Алтайда қалған Ақиық (Әңгіме)
18.10.2023
2055
0

Алтай тауының мұзарт шыңдары мен сеңгір құздары көк жүзіне сұғына тайталасып, аспан тіреуіндей қасқайып, асқақ көрінеді. Сол тау өркештерінің төбесінде, көз жетпес биікте Алтайдың Ақиық қыраны қалқып ұшып жүр. Көк жүзінің бұл биік шегі – аспан серісінің жан рахатына бөленіп, тыныштық тілейтін, серуен-сейіл құратын жайлы мекені. Қыраннан басқа былайғы қанат­ты тіршілік атаулының бұл аспан төріне көтеріле алатыны жоқ. Ал осы ұлы биікке олардың арасынан әлдебір жанкешті құс қанаты талып жеткен күннің өзінде ауа жетпей, демі үзілері хақ. Сол өзінен басқа құс қанатын қақпаған аспан аясында еркін самғап ұшқан көрқабақ, сарышегір қыран жер бетін алақанның шимай сызықтарындай анық көріп, тау қолтығын тінте шолып, мейірі қанбай құмарлана қарайды…
Ақиық осы атамекеннің өз ырыздығына бұйырған қояны мен түлкісін, ойдағы елігін қаншама жыл азық ет­ті. Тіптен мұзбалақ шағында қайраты тасып қасқырмен де алысқан ерлігі санасындағы сағынышқа айналғалы қашан?!. Ырыздығын шашып жейтін қыран соңынан сүмеңдеп ерген қортық тазқаралар мен құзғынның, қарқылдаған қарғаның талайының жемсауын тоят таптырды емес пе?!. Қазіргі күні баршын тартқан Ақиықтың осы бір алаулаған мұзбалақ шағы ойына оралса, кәріліктен қарайған қанат-құйрығы дүр сілкініп, қылыш тұмсығы сақылдай саңқылдап, қанды шеңгел болат тұяқтары ауа қармап беймаза күй кешеді…
Ақиық қазір Аралшоқыға сұғына соқтығысып жатқан кең аңғарды өрлей, Бітеудің қарашоқысына тұмсық беріп ұшты. Бұл кең өзек Күндей аталатын төр жайлау болатын. Енді қыран қиял қанатын қайта бір қаққанда, осы жайлаудағы өз басынан өткен тіршілік керуенінің тосын да, таңғажайып тағы бір бөлшегі, қапыда адам қолына түсіп, еріксіз көндігіп, тұғырда отырған жылдары көз алдынан жосыла жөнелді.
Бұл құс атаулының бәрінің пешенесіне бірдей бұйыра бермейтін соны соқпақ тағдыр болатын. Сол ерекше тағдыры алғашында тым қорқынышты, үрейлі басталса да, біртіндеп мойынсынып, бауыр басып, үйреніп алған. Қыран құстың басына не келіп, не кетпейді. Қазіргі күні ол дәуренді де тіршілік сынағының бір белгісі санап, сағына еске алады.
Әуелден Ақиық үшін адам баласы көрмеген, білмеген таңсық мақұлығы емес еді. Оны ата жауы көрмесе де, үрке қарайтын, секем алатын, сақтана жүретін айлалы тіршілік иесінің бірі санайтын. Сондықтан да ұясын ел көзінен тасалап, жасырып ұстап, талай құс қақпандарды ат­тап өтіп, шалма тұзақтарға, жайма торларға шырмалып қалудан сақ болатын. Бірақ «Ұша берсем қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» дейтін аталы сөз айнымай келді. Күндердің бір күні сол құс атасын зар жылатқан, Жалайыр Шораның амал-айласын бойына дарытқан бір ұрпағы Ақиықты қапыда қорлағандай етіп қолға түсірген.
Ол Ақиықтың кемеліне келіп, жетілген дүр шағы еді. Бұл кез­де салпы езу, шот маңдай түз қыраны шапши ұшып, құйқылжып орғып, сорғалай түсіп, көзіне көрінген олжасына сыпыра шеңгел салып құтқармайтын. Бір күні сондай бір мелжемді аңды елсіз иенде басып, қан-сөлін сорғалатып жылы-жұмсақ етіне аспай-саспай мелшие тойып, жемсауы толып, бөгіп отырғанда, тосыннан келген ат­ты адамның қуғынына тап болған. Қапелімде шошынған Ақиық аспанға самғап шыға алмай, жер бауырлай ұшқан. Ауырлап қалған денесін көтере алмай, далбалақтап жерге қона берген. Ақыры дымы құрып, айлалы, епті құсбегінің қолына түскен. Бірақ қолға түссе де тасыр мінезді, қайсар жүректі түз тағысы адамның дегеніне көнбеске бекінген. Әйткенмен айлагер құсбегі оны ұрмай-соқпай «қолына қондыратын» амалын да әлдеқашан сайлап қойған екен.
Ақиықты арқанға байланған оңды-солды бұлтылдап, қалтылдаған балдаққа қондырып, «ұйқысын алып» үш күн «ырғаққа отырғызғанда» қалжырап құлап түскен. Содан құсбегінің тері сіңген күпісіне оранып жатқан күйінде есін жиған. Осылай шаршап-шалдығып, есі шығып, ақырында асау құстың да аптығы басылған. Бұдан кейінгі құсбегінің жылы қабақ танытып, мейірімді қолмен сылап-сипауы, жылы-жұмсақтап жем беруі қыранды мүлде жуасытып, сыйластық, достыққа қарай жетелеген. Ақыр-аяғында сан түрлі баулудан соң Ақиық пен құсбегі айнымас серікке де айналып шыға келген. Қыран да осыдан бастап, қас-қабағын бағып, әр қимыл-қозғалысынан, қанат қағысынан күйін танып, құстың тілін түсінетін иесінің қанжығасын қандаудан жалықпаған. Құсбегі де қыранның бар қалауын тауып, баптап-күткен, жыл сайын жемге мейлінше тойғызып, қауырсынын түгел тастатып, «көк шаңыт» етіп түлетіп мейманасын асырған.
Алайда осы тіршілік дағдысына әбден бауыр басып, жөн-жосығына үйреніп қалған кезінде, адам қолында жетінші түлеген жылы құсбегі Ақиықтың томағасын сыпырып, аяқбауын алып еркін аспанға қоя бере салған. Түз құсы бұл бостандыққа тосырқамай, өткен еркін дәурені есіне оралып самғай жөнелген. Құлаш сермеп әуелеп те, аударылып-төңкеріліп құйқылжып та, қиялап та ұшқан. Көкті жаңғырта саңқылдап шақырып, ереуілдеп, шабыт­танып, шалқыған. Қанаты ысқырып аспанды тілгілеп, зымырап, сорғалап ұшып құс атаулының зәресін ұшырған. Осылай бір-екі күн сайранды салып, шер-құмары қанып, желігі басылған сәт­те иесін есіне алған. Содан қайта оралғанда, ауылдың сары жұртын көрген. Өзі дәметкен, шырғамен шақырады-ау деген төрт төңіректің тұрғы-тұрғысының басын түгел шолған. Бірақ құсбегіні таба алмаған. Осылай қара көңілдеп жүргенде аспан төрінде өз тұқымдасының бірін жолықтырып, соның соңынан еріп кете берген. Одан бері де қанаты жеткен Алтайдың көп қатпарынан, жердің түбіндегіні көретін қыран көзімен қанша тінтіп іздесе де иесінің қарасын көре алмаған. Содан қыран түйсігінде «Ол қайда кет­ті екен?» деген сұрақ қалған.

 

* * *

Алтайдың «қар аппақ, түлкі қызыл» дейтін, қыранның да, аңшының да шабытын оятып, делебесін қоздыратын, салбурын құратын баянды шағы. Жерге жарық түсе атқа қонған үш салт ат­ты кісі Құмтөбе ауылының қыр желкесін қаусыра құшақтап жатқан қалың қатпарлы, көп бүктеулі қырқа, адыр, жалдары жалғасқан тарғыл тауды бетке алып, бөрі бүлкекке салып шоқытып келеді. Бұлар қолдарына қондырған бүркіт­терінің бабы мен бағын сынауға асығып, қопақтап, ентелеп келе жатқан екі бүркітші Қасейін ақсақал мен қырықтың қырқасында сайран салған Кемелбек болатын. Ал үшінші адам қағушы болып ерген жас жігіт Төкен.
Саятшылар Құмтөбе ауылының бауырын шайып ағып жатқан Ақөзеннің мұз өткелінің ауызына келгенде, «Ассалаумағалейкүм!» деп таңғы ауаны қақыратып, озандат­та сәлем беріп Астемір шал қарсы жолықты.
– Қанжығаларыңыз қандансын! Қансонардан олжалы оралыңыздар! – деді ол саятшылар салтына жүгініп, тілек-қошаметін білдіріп.
– Уағалайкүмассалам, әумин! Айт­қаның келсін! – деді Қасейін қарт та осы бір аңшыларға айтылатын мәртебелі жақсы лепес, оң тілекті қош көріп.
Астемір шал құлқыншыл, қуаяқ адам еді. Жаңа суат­тан атын суарып тұрып бүркітшілерді алыстан байқап, жолығып қалуға әдейілеп бөгеліп тұрған. Енді осы қазір айт­қан жақсы тілек сөзінің қарымтасына орай бір қолқасын салып қалуға оқталып тұр. Тек, сырына қанық, адуын мінезді Қасейін ақсақалдан ғана қаймығады. Сүйтсе де маймөңке сөзінің құйрығын бұлаңдатып, ана екі жігітке айт­қан ыңғай көрсетіп:
– Ой, азамат­тарым! Кезінде екеуіңнің де әкелеріңмен үзеңгілес, дос болған едім. Басымдағы тұмағымды жаңартып алайын, қанжығаларың қанды болса қайтарда бір түлкілеріңді менің босағама байлап кетіңдер, – деді қапысын тауып айт­қан сөзіне өзі риза болып, жылмыңдай күліп.
Бұл сөзге, «Қылдан қиқым іздеп жүретін» ауылдасының ындынын білетін Қасейін қарт қабағынан қар жауып, шамырқанып қалды.
– Әй, Астемір, сақалыңды сапситып тілемсектенгеніңді қашан қоясың осы?! Жөн-жосығы, қисыны жоқ қолқаңды қайтып ал. Қайсы атаңнан көріп едің үйде жатып, түлкі байланғанды. Саят­шылық еріккенің ермегі дейсің бе?! Оның да бұлтартпайтын өз жосын-салты бар. Керек болса, еріп жүріп «жолыңды алып» байлан, – деп ақсақал буырқана сөйлеп, кесек сөзбен кесім айтып, атын тебініп жүріп кет­ті. Қарт­тың соңынан біздің де айтарымыз осы дегендей екі жігіт те үнсіз ілесе берді.
Осылайша ақсақалдың алдында қара сақал шал еселі сөзін айта алмай ентігіп, аузын буған өгіздей болып көзі алайып, жер тепкілеп қалды. Бет-аузын жапқан ұзын бұйра сақалының үш жағы дір-дір етіп, түбі ду-ду етіп қызарып, қышып та кет­ті. Содан алыстап бара жатқан бүркітшілерге қарап, тыржыңдап иегін көтеріп, сақалын көкке шошайтып, алқымын қасып-қасып жіберіп ашуын басты. Осыдан артық Астемірдің тауы шағылған да жоқ. Орынсыз кимелеген талай өткелектен басына таяқ тиіп көндіккен жан ғой. «Өй, сонда бір түлкінің терісіне бола таң азаннан кешке дейін кеңірдегімнен қар кешіп, атымның қан сорпасын шығарып жүруім керек пе?!..» – деп бұл да бір өзінше мін тағып, кежегесі кейін тартып үйіне қайт­ты.
Саятшылар Құмтөбенің қырына шығып, Ақ төсін ашып аңқиып жатқан Сарбұлақтың жазық аңғарымен ұлы таудың бауырына қарай еніп барады. Қылыш тұмсық, шоқпар санды Ақиық ұлы тауға жақындаған сайын шеңгелін қысып-қысып, «тұмағамды ала ғой» дегендей иесіне басын үйкеп-үйкеп қояды. Бұл дағдысы – өзінің зар күйінде екенін иесіне білдіріп, аңғартқаны.
Кемелбек Ақиықтың осы ыңғылына көңілі марқайып, қыранның қос иығындағы ақ қауырсындарын кезек сипап, мейірленді. Содан кейін Қасейін ақсақалға сыралғы құсының осы қасиет­терін айтып, қарт­тың қолындағы қол балапан құстың күйін сұрады. Ақсақал жасы ұлғайған соң бүркітін баласына аманат­тап, өзі мұндай салбуырынға сирек шығып жүрген. Қазір сол бапшыл Көкдауылының күйіне көңілі толмаған пейіл таныт­ты.
– Көкдауылым күй талғағыш қызыл тіл болса да қыранның нышанын айғақтайтын жебетұяқ, жыланбас тұлғасы мені әуелден қызықтырып, көз тойдырған. Десе де бұл секілді жатылмаған қол балапанға көп бап керек қой. Ол бап құстың қуатын кемітпей жемін аз-көп қылмай өлшеп берумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге көңіл қалауын тауып, қас-қабағын бағып, сылап-сипаумен де қыран шабыт­танады. Кейде құс ырқыңа көнбегенде немесе оқыс қияңқы мінез көрсеткенде оған ашуланып, дауыс көтеріп, қағып-сілкіп жазаласаң, саған кек сақтап, тіліңді алмайтын, бағынбайтын қыңыр мінез де тауып алады. Ал әрбір аңшылық арпалыстан кейін қыранның жарақат­танып, зақымдалмағанын да қадағалап отырған жөн. Сынған, майысқан, ұйпаланған қанат-қауырсындарына дейін бап пен күтім тілейді. Сондықтан бүркітке балаңдай қарайтын жұмсақ мінез, көмпіс қажыр-қайрат керек. Мен білсем, Жебетұяғымның сондай бір күйі келіспей тұрған сияқты. Қабағы да кіржиіңкі. Шамасы осының қалауын балалар таба алмаған-ау! – деді құстың тілін білетін қарт құсбегі ақтарыла сөйлеп. Аңшылықтың мұндай қызуы мол әңгімесіне шабыт­танып, табаны қызып алған Кемелбек ақсақалдың айт­қан сөзінің жүйесіне жығыла түсіп, құптай жөнелді.
– Дұрыс айтасыз ақсақал! Не құдіреті бар екенін кім білсін? Сол балаларға зекіп қалатын мінезімізді бүркітіміздің алдына барғанда жібектей созатын әдет таптық қой, – деді Кемелбек әңгіменің көрігін қыздырып.
Осы тұста бағанадан бергі әңгімелерді қызығып, ынталанып тыңдаған Төкен қарт бүркітшіге өзінің түсіне алмаған, қиялы жетпеген сауалын көлденең тастады.
–Ақсақал, сіз жаңағы бір әңгімеңізде сынған қауырсынды да жалғап, қалпына келтіру керек деп айттыңыз ғой. Оған қандай амал-тәсілдер қолданады екен? – деді.
–Е-е, балам! Құс атаулы қанат-құйрығымен ұшып-қонатынын білесің. Қыранның тік ұшып, оқтай атылып аспанға шығуы, құйылып-сорғалап аңға түсуі, қағып тастап жалт бұрылуы сол кереге қанатының арқасы емес пе. Ендеше, бүркіт­тің қанат-құйрығында бүлінген кемістік болса, мұндай алымды, епті, шапшаң қимыл көрсетуіне кедергі болады. Әдет­те майысып, ұйпаланып, ашылып қалған қауырсын-жүндерін адам қолымен майлап, сылап, тарап түзету оңай. Оны құстың өзі де тұмсығымен тарап дұрыстай алады. Ол қауырсындарын жай түзетіп қоймай, сілекейлеп тарап, майлай да біледі. Майды құйрығындағы көбе қауырсынның түбіндегі безден алады. Ал құсбегінің сынған қауырсынды өзегінен жалғап, кәдімгі сынықшыдай таңып емдеуінің түрлі амал-әдістері бар. Мұндай қыранның тіршілік дағдысын танымай, бүркітінің тұмсығы мен тырнағын сояудай етіп өсіріп алып, аң ұстап, жем жей алмайтын мүгедек, кемтар күйге түсірген есер бүркітшілер де болған, – деп Қасейін ақсақал жөн-жосығын білмей бүркітші болам деп талпынған бір аңғалсоқ ауылдасының ерсі қылығын есіне түсіріп, мырс-мырс күлді.
Бұл сөзге Төкен елең етіп, тамсанып:
– Сонда бүркіт­тің тұмсығы да өсе ме? тырнағын пышақпен аласыздар ма? – деп таңғалды.
Төкеннің бұл сұрағына қос бүркітші қатар күлді.
–Жоқ, Төкен, тырнағын пышақпен алмаймыз. Ондай болса табиғат­та еркін жүрген бүркіт­тер қалай күнін көреді. Біз қолда ұсталған бүркіт­тің жанына тас тұғыр әкеліп қоямыз, сол тасқа тұмсығы мен тырнағын өзі егеп-қайрап, жанып отырады, – деді Кемелбек анықтап түсіндіріп.
Осындай қыр асқан сайын жаңаланып, сексеуілдей маздаған әңгіменің бір тұсында түлкінің сонар қар бетіне қалдырған тайға таңба басқандай анық ізі кез­десті. Енді саятшылардың бар назары осы ізді барлап, індетуге ауды.
– Жә, Төкен, сен осы ізді қуалап індете бер. Біз биікке қарай тартып, жалдай жүрейік. Саған айтарым, амал-айласы мол түлкінің қулығы адамнан кем емес. Қара жерді қуалап басып, ізін жасырып сені адастырам деп далбасаланады. Бір ізбен келе жатып, сол ізін қайта кейін басып шегініп, артқа кетіп қалатын кезі де болады. Кейде соңынан түскеніңді сезсе әлдебір елеусіз тас жарықтарына бұғып, бой жасырып, қуғыншыны өткізіп жібереді. Осының бәрін есіңе сақтап, сенде қулығыңды сайлап, сергек жүр. Қағушы ізге шебер болу керек, – деп ақсақал келелі кеңесін кетер тұста жас жігіт­тің құлағына құя түсті.
Қос бүркітші төңірек түгел көрінетін ұрымтал тұрғыға тұяқ іліктіріп тоқтады. Көз жететін жерде ешбір қылаң, қыбыр байқалмайды. Етектегі қағушыдан да хабар жоқ. Кемелбек Ақиықтың томағасын тартып, қыран көзімен төңіректі тінтіп көрмек болды. Ақиық томағасын сыпыра салғанда-ақ, жердің түбіндегіні көретін алымды от­ты жанарымен қатпары мол қара таудың бір қапталын тұтас жұтып, сыйдырып әкет­ті. Содан қаға беріс, қалтарысқа бой жасырған қызыл түлкінің қылтиған құлағын тани кет­ті. Ақиық алға ұмсынып, тілек білдіріп, талпынғанда, кәнігі бүркітші Кемелбек қыранның көз алдын алақанымен көлегейлей берді. Ол бүркітінің қолдың үстінен мойын созып, асыра қарамай, қолдың астынан қылмың етіп көз салғанын көріп, түлкінің жақын жерде жатқанын білді. Осыдан соң аяқ бауын босатқаны сол еді, қыран қолды теуіп, аспанға оқтай атылып шықты. «Ойпырмай, ә! Мына жойпаның самұрық құстай дауыл соқтырды-ау! Қанатын қалай-қалай сермейді-ей өзі!» – деді
Қасейін ақсақал Ақиықтың самғау өнеріне сүйсіне таңырқап.
Қыран көкке көтерілгенде, көрпесі ашылған қыздай қысылған қызыл түлкі енді қара жартастың жанына пана болмасын біліп, неде болса сұлу тұлғамды мынау әлем қызықтап, көріп қалсын дегендей, көз арбап, бұлаң қағып, аппақ қардың бетімен сылаңдай қашты. Осы бір сылқым сұлулыққа жем құмарынан бұрын, көз құмарын қандырып алғысы келгендей Ақиық та асығып-аптықпады. Қанатын қысып-қысып қағып шарықтап алып, шүйіліп келіп жақындап, қағуылдап ғана түлкінің зәресін ұшырып, құтын қашырып, қыңыр ұшып айналып кет­ті. Осыдан кейін түлкіні қарсы алдындағы белден асырып жіберіп, бейғамдай қалған сәтінде аспанға қайта қайқаң етіп, тік көтеріліп, қанатын желге жанып-жанып алып, қайқы қылыштай жарық етіп, ту сыртынан сорғалай құйылып, таңынан іліп көтеріп әкетіп, басып қалды.
Бұл көріністердің бәрін биіктен бақылап, айызы қанып тамашалап тұрған екі бүркітші енді етекке қарай далақтай шапты. Әсіресе Кемелбек аламан арпалыстың төбесінен түсе қалғысы келіп, астындағы көк ат­ты үсті-үстіне қамшылап, тік бет­терден сырғытып, сандық тастардан қоянша ырғытып, таудан құлай шапты…
Кемелбек бүркітіне түлкінің тілін жылыдай кесіп беріп, дәніктіріп, сыбағасын жегізді. Сәлден соң жаңа ғана бар әлемнің назарын бұрып, қызықтырып көзін суарған қырдың қызыл түлкісі, енді мәрт­тік пейілмен, жол-жосыннан ат­тамай, ақсақалдың қанжығасына барып байланып жат­ты. «Апыр-ау, балам! Ертіп жүрген қағушымыз бар емес пе?! Соған байлағанымыз жөн еді», – деген ақсақалға Кемелбек:
–Үлкенді сыйлаған халықпыз ғой. Жол сіздікі! Бұйыртса келесі олжамыз соның қанжығасын қандасын, – деп өзінің айнымас уәжін айт­ты.
Осыдан кейін бүркітшілер «Жәнімқан қыстауы» аталатын келесі бір саймен өрлеп, қырқалап, тағы бір биік тұрғыға көтерілді. Бұл жолы Қасейін қарт Көкдауылының томағасын тартқан. Бір мезгілде етектегі қағушының айғайы естілді. Артынша құйрығы бұлаңдаған қызыл түлкі суырылып ортаға шықты. Көкдауыл да қолдан шапши атылып, қанатын серпе қағып, сызып ұша жөнелді. Бірақ түлкіге екпіндеп шүйіліп барса да, шеңгелін салмай, қағып тастап, сыпырып қана өте шықты. Ақсақал қайта айналып келіп тас үстіне қонған бүркітін қолына шақырып, «Дауылпазым-ау! Түлкінің жон арқасын сипап кел дедім бе саған?! Жүрегің майланып, түлкіден жеритіндей, не жеп едің сен осы?» – деп меселін қайтарған құсымен адамша сөйлесіп өкпе арт­ты. Әйтсе де аңшыға тән мінезбен үмітін үзбеді, сағын сындырмады. Қалтасынан бір түйір шақпақ қант алып, оны қармен қосып сықпалап, бүркітіне қоя салып жұтқызды.
– Жә, Кемелбек, жаңағы түлкі алысқа ұзап кете қойған жоқ. Ақиықтың тырнағынан құтылмас. Көкдауылым осы жерде қала берсін. Іші мұздап, жүрегі қарайса кешке дейін бір өнерін көрсетер, – деді Қасейін ақсақал.
Бүркітшілер тау етегіне түскенде Төкен алдарынан шықты. Ол келген бойда самбырлай сөйлеп:
– Алдымыздағы анау төбенің бауырында бір қора қой жатыр. Бағана ұшырасып қалдым. Жәнімханның баласы екен. Түлкі соның батыс жақ қапталындағы қорым тастың арасына жасырынған секілді. Мен барып үркітіп қуып шығайын. Сіздер осы арадан Ақиықтың томағасын тартып дайын тұрыңыздар, – деді елпілдеп. Бұл сөзге Қасейін ақсақал да келісім беріп, өз жобасын білдірді:
–Ақиық топ қанат болған қол балапан емес, қайраты мол, жатылған түз қыраны, өрге қарай тік ұшып шыға алады. Десе де тауға қайқайтпай, өр жағын алып, ылдиға қарай ұтылап үркіт. Тау жақтағы быдырмақ адырларға ілінсе құтылып та кетуі кәдік, – деді.
Төкен былай шыққан соң көңіліне пенделік күдік ұялат­ты. «Түлкіні ылдиға қарай үркітсем, түлкі қойшының алдын орап өтеді. Дәл сол кез­де бүркіт келіп түссе, арпалысқан майданға алдымен қойшы бұрын жетіп, түлкі байланатын жолды алып кетуі мүмкін. Сондықтан түлкіні неде болса тауға қарай үркіте­йін» – деп қулық ойлап, бір қиястыққа баспақ болды…
Төкен өзі межелеген қорым тасты орағыта айналып, ылди жағынан таяп келіп, айғайлап, тебінгі қақты. Осы кез­де тас арасында бұғып жатқан түлкі ытқып шығып, тауға қарай қызыл алау болып көзге от­тай басылып, шұбатыла қашты. Бұлардан қиыс, бүйірдегі жатағандау бір төбеде тұрған бүркітшілер түлкінің тауға қарай қашқанын көріп абдырап қалды.
–Апырау, мына баланың онысы несі-ей?! Түлкіні тау сағалатып құтқарып жіберейін дегені ме?! – деп Қасейін қарт күйініп, Кемелбекке қарады. Осы сәт­те Ақиықты ұшыруға оқталып тұрған
Кемелбек тау жақты нұсқап:
– Анау биіктен сорғалап, ағындап келе жатқан қара құс сіздің Көкдауылыңыз емес пе? Қайдан шыға келді өзі? – деп аспаннан көзін алмай сүйініп қарап тұрып қалды.
Кереге қанат қара құстың қарсы алдынан, қасқа маңдайдан шүйіліп келе жатқанын бәрінен бұрын түлкі көрген болатын. Енді тауға тырнақ іліктірсем деген дәмелі үміті өшіп, жалт бұрылып, жан сауғалап, еңіске қарай қиялай қашты. Қашып бара жатып, зауал шақтың таяғанын сезіп, ажал үйірген кекті жауы төніп, жақындап қалғанда шәуілдей үріп, керіп тұра қалды. Сонда барып түлкі қарсыласының қаймықпас батыл қимылын, долы ашуын, бет қаратпас сұсын таныды. Содан бұлай шыдас бермесін сезіп, дәт қылмай, бұлт етіп жер соқтырмаққа созыла бергенде екпіндей шүйіліп, жылдам соқтығысқан Көкдауыл бір шеңгелді өкпеден салып, қайқаң етіп қайырыла берген түлкінің басын тағы бір аяқпен бүріп ұстап, омақастыра құлатып, тұншықтырып, жаншып басты да қалды.
Жаңа сасқан түлкі қарсы алдынан бүркіт шыққанда, қойшы жатқан төбеге қарай қашқан болатын. Енді осы жан алып, жан беріскен апыр-топыр арпалыстың бір шетінен сол қойшы бала айғайды салып жүгірді. Ал өр жақтан таудан түскен көшкіндей дауылдатып, кертөбелін орағытып, жер төсін дүбірлетіп Қасейін ақсақал да шауып келеді. Шауып келе жатып Көкдауылына қуат беріп, зор дауысымен тауды басына көтеріп, «аяма, айырылма, бүріп таста!», «сал қанды шеңгелді!» деп айғайлап, ақырып келеді. Содан жеткен бойда қайраты қаулап, бұлқынған бұла күшпен жас жігіт­тей ат­тан қарғып түсіп, бүркітіне ентелей ұмтылған…
Кемелбек пен Төкен келген кез­де қарт бүркітші Көкдауылының тосын ерлігіне сүйсініп, күмістей ақсақалы күн нұрына жарқылдап, ажарланып, мерейі өсіп, қарқ-қарқ күлген. Оған қосылып төңіректегі жақпары қалың көк жартастар жаңғырып, бағанадан бері қартпен бірге елеңдеп, даурығып, алқынған кәрі қара таудың өзінің өкпесі солқылдап, «дұрыс-ау!» дегендей күңгірлей күбірлеп, күрк-күрк жөтелгендей болды…
Осыдан кейін ақсақал түлкінің терісін ортаға тастап:
– Ал, жігіт­тер мынау олжа байлау салтын саятшылардың өздері шығарған жол-жосын, аңшылық дәстүр деп түсінетіндер көп. Анығында бұл қазақтың ежелгі заң-ережелерінде жазылған, жалпы, қоғам, көпшілік қауым ортақ бағынатын қағида болған. Мен де сол дәстүр-салт­тан ат­тамай, біреуіңе түлкіні байлайын деп отырмын. Дегенмен аталарың күнде салбуырын қуып жүрген жоқ. Сондықтан екі азаматымның да көңілдерін жықпайын, – деп қарт бүркітші ағынан жарылып, қойшы балаға «жолын бергенім» деп ақша ұстат­ты. Төкеннің жүзі алаулап, қызарып, қанжығасына қызыл түлкі байланды…

* * *

Алатаудың бауырындағы бір қырат­та отырған Кемелбек бағанадан бері төбесінде қалықтап, айналып ұшып кетпей жүрген кереге қанат қара құстың қимыл-қозғалысын бағып, тамашалап, әлдебір үмітпен елеңдеп көп көз суарған. Ондағысы Алтайда қалған Ақиығын сағынғаны…
«Мына бүркіт мені неге сонша айналсоқтап, төңіректей берді?! Алтайда қалған Ақиығым емес пе өзі?! Қанаты зор, қайраты мол, екпіні қат­ты қыранға Алтайдан Алатауға ұшып келу қанша қиын дейсің! Ол да талай жыл бағып, «көк шаңыт» етіп түлетіп, қас-қабағына қарап, сылап-сипап, төредей күткен иесін ұмытпаған болар. Қасейін ақсақал бүркіт 100 жыл жасайды деуші еді. Аман болса Алатауға келіп, қос иығындағы ақ қауырсынын алақаныма сипатып, қолыма бір қонып кетсе ғой! Онда мен де анау бір жылғы бүркіті түлкі алған қарт бүркітшідей қайратым қаулап, ажарланып, мерейім тасып, айбындар едім-ау, шіркін! Әлде, ол, адастырып, тастап кеткеніме назалы ма екен?! Менің ұрпағымның қамы үшін жылы ұямды суытып, Алатауға қоныс аударғанымды білсе, ол айыбымды да кешірер! Қайран Ақиық Алтайдың қай биігінде шалқып ұшып жүр екенсің?!..» – деп сағынышқа, арманға толы өткен өмір, көшкен дәуренін ойша шолып, есіне алды…

 

 

Бақытжол КӘКЕШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір