…ҚҰМЫНДА БАБАЛАРДЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН
30.06.2026
40
0

 

Сәуір айының тәуір күндерінің бірінде Ақтөбе облысының Шалқар қаласында «Бірі би, бірі батыр, бірі әулие: құмында бабалардың ізі қалған» деген тақырыпта облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Сары Батақұлы атындағы мәдениет үйінде болған бұл іс-шараны Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы бірлесе ұйымдастырды. Астана, Алматы, Тараз және Ақтөбе қаласынан келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар тарихи-өлкетану музейінің конференция тақырыбына сай мәдениет үйінің фойесіне орналастырған көрмесін тамашалады. Соңғы уақыттары көмбеде жатқан ұлттық тарих көкжиегінен көрініп, ғылыми ортада танылған жас тарихшы-ғалымдар қатысқан бұл конференция маған халықаралық симпозиум болмағанмен алмағайып кезеңдерден осы дәуірге жеткен көне ескерткіштерді «сөйлеткен» келелі кеңес жүгін көтеріп тұрғандай әсер қалдырды…

Эпиграфиялық ескерткіштер сыры

Осы орайда эпиграфиялық ескерткіштерге қысқаша анықтама бере кетелік. Ол – тас, металл, қыш сияқты қатты материалдарға қашап жазылған көне жазбалар. Олар тарих, мәдениет және тіл деректемесі ретінде маңызды, негізінен, құлпытастар (араб графикасы) мен руникалық тас жазулары түрінде кездеседі.
Конференцияға арнайы келген Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторанты Бағдат Дүйсенов «Ақтөбе облысы аумағындағы эпиграфиялық ескерткіштер» деген тақырыпта баяндама жасады.


– Эпиграфиялық ескерткіштер бойын­ша еліміздің түкпір-түкпіріне экспедициялық сапарға шығу – бізге бұған дейін күмәнді деректерге шынайы баға беруге мүмкіндік жасап отыр. 2019 жылы алғаш рет осы бағыттағы мақсатпен Ақтөбе облысына келген экспедиция құрамында болған едім. Сонда Қарғалы, Алға, Қобда және Әйтеке би аудандарын араладық. Ақтөбе қаласының іргесінің өзінен бірнеше эпиграфиялық ескерткіштерді кездестірдік. Қарғалы ауданындағы Қызылтам деп аталатын орыннан 18 құлпытас табылды. Алға ауданының аумағында орналасқан Есет Көкіұлының кесенесінің айналасында орналасқан 26 құлпытасты тауып, оқыдық. Қобда ауданына барар жолдағы ескі, реставрацияланған мешіт ғимаратының тұсында да 14 құлпытас бар екен. Олардың мазмұнына қарағанда, мұнда діндар адамдар, дін қайраткерлері жерленген.
Ақтөбе өңіріндегі көне ескерткіштер бренді аталып жүрген – Абат-Байтақ эпиграфиялық ескерткіші жөнінде көлемді ғылыми-танымдық кітап шығардық. Стамбул қаласында бүкіл дүниежүзі мұсылмандарының мұрасын сақтау жөнінде ғылыми-зерттеу орталығы бар. Ол – 56 мұсылман елі бас қосып, бірігіп, мұраларды сақтауды көздейтін беделді ұйым. Бұл еңбектің ағылшын тіліндегі редакциясын америкалық ғалым жасады. ХІІ – ХІV ғасырлар ескерткішіне жатқызылған Абат-Байтақ кешені, қазіргі тілмен айтқанда, үлкен пантьеон болған. И.Кастаньенің еңбектеріне сүйенсек, Байтақ үлкен қала болған. Асан қайғының баласы Абат көш үстінде осы маңайда қайтыс болып, жерленген дейді аңызда. Республикалық тізімде солай тіркеліп кетті. Оның ішінде Қыз әулие дегені бар. Сол тұстан шар тәріздес сәуле көтеріледі. Содан қыз жерленген қорым Қыз әулие атанған.
Бұдан кейін біздің экспедиция Жиренқопада болды. Осындағы пір Бекеттің шәкірті Шектібай ата ұрпақтарының қолында Асатаяқ бар екен. Мұндай Асатаяқ Маңғыстауда да кездеседі. Оның қайсысы түпнұсқа болып саналатыны – біз үшін беймәлімдеу мәселе. (Жиренқопада ата-бабасынан аманат болып келе жатқан жәдігер ретінде ұстап отырған Асатаяқты Тұрсынғали Нәкішев кезінде Иманғали Тасмағамбетовтің тапсырмасымен Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтына апарған. Сөйтіп, Асатаяқ XIV – XV ғасырдың жәдігері деген сертификатқа ие болды. Алайда Т.Нәкішев: «Ғылыми-зерттеу институтының арнайы сертификатын үйге келген соң қарасақ, ол аппақ парақ болып шықты, тіпті мөрі де жоқ, бәрі өшіп қалған», – деп таңғалдырғаны бар. Тылсым дүние! Жұмбақ! Б.Дүйсенов: «Асатаяқтың бірнеше данасы туралы мәселе дау туғызады», – дегенде осы оқиға ойыма оралды – Ғ.Т.) Жиренқопадағы Қобыланды батыр мемориалдық кешенінде эпиграфиялық ескерткішке жататын бір ғана құлпытасты кездестірдік.
Қарабұтақ аумағында Бұршақбай тамы деген жерде болған едік. Бұршақбай батыр Кенесары әскерінің құрамында болған деседі. Ол туралы Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында бар. Мұндай тарихи тұлға жөнінде әлі де ғылыми түйін жасалады деп ойлаймын. Бұл болашақтың үлесіне қалып отыр.
Темір ауданында орналасқан Досжан ишан кешеніне қазір археологиялық және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, Досжан ишан діни сауатты, ғұлама адам болған. Кешендегі мешіт қабырғасында Пайғамбардың хадисіндегі: «Кімде-кім жұма намазын қалдырса, бір динар көлемінде, ол болмаса, жарты динар садақа берсін» деген жазулар сақталған.


Осы аумақта бірыңғай Қаракесектер қорымы бар. Эпиграфиялық және безендірілу ерекшеліктеріне қарай мұндағы келісті кесенені Абат-Байтақ және Балғасын мұнаралы кешендерімен салыстыруға болады. Бұл жөнінде алдағы уақытта тиісті ғылыми орындар өз тоқтамын айтады деп ойлаймын. Аталып отырған кешенде көп жәдігер сақталған. Бояулары мен жазулары қанық. Мәселен, сондай құлпытастардың бірінде: «Қаракесек, Шеке тайпасы Досалыұлы Мәші батыр 73 жасында офат болды», – деп жазылған. Мұндай кесене, құлпытас жайдан-жай қойылмайды. Мұндағы құлпытастан сол адамның кім болғанын тануға болады. Мәселен, бұл құлпытаста найза, айбалта, қанжар, қылыш сияқты батыр қаруларының суреттері салынған. Оның үстіне, сан жылдардан бері Мәші батыр жөнінде ел жадында сақталған аңызға бергісіз естеліктер айтылып келе жатқаны да тегін емес, – дейді Б.Дүйсенов.

Алтын Орда дәуірінен қалған ескерткіш

Осы өлкедегі Балғасын кешені мен ондағы Балғасын мұнарасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге қызығушылық ХІХ ғасырдың соңында пайда болды. Бұл бағыттағы алғашқы зерттеу жұмыстарын Орынбор ғылыми архивтік комиссиясының мүшелері жүргізді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында кешенді А.Матов, И.Кас­танье, И.Хохлов сияқты зерттеушілер қарастырып, оның құрылымы мен ерекшеліктері туралы өз сипаттамаларын қалдырған. Жалпы, зерттеушілер бұл кешеннің қалыптасу кезеңін ХІІІ–ХVІІІ ғасырларға жатқызады.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Аман:
– Кеңестік кезеңде және одан кейінгі уақытта бұл кешенді этнограф-ғалым Серік Әжіғали жан-жақты зерттеді. Ғалымның пікіріне қарағанда, ескерткіш орталық немесе қасбеттік-орталық композициялы кесене болып есептеледі және ХV ғасырдағы темірлік сәулет өнері мектебіне жатады. Ғимарат күмбездерін өңдеу тәсілдері сол дәуірдегі Орталық Азия ескерткіштеріне, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесене-мешітінің күмбезіне ұқсас. Осыған байланысты Балғасын мұнарасы Түркістан қаласындағы Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегімге арналған әйгілі ескерткіштен кейінгі Қазақстан аумағындағы екінші темірлік кесене деп айтуға толық негіз бар. Оның мерзімі ХV ғасырдың соңы немесе ХVІ ғасырдың басына сәйкес келеді.
Зерттеуші ғалымдардың пікірлерін қорытындылар болсақ, Балғасын мұнарасы архитектуралық сипаттамасы мен топономикасына қарағанда өз бастауын моңғол дәуірінен алатын, заманында зиярат ету орталығы болған. Алтын Орданың ыдырауы мен Қазақ хандығының құрылуы кезеңдеріне жататын тарихи-танымдық маңызы зор ортағасырлық ескерткіш деген болжам айтуға болады, – деп атап көрсетті.
Осыған байланысты Ә.Аман алдағы уақытта Балғасын кешенінің нақты қалыптасу уақытын, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, мұнарадан қалған үйінді бойынша құрылыс кезеңі мен оның құрамын анықтау, мұнараны қайта қалпына келтіру, Қазақстан аумағындағы ортағасырлық ескерткіш ретінде ерекшелігін нақтылап, оның тарихи және мәдени рөлін бағалау жөнінде ұсыныстарын айтты.
– Қазіргі таңда Қазақ хандығының Жошы ұлысы және ол Алтын Орданың тікелей мұрагері екені жөнінде зерттеу­лер жүргізіліп жатқан тұста, Балғасын мұнарасы сол дәуірдің ғажайып ескерткіші екені ғылыми тұрғыда дәлелденсе, тарихта жаңа бетбұрысқа куә боламыз. Осы тұрғыдан алғанда, мұнара Қазақ мемлекеттігін бейнелейтін, ұлттық тарих пен мәдени мұраны дәріптеудің нақты мысалына айналары сөзсіз. Мұндай ескерткіштер тарихи үдерістерді көрнекі түрде бейнелеп, шынайы тарихи сананы, мәдени интеграция мен рухани тұтастықты қалыптастыруға ықпал етеді. Мұнараның тарихи және мәдени ерекшеліктері жаңа туристік маршруттар соқпағын салып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге тың жол ашады, – деді Ә.Аман.

Ақиқат аңыздан басталады

Ұлт жадының, ата-баба дәстүрімен ауыздан-ауызға көшіп, бізге жеткен аңыздардың арқасында қазақ ауыз әдебиетінің қаншалықты дамығанын талай оқымысты-ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Әрідегі Шоқан Уәлихановтан бастап, берідегі фольклоршыларға дейінгі зерттеушілер ел аузындағы қаншама жыр-дастандар мен аңызға бергісіз ақиқатты қағазға түсіргенін білеміз. Нәтижесінде, ауыз әдебие­тінің қоры толығып, тарихшылардың зерттеуіне тың тақырыптар енді. Осы пайымымызды Астанадағы Мемлекет тарихы институтының ғалым хатшысы, әлеуметтанушы Еркебұлан Аманғосов өлкетану зерттеулеріндегі тарихи жады мен ұлттық бірегейліктің орны жөнінде сөйлеген сөзінде растай түсті.
– Неміс антропологы Аллейда Асман: «Тұрақты ұлттық бірегейлік үшін жадының екі түрі бір-бірінен ажырамай, үнемі ауысып тұруы керек» деген болатын. Бірі – ауызша жады: ол отбасы ішінде, ауыл ішінде, ұрпақтан-ұрпаққа әңгіме арқылы жетеді. Екіншісі, бекітілген, мәдени жады: ол – музейде, оқулықта, ескерткіште тасқа жазылған жады. Өткетанушылар көбіне бірінші жадымен, ғылыми орта екіншісімен жұмыс істейді. Ал осы екеуінің ұшырасар нүктесінде ұлттық наратив туады. Ауызша жеткен дәстүр ғылыми формаға түседі, ал ғылыми форма халыққа қайта оралады. Бұл айналым тоқтаса, ұлттық жады тоқтайды: не абстрактілі кітап жадысына, не тексерілмеген аңызға айналады, – дейді Е.Аманғосов.
Оның: «…менің ауылымның тарихы – менің елімнің тарихының бір бөлшегі, ал менің елім дәл осы төбеден, дәл осы құдықтан, дәл осы бабамның есімінен басталады деп түсінген сәтте өзінен-өзі шынайы бірлік, тұрақты ұлт дүниеге келеді» деген сөзі жиналғандардың көңілінен шықты, жұртшылықты риза қылып, көкейдегі күмәнді сұрақтарға дөп жауап болды.

Көненің көзі мемлекет қорғауында

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов Шалқар ауданының аумағындағы ежелгі көшпелілердің тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, сәулет өнерін танытатын археологиялық және архитектуралық нысандарға тоқталды.
– Біздің өңірде мемлекеттік қорғауға алынған 872 тарихи нысан бар, соның тоғызы – республикалық, қалған
863-і – жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер. Соның ішінде, Шалқар ауданында республикалық маңыздағы – 1, жергілікті маңыздағы 26 ескерткіш бар. Мемлекеттік тізімнен бөлек алдын ала есепке алу тізіміне 67 ескерткіш тіркелген. Мемлекеттік қорғау­ға алынған барлық ескерткішке қорғау міндеттемесі рәсімделді, 4 ескерткішке QR-код тақтайшасы, 20 ескерткішке қорғау тақтайшасы орнатылды.
Тиісті заңнамаға сәйкес, уәкілетті орган халықаралық және республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің жай-күйін мониторингтеуді жүзеге асырады және олардың сақталуын қамтамасыз етеді. Осыған орай республикалық маңызы бар ескерткіштердің жай-күйі тексеріліп, жөндеуді қажет ететін ескерткіштерге республикадан қаражат бөлу жөнінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне өтініш-хат­тар жолданды. Нәтижесінде, 2023 жылы Тоқпан кесенесіне консервация жасалып, қоршау жұмыстары жүргізілді. Балғасын қорымындағы Оңалбек ата кесенесі қалпына келтірілді. Талдықұм ауылынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан Балғасын кешеніндегі кесене XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Шекті руынан шыққан әулие Оңалбек атаның құрметіне салынған.
Облыс әкімі А.Шахаров бекіткен «Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихат­таудың 2022 – 2024 жылдарға арналған жол картасы» аясында Матығұл кесенесі қалпына келтірілді. Ол Шалқар ауданының аумағында, Шілікті ауылынан 72 шақырым жерде орналасқан. Бұл тарихи нысанның бір ерекшелігі, ол мазар ғана емес, өз заманында сол маңдағы халыққа мешіт қызметін де атқарған. Солтүстік қабырғаның екі бұрышында мұнара құрылымдары бар, тас дуал және оңтүстік бөлігі үш күмбезді келген өзгеше мазар. Құрылыс материалына саз балшық пен сұр түсті шақпақтастар қолданылған, – деді Ф.Досмұратов.
Сонымен қатар орталық директоры тарихи-мәдени мұраны қорғау – мемлекеттік органдардың ғана емес, сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың да міндеті екенін атап көрсетті.
– Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 127-бабына және «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңына сәйкес, кез келген аумақты игеру жұмыстары басталмас бұрын, яғни жер учаскелері бөлінбей тұрып, сол аумақта тарихи-мәдени мұра объектілерінің бар-жоғын анықтау мақсатында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Бұл талап – тарихи ескерткіштердің кездейсоқ бүлінуі немесе жойылып кетуінің алдын алуға бағытталған маңызды шара. Осыған байланысты жер қатынастары бөлімдері жерді игеруге өтініш білдірген тұлғалардан міндетті түрде археологиялық-этнографиялық сараптама қорытындысын талап етуі қажет, – деді ол.
Ел Президенті Қ.Тоқаев ескерткіштер орнату жұмыстарын қатаң бақылауға алды. Ол Ұлттық құрылтайда: «Ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай», – деп бұл мәселеге ерекше көңіл бөлді. Осыған сәйкес қазіргі таңда монументтік өнер құрылыстарын, яғни ескерткіштерді орнату жұмыстарын жүйелендіру мақсатында кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2025 жылғы мамыр айында күшіне енген жаңа қағидалар аясында елімізде мемориалдық тақталарды орнату тәртібі бір ізге түсірілді. Бұдан былай оларды орнату үшін кейбір жаңа талаптар мен шарттар орындалуы қажет. Бұл жөнінде Электрондық Үкімет порталы арқылы құзыретті органдардан нақты ақпарат алуға болады.
Конференция жұмысы барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаевтың «Қаракесек: тарихы мен тағдыры» тақырыбындағы бейнебаяндамасы қатысушылар назарына онлайн түрде ұсынылды.

***
Конференцияға қатысушылар1756 – 1829 жылдары өмір сүрген Мәші батыр Досалыұлы туралы С.Батақұлы атындағы мәдениет үйінің режиссері Асылхан Дәрібаевтың ұйымдастыруымен сахналанған көріністі тамашалады.
2024 жылы Әлім-Тепер Қаракесек ұрпақтарының бастамасымен Мәші батыр мазарына экспедиция жүргізілді. Осы сапарда экспедиция мүшелері Байғанин ауданы, Қаражар ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 31 шақырым қашықтықта орналасқан Мәші батыр мазарын, оның құлпытасын анықтап, орналасқан жерін, сәулеттік ерекшеліктері мен тарихи маңызын жан-жақты зерттеді. Олар Мәші батыр мазарына далалық сәулет өнерінің бірегей үлгісі деп баға берді. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы кесене мен оның жанындағы эпиграфиялық ескерткіштерді тарихи-мәдени мұра объектісі ретінде есепке алды. Осы орайда Ақтөбе облысы ғана емес, еліміздің өзге де өңірлері бойынша ежелгі құлпытастардағы көне жазбаларды шағатай тілінде оқып жүрген Самат Әлжановтың еңбегі айрықша. Оның тұжырымдарын еліміздегі белгілі тарихшылар да мақұлдап, онымен санасып отырғанын атай кеткен орынды.
Осындай ізденістер мен зерттеулердің нәтижесінде өлкетанушы Біржан Жәленов «Әлімнің бір баласы – Ұланақ – «Қаракесек» деп аталатын еңбек жазып шықты. Идея авторы – мәдениет саласының үздігі Нағима Тілембаева.
Конференцияда кітаптың тұсауы кесіліп, ұлт жадын жаңғыртуға арналған тың туынды ауданның Құрметті азаматы Жеткерген Елеместің ақ батасымен оқырмандарға жол тартты. Жергілікті суретші Жұмағазы Ешмұқанбетов майлы бояумен салған Досалыұлы Мәші батырдың портреті аудандық тарихи-өлкетану музейіне, «Әлімнін бір баласы – Ұланақ-«Қаракесек» деп аталатын тарихи-танымдық кітап С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханаға, облыстық тарихи-өлкетану музейіне, Байғанин аудандық музейіне, Көкжар негізгі орта мектебіне сыйға тартылды.
Осы орайда Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Шенеқұлқызының осы іс-шараның алғашқы қадамын сонау бір күндері тарихи орындарға экспедиция ұйымдастырудан бастағанын айта кеткенім дұрыс. Экспедиция құрамына арғысы Астана мен Алматыдан әр саладағы ғалым-тарихшыларды, бергісі Ақтөбенің жас тарихшылары мен жергілікті өлкетанушыларды тартып, олардың еркін жұмыс істеуі үшін материалдық-моральдық демеушілік көрсетті. Нағима Тілембаева аталған тақырыпқа орай ұйымдастырылған тарихи-танымдық ғылыми конференцияны әлдеқайда жоғары деңгейде өткізуге белсенді бастамашы болды.
Аталған іс-шараға жер-жерден арнайы келген қонақтар Есет – Дәрібай және Ақтан батырдың кесенелеріне барып зиярат етті.

Ғалымжан ТӨРЕХАНОВ
Ақтөбе облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір