Қарғын су құрсауында қалған қайран ел…
08.04.2024
90
0

Жаз шықса су тапшылығынан қаңсып қалатын қара дала бұл күндері күннің күрт жылынуы мен қардың еруінен қарғын судың астында қалды. Еліміздің он шақты өңірін жайлаған алапат тасқын қарапайым халықты әбігерге салып, бір-ақ сәтте үй-жайынан, мал-мүлкінен айырды. Бірқатар өңірде төтенше жағдай жарияланып, әлі де құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Су тасқыны басталғалы бері 16 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Көмекке мұқтаж өңірлерге халық қолдан келгенше жылу жинап беруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды өзі бақылауда ұстап отырғанын ескертіп, үкімет пен облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. «Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет», – деді Мемлекет басшысы. Ал Алаш баласын алаңдатқан ахуал ақындарымыздың қаламынан құса-жыр болып төгілді.

ЖАРЫЛЫП ЖАТЫР ЖАРАЛАР…

Бос сөздер болмайды қорған,
Кім елді қорғайды қалған?
Ағын су Ақтөбені асып,
Топан су Торғайды алған…

Қаныңның тулап аққаны,
Жүрекке тура батқаны.
Үйіңнің үйінді болып,
Ауылдың суға батқаны…

Жапырып дария бәрін,
Тастауда ел-жан ұяларын.
Шошыған бала жылайды,
Қамығып қарияларым…

Жолдың біз күткенде айқынын,
Болдық па ел құт қонбайтұғын…
Қызылсу дәлелдеп берді
Қызылсөз түк болмайтынын!?

Жиында дара батырмыз,
Қиында қара бақырмыз…
Қауқар жоқ қар суына да,
Қайда біз бара жатырмыз?!

Көзіне шел байланады,
Шендіге ел сенбей барады…
Әуежай көлге айналғанда,
Әуенің шерге айналады…

Ақталып әкімқаралар,
Ақтарып ақын даралар,
Отыз жыл жасырып келген,
Жарылып жатыр жаралар…

Кісінеп қазанаттарым,
Кісінің жазалап бәрін…
Тасқынға тосқын болуда,
Қара нар азаматтарым!

Ертеңге сенері мәлім,
Елміз ғой демек ұғарым.
Қайраты қамал қорғайтын,
Қазағым жеңеді бәрін!
Қазыбек ИСА

Ауылдар ағып барады…

Су басып жатыр, су басып жатыр,
Шығыстың байтақ даласын.
Қиналған халық шуласып жатыр
Арқалап тасып баласын.

Үйлері құлап, үйінді болды,
Үрейдің есіп дауылы.
Көңіл мен күмбір күйімді бөлді,
Қайғының азап ауылы.

Екпіні қатты, есер мінезді
Қызыл су деген осы ма?
Тап қылды қандай кеселге бізді,
Табиғи апат қосыла.

Жылауда ана, жылауда бала
Кіре алмай қалған үйіне.
Шеберміз кейде сынауға ғана
Шекпен мен шенді, күйіне.
Сыйлайтын жанға айдыны сезім,
Көлдерім жатыр, обал-ай…
Қызықтап тұрар, қайғының өзін
Қарекеті жоқ, қоғам-ай!

Адасып қалған тектілігінен,
Жасаурап бір сәт жанары.
Тасыған судың екпініменен
Ауылдар ағып барады.

Мұның да ертең сұрауы болар,
Құстарым қайта қонсыншы.
Алланың салған сынағы болар,
Адамдар аман болсыншы!

Әлібек
ШЕГЕБАЙ

Тасқынмен арпалысқан батырларым

Қалғандай сай-сала мен жыра құрып,
Көпіршіп, қырдан төмен тұр атылып.
Жалындай бесті айғырдың
дәу толқындар,
Жөңкуде айдаһардай бұратылып.

Теректі тамырымен лақтырды,
Көрмейді қойтастарды лақ құрлы.
Нар өгізді доптай ғып домалатып,
Шүлдік құрлы көрмейді тракторды.

Қызғанғандай қара бұлт көкті күннен,
Желді ызғар өңменнен өтті бірден.
Құлатып бетон көпір, темір торды,
Ақтарылып ауылға жетті бірден.

Бөгетті бұзбаққа су оқталады,
Құм, сазбен жетпіс мың қап қапталады.
Үш мезгіл ауқаттанған қайран жастар,
Мұрыннан қан кеткенше тоқтамады.

Қара тер моншақ-моншақ ақты жүзден,
Көрдік қой қиындықты нақты көзбен.
Құм төгіп, биіктетті дамбыларды,
Елу шақты техника сан түзеген.

Қара түн бозала таң арасында-ай,
Сүйсіндік жеткіншекке баласынбай.
Алапат тасқынменен алысқан жер –
Бейне бір қанды майдан даласындай.

Ұйқысыз үш күн, үш түн атты таңы,
Жігерлі қыран – жеңіс қалықтады.
Сайыпқыран елімнің жігіттері,
Жеңіп шықты тасқынды асау, тағы.

Ертегі ерлеріне баласақ та,
Тояр көңіл жай көзбен қарасақ та.
Тасқынмен арпалысқан батырларым,
Ескерткіш боп тұрады болашақта!

Қалидолла ІЗЕКЕНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Атырау облысы Қызылқоға ауданы
Миялы ауылы

* * *
Тағы да сабақ берді көктем бізге,
Неліктен қамданбадық өткен күзде?
Баладай болашақты ойламайтын,
Уайымсыз, жалқау болып кеткенбіз бе?

Көктемде өзен талай тасқан, көшкен,
Болсақ та мұндай күйді бастан кешкен,
Шошимыз шырт ұйқыдан оянғандай,
Болғандай кенет дүние астаң-кестең.

Күн жылып, еріткенде жауын қарды,
Су басып қалды талай ауылдарды.
Айырылған үйлерінен, мал-мүлкінен,
Отырмыз аяп байғұс бауырларды.

Ауылды құтқарайық жырақ қалған.
Қалпына келер үйлер құлап қалған.
Қайтадан құлпырады көктем күліп,
Адамдар аман шықсын сынақтардан!

Нұртас ИСАБАЕВ

Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен барып, қарғын су басқан өңірлерді тікұшақпен аралап көрді. Облыста алты аудан мен Орал қаласын су басқан. 7 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қазіргі таңда құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облысының құтқарушылары атсалысып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше елдегі су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі. 6 өңірде 1 364 жеке меншік тұрғын үйді су басқан. Автожолдардың 105 учаскесінде су жайылған. 78 жол учаскесінде бүлінген жерлерді және төрт көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 64 елді мекенге көлік қатынасы жоқ, оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілуде. Су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Соңғы тәулікте құтқару­шылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы эвакуациялады. Қазіргі уақытта Ақмола облысында қар жамылғысы шамамен 76, Қарағанды облысында 34, Қостанай облысында 71 пайызды құрайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір