ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
11.01.2026
68
0

Татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибраһимовтің «Қазақ қызы» романы көпшілікке біршама танымал. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Жақан Сыздықовтың аудармасымен жарық көрген шығарма туралы сол кездегі жап-жас студент, кейінгі атақты академик Рымғали Нұрғалиев Қазан қаласында ғылыми баяндама жасап, айды аспанға бір-ақ шығарғаны бар. Сөйтсек, татар ағайынның сөз өнері қорында осы аттас және бір дүние бар екен. Ол – осы елдің тағы бір ғазиз перзенті, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны, ақын, драматург, аудармашы, көсемсөзші, театр қайраткері Фәтхи Бурнаштың (1898–1942) он сегіз жасында жазған «Қазақ қызы» атты поэмасы. Біз жұртқа беймәлім бұл туындыны Қазанға ғылыми сапарымыздың барысында ХХ ғасыр басындағы татар басылымдарының бірі – «Аң» газетінің 1916 жылғы 22-санынан ұшырастырып, көшірмесін жасатып алғанбыз. Осы мұраны қазақ тіліне аударуға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне академиялық ұтқырлық бойынша келіп дәріс тыңдаған Қазан федералдық университетінің студенті Ихтияр Қиямов қолғабыс берді. Бір жағы, «Безнең мирас» журналында қызмет істеп жүрген, әдебиеттің арғы-бергі тарихынан мол мағлұматы бар, ғылымға икемі зор талапкер жас поэманың татарша толық мәтінін араб қарпінен кирилл графикасына түсіріп, жұмысымызды жеңілдетті. Сол еңбегі үшін тәңір жарылқасын дейміз. Фәтхи Бурнаш (толық аты-жөні – Фәтхелислам Закирұлы Бурнашев) Қазандағы «Мұхаммедия» медресесінің, содан соң мұғалімдер семинариясының шәкірті бола жүріп, қазақ арасына барып, бала оқытқан. Жиырмадан артық пьесасы, отыздан астам поэмасы мұраға қалған қаламгердің рухы қазаққа жақын «Қорқыт» атты поэмасы да тәржімалану үстінде екенін айтқымыз келеді. Ұлтымыздың мәдениетін жетік білген қайраткердің 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі туралы да арнайы мақала жазғаны белгілі. Фәтхи Бурнаштың «Қазақ қызы» поэмасы – романтикалық сарында жазылған, отарлық саясаттың қазақ халқына әкелген қасіретін көрсететін шығарма. Онда әкесі де, анасы да жау қолынан қаза тапқан, кек қайтару үшін жорыққа аттанған туған бауыры да құрбан болған қазақ қызының трагедиялық тағдыры суреттелген. Поэманың көркемдік кестесінде ретроспективалық баян, тыныштық пен түн символикасы, монолог пен диалог пішіндері, ұлттық жад, ер серігі – арғымақтың бейнесі т.б. көрініс тапқан. Оқиғаның бір фоны ретінде Үргеніш аймағы алынғанына қарағанда, поэманың тарихи негізі Ресейдің 1873 жылғы Хиуаға жасаған басқыншылығымен байланысып жатқан секілді. Әрі қарайғы зерт­теулер бұл поэманың сыр-сипатын тереңірек тануға жол ашады деген ойдамыз.

Амантай ШӘРІП,
филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі

Фәтхи Бурнаш

Ақ Жайықтың жөңкіген қақ жарыла,
Жайғасып ап бір оқшау ақ жарына,
Ойға шомып отырған қазақ қызы,
Елең қағып, қарайды жан-жағына.
Маңай мүлгіп… сандуғаш сайрамайды,
Шыр-шыр етіп, қоналқы сайламайды.
Шалғын кешіп жүретін жайсаң жігіт, 
Шыңылдатып шалғысын қайрамайды.
Тау тасалап, алтын Күн әрі ығысып,
Орман асып кеткенде жанып, ысып,
Ең ақырғы сәулесі ойнақшиды,
Шашбауында сұлудың шағылысып.
Сілкінбейді ағаштың желегі де,
Гүлге, шөпке у-шудың керегі не,
Ақ Жайықтың шолп еткен толқыны жоқ,
Шортан, шабақ жұтылып тереңіне.
Жалғыз өзі қалқиған жар басында,
Жұмбақ қызда не тылсым бар, расында?
Аңсары не? Арзу боп күткені кім?
Қырағы көз қиянды шалмасын ба?
Әлде бейбақ үрке ме «Жау шапты» деп,
Сірә, дұшпан ел-жұртын қаусатты кеп. 
Иә болмаса қашатын жол іздей ме, 
Қиялдағы үмітке саусақ тіреп. 
Бәлкім, оның ұзамас үйден зары,
Жоғалтып ап шолпысын күйген жаны?
Кім біледі, келе ме өзен бойлап
Алыс кеткен жолаушы – сүйген жары?
Бақ-талайын жауыздар тұсады ма?
Жазмыштан ба іштегі құса мына?
Дүниені тәрк етіп ғазиз жаны,
Ақ Жайықтың кірмек пе құшағына?
Ызғырық жел алдынан ескен бе екен?
Жүрек қабын қайғы-дерт тескен бе екен?
Туған елден әйтпесе безіп шығып,
Арып-ашып, бұл жаққа көшкен бе екен?
Су жағалап, неліктен сенделеді,
Жауды, жолды ойға алмас пенде ме еді?
Айналған ба әдетке жалғыздығы,
Мүмкін, солай болғанын жөн көреді?
Тоқта! Әлдекім байқалды арғы беттен,
Арғымағы арнадан қарғып өткен, 
Атылған оқ, соққан жел ілеспестей, 
Қамшы үйірсе, тіресіп қалды көкпен. 
Суда жүзген балықтай ептілігі, 
Сүңгіп, сырғып… көретін жетті күні,  
Сұлу қызға туралап келді, міне,
Жардан түсіп, қарсы алып, өпті мұны.
Деді жолшы: «Сенбісің? Әпкем, жаным!
Омырауыма білесің кек толғанын,
Бір орыннан тапжылмай күткенің бе,
Жаудан алған өшімнің көп болғанын?
Тынбай шаптым, әпкежан, түз бөктеріп, 
Қалды ақ боз үй – ауылдар тізбектеліп.
Шыр айналдым жауымды таба алмастан, 
Шарасызбын тағы да… іздеп келіп.
Тоқта, тоқта, мақұл көр бұл ісімді,
Менің үшін сынақтың бірі сынды.  
Айлап, жылдап жортармын, 
тоқтамаспын,
Жау қанына суармай қылышымды.
Білсін дұшпан, жан сауға сұрап егер,
Жалынса да, жайым жоқ сірә көнер. 
«Кек» деген сөз кеудемнің көрігінде, 
Жүрегіме шоқ салып тұра берер. 
Олар біздің тұқымды қорлаған-ды,
Жас көңілді түнек қып, торлап алды.
Көрсін енді жаңа ұрпақ құдіретін,
Бабам таудан қашаған зор қамалды. 
Жау – жазасыз, серт пен сөз бұзылғанда, 
Елге қарар сол сәтте жүзім бар ма, 
Қазақ емес, мені жұрт қашақ десін,
Бөктірмесем қамшымды қызыл қанға.
Сау бол! Қайта ерттеймін ақбозымды,
Жауымды іздеп, түгесем тақ төзімді,  
Тағдыр жетіп, қайтпасам… Қош мәңгіге!
Жеңем яки жеңдірем жатқа өзімді…»
«Жолға шығып, бауырым, сен барасың,
Сілкінтем деп қазақтың кең даласын,
Кек қайтарсаң, өр бейнең танытады,
Аруағы үстем жұртымның бел баласын.
Сорлы әкемді өлтірді бүлік қылып,
Анамды да мерт қылды күліп тұрып,
Жәбір, жапа… Кемітті ханның бәсін…
Жібермек пе барлығын ұмыттырып?
Арғымаққа мін –  бағың бұл бұйырған,
Таудан аттап, олжа сап бір қиырдан, 
Жаудың басын әкеліп таста алдыма,
Қанға толы көзіне құм құйылған!
Келеді олар – даңқың не, жеңісің не,
Жыр төгерсің шаттанып ел үшін де,
Бас жарылса, бөріктің астында боп,
Қолың сынса, қалады жең ішінде!
Шолпан жұлдыз туғанда –  шырақ ерен,
Түн ағарып, таң атар мына менен,
Күтіп, бауырым, міне, осы жар басында,
Жауды жеңіп келгенше тұра берем…»
***
Әпке сөзін қалайша аңғармасын, 
Қамшы білеп, тербетіп жанды арнасын, 
Кесіп өтті Жайықты, сүрте-сүрте 
Ат жалына көзінен тамған жасын.
Қазақ қызы болмас деп бос тілегі,
Тауға қарап, бір хабар тосты үнемі, 
Кісінеген дауысы арғымақтың.
Тымық кеште алыстан естіледі.
Жайық бойын әлдебір тылсым басқан,
Түнекпенен қырат-қыр құр сырласқан,
Батқан күннің бояуын сіңіре алмай,
Күңгірт тартып, бейуақта күрсінді аспан.
Ымыртты шақ осылай жанды жепті,
Жас ұланды жаһанда жалғыз етті.
Көкжиекте адасқан ақбауыр бұлт,
Оралтады ойына барды, жоқты.
Ыңылдайды, қолына тимес ырық, 
Ақ көбік ат, шаршаған күйде сұлық.
Дыбыс берсе жарқанат, байғұс жүрек,
Дыз етеді алғандай ине сұғып. 
Айтса өжет қазақтың ертегісін,
Кетер бағзы сарындар өртеп ішін,
Керім күндер жоғалды, майдан кешіп,
Сыдырғандай жойқын жау жон терісін.
Күйіп-жанып, ол үшін шеп бұзардай,
Аңсары ауып, тынбайтын топты 
жармай,
Ақ білекті арудан айырылған,
Бір тәңірге тілегін жеткізе алмай.
Әке қабірі көз алдын тұмшалады,
Ана, әпкесі… кімге енді мұң шағады.
Көкірегін барады қарс айырып,
Ақ шарбы бұлт, тыныштық, түн самалы.
Еске түссе дұшпаны, сұғынып кеп,
Көзін жұмып, сабырға жүгініп көп, 
Ыза буып, толқиды, тасынады,
Түйіледі жүрегі жұдырық боп.
Тұлпарымен тілдессе, сауығар-ды,
Кең далада бұғынып жауы қалды.
Биік таудың беткейі – бұралаң жол,
Тар соқпақты бір уақыт тауып алды. 
«Арғымағым, ардағым, торыққан ба!?
Бұл соқпақпен адымда, қорықпа, алға!
Білесің бе, бізді алда не күтіп тұр? 
Кеуде тосып, барамыз жорықтарға!
Үрейленіп, неліктен күмәндандың?
Пысқырынып, не жаман сыр аңғардың?
Тың тыңдайсың, үнсіз қап дір етесің,
Бәлкім, оқыс сезімге шын алдандың?
Әлде дұшпан жаққан от жарқырай ма?
Көріп соны, өн бойың қалтырай ма?
Алдын ала ажалға бойсындың ба,
Әзірейіл төнсе, тірліктің парқы қайда?
Сынық көңілің бір нәрсе сезгені ме?
Бұл өмірден суынып безгені ме?
Жайлы күндер тіреліп тығырыққа, 
Жау елесі тау ішін кезгені ме?
Жүрекке тар шыдамның қалыбы да,
Өткір көзің жетер ме анығына?
Темір таға қағылған тұяқтарың,
Жаудың жортқан жерлерін таныды ма?
Сақтадың сен дұшпанға күлкі қылмай, 
Сыр бермедің, мінезің бір құбылмай.
Тау мен дала тулады табаныңда,
Құстай ұштың, туар ма жылқы мұндай!
Өткен шақтың сәттері есіңде ме?
Сағынбаймыз жаз жайлау төсін неге?
Бала кездің бақытты бір күнінде
Бәйге болды, ауылдың көші іргеде.
Аламанға қосылды бәйге аттары,
Бір сапта тұр, шетінен жайдақ тағы.  
Жақтырмадым жүйрікті сенен басқа,
Шаба алмайтын көрінді маймақ бәрі.  
Бір-бірімен таласып, қаны ысынып,
Қалың нөпір ағылды жан ұшырып.
Өзіңді ойлап, жанарым жасқа толды,
Қалмаса деп жар жолда сағы сынып. 
Қанат бітіп бір кезде самғап ұштың,
Оза шаптың, білдірмес таңданыс кім?!
Қуанышым қабысты қорқынышпен,
Құшағына кіргендей алданыштың.
Желдей естің, желпінтіп көп көңілді,
Жарысқандар шаңыңа тек көмілді.
Ұмытпаймын шомылып ақ көбікке,
Алғашқы боп көмбеге жеткеніңді…
Арғымағым, аршындап, аңқылдаған,
Арыстаннан кем емес даңқың маған,
Жібек жалың желбіреп, желмен ойнап,
Күміс жүген басыңда жарқылдаған.
Есіңде ме: демеймін бостық мүлде,
Жайық кешіп, қарамай еш түкпірге,
Малға жайлы көк шүйгін өріс іздеп,
Үргенішке –  шығысқа көштік бірде. 
Кім біліпті, бір қарғыс дарығасын,
Не жазмыштың болды ма заңы басым,
Күнбатыстан жау келді деген хабар,
Үргеніштің шулатты кәрі-жасын… 
Шашасына шаң жұқпас сәйгүлігім,
Бастан кешіп тағдырдың қайғы-мұңын,
Жер тарпыған қуатың семіп-солып,
Көк тіреген рухың тайды бүгін.
Бауыр жазып шапқансың, кең көсіліп,
Қапталыңнан жарыса жел қосылып,
Ауыздықпен алысып, аласұрып,
Жауға қарсы тұрар ең, өрге шығып. 
Сен екеуміз аң аулап, саят құрдық,
Жауды қудық жыраққа – тоят тірлік.
Бізсіз өткен бәйге жоқ! Ұлы тойда
Жүлдені алып, әлсізді аяп тұрдық.
Тағдырға сен көрдің бас игенімді,
Қалың жауға жасындай тигенімді. 
Ел қорғауға аттандым, қимай-қимай
Туысымды, досымды, сүйгенімді.
Ойнап-күлген баяғы бекер ме күн?
Қасыма ерген көп жігіт – нөкерлерім.
Құба шөлде бір жұтым су таппадық,
Соны еске алсам, дегбірім кетер менің. 
Жау қоршады, ышқындық сен де, мен де,
«Алға!» десіп сарбаздар дем берерде, 
Абайламай желкеңді жараладым,
Тебініп қап, қамшымды сермегенде.
«Кешір! – дедім, мұрсат жоқ сызылғанға, 
Жақсы нышан көрінсе, ой бұзылған ба?
Ақбілегім сыйлаған ақ орамал
Сүрткен бойда малынды қызыл қанға.
Жын секілді дұшпанды иектедің,
Тұяқпенен иледің сүйектерін.
Ақырзаман, айқай-шу, қан менен шаң, 
Сонда маған арқаңды сүйеп пе едің?!
Қайсы қамал шын төтеп бере алады?!
Үргеніштің болды ойран кең алабы…
Жау жеңілді… Оқ бітті, садақ сынды,
Жас төгілді, талай бас домалады…
Екпініңнен тау күйреп, тас жанатын,
Жауды жайпап,
                              қайратың бас жаратын!
Қарап тұрсам, қазіргі кейпің басқа, 
Ешкімнің де жайы жоқ жасқанатын.
Солай, достым, тірліктің әуресі көп,
Марғауланып, қоясың зәуде есінеп.
Шау тарттың ба, мүжіліп тұяқтарың,
Жанарыңның бұл күнде сәулесі жоқ?!
Үркек болдың, кеткендей бәле қаптап,
Жаудан қашып, өзіңді және баптап.
Қараңғыдан неліктен шошынасың,
Адымыңды аша алмай, әрең аттап?
Әлде шаршап қалғаның жай ғана ма?
Шапқаның ба қарамай айналаға?
Кеш батқанда, бәлкім, мен жаңылыстым,
Жағаласып ойыммен айдалада?
Жо-жоқ, достым, сезіммен құр аңдыспай,
Бойда күшің, қалайша тұрар қыспай, 
Тік көтерсең еңсеңді, тұғырды аңсап,
Қияға әлі шырқайсың қыран құстай.
Көрдің бе, әне, шомылған ай нұрына,
Шайқас орны…  тым ауыр қайғылыға.
Тізілген үй, алдында от жағылған…
Тау бөктері бейнесін жайды мына.  
Перун* дәуірі секілді мерекесі,
Бүгін, міне, тасыған берекесі,
Күлкісі шат, қуаныш, у-шуы мол,
От жарқылы… оларға керегі осы.
Арғымағым, алға бас, тауға қарай!
Алда тұрған шаппаймыз жауға қалай!
Қорықпа! Ондағы дұшпанның қуаты кем,
Кек аламыз, босқа бас сауғаламай!»
Толған Ай да тауға бет бұрыпты асқақ,
Көк жүзінің пердесін түріп тастап,
Алтын кірпік Күн тұрды ұйқысынан,
Шуақ шашып, сапарын күліп бастап. 
Жұлдыздар да кезегін біліп кепті,
Жымың қағып, ырза қып тұнық көкті, 
Амандасып ақ таңмен, содан кейін
Әлдеқайда білінбей сіңіп кетті…
Биік шыңдар аспанның сырын баққан,
Жасыл тоғай төскейде қырын жатқан…
Саф ауаны тербеткен сандуғашпен
Жарысам деп торғайлар шырыл қаққан…
Сұлу, сәнді табиғат – мәңгі көрік,
Жұпар иіс маңайды қалды көміп.
Жанды, жансыз бір-бірін құттықтайды,
Ұлы тәңір сыйлаған таңды көріп.
* * *
Қазақ қызы қалқиған жар басында,
Тау жақта ойы, ешкім жоқ дәл қасында.
Дірілдейді, қорқады… Неге екенін…
Елестеді бір бейне… алғашында…
«Арғы беттен, қарашы, кім келеді?
Бауырым ба, таусылған дүрбелеңі?
Бейтаныс жан?.. Әлде бір жолаушы ма?
Қарақшы ма, қашқын ба – бұл дегені?..
Ол кім екен?.. Әлде бір бақташы ма?
Жамандықтың жөн білмес жақтасы ма?..
Бәлкім, аңшы? Елші ме? «Әулие» ме?
Ұры ма енген ел-жұрттың қақпасына?..
Бауырым ба? Кім?.. Көзім жат көре ме?..
Інім десем, бекер ме, «әттегене»?..
Тоқта!.. Тоқта! Анау не? Уа, Құдайым!..
Әлде ол жақтан жалғыз бір ат келе ме?..
Ол… анау сол!.. Кеудеме жар құлады,
Тау бөктері, Жайықтың арғы жағы…
Жалғыз түйір! Бір өзі! Келе жатыр!..
Бауырымның сормаңдай арғымағы!..
Не нәрсе бар?.. Мұнан шер тарқасын ба?
Ұйықтап кеткен бе үстінде? Ер қасында… 
Аһ, сұм ажал! Аяусыз! Не көрсеттің?..
Арғымақтың аруақ арқасында!..»
***
Міне, жігіт!.. Міне, оның тамған қаны…
Қасіретті тағдырдың жанды алғаны…
Қазақ қызы бауырын құшақтайды…
Еңірейді… үміттің алданғаны.
Тағы… кенет мұңды зар жаңғырады,
Тына қалған Жайықтың арғы жағы…
Жалғызсырап, қайғырып кісінеген –
Жас ұланның бақытсыз арғымағы…
*Перун – ежелгі славяндардың соғыс құдайы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір