ӘЙЕЛ АБЗАЛ – АТҚАРАТЫН ЕР ІСІН
Жазушы жары деген атты иемденген біздердің әрқайсысымыз отағасыларымыздың қасында өте бақытты ғұмыр кешіппіз. Ол заман басқа болды ма, әлде жастықтың өзі «айхай, дәурен» бе, әйтеуір өткен күндерді еске алсақ, сәулелі, шуақты сәттердің көп болғанын ұғынасың. Әдебиет, сөз ерекше қастерлі болған сол уақытта, біздердің қолымыздан келгені – үйдегі кісілеріміздің қаламын сыйлап, жазғанын тірнектеп жинау болатын. Одан кейінгі міндет – «сен де бізге жат емессің» деп еркелеткен, аға буын ақын-жазушылардың алдынан қия өтпеу еді. Той-томалақта дастархандас бола жүріп, қаламгерлердің үйлеріндегі шырақшыларымен де туыстасып алдық. Ендігі жерде олардың сыры – біздікі, біздің мұң – олардікіне айналып кете барды. Мәкиза Дайырбайқызымен де әдебиет деп аталатын үлкен дастарханнан дәм татысып жүріп, дос, туыс, жақын болдық. Текті атаның қызы еді. Басынан небір қиын күндерді өткерсе де, үгітіліп кетпеді. Өмірдің бақытты, нұрлы шақтарында да, асып-таспады. Қашан көрсең де сұлу, көркем қалпын жоғалтпай, «жазушы жары» деген атты лайық алып жүрген жанның бірі – Мәкиза Дайырбайқызы дер едім.
Біздер үшін Мәкең ақылшы ана, бауырмал туыс болды. Жар күтудің қиындығы мен қуанышы қандай болатынын да өзіндік бекзаттықпен, тектілікпен ұғындырар еді. Құрсағынан Аман, Күлшара, Ақтоты сынды балалар өрбітіп, тәрбиеледі.
Белгілі жазушы Рахметолла Райымқұловқа Ақтотыдай перзент сүйгізді. Рахаңның өзі: «Барым да, нарым да – Ақтоты», – деп отыратын. Ақтоты да тәрбиесімен, инабатымен ана мен әке сенімін ақтады: жасынан биязы, ақылды, қылықты қыз болып өсті. Көз алдымызда құлыншақтай құлдыраңдаған ерке қыз осы күні ата-ана үлгісін бойына сіңірген әдепті, иманды бала болып, марқұм әкесінің де, қырық күн бұрын бетін бақиға бұрған анасының да үмітін ақтады деп ойлаймын.
Мәкиза Дайырбайқызы жарын қалай күтсе, перзентін де солай аялай білді. Бүгінде қазақ композиторларының ішіндегі ең танымал тұлғалардың біріне айналған Ақтотыны төрт жасынан музыкаға бейімдеп, шетелдік әдемі күйсандық (фортепиано) сатып әперіп тойлағаны, Ақтоты алғаш мектеп табалдырын аттаған сәтте ата-анасының ерекше қуанғаны күні бүгінгідей жадымызда сайрап тұр. Өздері жүріп өткен жолдың бұралаң-бұлтарысын емес, сәулелі-шуағын көбірек көрсін деген ниетпен бала қуанышына ерекше мән беретін.
Мәкиза Дайырбайқызы сонымен қатар, білікті қызметкер де еді. Жоғары білімі мен өмірлік тәжірибесі, қажыр-қайратының арқасында мәдениет саласындағы әр түрлі қызметтерді мінсіз атқарды. Осы салада жеткен жетістіктері үшін кезінде тиісті органдардан, құзырлы мекемелерден жоғары марапаттарға да ие болды.
Жаны нәзік Мәкең сонымен қатар, әнді де тамылжытып салатын. «Баянауылдың ақ қызы» атанған ол биді де мың бұралып билейтін. Бір басында бір адамға жетерлік сонша білімі мен өнері бола тұра отағасын қадірлеген мінезінен бір танбады.
Біздің үйдегі кісі – Қалижан Бекхожиннің маған арнаған бір өлеңі бар. Меніңше, ол барлық әйелге, ең алдымен барлық жазушы жарына арналғандай болып тұрады:
Әйел абзал – атқаратын ер ісін,
Кестелейтін несібенің өрісін.
Сүйсінемін көріп білгір әйелді,
Көркі, ісі – бірдей тапқан келісім.
Ардақтаймыз әйелдердің әз атын –
Саусақтарын, сын-сипатын, ләззәтін!
Қартайғанша әйел даңқын жырлаймын,
Жаңғыртатын адамдардың зәу-затын!
Бұл өлең әдебиеттегі ағалары «Мәкіжан» деп еркелеткен Мәкиза Дайырбайқызына да арналғандай.
Райымқұловтар әулетінің алтын қазығы, шырақшысы болған анамыздың жаны жәннатта, арты той болсын! Ұрпақтары аман-сау болсын!
Зайда ЖАНАЙҚЫЗЫ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.