ӘЙЕЛ – АНА – ҚҰДІРЕТ
05.07.2022
1721
0

Ерте заманда қатыгез әміршілер айналасындағы ел-жұртқа не істеймін десе де, істеген ғой. Бейбіт елдің ұлын – құлға, қызын – күңге айналдырған дегендей. Сондай патшаның бірі жүріп өткен жолында қоғадай жапырылып, қозғала алмай қалғандарды көріп мастанып, лепіріп келе жатпай ма?! Кенет көзі далада тезек теріп жүрген кейуанаға түседі. Киімі өрім-өрім, өңі жадау қарт ана бас имей, қасқая қарап тұр екен.

– Алдыма алып келіңдер анау қақайып қатып тұрғанды! – дейді патшаның көзі қанталап. Жаугерлер патшаның айтқанын әп-сәтте істейді.
– Әй, сорлы әйел, сен неге басыңды имейсің? – деп ақырып жібереді жендеттердің бірі.
– Құдайдан қорқам! – дейді әйел жай ғана.
– Патша Құдайдан кем емес, албасты! – дейді уәзірлер айқайлап.
– Құдай жалғыз, – дейді әйел.
– Адам Құдай бола алмайды.
Жендеттер найзаларын кезеніп, семсерлерін сермеп, кейуананың зәресін алып патшаға тізе бүктірмек болады.
– Басыңды и, қане!
– Құдайға ғана иемін басымды, – дейді әйел. – Ал сендер бастарыңды маған иіңдер. Мен сендерді туған Ана сияқты – Анамын! Анаға бала қол көтермейді. Тізерлетпейді. Басын идірмейді. Өйткені қарғыс атады. Құдай кешірмейді.
Патша ұмытып кеткен екен, бірақ есіне түсіруді ойламаған бір парызы енді ойына оралғандай селк етеді де, атының басын кері бұра береді…
Данадан сұраған ғой:
– Әйелдер ерлерден не себепті ұзағырақ жасайды? – деп.
– Мейірімі артық.
– Әйелдің жолы неге жіңішке?
– Ұяты артық.
– Қасіреттің үлкені не?
– Әйелдің көз жасы.
– Неден қорқу керек?
– Әйелдің көз жасынан.
Тағы айтыпты:
– Әйел-Ананың биіктігі – Арың,
Тереңдігі – намысың! – деп.
Бұл дүниемді жазғанда оны өз анамды сағынып, ойлап отырдым. Әттең дүние, дана айтқандай, марқұм анамның қадір-қасиетіне жете алмадым. «Меккеге арқалап үш рет барар едім» деп, Құдайға жазықты болар жағдайым жоқ, басқаның барлығын істер едім ғой. Енді бүгін… сол анама жасап үлгермеген ізгілік, мейірім, жақсылықты ұл-қызымның анасы, Құдай қосқан қосағым – Оралкүлге көрсетсем деп жүрген жай бар. Мамандығы бойынша ол – мұғалім. Сүйегі – Дулат, Дулаттың қызы.
Осыдан біраз жыл бұрын «Хан Аспарух» деген кино көргенім бар. Болгарлар түсіріпті. Ол кезде бүгінгі Болгарияға Византия деген империя билік құрып тұрған екен, соны Аспарух тас-талқан етіп славян-түркі мемлекетін құрады. Ал енді Аспарух кім дейсіз ғой? Кім болғанда Дулат Аштрахан болып шықты. 1978 жылы Болгариядан бас профессор келіпті Алматыға. Түпкі ата-бабамның жерін көремін деп. Мұны біреу біліп, біреу білмейді.
– Сенің осы соңғы жылдары білетінің көбейіп барады ғой, – деп Оралкүлдің әзіл айтып қоятыны бар. Кім білсін, бәлкім, шыны шығар.
Дағыстан жағында Әбутәліп деген ақын өтіпті. Дағыстан жұрты – аздығына қарамай қырық ру ел. Әлгі Әбутәліп «лак» деген тайпадан екен. Әжептәуір атағы болған. Ақын бір күні тамның төбесінде жатыпты, шалқасынан. Әйелі есік алдын сыпырып жүреді. Сосын, дауыстап:
– Әбутәліп, әй, Әбутәліп, не істеп жатырсың? – деп сұрайды ғой.
– Жұмыс істеп жатырмын, депті ақын.
Әйелі «О, Құдай, жатқан адам қалай жұмыс істейді?» деп қатты таңғалыпты. Қара шаруа әйел ақынның ой еңбегі адамы екенін қайдан пайымдасын.
Біздің Оралкүл – білімді адам. Ол ненің не екенін, қалай екенін ешкімнен кем білмейді. Ерлі-зайыптының барлық деңгейдегі түсінік-пайымы бір-біріне жақын болғаны дұрыс. Сонда олар бір-бірінің не ойлап жүргенін, нені қалайтынын, нені жақтырмайтынын айтқызбай біледі.
Ұлы Абай інісі Оспан өліп, әмеңгерлік жолмен Еркежанды алған ғой. Содан күн өтеді, ай өтеді, Абай Еркежанның отауынан шықпай қойыпты. Тіпті даусы да естілмейді. Қатарластары таң қалады. Ақыры олар шыдамай, Көкбай ақын бастап, үстіне келеді.
– Абайжан, өзгесі өзге, тіпті даусыңа зар боп қалдық қой, – деседі келгендер. – Тілі байланып қалған адамдай, бұл қай қылығың?
Сонда Абай:
– Менің не қалап, не қаламайтынымды Еркежан айтқызбай біліп, айтқызбай істейді, сөйлеп нем бар? – деген екен. Мен – Абай, Оралкүл – Еркежан емес, әрине. Бірақ бізде өзімізге тән үйлесім, жарастық, Құдайға шүкір, баршылық. Кейде Оралкүлге қалжыңдап:
– Осы екеуміздің махаббатымыз қандай? – деп қоям.
– Басқа әңгіме таусылды ма? – деп кәдімгідей қымсынып қалады ол.
Қымсыну, ұялу – қазақ әйелінің иба-инабаты. Ең қастерлісі. Ендеше махаббат деген, меніңше, сол ұяттан басталуы керек шығар. Ұятпен ұнат, ұятпен бірлесіп ғұмыр кеш.
Қайсыбір ғұлама: «Махаббат дегеніміз – екеудің бір-біріне телміріп, қарап отырғаны емес, екеуінің бір бағытқа қарағаны» депті.
Орыстың ұлы жазушысы Лев Толс­той жазыпты: «Егер еркек пен ұрғашы өмірді тек махаббат деп ойласа, онда дүние өлген, өшкен ғашықтардың моласына айналып кетеді» деп.
Рас қой. Бас құрауға дейінгі сезім соңынан бауырмалдыққа айналады. Өзара бауырмалдық, құрмет, аяушылық, мейірім болмаса, бәрі бекер. Жарық дүниеде ең жақын жандар – ерлі-зайып­тылар. Ата-анаң өмірден озып кетеді. Бауырлар дегенде, бірге тумақ болсаң да, бірге жүрмек жоқ. Ұл-қызыңның өз тіршілігі бар. Сонда аузыңа су тамызатын кім? Әйелің!
Ойлаймын: егер Құдай ерлі-зайып­тының бірін алғысы келсе, әйелді қалдырғаны дұрыс. Отбасы өмірінің мәні үшін. Отбасының ортақ ошағын сөндірмейтін тек Әйел-Ана. Қара шаңырақтың ынтымақ-ырысын, рахат-қызығын әйелсіз еркек ұстап тұра алмайды. Ұл мен қыздың, немере-шөберенің тұтастығы, ажырамас бірлігін жасай алатын – Әйел- Ана ғана.
Жасы жетіп қатты ауырып жатқан анадан сұрапты:
– Өлімнен қорқасың ба?
– Жоқ.
– О, қалай?
– «Көзім жұмылып кетсе, шалым қайтеді, өзімдей оған кім қарайды?» деп қорқамын, – депті ана.
– Осыдан сауығып, тұрып кетсеңіз, әуелі не істейсіз?
– Шалымның шәйін қайнатып, демдеп, құйып беремін.
– Содан соң?
– Көйлек-дамбалын жуамын.
– Содан кейін?
– Бірлесіп, бала-шағамыздың, ағайын­-туыстың, елдің амандығын тілеймін.
– Одан кейін?
– Шалымның шәйін қайта демдеймін…
Ұл-қызымның анасы – Оралкүлімнен осы пейіл-ықыласты сезінем мен. Әкесі Аяпберген атам мен анасы Бибісара енем жүректері жұмсақ жақсы жандар еді. Қайын атам мал бақты. «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған, қайын енем бір ұл, үш қыздың анасы еді. Жарықтықтар момын, жуас кісілер болатын. Кәдімгі даланың дархан көңіл адамдары. Үнемі жадымда сақтап жүремін. Қарыз, борышым бар ғой, алдарыңда. Қарыз, борышым – Оралкүлді солар әкелген жоқ па дүниеге…
Кемеңгерден сұрапты:
– Ең сұлу әуез неге тән? – деп.

– Ұл-қызыңның анасының үні, – депті кемеңгер.
– Ең жұмсақ нәрсе не?
– Ұл-қызыңның анасының алақаны.
– Ең ізгі нәрсе ше?
– Ұл-қызыңның анасының жаны.
– Ең шипа?
– Ұл-қызыңның анасының өзі.
Ғибрат осындай. Бұл ғибрат қазақ әйелінің ұрпағына ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес сүйіспеншілігін қаперге салғаны шығар.
Қазақтың Керей деген жұртында бір кез төре тұқымы болмапты. Жәнібек батыр қартаяды. Сенімді серігі Байтайлақ батыр қайтыс болады. Сөйтіп, он екі ата Абақ-Керей еліне басшы керек болмай ма. Керек болғанда төре тұқымы. Төре тұқымынан өзге біреу хан тағына отырмайтын заман. Содан Тауасар би бастаған ығай мен сығай Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз төренің ордасына аттанады. Бұйымтай біреу – Әбілпейіз ұлының біреуін Абақ-Керейге беруі керек. Хан болуға лайықтысын, әрине. Әбілпейіздің екі әйеліннен сегіз ұлы болған. Бәйбішеден бес ұл. Әрі бәрі ат беліне мініп, ел басқара бастаған. Абақ-Керейлер сол бес ұлдың бірін сұрайды. Төркіні мықты әрі күйеуіне ықпалы күшті бәйбішенің мұны естігенде талағы тарс айрылады.
– Қиыр кешіп, шет жайлап жүрген керейге баламды беріп қаңғыта алмаймын, – дейді. Бәйбішесін көндіре алмаған Әбілпейіз керейлерге:
– Кіші әйелім Тұмар ханымнан туған Көгедайды берейін, – дейді.
– Ол әлі жас қой, – деп Тауасар разы болмайды. – Елге бас болғанша қай заман?
– Би, Көгедай әлі бала болғанмен, ерекше болып туған, – деп Әбілпейіз мына әңгімені айтады: – Тұмар ханымды алып келе жатқанымда түс көрдім. Түсімде аспандағы көк Ай Тұмардың қойнына кіріп бара жатыр екен. Сол түсімді ырымдап, Тұмар ханым босанғанда ұлдың атын – Көгедай қойдым. Бар баламнан Көгедайым ыстық маған. Жас болса да, бас. Абақ-Керей алыстан хан көтерем деп келіпсің, берейін осы баламды, – дейді Әбілпейіз.
– Ол әйеліңіз де бұлқан-талқан болып жүрмей ме? – дейді Тауасар би. – Өзі Орманбет ханның қызы болса…
Ертеңіне Әбілпейіз керей адамдарын өзі бастап, кіші әйелі – Тұмар ханымның ордасына келіп түседі.
Бәрін күні бұрын біліп отырған сұңғыла, парасатты ханым:
– Төрем, сіз балаңызды бір жұрттың бақытына қиғанда, мен неге қимаймын. «Хан көтеріп, ел басқартамын, тағдырымды сеніп тапсырамын» деп үміт, сеніммен келген түбі бір туыстың әйел басыммен бетінен қалай қайтарам? Кеше хан қызы болсам, бүгін ханның ханымымын, бірақ ел мен жұрттан үлкен емеспін, – депті есті Ана. – Ел-жұрт алтын басымен алдыма келгенде шалқақтасам, ертең мені ел-жұрттың назасы ұрмай ма? Көгедайым бүгін жас болса, ертең елге сөзсіз бас болатынына оны тапқан мен сенемін, беріңіз балаңызды!
Отырғандар разы болғандықтан тебіреніп:
– О, Құдай жолыңды оңғарсын! – десіп теңселіп кетті дейді.
– Бірақ, – депті Тұмар ханым, – бір шартым, өтінішім бар.
– Айт, – дейді әйелінің ақылына төбесі көкке тиіп отырған Әбілпейіз.
– Келген ағайынға менен көрген үш ұлыңызды да беріңіз. Көгедайға бауырлары Сәмен мен Жабағы серік болсын!
– Болсын! – деді Әбілпейіз.
– Тағы өтінішім…
– Оны да айт, – дейді хан.

– Көгершіндерімнен мен қалмайын, көзімнен қалай таса қыламын қарашықтарымды. Бөлмеңіз балапандарымнан.
– Ханым, жассыз. Құдай тағы берер, – деп қалады отырғандар.
– Беріп қойғанына бас-көз болайын. «Ұлымды хан көтереміз» деп, отырсыздар ғой. Ұлын хан етіп Анасы ғана өсіреді, Би.
Әбілпейіз Тұмар ханымның айт­қанын орындайды. Сөйтіп, Көгедай он екі жасында он екі ата Абақ баласының ханы болып сайланды. Отыз тоғыз жыл ел билеген. Сонда оның Тұмар анасы ақылшысы болғаны сөзсіз. Тұмар ханымды сол даналығы үшін Жәнібек батыр, Жандары би, Майқан би, Шұбаш батырлардың құрмет тұтқаны сөзсіз. Тұмардың бүкіл Абақ-Керей елінде аяулы ана болғаны сөзсіз.
Бұл дүниеде аналық сезім ғана – ең жұмсақ, ең бауырмал, ең нәзік, ең шынайы, ең керемет. Бұл ғажайыпты Алла тағала тіпті жан-жануарларға да сыйлаған ғой. Аюдың еркегі қонжығын кішкене кезінде өлтіріп тастайтын көрінеді. Соны білетін анасы қонжығын одан алып қашып, тығып жүріп өсіреді екен.
Қасқырдың бөлтірігіне қастық жасасаң, кектеседі, малыңа шауып маза бермейді. Пілдер баласына қауіп төнгенде орталарына алып, жуытпайды. Қанаттылар балапандарын жем тасып асырайды. Пингвиндер мұхиттармен он, жүз шақырымға жүзіп барып, балапандарына жемін жеткізеді. Жүз мың пингвиннің арасынан өзінің балапанын даусынан танып, тауып алады. Маймыл баласын арқалап өсіреді. Тағысын, тағылар. Әйтеуір, баласы үшін көрмейтін құқайлары жоқ.
Осы орайда Құдай қосқан қосағымды, Құдай берген қыздарымды әманда қолдап, жебеп жүрсін деген шын ниетпен түпкі тарихымыздан бері қарайғы өзім ізденіп, сұрастырып, оқып білген ұлы Аналар туралы айта кеткім келеді.
Қазақтың ежелгі тарихына үңілсек, әуелі «Әулие» атанған Ұмай Ене есімізге түседі. «Үш Күмбез» тауының жартысына оның жүкті кезіндегі бейнесін қашап қалдырған бабаларымыз.
Арыстан баб әулиені Құдыс Пайғамбардың ұлы деседі. Оны тапқан – Әймен Ана. Еділ патшаны жарық дүниеге алып келген – Бану Ана.
Түркі халықтарын Қытайдан азат етіп, Еуразияны билеген Тоныкөк қаған төсек тартып, ем қонбай жатқанда оны «Сіз – елге керексіз, ем – сізге керек» деп, емдеп жазған жас қыз, кейін Қағанның әйелі болған Есбике – Емші әулие.
Төбе биден туған Мекіреде қырық бала болған. 37 жасында айттырған қалыңдығы: «Мен әлі жаспын. Қатынас жасап тұрыңыз. Енді он жылда жиырма беске толамын. Пәктігімді сақтайын. Сосын өзіңізге қосыламын. Оған дейін он әйел алыңыз. Тұқымыңыз өсе берсін», – депті. Уәделі күні Мекіреге қосылады. Дана әйел бәйбішелікті ақыл-парасатымен жеңіп алады. Мекіренің алдыңғы әйелдерінен туған көп баласын жиып алып, Үлкен Ана болады. Қайсыбірде Алай хан одан сөзден жеңіліп, қырық баласымен қонаққа шақырып, халқын жинап: «Алай тауын бұдан былай қарай «Жұпар тауы» деп атаңдар» депті. Жарықтық Жұпар Бәйбішенің есімі осылай халық жадында қалған.
Алатау Батырдың анасы – Баһара шашты Дүр Ана.
Ханбас батырдың анасы – Он екі ата Байұлының қызы – Айпара Ана.
Төрт Құлақ Әулиенің Анасы – Дүния.
Қытай жансыздары у беріп өлтірген Жомарт Қосай Садықтың қызы – Ағанай Ана Қытай елінің шаңын қаққан ержүректілігімен ел есінде қалған.
Жағалбайлыны билеген Ес Аманның әйелі – Алпыс Ана «Ақтабан шұбырынды» кезінде қалмақтармен соғысып, күйеуі мен төрт баласы мерт болғанда, ашынып 53 жасында мұздай темір құрсанып, бесіктегі сәбиін түйеге артып, алты мың қазақ сарбазын жауға қарсы бастап шыққан екен-дүр.
Әр-әр жерден оқып, шұқып теріп алып жүрген Алып Аналар, аруақты әулие, ержүрек, ақылман Апалар – осы кісілер. Олардың қатары бұдан да көп шығар. Тірнектей берсек, тізіліп кете берер. Мәселе неде? Мәселе қазақтың қазақ болып қара жерді басып жүрген осындай һәм Әулие, һәм Пір, һәм ержүрек Аналардан тараған ұрпақтардың ақылман, айбынды асылзадалардан емей, не?!

Асаубай МАЙЛЫБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір