Өс, қазақ, көбейе түс, көркейе бер!
28.11.2023
120
0

Өткен жұмадан бері «халқымыздың саны 20 миллионға жетті» деп желпініп отырмыз. Ал енді жан санымыз жиырма миллионға жетсе, жағдайымыз жақсарып кетер ме дерсіз. Жоқ, әзірге ештеңе өзгере қоймас, дегенмен де жер жаһан жұрты жанталаса қарулана бастаған тұста «көп қорқытады, терең батырады» деген сөздің салмағы артып бара жатқанын да естен шығармайық.
Қазақ халқы «өс, өн, көбей, көркей» деген тілекті көп айтады. Аяр саясаттың қолдан жасаған алапат ашаршылығынан жойылып кете жаздаған ұлттың аңсар-арманы осы тілекпен тұтасып жатқандай әсер қалдырады. Сонау жаугершілік замандардан бері халық санын көбейту, сол арқылы ұлан-ғайыр даламызды толтырып отыру басты мақсат еді. Өйткені бос жатқан жердің жау шақыратынын бабаларымыз жақсы түсінді. Түсінді де жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, әр отбасында 10-12 баладан өсіруге тырысты. Осындай жүйелі әрі жалпы халықтық саясаттың арқасында қазақ даласы мыңғырған малға, шұбырған жанға толы болды. Ұлт ұстазы – Ахаңның «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз!» дейтіні де осы тұс еді.
Жиырмасыншы ғасыр халқымыз үшін қасіретті кезеңге айналды. Қат-қабат келген тарихи оқиғалар, геноцидтік саясат түркі елдерінің ішіндегі ең көп таралған қазақ халқын түбегейлі жойып жіберуге шақ қалды. Сол замандарда қазақ халқынан әлдеқайда аз болған Түркия мен Иран жұрты осы күні 80 миллионнан асты. Осыдан-ақ сол сәттегі тарихи шешімдердің қандай қанқұйлы болғанын бағамдауға болады. Демографтардың болжамынша, егер де халқымыз сол ашаршылық пен қуғын-сүргіннен аман қалып, шетел ауып, босып кетпегенде дәл қазір осы территорияда 80-100 миллион қазақ мекендеп отыратын еді. Санның сапа тудыратынын ескерсек, экономикамыз да қазіргіден әлдеқайда қуатты һәм саяси аренадағы салмағы әлемдік мәселелерге араласуға мүмкіндік беретін-ді. Демография ішкі саясат пен экономикаға тікелей әсер етуші күш болғандықтан, сыртқы факторда да үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Біз бұны көршілес Қытай елінің мысалынан анық аңғарамыз. Сондай-ақ, қазіргі таңда жан саны жағынан бірінші орынға шыққан Үндістан да әлемдік деңгейдегі мәселелерге белсене араласуда.
Әлемдегі үздіксіз жүріп жатқан көші-қон үрдісі саны аз ұлттардың сапалы ұлтқа айналуы керектігін көрсетіп отыр. Алайда алып территорияны азшылықпен қорғау, ұстап тұру да қиынға соғары анық. Өйткені біздің ел халық сирек қоныстанған мемлекеттер қатарына жатады. Бұл – геосаяси тұрғыдан да, экономикалық есептен де қауіпті жағдай. Оның үстіне БҰҰ жарғысы бойынша осы ұйымға мүше елдердің барлығы да босқындарды қабылдауға міндетті. Әл-әзірге әлемдегі миллиондаған босқындар әлеуметтік жағдайы жақсы Еуропа елдерінен пана тапқанмен, кәрі құрлық саясаткерлері жуық арада бұл үрдіске өзгеріс енгізуі ықтимал. Сондықтан да бізге демографиялық саясатты қайта қарап, бала туу көрсеткішін арттырып, өлім-жітім индексін төмендету – кезек күттірмес мәселе. Әрі шетелдегі этникалық қазақтарды елге шақырып, солтүстік өңірлерді қазақыландыру үрдісін жүргізу ісі де қуатты қарқын алуы тиіс. Халықты көбейтудің үш жол – осы. Басқа жол жоқ. Бірақ…
Бұған ең алдымен биліктің өзі мүдделі болуы тиіс. Өйткені мемлекет құрушы қазақ халқының үлес салмағы 70 пайыздан асуы – ендігі кезеңде елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, тілдік мәселеде басымдықтың қай жақта боларын билік басындағылар анық біліп отыр. Өз халқын өзекке теуіп, шекесінен қарайтын қағынан жеріген шалақазақ шенеуніктерге бұл жағдай ұнай қоймас. Алайда алдағы уақытта кез келген мәселе қазақ халқының мүдделік призмасынан қаралатыны сөзсіз. Солай болуы тиіс те. Өйткені тәуелсіздік алар тұста елдегі қазақтардың үлесі 41 пайыз ғана болып, азаттықты ақыр соңынан әзер жариялағанымызды Алаш баласы әлі ұмыта қойған жоқ.
Аймақтар мен ауылдардағы экономикалық ахуалдың төмендігінен, экологиялық қолайсыздық пен жұмыстың жоқтығынан қалаға көшіп, ішкі миграция есебінен урбанизация үрдісін үдетіп жатқан мегаполистер маңайындағы баспана, жер, мектеп пен балабақша мәселесін үкімет үздіктірмей тезірек шешіп, ана мен балаға төленер жәрдемақы көлемін көбейтіп, ел еңсесін көтерсе, шежіресінің шынжыры үзілмеуін қалайтын, үлкен әулет болуды аңсайтын қазақ қоғамында демографиялық дүмпудің орын алатыны анық. Тек соған жағдай жасалса…
«Әлхамдулилла, алпыс миллион қазақпыз!» дейтін күнге тезірек жетейік.

2004 жыл. Мамыр. ШҚО Бозай ауылында туған Перизат Өскембаева ресми түрде 15 миллионыншы қазақстандық деп танылды.
2013 жыл. Мамыр. Түркістан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген Алтынбек Есқара 17 миллионыншы ел тұрғыны саналды.
2017 жыл. Мамыр. Талдықорған қаласында дүниеге келген Мүслима Саматқызы еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны ретінде тіркелді.
2021 жыл. Маусым. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы Қазақстанның 19 миллионыншы азаматы деп жарияланды.
2023 жыл. 14 қараша. Таңғы сағат 8:10-да Ұлытау (Томирис Сұңғатқызы), Жетісу (Айсұлтан Мұхтарұлы), Атырау (Мухаммад Қосай), Ақмола (Ясина Айдарқызы) және Түркістан (Әлімхан Ерғалиұлы) облыстарында дүниеге келген 3 ұл, 2 қыз еліміздің
20 миллионыншы тұрғындары атанды.

Д.НАЗАР 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір