Ғаббас Жұмабаевтың туғанына 100 жыл
19.11.2024
84
0

Биыл жазушы Ғаббас Жұмабаевтың туғанына 100 жыл толды. Төл көркемсөз өнеріне өшпес із қалдырған көрнекті ақын әрі аудармашы кезінде «Қазақ әдебие­ті» газетінде қызмет істеген.

«Қазақ әдебиеті» газетінде 1959 жылы бастаған қызметін ол редакцияда бөлім меңгерушісі, жауапты хатшылық лауазымдарын атқарған кездерде тың туындылар жазып, төл әдебиетіміздің небір оғландармен үзеңгілес болған. Ғаббас Жұмабаев қазақ көркем әдебиетіндегі роман жанрында «Қалың малымен» белгілі жазушы Спандияр Көбеевпен бір ауылда туған. Жастайынан ұлт руханиятының асыл қазынасынан сусындаған. Халық ақыны Омар Шипин, Қасым Тоғызақов, Хасен Өзденбаевтардың ағалық қамқорлығы ерекше болғанын өзі дүниеден озғанша ұмытпай айтып жүрген екен.
Таяуда ақынның туған өңірі Қостанай облысында ғасырлық мерейтойын жерлестері мазмұнды әрі тағлымды атап өтті. Оған Қазақ­стан Жазушылар одағының Қостанай облыстық өкілдігі едәуір үлес қосты. Ақынның тойы, алдымен, облыстың Меңдіғара ауданында басталды. Аудан орталығындағы мешітте облыстан келген зиялы қауым өкілдері, аудан көлеміндегі әдебиет пен өнер сүйер қауым, аудандық билік органының өкілдері, ұстаздар Ғаббас Жұмабаев рухына бас иіп, Құран бағыштады. Бұдан соң Ғаббас Жұмабаев атындағы мекеп-гимназиясында кешенді шаралар бастау алды. Білім ордасы алдындағы тағзым алаңында сөз зергеріне арналып қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды. Іле мектептің бірінші қабатындағы мұражай келген адамдардың назары мен қызығушылығын оятатындай тартымдылығымен ерекшеленді. Онда Ғаббас Жұмабаевтың өз қолымен салған анасының портеті, жас кезінде тоқыған кілем жарақтары, үй ішіне қажетті жиһаздары, әсіресе ол салған балауса шағындағы табиғат суреттері, түрлі қаламсаптары, тұңғыш кітаптары қойылыпты.
Ғаббас Жұмабаев «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке тұрардың алдында өзі туған өңірдегі «Болшевиктік жол» деп аталған облыстық газетте әдеби қызметкер, жауапты хатшы болып жұмыс істеген. Сол себепті де облыстық «Қостанай таңы» облыстық газеті орналасқан ғимараттың қабырғасында қайраткерге мемориалдық тақта ашылды.
Салтанатты жиында Қостанай облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Әсел Жұмағалиқызы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбекұлы сөз сөйледі. Өкіл Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің мерейтоймен құттықтаған сәлемін жеткіп, Одақ мерейтойға байланысты іс-шаралардың бәріне де белсене араласып, қолдау көрсететінін атап айтты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір