… Қамзин де Сайын Мұратбеков секілді жастарға, мына бізге, жастардың нәресте көңіл, сәби жүрек болмысына ерекше сүйсінсе керек. Сол сәтте аудиторияны жылылық жайлап, ұстаз мейірімінің шұғыласы иектеген.
Сол шұғыланың шапағы менің көңіліме нұрлы жарық түсірді, сол дәрістен кейін біздің ұстаз-шәкірт, аға-іні есебіндегі бағалы байланысымыз басталды. Кәкен аға Қамзиннің құнарлы сөз, кенен кеңесіне, ұлттық журналистиканың төл табиғатын, өзіндік өзгешелігін танытар туындыларына өмірімнің түрлі өткелінде, әр кезеңінде жүгініп отырдым.
Кең тынысты қаламгер
Кәкен Қамзин өз жазуында батыстық дәстүрмен де, шығыстық санатшылдық бедерімен де беркінбейді. Қамзиннің қаламгерлік машығында біздің әдеби айналыста бұрын аңдалмаған «жасырын жазу мәдениеті» бар. Сөз жүйесі, тіл тізбектерінде қоршаған орта құбылыстарына елту, интеллектуалды таным, уақыт пен кеңістік аясындағы жөңкіліп жатқан оқиғаларға қатысты байқампаздық басым. Мәселен, «Уақыт сақшысында» қаламгер кіндік кезеңдер мен өліара шақтардың алакөлеңке ажарын «екі кезең, бір өлшемнің» шырғасына шеберлікпен сыйдырады. «Не қыс емес, не жаз емес. Көктемнің екі ойлы шағы. Түлеп жатыр. Былқ-сылқ блюз. Әрі-сәрі. Әтек болмыс. Зауық бар – шама жоқ. Шынының ар жағында – шалқалай шалжиған бөкселі даңғыл. Бергі жағында – сірескен сөрелер. Ара-арасында – аквариум балығындай маңғазбұлаң оқырман. Соның бірі – сені мен мен», – дейді жазушы. Автордың шығармашылығындағы оқиғалар қабысуы транзиттік тәртіппен бірнеше кеңістік бекетін сүзіп, аялдамалар арасында сырғып отырады.
Тағы бір үзікке зер салайық: «Рас, торығып, зарығып жүрмін. Күн сайын мына Қызыл сағаттың тіліне қараймын. Тіл алар емес. Тілазар. Жаңа айттым, Америкадан Еуропаға кемемен қайттым. Екі мұхиттың шекарасына жете бере, хабанерасын боздатқан есер толқынға құлаштап тұрып құмыра лақтырдым. «White Horse» вискиінің тас бітелген шымыр шөлмегін. Ішіндегі жазуды құлағыңа сыбырлап қана айтайын. Иә, тап солай топшыладым. Ал, сарматтың ұрпағы қиқаңды қой, үйге бас сұғып кетесің. Қазы-қарта асатпасам да, ішіп-жем жетерлік. Бала-шаға жан-жақта. Өзіміз ғана…»
Мұндай метафизикалық кезеңдер, транзиттік кеңістік аясында дуализим ережелерін ескеру құнарлы әңгіме-контенттің желісін (автордың өзі айтқандай) ширата, ширықтыра түседі. Осы заманғы әлеуметтік реализм санатында бағамдасақ, әлемде өршеленіп тұрған миграция, жаһандану мен ұлттану ұғымдарының текетіресі автор жазған әңгіме-контенттердің негізгі мазмұнын көктей өтіп, оқырманды «уақыт машинасына» қондырады. Бүгінгі ғылымият шарқ ұра іздеп жүрген уақыт машинасын Қамзин оқырмандардың эмоционалды толғаныстарынан құрап шығады. Кейіпкерлер өз көңіл-күйіне сүйеніп ғасырлардан ғасырларға сапарлайды, озған дәурен, өткен күн, балалық шақ, албырт кезеңмен табысады, ғұмырнамалық жадысымен қайтара қауышып отырады.
Жазушының сөйлем құру сұңғаты қисынды, жазу машығы мығым, ежелгі баба-журналистиканың әсерлі-әуезді мәнерін, әңгімешіл дәстүрін кеңінен сіңірген. Қаламгер көңілге жағымды, жүрекке жылы әдіс – бабагерлік төкпе баяндау тәсілімен толғатып, екпіндетіп отырады. Кәнігі батагөй ақсақал, кеңқолтық көкілташ есебінде ой орамдап, әдеби мәнерге сай форма шиыршықтайды.
Кәкен Қамзиннің пайымдауында, жанр – табиғаттың төл баласы, табиғат секілді әдебиет, журналистика түрлері де түлейді, симбиозға (селбесу) ұшырап отырады. Ақпараттық ортаны жел сөз, желбуаз ой төпеп кеткенде интеллектуал қаламгердің қаламынан төгілген әңгіме-контенттердің құны арта түседі. «Уақыт сақшысы» – төлиенің әдеби мюзикл сарынына берген сахип жазбасы әрі әдеби айналысқа қосылған жаңаша жанр.
Заманалы әдебиет ағымын, сөз өнерінің көркемдік бетбұрыстарын сөз еткенде сетература ерекшеліктерін ескерген дұрыс. Социология заңдылықтарына сүйенсек, интернеттің қарқынды дамуы, күллі дүниенің ортақ ақпарат кеңістігінде тұтасуы – виртуалды-диджитал ұлттың қалыптасуын ілгерілетеді.
Бұл ретте, ақпараттық кеңістіктің ықпалымен қалыптасқан ортақ құндылықтары, ұғымдары, салт-cанаты бар виртуалды әлеуметтің интеллектуалды қажетін өтеу мәселесі менмұндалайды. Диджитал ұлт пен Кәкен Қамзин шығармашылығының байланысы да босбелбеу емес. «Диджитал ұлттың» заманалы сипаты, модерн мәдениетіне автор қазақы бояу себеді, «әңгіме-контенттер» арқылы мета-әлеуметтің қоғамдық санасына қозғау салады. Қамзин кейіпкерлері тұрмыстың жантағы қалың тақтайына табан тіреп тұрып-ақ, адамзаттық мәселелерді, жаһандық ау-жайды, өнериет пен өркениет кілтипандарын, ұлттық құндылық айрықшалықтарын еркін қаузайды.
Мәселен, «Генна, Генрих, түңіліп бітіпсің ғой тіпті. Болмайды. Арыл. Дүниеде біз бармыз. Бүгіндері хабар алысу оп-оңай. Лезде. Почтамды бердім. Уатцапты алдың…» – деп жүйткиді жазушы шығарманың шарықтау шегінде. Шығармадан бүгінгі адами қарым-қатынастың желбүйре жайы кезігеді. Оқимыз да ойланамыз. Ойланамыз да, оқырман қауымын индустриалды ортаға жетелейтін тұғырлы тіркестерге, өзіміздің орнықты тұрмыс-cалтымызға тап келеміз.
«Уақыт сақшысындағы» қаламгердің тұла бойын мейірім мөрімен мүсіндеп, кісілік қағидатымен құйып қойған кейіпкерлерінің бірі – Сәрсен қарт. Қария озған дәурен, көшкен заманның қасіретін қазақ даласындағы ақсақалдық даналыққа тән биік өре, батыл байламмен толғайды, адамзат баласының ең қауіпті қаруы гипердыбысты ракета емес, телевизия мен интернет екенін баса айтады. Автор ғаламтордың пайдасы мен зардабы безбенге түскен кезеңдегі талас-тартыстардың жиынтық жорамалын, қазіргі интеллектуалды күш-жігер жұмсамай-ақ, ақпарат тұтынуға әуестенген көпшілікті әсте жақтамайтынын көрсетеді. Шығарманы оқи отырып интернеттен жаппай бас тарту, технологиялық игіліктерді жоққа шығару жайын емес, интернетті тиімді қолдану мәдениетін аңғарасыз.
Көңілін құштарлық кернеп, қия мен заңғарға құлаш сермеп, көкірегінде тасыған дария-теңіз білімін паш етуден тартынбайтын Кәкен Қамзиннің кейіпкерлері дүние дидарының кез келген нүктесінде жасайды, өмір марафоныңыздың бойында соншалықты таныс кейіпкерлерімен сіз де сөзсіз ұшырасып отырасыз. Қаламгер адам психологиясын беруде, образ-характер мүсіндеуде өрісі басқа, өресі биік жаңа деңгейге жеткен. Мәселен, Сәрсен қариядай жаратылыс сырына, күрмеуі қиын жұмбаққа, интригаға құмарту күллі адам баласының ежелден табиғатында бар. Бәлкім, ақпараттық қоғамда ғұмыр кешкен сіздің де көңіл көкірегіңізде Сәрсен қарт құныққан жаратылыс құбылыстарына деген аңсар, адами ынтықтық жасырынып жатқан шығар?..
Ағартушы ақылман
Кәкен Қамзин – кеңтынысты қаламгер ғана емес, зиятты ұстаз, зерделі ғалым, уақыттың суыт жүрісі, қым-қуыт қадамын барлаған сергек сақшы. Журналистика даланында қызмет етуді мұрат еткен ынталы талапкерге уақыттың заңдылықтарымен санасу уәжіп. Уақытпен жарысу – журналистиканың негізгі шарты. Тұтас ғаламдық сананы, әлеуметтік ми (social brain) торабын техникалық таным тықсырған шақта, прагматизм кісенінен ұзап, иррационалды ойлауға зәрулік туатыны рас. Мұндайда: «Бәрін айт та, бірін айт дегендей, жаратылыс пен әлеуметтік құбылыс – біртұтас әлем. Өркениет прогресі де кейде адамды мезі қылады, шаршатады», – деген тоқтамға келеді ғалымның өзі. Зерттеуші журналистика заңдылықтарының, жанрларының түзілуіне синергиялық факторлардың ықпал еткенін ұтымды дәлелдейді. Синергия мен творчестволық үрдістердің байланысын ұлттық журналистикатану мектебінде тұңғыш болып індетеді. «Журналистика жанрларының туындауына, эволюциясына, біздіңше:
1. Уақыт.
2. Факті, оқиға (құбылыс).
3. Кеңістік (көлем, формат).
4. Қажеттілік.
5. Ұлттық тіл, менталитет.
6. Шығармашылық мүмкіндік – сынды факторлар әсер етеді. Міне, осы алты синергиялық фактор кез келген жанрдың пайда болуына себепші болады», – дейді ғалым.
Батыс журналистикатану мектептерінің өкілдерімен талай қызметтес болдық, күнбатыстық пайымдарды жүйелі зерттедік, ой жарыстырып, пікір алыстық. Бұл орайда, ашығын айту керек, біз үзінді келтіріп отырған ұстаз Кәкен Қамзиннің «Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі» еңбегі аса теңдессіз, жанрлы сипатнаманы ұйыстыруда табысты шыққан күрделі, құнарлы туынды дер едік. Төл жанрлар палитрасын бұлай кеңейте талдау қажырлы еңбектен ғана емес, туындыгерлік түйсік, қисынгерлік қағида, шығармашылық даралықтан жаралған дүние. Еуропада жүрген-тұрған жылдары мұндай жүйелі әрі жіті зерттеу еңбегінің Батыстың өзінде жетеғабыл дамымағанына, Әмерикән (АҚШ) аймағында жоқтың қасы екеніне талай көзіміз жеткен еді.
Енді мына пікірге назар салайық. «Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер үдерісінің санқатпарлығын әлеуметтану, мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтік философия, антропология, әлеуметтік психология және тарихнама сияқты қазіргі әлеуметтік білімнің бүкіл кешенін синтездемей, тек бір ғана категориямен сипаттау мүмкін емес. Жоғарыда тізімделген пәндердің арқасында көсемсөздің қамту тақырыбы мен табиғаты арасындағы ішкі байланыстың белгілі бір заңдылықтары бой көтереді, қазақ журналистикасы жанрларының ғаламдық жүйедегі, информациялық кеңістіктегі, халықаралық ғылыми кестедегі орны нақты көрініс табады, гуманитарлық сала мен техникалық жетістіктердің ғаламдық тартылыс жағдайындағы ынтымақтастығы нәтижесінде жалпы журналистиканың, оның ішінде жанрлар жүйеленуінің ғылыми дәйектілігі анағүрлым арта түседі», – дейді профессор. Жаратылыс сырлары мен әлеуметтік антропологияның қиылысында пайда болған заманалы ақпарат тұжырымдамасын өзгеше мәнерде зерттеу – өркендеудің жаңа мазмұнына бойлау, Ұлттық ақпарттанудың түлеу мен түрлену формасын тану. Қазіргі журналистика мектептері саяси пропаганда, антропология, адам физиономиясы, метафизика, биосоматика, лингвопсихология, нейробиология секілді білім арналарымен әуестенеді. Бұл журналистика ғылымының субъективті бітімін Қамзин бағдарына сай жаңаша бағамдауға әсер етеді.
Ғалым-ұстаздың өзі де бізді о баста ми қызметінің құбылыстарын зерттеуге жетеледі. Кәкен Қамзиннің қолдауымен нейроғылымдар бағдарында едәуір табысқа жеттік. «Когнитивті зият субстанциясы: инновациялық ақпарат моделі және тектілік ұласымы» тақырыбындағы зерттеуіміз шетелде жазылды. Ақпараттық әсерге қарсы ми реакциясы, тектіліктің ақпараттық ортада өзін-өзі танытуы бағдарында тұңғыш ғылыми зерттеу жазылды.
Мұндай зерттеулер Кәкен Қамзин айтқан «интеллектуалды өзеркіндікке» қол жеткізудің, адамзаттық айрықшалықтарды ғасырлық өнеге өрнегіне бедерлей түсудің тікелей жолы екенін естен шығармаған жөн. Адамзатқа «Ашық Ғалам», «Реализм және ғылым мақсаты», «Квант анықтамасы мен физикадағы схизм» атты шұрайлы еңбектер қалдырған философ, зерттеуші Карл Поппер бір жазбасында: «Мы живем в открытой Вселенной… Человеческая свобода, конечно, является частью природы, вместе с тем она трансцендирует природу…» (мәтіннің мәнін құрғатып алмас үшін өзіміз оқыған еңбектен қаз-қалпында алып отырмыз), – дейді. Іштен шыққан интеллектуалды өзеркіндік пен болмыс еркіндігі кез келген туындыгер үшін қашан да қажетті.
Кәкен Қамзиннің ғылыми мектебі – көшпелілерге тән «қозғалыс философиясын» беткейге алған іргелі мектеп. Ұдайы қозғалыста болу, шыңдалу, толысып, жаңарып отыру дағдысы бізге көшпелілер тұрмысынан, теріскейі мен төскейінің арасын қатар жайлаған сақара қазақтарының дәстүрінен жұққан. Зерттеушінің өз еңбегінде «Қыз Жібек» жырын толғата зерттеуі, оқиғалық композициясын репортаж жанрымен қабыстыруы да тегін емес. Осылайша ғалым ұлттық тәлім-тәрбие, эстетикалық талғам табиғаты, сана дәстүрінен айнымайды. Қашан да ғаламдастыру, желілік қоғам жүйесі, өзіміздің жалаң еліктеушілігімізге бөгесін болатын байыпты ой айтады. Ғалымның ғылыми алқабында қауыз ашқан шұғынықтың хош исі қалай ойлауға емес, сізді қалай ойлануға бастайды. Тек бәрін байыппен түйсінуге берекелі уақыт керек. Сіз бен бізді ұлттану үрдісімен, ұлттық ойлаумен ұластыратын шегі мен шеті жоқ берекелі уақыт.
Адами азаттық қорғанына шәкірттік лебіз
Биыл ұстаз, шығармашылығы мен ғылыми бағдарында басқаның бақытын қолдап, адами асқақ сезімін, азаматтық азаттығын қызғыштай қорғайтын, әр дәрісін «Азатсыңдар!» деген көтеріңкі рухта түйіндейтін Кәкен аға Қамзин 75 жасқа толды. Мерейтой аясында ұстазға шәкірттік құрмет таныту – асыл борышымыз әрі қайталанбас кісілік құбылысты суреттеуге деген ұмтылыстан туған ықылас.
«Кәкен ұстаз! Кәкен аға Қамзин! «ай – ат басын бұрғанша, жыл – жылқы аунап тұрғанша». Сізді 75-тің белесіне өрлеп, деңіне шығуыңызбен құттықтаймын.
Көп дүние алдым.
Көп әңгімелестік.
Көп кеңестім.
Өмірімнің түрлі өткел, әр кезеңінде өзіңізге жүгініп отырдым.
…Көз алдыма туған жердің топырағын шұрқырата басқан салқар көш келеді. Cаналы-салауатты көш. Іргеде – Үшқара, жанында – Жансүгір, бағдарында – асқаралы Аманбөктер. Ақыл-ойдың азабы мен ғажабын артқан алпауыт көш дерсің. Дүние-дөңгелектің низамы сол. Тәуір жасаған адам қашан да ақыл-ойының торында, өңгергені – ой қоржыны, оның үстіне күнделікті өзіңе берер есебің және бар. Кеткен есе, ұтқан тұс, жадағай жағдай, еншілі мақтан, мерзімсіз мехнат. Есебіңнің түзу шығуына Тәңірі Тағала таразы. Көкіректегі бір үзік сәуле, көңілдегі рухани қоламтаның шоғын үрлеуге ұлттық санаң, туған төскейіңнің киелі топырағы шапағатшы. Сол табиғаттың топырағында өніп, ұлттық танымның шапағынан жаратылған балаң өнікке қамсау болып, қараңғылықтан арашалап, күнгейге шығардыңыз.
Сіздің саяңызда жетіліп келеміз.Сіздің саяңызда толысып кетеміз. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын, абзал азамат, құрметті профессор, кеніш көңілді ақсақал!
Дастан ҚАСТАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің оқытушысы
ПІКІРЛЕР1