ЕСКІДЕН ҚАЛҒАН ЕСТІ ӨНЕР…
11.10.2023
950
0

«Мен едім ақын Көдек
Сүмбедегі,
Бар шығар Құдаяның бір дегені.
Белгілі алыстағы дұшпаннан да
Дос жаман аңдып жүрген
іргедегі.

Ұсталып кейбіреулер
кетіп жатыр,
Кебенек киген адам бір келеді.
Қаңғырып өр мен қырға
қашқын болдық,
Кісідей түсі кеткен түрмедегі.

Санасам, бір ай он күн
болған екен,
Бері өтіп шекарадан «шу!»
дегелі.
Жарамды мал-пұлымды
қалмақ алды,
Оның да келер ме екен
бір кезегі!
Бүлдіргі бүлінгеннен
алма деген,
Айт­қаны бұрынғының
шын келеді.
Толқыған көл жүзіндей
дүние тұр,
Ел болып қай уақыт­та
гүлденеді?!» –
деп жырлаған Көдек кім? 
1888 жылы Жетісу облыс Жаркент уезі Айт болысына қарасты Шәлкөде жайлауында дүниеге келіп, 1930-жылдары совет үкіметінің саяси қысымына шыдамай Қытайға өткен ақын жайында мағлұмат аз. Дегенмен ел аузында қалып, осы күнге жеткен мұрасы мол.
Көдек Байшығанұлының азан шақырып қойған есімі – Әбдірахман екен. Анасы ерте қайтыс болып, қолдарында өскен немерені ата-әжесі еркелетіп Көдегім деп атапты. Ақынның әкесі Байшыған да, атасы Маралбай да өңірге белгілі ақын кісілер болған.
Патшалық дәуірдің, одан кейін совет үкіметінің қазаққа қылған қиянатын, әділетсіздігін көзбен көріп, ауыртпалығын тартып өткен Көдек жырларында бар шындық, теңсіздік, қорлық ашық айтылған. Сондықтан да қызыл үкімет­тің қыспағын көп көрген, қудаланған. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Қапез сері Стамбұлда білім алса, Көдек 1919-20 жылдары Ферғанаға барып мұсылманша білімін жетілдірген. Екі жылдай совет­тік қызыл армия қатарыңда Самарқант-Бұхарадағы бүлікті басуға қатысқан.
Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиет­танушы Тоқтар Әлібектің айтуынша, «1924-29 жылдары Түзкөл болыстық комитетінің төрағасы болған. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран аясында жүргізілген Голощекин геноциды тұсында Қытайға ауа көшкен казақтармен бірге Көдек те Қытайдың Іле аймағына қоныс аударады. Шығармалары Қытайдағы «Шыңжаң жастар-өрендер» баспасынан Тәліпбай Қабайдың құрастыруымен екі мәрте (1988 ж., 1992 ж.) басылып шықты. 1998 жылы әдебиет зерт­теушісі Тілеужан Сакалов құрастырған өлендер жинағы «Парасат» баспасынан жарық көрді. Қазір Райымбек ауданының Қызылшекара ауылында ақынның ескерткіші бар».
«Көдек – Мұхтар Әуезовтің назарына іліккен ақын. Ғұлама ғалым «Қазақтың халық шығармашылығы және оның ақындық ортасы» деген мақаласында ол туралы танымы терең пікір қалдырған. Ол: «Өзгеше үлгідегі даланың дара ақыны мазмұны мен қоғамдық рөлі жөнінен әлдеқайда қызығырақ саналады. Солардың жарқын бір үлгісі – Албандар арасындағы Көдек ақын» (Мұхтар Әуезов, Ленинград, 1927 жыл. Мақала төрт бет – ДБ) деп жазады. Ілияс Жансүгіров те ақынды жақсы таныған. Шығармаларын жарияламақ болған. Бірақ тағдыр жазбаған екен», – дейді ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы.


Өлеңге он үш жасынан бой берген Көдек ортасына орақ тiлдi, от ауызды ақиқатшыл ақын ретiнде ерте танылған. 1930 жылы колхоздастыру мен кәмпескелеу саясатына қарсы шыққаны үшiн совет үкiметi түртпектей берген соң коммунистiк қызметiн тастап, амалсыз Қытай ауып кетедi. Құрығы ұзын коммунистер Көдектiң астыртын соңына түсiп, 1937 жылы ерте көз жұмуына себепкер болады. Нұрлан Оразалин: «Көдек те – бейнелеу, образды жаңа стиль қалыптастыру жағынан келген кез­де таза Абайдың мектебiн жалғаған, жазба әдебиеттің жүйрiктерiнiң әсем үлгiсiн өзiнiң ақпатөк ақындығымен әдемi үйлестiрген ақын», – дейдi талант хақында тарқата келе. Бүгiнде Көдек ақынның шығармаларының көбi Қытай елiнде сақталған. Ал Қазақ­станда шығармаларын Рамазан Стамғазиев, Тiлеулес Құрманалиев, Серiк Әбдiрайымов, Нұржан Жанпейiсов сынды өнер майталмандары мен М.О.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының әртiстерi орындап жүр.
Міне, сол ақын Көдек Байшығанұлының туғанына биыл 135 жыл толды. Соған орай Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстың мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Ескіден қалған есті өнер» ат­ты Республикалық жас ақындар айтысы өт­ті. Дүбірлі шараға 12 облыстан 16 жас өнерпаз қатысты. Халқымыздың ұлт­тық өнерінің тарихын ұлықтау, ақын Көдек Байшығанұлының шығармашылығын халыққа кеңінен насихат­тау, жас айтыскерлердің кәсіби деңгейін шыңдау және өнер әлемінде есімдерін ашу, мәдени қарым-қатынас орнату мақсатында өткен аламанның бас жүлдесін Маңғыстау облысынан Байжігіт Бейбіт, бірінші орынды Астана қаласынан Жақатаева Науат, екінші орынды Алматы облысынан Асылбекқызы Диана мен Ақмола облысынан Елешұлы Нұрғиса алды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір