ҚАЗАҚ БАРДА, ХАМЗА БАР
05.10.2023
348
0

Орал қаласында 21-22 қыркүйекте ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, жазушы Хамза Есенжановтың 115 жылдығы аталып өтті.

 

Ең әуелі облыс орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағындағы қаламгер мүсінінің жанында поэзия сағаты өтті. Поэзия сағатында академик, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, жазушының немере інісі
Айтқожа Биғалиев ағасының өте мәдениетті, еңбекқор жан болғанын, ал Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, қаламгердің келіні Дина Есенжан Хамза Ықсанұлының абақтыда француз тілін үйренгенін, кейін Францияға барған уақытында «Ақ Жайық» романын сол тілде жазып қалдырғанын жеткізді.
Содан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған іс-шара қонақтары қаламгер мүсініне гүл шоқтарын қойды. Поэзия сағаты барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов «Хамза Есенжанов – ұлы заман тұлғасы» атты шығармашылық байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Поэзия сағатынан соң «Атамекен» өнер ордасында «Жаңа Қазақстан: ХХ ғасырдағы әдеби-тарихи үдеріс және хамзатанудың өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиналған үлкен-кішінің назарына алдымен «Ақ Жайығын аңсаған азамат» кітап көрмесі мен «Пайымды парасат иесі» фотокөрмесі ұсынылды. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр жүргізген алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, жазушының немересі Хәкім Әлиханұлы мен бірқатар туысы қатысты.  
Саналы ғұмырын әдебиетке арнаған тұлғаны дәріптеу, оны өскелең ұрпаққа насихаттау, жалпы асыл азаматтардың мұрасын көздің қарашығындай сақтау – басты парызымыз екенін жеткізген облыс әкімі Нариман Төреғалиев қаламгердің ағайындарына сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар «Дархан дарын» атты фотоальбом мен жазушы 1972 жылы қағазға түсірген «Биғайша» үш актілі драмасының тұсауы кесілді.
– 1957 жылы қазақ руханиятында үлкен сенсация болды. Өйткені «Ақ Жайық» трилогиясының бірінші томы жарыққа шықты. Бұл шығарманы Мұхтар Әуезов «Еуропалық үлгіде жазылған алғашқы роман» деп бағалаған.
«Хамза Ықсанұлымен тілдескен жан қазақтың қандай ұлт екенін сезінеді. Қазақ бар жерде – «Ақ Жайық» бар, қазақ бар жерде – «Ағайынды Жүнісовтер» бар», – деді Мереке Құлкенов.
Конференция барысында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков Хамза Ықсанұлына арнаған өлеңін оқыды. Дина Есенжан жазушының өмірі жайында сыр шертсе, Айтқожа Биғалиев «Қуғын-сүргін –
Хамза Есенжанов – Ақ Жайық – Құныскерей» тақырыбында сөз өрбітті. Өз кезегінде тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, алаштанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Дәметкен Сүлейменова қаламгер туралы тың деректерді тілге тиек етті. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Азамат Мамыров «Хамза
Есенжанов шығармашылығы: дәуір, өңір суреттерінің көркемдік кеңістігі» тақырыбында ой толғаса, тарихшы, хамзатанушы Сайлау Сүлейменов жазушының қаламдастары мен замандастарының естеліктеріне, қаламгерлік ерекшеліктеріне тоқталды.
Хамза Есен­жа­нов­­­тың туғанына 115 жыл толуына орай мәдени-көпшілік шаралар туған ауыл-аймағы Теректі ауданындағы Шалқар ауылдық округінің орталығы Сарыөмір ауылында, Сасай тауының етегінде жалғасты.

Марлен ҒИЛЫМХАН,
Батыс Қазақстан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір