Бай бесікке бөленген қазақ
05.09.2023
588
2

Моңғолияның батысындағы – «бай өлке», «бай бесік» мағынасын беретін «Баян-Өлгий» аймағындағы қазақтар байырғы Алтай түркілерінің атамекенінде отыр. Баян-Өлгийдегі көне балбалдар, қорған, обалар, жартастағы бейнелер көне түркі заманының көзіндей.

         

Тойда басы қосылған…

Өлгий қазақтары асыға күтетін, алыстағы ағайындарының бас қосатын тойлары – «Үкімет тойы», «Күндік той», «Бүркіт тойы».
«Үкімет тойы» – Моңғолияның дәстүрлі «Наадам» мерекесі – біздіңше «Тәуелсіздік күнінің» халық арасында қалыптасқан атауы. «Үкімет тойы» аталуы орынды, Ұлт­тық мереке Моңғолия мемлекетінің тарихындағы Хунну империясының орнауы, 1206 жылы Шыңғыс ханның Ұлы Моңғол мемлекетін құруы, 1921 жылы Халық революциясының жеңіске жетуі құрметін біріктіреді. Жыл сайын 11 шілдеде басталатын Ұлт­тық мерекеде Моңғолия­ның барлық аймағында бәйге, моңғол күресі, садақ атудан жарыс өтеді, жарыс соңы марапат­тауға ұласады.
Баян-Өлгийдегі «Үкімет тойы» Бәйгетөбеде өтетін бәйгеден басталады. Бәйгетөбе бәйгесінде Моңғолияның әр аймағынан моңғол, қазақ атбегілері ат баптау, бәйгеге ат қосу өнерін ортаға салады. Орталық алаңда моңғол және қазақ балуандары моңғол күресінен білек күшін сынасуын халық болып қызықтайды. Орталық алаңда бәйгеден мәреге алғаш жеткен 5 атқа әндетіп, өлеңдетіп «мадақ айту» дәстүрі – үлгі тұтарлық фольклорлық мұра! Оза шапқан ат мойнына тағылған алтын, күміс, қола медаль кейін кекілдікке тігіледі. Жаңа марапат алуға бәйге аты бұрынғы марапат­тарын маңдайына таға келеді.
«Бәйгетөбедегі бәйге» Мұзтау мұнарланып көрінетін Дайынның Қағындағы «Қақ» жайлауында «Күндік» бәйгесіне ұласады. Яғни «бір күндік той» өткізіп, ат шаптырып, бәйге беру, жырдан шашу шашу, алыс жайлаудағы қазақтардың жайлауға қонар құрметінің «Шашу тойы»!.
«Бүркіт тойы» – 1 қазанда қансонарды салтанат­ты бастау. Жаз бойы түлекте отырған құстың күш жинап алғаннан кейінгі аң бүрудегі қабілетінің сынға түсуін көруге жан-жақтан туристер ағылады. Аңға түскен бүркіт­тің марапат­тары киіз үй төріне ілінуі – «бүркітке мадақ» айтудың көрінісі.
Бәйге атының кекілін түю, құйрығын өру, ат кекіліне, құйрығына үкі тағу жүйрік ат­ты тіл-сұқтан қорғау, көзі бардың көзі жүйрікке емес, құйрық, кекіліне түссін деген сақтықпен жасалады.

 

«Ой-қыр»

Өлгий қазақтарының аймақтық тілінде мерзімдік қоныстық қыстау, көктеу, жайлау, күзеулік жерлерді – «ой-қыр» деп атау қалыптасқан.
«Қақ» жайлауында 150-ге жуық қазақ отбасы бірнеше сайда бөлініп отырады. Дайынның Қағы Сақсай ауылынан 150 шақырым жерде болғанымен, көлік баратын күре жол айналмалы, Бөкен тауы, Баққарағай, Шиліқұдық, Зосты тауы (қазақша Жоса, Жосалы тауы, халық арасындағы атауы – Қызыл тау), Қасқа жол арқылы асып, Қақ жайлауына жетеді. Сақсай өңіріндегі қыстаулардан басталған мерзімдік қоныс аралығындағы көш жолдары осы бағыт бойынша көктеу-күзеулік жайылымдық жерлерді жалғап жатыр. Көктеу мен күзеулік қоныс бір жерде орналасқан. Қақ жайлауынан Мұзтау тауы мұнарланып көрінеді, жайлау орналасқан Мұзтаудың қырат­тарының етегі Үлкен Мүшку, Кіші Мүшку болып екіге бөлінеді. Қақ жайлауында отыратын қазақтардың үйір, табын, отары көптері жылына 5 рет көшеді. Олар мал қамы үшін көшіп-қонудың вертикальды көшу, яғни тауды бойлай тік көшу салтын ұстанады. Қақ жайлауында тау қайнарынан аққан бұлақ табиғи су көздерін сумен қамтамасыз етеді.
Қақ жайлауындағы қазақтардың мерзімдік қоныстарға көшу уақыты:
Қыстау: Сақсай – Бөкен тауларының сайлары – қараша-ақпан айлары;
Мал төлдететін көктеу: Самғұт­ты – Бөкен тауларының сайлары – наурыз -сәуір айлары;
Сулы көктеу: Пітеу – Бөкен тауларының сайлары – мамыр-маусым айлары;
Жайлау: Қақ – Мұзтау тауларының етегіндегі жазықтық, бұлақ, көл жағасы – шілде-тамыз айлары;
Күзеу: Пітеу – Бөкен тауларының сайлары – қыркүйек-қазан айлары.

Саркөл көлінің аңғарындағы қазақтардың мерзімдік қоныстары Бөкен тауларының қырат­тарында Саркөл мен Сасыр аралығында, қыстау, көктеу, күзеулік, жайлаулық жерлері бір-бірінен 50-60 шақырымдай жерде. Саркөлдегі ағайынның қысқа қашықтыққа көшуі малының аз-көптігінен емес, малының осы қонысқа бейімделуінен. Жайлауда су көзі – Саркөл көлінің суы, қыстау, күзеулік, көктеулік жерде қолдан құдық қазып, суын ауыз суға қолданады.
Қобда өзенін жағалай қонған қазақтың тіршілігі мал бағу, құс салу, аңшылықпен байланысты. Қобда өзенінің жағасында, иірімдерінде орналасқан Ихбұлын – «көп бұрыш» деген мағына береді. Бөкен тауының Достық шыңына көтерілетін асудан асып түссең, Ихбұлын сайындағы жайлау көзге от­тай басылады. Ихбұлын жайлаған қазақтар қыстауға Тошант аймағы мен Ноғонор аймағына бөлініп көшеді.
Қобда мен Сақсай өзенінің аралығы, екі өзен бойын жағалай қонған қазақ қыста Бөкен тауларының биік жоталарына тік көтеріліп, тау бөктерінің ығында отырады.
Жайлаудың сәні – «бие байлау». Алғаш бие байлауда, көрші қонған және ағайын-туыс үйіндегі әйелдер «шашу шәй» алып келеді. Шашу шәй – ақ мол болуына ырымдап, бие бау басында жайылатын ғұрыптық дастархан.
Ихбұлын, Сақсай, Қақ жайлауында өзен, жыра жағасында қыран құсты түлекте отырғызу – құсбегілік дәстүрдің ерекше көрінісі.

Бөкен тауының биік жотасын және Мұзтау етегін иемденген қазақтардың жаздық қонысы теңіз деңгейінен 3000 м биіктікте, яғни салқын жайлауда орналасқан. Жазы салқын, қысы суық Бөкен тауларының биік жоталарында қоныстанған қазақтар қолға үйретілген қодас (лат. Bos mutus), моңғолша атағанда сарлық өсіруді кәсіп қылған. Қазақтардың аймақтық тілінде осы «сарлық» сөзі қолданылады. Сарлық сиыр Таулы Алтай мен Моңғолия жерінде ертеден таралған. Сарлықтың желіні кішкентай, сүті аз болғанымен, майлылығы 9-10%, қаймағы бір елі. Сарлық сауатын қазақтардың дастарханынан сүт­тің бетінен кепсермен жинап алған, сарлықтың қаймағы үзілмейді. Сүтінің майлылығы суықта дененің қызуын сақтауға көмектеседі. Яғни, таудағы қазақтың сарлық саууы жергілікті ланшафтпен де байланысты. Тұрғындар сарлық сиыр таңертең өріске кеткенде жерге еңкейе жайылса күн суытады, аяз түседі деп қам жасай бастайды.
Баян-Өлгий қазақтары қазақы сиыр тұқымын – «қол сиыр» дейді. Кәйнек – сарлық пен қазақы сиырдың буданынан туған сиыр. Кәйнекте қазақы сиырдың белгісі басым, ірі, жоны жазық, мүйізді, сарлық белгісінен бауырында салбыраған жүні ғана көзге анық көрінеді.

Қосақ

Қосақ, қосақтау – қой-ешкіні сауарда, екі бұзауды өріске жіберерде, кейде биені сауудан соң енесі мен құлынын бір-біріне қосып, арқанмен қосақтап байлап жіберу. Қой мен ешкіні аралас, қойды бірыңғай, ешкіні бірыңғай қосақтап саууды Баян-Өлгий қазақтары «көненің көзіндей» сақтап отыр. Қой, ешкіні аралас қосақтағанда сүтін де аралас бір шелекке сауа береді, пісіргенде сүт­тің құнарлылығы арта түседі, әрі шәйға қатуға татымды. Қазақтың ерлі-зайыптыларға «қосағыңмен қоса ағар» деп бата беруі дәстүрлі тіршіліктен алынған.

Тас қора

Табиғат­ты дәстүрлі игерудің халықтық білімі жергілікті тасты құрғақ қалап жинаған «тас қоралардан» көрінеді. Жайлаудағы тас қоралар ашық кеңістікте салынса, қыстау, күзеулік тас қоралар көбіне тау жарларына жапсарлана салынып, қораның бір қабырғасын жартастар құрайды. Күз, қыста тауға жапсарлана салынған немесе екі жартастың түйісер қуысына салынған қоралар аязды, бұрқасынды кездерде жел өтінен ықтасын, әрі малға жылы болады. Тас қора малға бөрі тиюден де қорғаныш болады. Мерзімдік қоныстан кетіп, қайта көшіп келер алдында қора табанындағы қи кеуіп, қопарып алуға дайын тұрады. Мерзімдік қоныс атауына иесінің атымен бірге «қора» сөзі қатар айтылады, мысалы «қыстауы, күзеуі» орнына «Бақытбектің қыстық қорасы», «Қайзымның күздік қорасы» деген сөз тіркесінің қолданылуы мал күтімінің аймақтық ерекшелігін, табиғат пен адам арасындағы байланысты аңғартады.

 

Үйші

Киіз үйдің ағаш сүйегін жасау – қазақ жерінде жойылу қаупінде тұрған құндылық екені аян. Үйші, ағашшылар бар болғанымен бір киіз үй жасау үшін кемі 300 тал шыбығын кесу талдың қорғалуымен байланысты қиындық кесе көлденең тұрады. Әрі қазақ жеріндегі инновация, урбанизацияның қарқынды дамуы киіз үйдің дәстүрлі тұрмыстық қолданысын бірте-бірте ығыстырып, бизнестік қажет­тілікке орай темір үйлерді қолданысқа енгізді. Өлгий үйшілері ағаш бұтақтарын уықтық, шаңырақтық деп бөліп шабады. Киіз үй үшін шабылған ағаш орнына «бір ағаш кессең, бір ағаш тік» деп үйшілердің ағаш егіп өсіріп беруін қолдау бағдарламасы жолға қойылған. Аймақ орталығындағы, яғни қаладағы әр үйдің алдын киіз үйсіз елестету мүмкін емес. Жайлаудағы әр қазақ кемі 2-3-тен үй тігеді. Жер үйді қыста от жағатындықтан «ыстық үй» деп атау қалыптасқан.

Тас жиған құдық

Тас жиған құдық – қабырғасын қима тастармен бекіткен шеген құдықтың жергілікті атауы. Баян-Өлгийдегі құдық қазуды кәсіп еткен құдықшылар жер асты суын шығарып, құдықта жинаудың дәстүрлі гидротехникалық білімін атадан-балаға мирас етіп келеді. Цилиндр типіндегі жер астын кеулей тік қазылған құдықтардың тереңдігі 8 метрден 18 метрге дейін жетеді. Құдық қазуды кәсіп еткен жігіт­тер Жер асты суын шығарып, құдықта ауыз судың қоры ретінде сақтаудың, жер асты су көзіне жетудің қиындығын «отын олжа, су қордық» деп жеткізеді. Құдықтан су ішуді құндылық, мұра ретінде сақтаған қазақтан қалай айналмайсың?!

Бар ма?, Бар ғой!

«Бар ма?, Бар ғой! »– телефон шалғанда амандасу, тілдесуді бастауда қолданылатын, яғни «байланыста барсың ба», – деп сұрайтын қаратпа сөз. Жалғаймын, жалғап жібер, жалғасын – яғни «байланысты жалғаймын» дегені, құлаққа жағымды, ақылға қонымды. Біз болсақ «Алло? – Алло!», «звондаймын», «звонда» дейміз, «звон» орыстың «звонит»­-інен алынса, «даймын» біздің жалғау.

Жаяу көкпар

Жаяу көкпар – арқан тартыс ұлт­тық ойынының халық арасында қалыптасқан атауы. Көкпар – ат ойынында серке ат үстінде тартысқа түседі. Ал арқан тартыста екі топ арқан арқылы тартысқа түседі, «жаяу көкпар» деген осы, «жаяк көкпар» сөзі сирек қолданылса да, қазақ ойынының кеңістігі қандай керемет!

P.S. Байырғы қазақ ауылының, дәстүрлі қазақ қоғамының құндылықтарын сары майдай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған Шығыстағы қандастарымыздың «ұйытқы» ақсақалдарына, атбегі, құсбегілеріне Қазақ­стан Респуб­ликасының мемлекет­тік марапат­тарын берсек те артық емес сияқты. Ағайындарымыздың тек құрылтайда ғана емес, түрлі мемлекет­тік мерекелерімізге қатысуын қамтамасыз ететін бағдарламаларды, балаларын атамекенде оқытуға грант­тар санын арт­тыруды жолға қою да артық болмас еді.

 

Тәт­тігүл ҚАРТАЙ,
этнограф

ПІКІРЛЕР2
Аноним 07.09.2023 | 15:54

Ассалоумағалəйкум Бауырлар. Осындай тақырыпты қозғап бостағандарыңыз жөн болғаны. Кай Елдің , жердің салт — дəстүрін білген дұрыс… Шабыт тілеймін қалам қадамға. Рахмет!

Аноним 23.09.2023 | 15:14

Тамаша, Биқұмар Кəмəлəш ағаңды еске салдың. Байөлке десең, өзге өңірдегі — Қобда, Налайхвн, Дархан, Орхон Туыл, Кентей…жалпы Моңғол үстіртін мекендеп жүрген бауырлар қалыс қалып қояды.
Сондықтан да Биқұмар ағаң жалпы моңғол мен жалпы қазақ салтын салыстыра зерттеген. Қазір Ақеділ Тойшвнұлы ағаң Түрік-Моңғол-Қазақ мифологиясы деп тереңдетіп барады. Сөйте-сөйте Ғұн, Сақ дəуіріне тірелерміз!
Еңбегіңіз жеміст болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір