Қазақ музыкасының реформаторы
30.06.2026
51
0

Қазақ музыка өнерінің тарихында ұлт руханиятының терең тамырынан нәр алып, оны кәсіби биікке көтерген тұлғалар аз емес. Сол алыптардың алдыңғы қатарында академик, композитор, дирижер, музыкатанушы ғалым, ұлағатты ұстаз Ахмет Жұбановтың орны ерекше. Ол – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қазақтың бай музыкалық мұрасын жаңа заман талаптарымен сабақтастырып, ұлт­тық музыка өнерінің ғылыми негізін қалаған көрнекті қайраткер.

Қазақ музыка мәдениетінің тұтас бір дәуірі Ахмет Қуанұлының есімімен тығыз байланысты. Оның бар ғұмыры халқына, қазақ музыкасының өркендеуіне арналды. Ол – тек композитор ғана емес, халықтың ғасырлар бойы сақталған асыл мұрасын жинап, зерттеп, ғылыми айналымға енгізген ғалым. Сонымен қатар кәсіби музыкалық білім беру жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан ұйымдастырушы, ұлттық оркестр өнерінің негізін қалаған дирижер әрі өнер жолында талай дарынды шәкірт тәрбиелеген ұстаз ретінде де тарихта қалды.
Ахмет Жұбанов қазақ музыкасын сахна төріне шығарып қана қойған жоқ, оны әлемдік мәдени кеңістікке таныту жолында да өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол ел арасындағы көне әндер мен күйлерді жинап, нотаға түсіріп, ғылыми тұрғыдан жүйеледі. Соның арқасында халқымыздың баға жетпес музыкалық мұрасы уақыт сынынан өтіп, бүгінгі ұрпаққа аман жетті. Егер Ахмет Жұбанов сынды тұлғалардың жанкешті еңбегі болмағанда, талай асыл қазынамыз ұмыт қалып, тарих қойнауында жоғалуы мүмкін еді.
1934 жылы Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған қазақ халық аспаптар оркестрі ұлттық музыка тарихындағы жаңа кезеңге жол ашты. Домбыра, қобыз, сыбызғы секілді халық аспаптарының үнін бір арнаға тоғыстырған бұл ұжым кейін қазақ өнерінің мақтанышына айналды. Бүгінде әлемге танылған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің негізін қалаған да – Ахмет Қуанұлы.
Ахмет Жұбанов өнер қайраткері ғана емес, ұлт руханиятының жанашыры болды. Ол қазақ музыкасының болашағы кәсіби білім мен ғылымның дамуына байланысты екенін терең түсінді. Сондықтан жас таланттарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліп, ұлттық кадрлар даярлау ісіне бар күш-жігерін жұмсады. Оның шәкірттері кейін қазақ музыка мәдениетінің көрнекті өкілдеріне айналды.
Композитор ретінде де Ахмет Жұбановтың қолтаңбасы айрықша. Оның шығармаларынан ұлттық бояу мен халықтық нақыш анық сезіледі. Ол қазақ музыкасының табиғи болмысын сақтай отырып, кәсіби музыканың жаңа бағыттарын қалыптастырды.

Өнерге бастаған даңғыл жол

Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1906 жылдың 29 сәуірінде Ақтөбе облысы, Темір ауданында дүниеге келді. Болашақ ғалымның балалық шағы қазақтың әні мен күйі үзілмеген, өнер мен сөз қадірі жоғары ортада өтті. Ол жастайы­нан домбыра мен скрипкада ойнауды меңгеріп, музыкаға ерекше бейімділік танытты. Өнерге деген құштарлығының қалыптасуына әрі білім жолына түсуіне туған ағасы, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың ықпалы зор болды. Музыкалық білімге ұмтылған талапты жас Темір қаласындағы орыс халық аспаптары әуесқойлар оркестрінің жетекшісі П.Черняктан дәріс алып, сольфеджио, музыка теориясы және скрипка өнерінің негіздерін меңгерді. Бұл оның кәсіби музыкалық жолының алғашқы баспалдағы еді.
1928 жылы Ахмет Жұбанов Ленинград қаласындағы М.И.Глинка атындағы музыка техникумына оқуға түсіп, белгілі педагог А.А.Этигонның скрипка сыныбында білім алды. Кейін оқуын Ленинград консерваториясында жалғастырып, профессор Ф.А.Ниманнан тәлім алды. 1932–1933 жылдары Ленинград Өнертану академиясының аспиранты болды.
1933 жыл – Ахмет Жұбановтың өміріндегі жаңа белестің бастауы. Ол Алматыда жаңадан ашылған музыкалық-драма училищесіне ұстаздық қызметке шақырылды (қазіргі П.И.Чайковскиий атындағы Алматы музыка колледжі). Осы кезеңнен бастап өмірінің соңына дейін қазақтың кәсіби музыкалық мәдениетін қалыптастыру ісіне белсене араласып, ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

                                                                                                                         Ұлттық оркестрдің негізін қалаған тұлға

1934 жылы Ахмет Жұбановтың бастамасымен небәрі он бір домбырашыдан құралған шағын ансамбль дүниеге келді. Сол кезде бұл ұжымның уақыт өте қазақ руханиятының ірі өнер ордасына, ұлттық музыка мәдениетінің қасиетті қара шаңырағына айналарын ешкім болжай қойған жоқ. Алайда дәл осы ансамбль қазақ музыкасының даму тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болды. Сол кезеңге дейін халық күйлері, негізінен, жеке орындаушылық дәстүр аясында өмір сүріп келсе, ол ұлттық музыканы оркестрлік деңгейге көтеріп, оған жаңа тыныс пен жаңа сипат дарытты. Домбыра, қобыз, сыбызғы секілді халық аспаптарының үнін бір арнаға тоғыстырып, тұтас музыкалық кеңістік қалыптастырды. Бұл ұлттық өнердің кәсіби сахнаға көтерілуіндегі тарихи қадам еді. Ахмет Қуанұлы ел арасындағы күйлерді жинап, нотаға түсіріп, оркестрлік орындауға ла­йықтап өңдеді. Соның нәтижесінде Құрманғазының өршіл күйлері, Дәулеткерейдің сыршыл туындылары, Тәттімбеттің терең философиялық толғанысқа толы шығармалары жаңа бояумен жарқырап, үлкен сахналарда орындала бастады.
Жұбанов құрған оркестр уақыт өте келе қазақ музыка өнерінің үлкен мектебіне айналды. Бұл ұжымнан көптеген талантты орындаушылар, дирижерлер мен музыканттар тәрбиеленіп шықты. Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – ұлт­тық музыка өнерінің алтын бесігі, қазақ мәдениетінің мақтанышы.

Домбыраны жетілдірген реформатор

Қазақ музыка өнерінің тарихында Ахмет Жұбановтың есімі ұлттық өнерді жаңа белеске көтерген реформатор ретінде ерекше аталады. Оның мәдениетімізге сіңірген ең ірі еңбектерінің бірі – домбыра аспабын кәсіби талаптарға сай жетілдіруі. Халық арасында қолданылған дәстүрлі домбыралар әр өңірде әртүрлі жасалып, дыбыстық ерекшеліктерімен дараланатын. Ал оркестр құру үшін үндік үйлесімі біркелкі, техникалық мүмкіндігі жоғары кәсіби аспаптар қажет болды. Мұны терең түсінген Ахмет Жұбанов ұлттық аспаптарды ғылыми негізде жетілдіру ісіне белсене кірісті.
Оның бастамасымен арнайы тәжірибелік шеберхана ұйымдастырылып, бұл жұмысқа белгілі аспап шеберлері Қамар Қасымов, Арыстан Ермеков, сондай-ақ ағайынды Эмануил мен Борис Романенколар тартылды. Ұзақ ізденіс пен табанды еңбектің нәтижесінде қазақ музыкасы үшін үлкен жаңалық дүниеге келді. Осылайша, бүгінгі күнге дейін кеңінен қолданылып келе жатқан он тоғыз пернелі, құрама шанақты жаңа үлгідегі домбыра жасалды.
Жаңартылған аспаптың үні қуат­тырақ шығып, диапазоны кеңейді, орындаушылық мүмкіндігі артты. Ең бастысы, домбыра кәсіби оркестр құрамында толыққанды қызмет атқаратын музыкалық аспап деңгейіне көтерілді. Домбыраның табиғи қоңыр үні сақтала отырып, оның көркемдік және техникалық әлеуеті жаңа сапаға ие болды. Соның арқасында қазақ күйлері үлкен концерттік сахналарда орындалып, ұлттық музыка жаңа көркемдік деңгейге көтерілді. Бүгінгі кәсіби халық аспаптар оркестрлерінің қалыптасуы мен дамуы да – осы тарихи еңбектің заңды жалғасы.

«Музыка әліппесін» жазған ағартушы

Ахмет Жұбанов қазақ музыкасын кәсіби деңгейге көтерген қайраткер ғана емес, ұлттық музыкалық білім беру жүйесінің негізін қалаған көрнекті ағартушы болды. Оның осы саладағы тарихи еңбектерінің бірі – 1936 жылы жарық көрген «Музыка әліппесі» атты тұңғыш оқу құралы. Бұл еңбек қазақ балаларына музыкалық сауат үйретуге арналған алғашқы әдістемелік кітаптардың бірі еді. «Музыка әліппесінің» жарық көруі сол заман үшін үлкен мәдени оқиға болды. Өйткені автордың басты мақсаты музыка өнерін кәсіби ортаға ғана емес, қарапайым қазақ баласына да жақындату еді. Осылайша, ол ұлттық музыкалық білімнің іргетасын қалап, қазақ даласына кәсіби өнердің алғашқы дәнін септі.
Ахмет Жұбановтың ағартушылық қызметі кітап жазумен ғана шектелген жоқ. Ол ұлттық музыканы білім беру жүйесіне енгізуге, кәсіби кадрлар даярлауға және арнайы оқу орындарын қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсады. Музыкалық мектептер мен оқу орындарының ашылуына ұйытқы болып, қазақ жастарының кәсіби білім алуына кең жол ашты. Оның тәлімін алған шәкірттер кейін қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілдеріне айналды. Сондықтан Ахмет Жұбановтың есімі композитор, дирижер және ғалым ретінде ғана емес, ұлт руханиятына қызмет еткен ұлағатты ұстаз, көреген ағартушы ретінде де ерекше құрметпен аталады.

Тұңғыш

Ахмет Жұбанов – қазақтың кәсіби музыкатану ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалым. Ол ұлттық музыканы тек орындаушылық өнер ретінде ғана емес, ғылыми тұрғыдан зерттелуге тиіс ұшан-теңіз рухани мұра деп таныды. Сондықтан бүкіл саналы ғұмырын халық жадында сақталған ән-күйлерді жинауға, жүйелеуге және ғылыми айналымға енгізуге арнады.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың көптеген әндері мен күйлері қағазға түспеген, тек ауызша дәстүр арқылы сақталып келген еді. Осындай баға жетпес мұраның жоғалып кету қаупін жақсы сезінген Ахмет Жұбанов Қазақстанның әр өңірін аралап, арнайы ғылыми экспедициялар ұйым­дастырды. Соның нәтижесінде мыңдаған ән-күй үлгілері жиналып, хатқа түсірілді. Бұл қазақ музыкасының алтын қорын сақтап қалуға бағытталған теңдессіз еңбек болатын.
Ғалым халық композиторларының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, олардың туындыларын нотаға түсірді. Осы арқылы ғасырлар бойы ауызша таралған музыкалық мұра кәсіби өнер мен ғылым кеңістігіне жол тартты.
1934 жылы оның «Қазақ композиторы – Құрманғазы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. Кейін бұл зерттеу толықтырылып, «Халық композиторы – Құрманғазы» деген атпен қайта басылды. Аталған еңбек қазақ музыкасын ғылыми тұрғыдан талдаған алғашқы іргелі зерттеулердің бірі саналады. Автор онда Құрманғазы күйлерінің идеялық мазмұнын, музыкалық құрылымын және орындаушылық ерекшеліктерін жан-жақты саралап, күй өнерінің көркемдік табиғатын ғылыми негізде ашып көрсетті. Осы еңбегі арқылы ол қазақ музыкасын тұңғыш ғылыми жүйеде зерттеген ғалымдардың көшбасшысына айналды.
Ғалымның «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары», «Ән-күй сапары» сияқты еңбектері қазақ музыка мәдениетінің энциклопедиялық шежіресі іспетті. Бұл кітаптарда халық композиторларының өмірі мен шығармашылық мұрасы терең зерттеліп, олардың ұлттық өнер тарихындағы орны жан-жақты айқындалған. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Абыл, Дина, Сейтек, Қазанғап, Байсерке, Сармалай, Ықылас сынды дәулескер күйшілердің өнер мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеп, олардың шығармашылық болмысын тарихи және музыкалық тұрғыдан саралады. Сонымен қатар Біржан сал, Ақан сері, Абай, Мұхит, Балуан Шолақ, Әсет, Жаяу Мұса, Мәди, Естай секілді халық әнші-композиторларының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ұлттық ән өнерінің қалыптасу жолдарын ғылыми тұрғыдан негіздеді.
А.Жұбановтың зерттеулері қазақтың дәстүрлі музыка өнеріндегі орындаушылық дәстүрлер мен аймақтық мектептердің ерекшеліктерін айқындауға жол ашты. Кейінгі музыкатанушылар мен өнер зерттеу­шілері үшін бағыт-бағдар болған бұл еңбектер қазақтың күйшілік және әншілік мектептерін ғылыми тұрғыдан жүйелеудің берік негізіне айналды. Бүгінде аталған еңбектер тек рухани қазына ғана емес, зерттеушілер мен музыкатанушылар үшін де құндылығын жоғалтпаған ғылыми мұра болып саналады. Ахмет Жұбанов халқымыздың бай музыкалық мұрасын жинап қана қойған жоқ, оны ғылыми тұрғыдан зерделеп, келер ұрпаққа тұтас күйінде жеткізудің сара жолын қалыптастырды.

Ұстаз әрі ұйымдастырушы

Ахмет Жұбанов қазақ музыка өнерінің тарихында талантты композитор, көрнекті ғалым ретінде ғана емес, ұлт руханиятының берік іргетасын қалаған ұлағатты ұстаз әрі көреген ұйымдастырушы ретінде де айрықша орын алады. Оның бүкіл саналы ғұмыры қазақ музыкасының кәсіби мектебін қалыптастыруға, ұлттық өнердің болашағын тәрбиелеуге арналды.
1945–1951 жылдары Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры қызметін атқарды. Бұл кезең қазақ музыкалық білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілген уақыты болды. Ол оқу орнының ғылыми және шығармашылық әлеуетін нығайтуға ерекше мән беріп, ұлттық музыка мамандарын даярлау ісін жүйелі жолға қойды. Кейін өзі негізін қалаған халық аспаптары кафедрасын басқарып, жас музыканттарды тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсады. Ол дирижерлік өнерден, халық музыкасының тарихынан, аспаптану саласынан дәріс оқып, шәкірттеріне тек кәсіби білім ғана емес, өнерге деген адалдықты, ұлттық мәдениет алдындағы жауапкершілікті де үйретті. Оның дәрістері ұлттық өнердің терең тамырын танытатын тағылым мектебіне айналды. Ахмет Жұбановтың тәлімін алған көптеген жас музыкант кейін қазақ музыка мәдениетінің көрнекті тұлғалары болды. Ұстаз дарынды жастардың бойындағы қабілетті ерте танып, олардың шығармашылық жолына бағыт-бағдар берді. Оның талапшылдығы мен қамқорлығы талай өнер иесінің қанатын қатайтып, үлкен сахнаға жол ашты.
Ахмет Жұбановтың ұйымдастырушылық қызметі қазақ мәдениеті тарихындағы аса маңызды құбылыстардың бірі болды. Қазақ мемлекеттік филармониясының, халық аспаптар оркестрінің, ғылыми-зерттеу кабинеттері мен музыкалық бөлімдердің қалыптасып, дамуына оның тікелей еңбегі сіңді. Ол ұлттық өнердің болашағы тек шығармашылық табыстарға ғана емес, мықты кәсіби жүйеге де байланысты екенін терең түсінді. Сондықтан Ахмет Жұбанов ұйымдастырған өнер ұжымдары мен білім ордалары кейін қазақ мәдениетінің алтын қазығына айналды.

                                                                                                      Қазақтың кәсіби композиторлық өнерінің негізін қалаушы

Ахмет Жұбанов – қазақ музыка өнерінің тарихында ғалым, зерттеу­ші және ұйымдастырушы ғана емес, ұлттық композиторлық мектептің қалыптасуына зор үлес қосқан көрнекті композитор. Оның шығармашылық мұрасы қазақтың дәстүрлі музыкалық дүниетанымы мен еуропалық кәсіби музыка мәдениетінің тоғысынан туған ерекше құбылыс ретінде бағаланады. Композитор халық әуендерінің бай интонациялық мүмкіндіктерін кәсіби музыкалық тілмен шебер ұштастырып, қазақ музыкасын жаңа көркемдік деңгейге көтерді. Оның шығармаларынан ұлттық бояу, халықтық рух пен замана тынысы қатар сезіледі. Ахмет Жұбановтың «Тәжік билері», «Қазақ билері», «Абай сюитасы», «Ария», «Вокалдық сюита» секілді туындылары қазақ музыка мәдениетінің алтын қорынан берік орын алды. Бұл шығармаларда ұлттық музыканың табиғи сазы кәсіби композициялық тәсілдермен үйлесім тауып, тың арна қалыптастырды.
Композитор шығармашылығының ең биік белестерінің бірі – «Абай» операсы. Латиф Хамидимен бірлесіп жазылған бұл шығарма қазақ опера өнерінің классикалық үлгісіне айналды. Ұлы ақын Абайдың тұлғасын арқау еткен туынды ұлттық музыкалық театр мәдениетінің кемелденгенін танытып, қазақ опера өнерін жаңа белеске көтерді. «Абай» операсы арқылы қазақ музыкасы әлемдік классикалық өнер кеңістігіне сенімді қадам басты.
Ахмет Жұбанов қалыптастырған шығармашылық дәстүр кейінгі буын өкілдері тарапынан жалғасын тапты. Оның қызы, белгілі композитор Ғазиза Жұбанова да ұлттық музыка өнерінің дамуына зор үлес қосып, қазақ композиторлық мектебінің көрнекті өкілдерінің біріне айналды.
Ахмет Жұбанов шығармаларында музыкалық әсемдікпен қатар терең тарихи сана, халық тағдыры мен ұлттық рухтың үні қатар өріледі. Сондықтан оның туындылары тек көркем өнер ескерткіші ғана емес, қазақ халқының рухани әлемін танытатын мәдени құндылықтар болып саналады.
Бүгінде Ахмет Жұбановтың композиторлық мұрасы ұлттық музыка мәдениетінің алтын қазынасына айналып отыр. Оның шығармалары концерттік сахналарда үздіксіз орындалып, жаңа буын музыканттардың шығармашылық ізденістеріне жол көрсетіп келеді. Бұл – ұлы композитор еңбегінің өміршеңдігін айқындайтын жарқын көрініс.

Ұлт руханиятының шамшырағы

 Ахмет Жұбанов өмір сүрген дәуір қазақ халқы үшін ауыр сынақтарға толы кезең болды. Кеңестік тоталитарлық жүйенің қыспағы күшейіп, ұлт зиялыларына қарсы қуғын-сүргін науқаны өршіген тұста қазақ даласы бұрын-соңды болмаған қасіретті бастан өткерді. 1932 жылғы алапат ашаршылық халықтың еңсесін түсірсе, 1937–1938 жылдардағы саяси репрессия ұлттың маңдайалды азаматтарын жалмады. Сол зұлмат Ахмет Жұбановтың отбасын да айналып өтпеді. Оның туған ағасы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбанов сталиндік жүйенің жалған жаласымен тұтқындалып, жазықсыз атылды. Бұл Ахмет Қуанұлы үшін орны толмас қайғы болды. Алайда тағдырдың ауыр соққысы оның жігерін мұқалта алмады. Керісінше, ол бар ғұмырын халқының өнері мен мәдениетін сақтауға, ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізуге арнады. Ол халық музыкасын жинады, зерттеді, жүйеледі, нотаға түсірді, ғылыми айналымға енгізді. Ғасырлар бойы ұрпақ жадында сақталған әндер мен күйлердің хатқа түсіп, кәсіби тұрғыдан зерделенуі – оның өлшеусіз еңбегінің нәтижесі. Қазақ музыкасын ғылыми тұрғыдан зерттеудің берік негізін қалап, кәсіби музыкатану мектебін қалыптастырды. Оның еңбектері мен зерттеулері бүгін де өз маңызын жойған жоқ, қайта уақыт өткен сайын құндылығы арта түсуде.
Ахмет Жұбановтың қажырлы еңбегінің арқасында қазақтың кәсіби музыкалық мәдениеті жаңа белеске көтерілді. Ұлттық оркестрдің құрылуы, музыкалық білім беру жүйесінің қалыптасуы, жас таланттардың тәрбиеленуі, музыка ғылымының дамуы – мұның бәрі оның есімімен тығыз байланысты. Ол композитор ретінде де, дирижер ретінде де, ғалым әрі ұстаз ретінде де ұлт өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Тарихта өз дәуірінің шеңберінен асып, тұтас халықтың рухани келбетін айқындайтын тұлғалар болады. Ахмет Жұбанов – сондай сирек жаратылған алыптардың бірі. Ол қазақ музыкасын зерттеп қана қойған жоқ, оның болашақтағы даму бағытын айқындады. Ұлттық өнердің тамырын тереңнен тартып, оны кәсіби мәдениеттің биік деңгейіне көтерді.
Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың есімі қазақ руханиятының аспанында мәңгі жарқырай бермек. Ол – халық мұрасын халыққа қайтарған, ұлттық өнерді жаңа биікке көтерген, қазақ музыкасының мәңгілік тұғырын қалаған кемеңгер тұлға. Сондықтан Ахмет Жұбановтың ғұмыры мен мұрасы қазақ мәдениеті тарихының ғана емес, ұлт руханиятының да ең жарқын беттерінің бірі болып қала береді.
Халықтың рухани байлығы – оның мәңгілік қазынасы. Сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жаңа заманға аман жеткізген Ахмет Жұбановтың есімі қазақ халқымен бірге жасай береді.

Мұрат ӘБУҒАЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір