«ШАҢ ЖҰҚПАС» ШАҢҒЫТБАЙ НЕМЕСЕ «ТӨРТ Д»
Айтбай ТӘСІЛОВ
Суретін салған Н.ТАЗАБЕКОВ
– Әй, оңбағандар десе!.. әй, жауыз немелер десе!.. Сендерде ұят бар ма өзі?.. Е-е-е, қайдан болушы еді… ұяттан садаға кеткірлер! Оны ұмытқан сайын гүлдей жайнап, күндей күркірегесін, керексіз ұстанымдай көресіңдер де… атың өшкір бактериялар! – деп, «клубтың» сахнасына ілінген плакаттардағы әлгі «оңбағандардың» үтір, нүкте, таяқша тәріздендіріп үлкейтіле салынған суреттеріне қарап, айтпағының әлқисасын осындай оқыс сөздермен бастап, кіжіне шүйлігіп алған «Ызалы» ауылдық ауруханасының бас дәрігері Шаңғытбай жүзін «Мәдениет дегеніміз – тазалық, тазалық дегеніміз – денсаулық» атты лекциясына жиылған, көпшілігі қалғып-мүлгіген зейнеткерлер мен келін жұмсап, қолы бостықтан үйге сыймай, өсек іздеп, ерігіп отыратын әйелдерден тұратын елушақты тыңдарманына бұрды. – Бірақ аттарың өше қоюшы ма еді. Иә, өше қоймас… – деді әлдебір шарасыздық шаршатқандай, бір сәт күйзелісті кейіпке ене қалып. Артынша біреу жанды жеріне біз тығып алғандай шоршып түсіп, ілезде бойын тіктеп, даусын қайтадан қатайтып шыға келді. – Қайдан өше қойсын, егер мына сіздер сияқты өздері «білмейтін, білгеннің тілін алмайтын», қас пен досты ажырата білмейтін әлжуаз, аңқаулар көп болса… Өшпейді! Вообще өшпейді! Көр де тұрыңдар, – деп, отырғандарды сөзімен де, көзімен де түйреп, екілене ежірейді.
– Микроорганизмдердің барлығы оңбаған, жауыз емес шығар?! Біздің әрқайсымыздың ішімізде бір жарым, екі килоға жуық пайдалы бактериялар бар дейді ғой, – деп, алдыңғы қатарда отырған, бұрын мектепте биологиядан сабақ беріп, зейнетке шыққан Сарыбай ағай сенімсіздеу реплика тастады. Шаңғытбаймен жақын араласа қалғандар оның бойында екі мінездің жиынтығы жасырынып, қажеттілігіне қарай алма-кезек бой көрсетіп тұратындай әсер алар еді. Аз-маз уақытқа ұстамдылықпен салиқалы ойлар айтып, жұртты үйіріп әкеткені құрысын, қас пен көздің арасында қарадай бұзылып, жүз сексен градусқа бұрылып, аттандап, ақиып шыға келетіндігі елеулі ерекшелігі болатын. Алдына бара қалғандар арқасы бар ма, шалығы бар ма деп қай жағынан шығарын білмей, аяғын тарта сөйлейтін.
– Ал мен пайдалысы туралы емес, зияндысы туралы айтып тұрмын, Сарыеке, – деп сабырлы қалыпқа түсе қалып, сөзін ары қарай сабақтады. – Инфекциялар да тіршілік иелері. Өмір сүргісі, шалқып жүргісі келеді. Көбіне біздің есебімізден. Девиздері: «Біреу өлмей, біреуге күн жоқ». Ақыл-айласы бар. Өзгеріп, құйрығын ұстатпай, мың құбылатын зәлімдігі тағы бар. Олар бізді аяйын деп тұрған жоқ. Өйткені, жау. Жаудан аяушылықты жарымес қана күтеді. Мен осында қызметке келер алдында осы ауылдан бес адамды әр түрлі инфекциялар қолайлы кезде қойдай көгендеп, ана дүниеге алып кетіпті. Так что, тіршілік үшін «күн астындағы тайталаста» осалдық көрсетпей, қолда бар әдістермен күрес жүргізейік, – деп, бір сыдырғы, байсалды сөйлеп келіп, қайтадан шорт кесуге көшті. – Олар көзге көрінбейді. Көрінбей-ақ көзіңе көк шыбын үймелетеді. Сұмдықтарын ішке бүгіп, мыналар, – деді сол қолының сұқ саусағымен бұрылмастан артындағы суреттерді нұсқап, – жетіп келгенде тап бір құдасын күткендей, алдарынан арсалаңдап шығып, құрдай жорғалайтындарыңыз қалай?.. Айналып кетейіндер-ау, қалай?.. Өздеріңізден гөрі осылардың қамын жеп, жағдайын жасауға біртабан жақын тұратындарыңызды түсінбей-ақ қойдым. Міне, көктем аяғына жетіп, микроб біткеннің масайрайтын кезі – жаз да жақындап қалды. Оларды «тұяғына» жапсырып алып, тайраңдата қыдыртатын, үйлеріңізде гу-гулеп қаптап жүрген шыбындарды еркіндікке жіберіп, есіртіп жатыр деп естимін. Кейбір үйлерде қосымша тамақтандырып, бармақтай бадырайта семіртеді дегенді құлағым шалады. Не сонша, қойша бордақылап «аспан асты еліне» асыртып жібермексіздер ме? – деп, отырғандарды тұқырта түсті. Шаңғытбайдың екпінін бәсеңдетпек болған ауыл молдасы Арқабай:
– Қазір әлі көктем айы. Емші Өтейбойдақ: «Көктемде көбеймелі жорғалаушыға, көрінген қозғалғыштарға, көз ашпаған шикілікке тиіспеу керек», – дегені бар емес пе?! Обалына қалып жүрмейміз бе? – деп, қайдағыны айтып, өзінше тосын пікір білдірген болды. Анау-мынауға тосылатын Шаңғытбай жоқ. Білмейтіні тағы жоқ. Ол да сөзін әріден бастап: – Сіз, молдеке, он бесінші ғасырда өмір сүрген «Шипагерлік баянын» жазып, «жетіге тиіспеуді» ескерткен Тілеуқабылұлын айтып отырған шығарсыз. Ол заманда микробтар адамзатқа әлі беймәлім еді. Сондықтан ол кісінің айтқаны, басқа жайды қозғаса керек. Мәселен, құмырсқаларға қатысты болар. Ал жолап кетсе ауру ту-ғызатын бактерияларға, вирустарға, паразиттерге қарсы әрекет жасап, бізге жетер жолын кеспесек, олар бізге тиісіп, жүндей түтіп, түбімізге жетпей қоймайды, – деп, өзін мейлінше тежей сөйлеп, молдамен сөз қағыстырмай құтылуға тырысты.
Бұған дейін аудандық «СЭС-те» инфекциялармен бітіспес «шайқаста» жүрген, жасы елудің ернеуіне ілігіп қалған эпидемиолог Шаңғытбайдың, «райздравтың» бұйрығымен соғыс жағдайындағыдай шұғыл түрде терапиядан бір айлық курстан өткен соң, дәрігерлер тұрақтамайтын, өмір сүруге ыңғайлылығы жағынан «ит байласа тұрмайтын», жүдеу жүзді «Ызалыдан» бірақ шыққанына бір жылдай уақыт болып қалған. Шығып қана қоймады, ем-доммен айналысуды фельдшер Әбділдәнің мойнына асып қойып, өзі орайлы жерлерде екі мінезіне салып, сыпайы тілмен де, кейде еш дайындықсыз «ат үстінен» айқайға басып, санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің сақталуын дабылдата көтеріп, оны жүзеге асыру үшін үлкен құлшыныспен іске кіріскен.
«Былай жүрсек мақсатты жерге жетеміз», деп жол көрсеткенге бәрі бірдей өз еркімен ере қоймайтын. Шаңғытбайға да құлақ асып, талаптарын орындауға талпынғандар болғанымен, кертартпа, қырсық қарсыластары да жетерлік еді. Олар сыртынан кекетіп-мұқатып, «тілдің буынсыздығын, ауыздың тығынсыздығын» пайдаланып: «Шаңжұқпас» деп те, «төрт Д» деп те атап жүрді. Олай деулеріне «кінәлі» өзі еді.
«Ызалы» – соры шыққан, борпылдақ топырақты, су тапшылығынан қылайған қылтанағы жоқ мидай жазықта орналасқан ауыл. Жел тұрмасын, ал тұра қалса, апталап соққан шаңды «бораннан» қадам жол көрінбей қалып, ауыл ішінде кейбіреулер өз үйін таппай адасқан талай қызықтар да болған екен. Көшесімен машина, трактор өткенде, соңынан көтерілген қою шаңның ішінде ауыл балалары «жасырынбақ» ойнап, бірер минут жетісіп қалатынын қайтерсіз. Осындай ауылда орналасқан аурухананың есік-терезелері, едені ертелі-кеш айнадай жарқырап тұруы, ауласында «көлденең көк шөп» жатпауы Шаңғытбайдың қызыл көзденген табанды талапшылдығының арқасы еді. Бас дәрігер ретінде оншақты шақырым жердегі жиырма бес-отыз түтінді екі ауылды айына бір рет аралауға шыққанда шопырына: «Канистрге су құйып ал», – деп тапсырма беріп, жетуге аз қалғанда, бір қалтарысқа тоқтата салып, көлікті жудырады екен. Өзі де, жанындағы медбике де алдын ала дайындалған, крахмалданып, үтіктелген аппақ халаттарын киіп, аспаннан түскендей тап-таза көлікпен мұнтаздай қалыпта ауыл арасынан шыға келгенде, тұрғындар жағаларын ұстап, «мынаған шаң жұқпайды екен», деп таңдай қағысып, көзді ала бере Шаңғытбайдың соңынан «шаң жұқпас» тіркесін ілестіріп жібере салған. Жұмысқа кіріскен кезден бастап, қарамағындағылардан күн сайын: «Дезинфекция дегеніміз не? Дезинсекция дегеніміз не? Дератизация дегеніміз не?» – деп, қадалып сұрай беретін оны анадайдан көрген қызметкерлері «үш Д» келе жатыр» деп бір-біріне сыбырласа күлкіге айналдыратын болған. Ассенизаторлық міндетті атқаратын Бурабайдың Пістегүл атты әйелі қоқыстарды жиыстырып жатқанда Шаңғытбай жанынан өте бере:
– Делервация жасадың ба? – деп сұрайды. Анау не сұрағанын білмей тұтылады. – Жұмысыңды білмейсің. Осы айдағы жалақыңның жартысын қырқамын, – дейді де жөніне кете береді. Жалақысының қырқылуы ішін удай ашытқан ассенизатор өзінің тікелей бастығы – «завхоз» Тілләбекке жүгіре жетіп:
– Ойбай, көтек, делервация деген не тағы? – деп безілдейді.
– Противомушиный, противогнусный жұмыстар – ғой,
– Түсінбедім, оларың не?
– Шыбын-шіркей мен маса сияқты қансорғыштартарды жоятын шаруа.., – деп завхоз жайбарақат, білгішсіне маңғаз-данады.
– Менің айлығымды қырықтырмай осыны ертерек айтсаң болмай ма? – деп Пістегүлдің ботадай боздағанына куә бола қалғандар Шаңғытбайдың статусын сол арада үштен «төрт Д-ға» бір-ақ көтеріп жіберіпті.
Медбике Шырынгүл күн жылынғаннан бас дәрігердің нұсқауымен сыртына «План противомушинных мероприятий», деп жазылған көк дәптерін құшақтаған күйі, әр үйдің қақпасын қағып, кімнің үйінде қанша шыбын ұшып жүргенін, қанша тышқаны барын, әжетханасының және мал қорасының жайын, моншасының бар-жоғын түртіп алып, бәрін-бәрін Шаңғыт-байға тізе жеткізіп отыруды өзінің кәсіби парызы санапты. Бұл еңбегі ескеріліп, Шырынгүл көп ұзамай ауыл арасында «Шыбынгүл» атанады. Ал Шаңғытбай медбике жеткізген «информациямен» қаруланып, кейбір мәліметтерді барып өзі тексеріп, шындығына көз жеткізіп алған соң, ай сайын жиын шақырып, ешкімнің бет-жүзіне қарамай, кемшіліктерін көзін шұқып тұрып айтып, пікірталасқа түсіп, қандарын бастарына шаптыруды әдетке айналдырып алған. Онысы зая кеткен жоқ. Қатал сұраушысынан қаймыққандар икемге келе бастапты. Ауылдан ішек инфекциясымен ауырғандарды шырақ алып іздесең де таппайтын жағдай орнаған. Шаңғытбайдың көше бойлап келе жатқанын ести қалған ауыл әйелдері есігінің алдын су сеуіп сыпырып, бала-шағасымен жабыла үйден шыбын қуып, қол жуғышқа су толтырып, жанына сабын мен сүлгі қойып, шылапшын мен құманды көз көрмейтін жерге тығып, шляпалы басы қылтия қалғанда, әскерилердей сымдай тартылып тұра қалатын деңгейге көтерілді. Жетістік деуге болар. Бірақ Шаңғытбайды бұл деңгей қанағаттандырмады.
– Кейбіреулердің малжандылығы соншалық, үйі-жайы жиырма сотық жерде орналасса да, есігінен екі метр жерге сиырларына арнап қамыстан жарбиған жаппа салыпты. Ұрылардан сақтану үшін дейді… Құдай-ау, оның ашамай-ашамай, көтерем екі сиырын түн мезгілінде көшеге шығарып қойса да ешкім ала қоймас, – деп «отала» бастағанда, бұрын бас есепші болған, тоңмойындау Қойлыбай:
– Әдреспен, персонально! кім екенін айтыңыз… жалпылама жазғырудың қажеті жоқ. Фактімен сөйлеңіз! Кімнің үйі туралы айтып тұрсыз? – деп жағаласа кетіп, доқ қыла, дүңк-дүңк етті.
– Пожалуйста! Адрес те, факті де бар, – деді шамалы жұмсарыңқыраған Шаңғытбай. – Ошанның үйі туралы айтып тұрмын. Так. Сол Ошан үйінің есігінен екі метр жерге сиырхана салған дедік. Одан екі метр жерде, жазға қарай далада ас ішіп, түнде ұйықтайтын тапшан тұр. Оған да екі метрге жетер-жетпес жерде ас дайындайтын ошақ, Ошақтың түбінде бір бүйіріне қисайып, құлайын деп тұрған, жөнді есігі де жоқ, шыбыны құжынаған әжетхана. Міне, көріп тұрсыздар. Мұндай жерде қандай санитарлы-гигиеналық талаптар жөнінде әңгіме болмақ. Бұл үйдің адамдары бруцеллёзбен, көкаламен, күйдіргімен ауыруға, тағы толып жатқан басқа ауруларды жұқтыруға өздеріне таптырмайтын жағдай жасап алған… Қойлыбай келіскен райда, көзін төмен салып, үнсіз қалды. Тыңдармандар да енді тағы қандай «фактінің» беті ашылар екен деп тым-тырыс. Шаңғытбай сөзін жалғастырды. – Былтыр ғана осы ауылға мұғалім болып келген Сатыбалды үй салуға жер алған еді. Құрылысын неден бастады дейсіздер ғой? Прорабпен ақылдасып, әжетхана мен моншадан… Залдағылар күмәнданып, бір-біріне қарасып, күбірлесіп кетті. – Иә, иә қате естіген жоқсыздар. Әжетханадан! Барып көріңіздер. Типовой. Салып жатқан үйінен отыз метр жерде.
– Оны ақшасы көп неме деуші еді. Ақша көп болған соң ақыл да көбейе түседі де, – деп ділмарсыды мектептің қарауылы Шыттыбек.
– Ошаннан бай емес! Мәселе бар қаражатты керекті жерге жұмсай білуде де. Мысалы жаңағы Ошанға жиырма да он бес метр етіп, далитып үй салғанша, он да он матр жасаса да жетер еді. Үнемделген қаражатқа Сатыбалдыша іс бітірмес пе еді? Бәрібір суық түсе отбасы он бөлмелі үйдің пеші бар бір бөлмесіне ғана жиылып отыратыны белгілі, – деген Шаңғытбай, бүгінгі кездесуін ұрыс-керіссіз, бейбіт жағдайда өткізуге бет алып келе жатты. – Мына Чукотка жақта, қара жер мәңгілік мұздықпен құрсаулы тұрғандықтан әжетхана салу қиын екен. Сондықтан әжетханасы – екі таяқ. Бірін боранды түзге шыққанда құйрықка тіреу етсе, екіншісімен ақ қар, көк мұзды, минус қырық градустық суықта, «шаруасын» бітіре алмай жатқанда, жақындап қалған қасқырларға бұлғап, «Әй, әй жоғал!» деп айбат шегіп, қорқытып үркітеді екен, – деуі отырғандардың қабағын ашып, әлгіндегі бытырыңқылау айтқандарын жуып-шайғандай болған. Бірақ Құдай берген мінезінің агрессивті тұсын жасыру қиын соққан болуы керек, онысы шошаң етіп қайта көріне кетті.
– Сізге факті керек болса тағы айтайын, қажет болса жазып алыңыз, – деп, түсін біршама суытып, әлгіндегі Қойлыбайдың зілді сұрағына жауап беруін жалғастырды.
– Вот, Пошан! – деді Шырынгүл берген қағаздарға көз сала тұрып. – Жерінің мектепке және осы «клубқа» өтетін күре жол бойындағы бұрышына тақап, төрт шифердан туалет салған. Яғни үш қабырғасына үш шифер, тағы біреуі төбесінде. Есік орнына екі кенеп қапты жалғап, іліп қойыпты. Бойы екі метр Пошан отырса, басы қап – есіктен көрініп тұрады деп естідім. «Кеселеп ішіп, кепелеп т…н», салмағы жүз жиырма килограмм Пошан басқаны былай қойғанда тереңдігі екі метр әжетханасын жалғыз өзі-ақ аз уақытта аузы-мұрнынан асыра толтыратыны да факт. Уже толып та тұр! «Иісі денсаулыққа зиянды» деп хлордан ат-тонын ала қашатын көрінеді. Мүмкін әудем жерге жетіп жатқан өзінің сасығы басқалардың денсаулығына пайдалы деп ойлайтын шығар?! – деп, Шаңғытбай қызынған кезіндегі әдепті әдіра қалдыратын әдетіне басты. Осы сәтте, қызыл барқыттан олпы-солпы көйлек киіп, шәйі орамалын желке тұсынан бастап, айналдыра, шоттай шекесіндегі бадырайған көзіне жақындата тас-түйін етіп байлап алған, тырбиған арық әйел орнынан көтеріліп, шабуылға шықты. – Ибәй, аузыңызды бағып сөйлеңіз! Үндемеген сайын үдеп бара жатырсыз ғой. Біле-білсеңіз Пошан – озат механизатор! Суреті мекеменің алдындағы «Доска Почетада» тұр! Сіз осындай адамды қаралап, есімін қорлап тұрсыз. Ертең үстіңізден шағымданып, аудандық сотқа барамын, – деп сыздана сөйлеп, ызалы жүзбен ыздия қалды. Бұл Пошанның «қайтпас, қайсар» әйелі Тасбике еді. Бұған абдырай қалған Шаңғытбай болмады. – Сотқа барасың ба, басқа жаққа барасың ба, ол сенің шаруаң. Маған десең жеті қырдан асып кет. Тек бүгіннен бастап, ана қалқиған туалетсымағыңызды бұзып, үстін көміп тастаңыз,
– Ойпырмай-ай, ә. Қазір барып қирата саламын. Тапқан екенсіз өз мүлкін быт-шыт ететін ақымақты. Осыдан кешке Пошан жұмыстан келсін, ненің, кімнің быт-шыты шығатынын сонда көреміз, – деп Тасбике тістене сес көрсетті.
– Оның несі мүлік. Төрт шифер емес пе?! Бұзып алыңыз да қораңыздың қөшеден қашықтау жағына апарып, тағы екі метр шұңқыр қазып, орната салыңыз.
– Сіз бүгін ағайынды екеуін қаралаудан аузыңыз босамады. Мүмкін Ошан мен Пошаннан ала-алмай жүрген өшіңіз бар шығар?!
– Олар ағайынды ма еді? Білмеппін, – деді Шаңғытбай шаршағандай бейтарап үнмен.
– Болғанда қандай… «бір сап, бір қаптан», – деп шаптыға түсті әйел.
– Астапыралла! – деп ұйқысынан оянғандай селк ете қалған молда күбірлеп барып, бетін сипап тынышталды. Неврозы бар ма, әйел көгереңдеп, қарғап-сілеп тағы ұзақ шәңкілдеді. Оған қой деген ешкім болмады. Бір жақсысы бұл кезде Шаңғытбайдың миы сабырлы режимде жұмыс атқаруға көше қалған еді. …Әйелмен дауласу сынды, түбі тор көз ожаумен су алғандай өнімсіз шаруамен айналысудан Құдайым бізді құтқара гөр… деген Пушкинді еске алып, өзін жұбатты.
Қызық кеш түсе басталды. Жұмыстан келген Пошанға әйелі болған жайтты жайып салып, «Ауылға масқара етті» деді. Тығып жүрген шөлмегі бар екен, соны тауып алып, түбіне дейін закускесіз қотарып, «Шаңғытбай қайдасың?» деп көшеге шығады. Бет алысы аурухана. Шаңғытбай жұмысын аяқтап аурухана қақпасына жақындай бергенде жардай болып, екі жұдырығын бүйіріне таянып, талтайып тұрған Пошанды көреді. «Ей, Шаңғытбай! Иманыңды үйіре бер. «Кеселеп ішетін» адамның не істейтінін қазір көресің», деп Шаңғытбайға тұра ұмтылады. Бас дәрігер қағылездеу, жылдам қимылды кісі еді. Жалт бұрылып, ауруханаға қарай зыта жөнеледі. Кіре дәлізді бойлай, кабинетіне қарай кезекші медбике Гүлбанудың тұсынан ызғып өтіп бара жатып:
– Шақыр!.. Шақыр!.. – деумен кабинетіне кіріп кетіп, ішінен құлыптап алады. Түкті түсінбеген медбике есік сыртынан:
– Кімді шақырайын? Жедел жәрдем осында, – дейді. – Уча… уча… участковойды, – дейді іштен тұтыға сөйлеген бас дәрігер. Осы кезде қорбаңдап жеткен қуғыншы медбикені итеріп жіберіп, есікті екі рет жұлқи тартқанда, құлпы тұсынан опырыла ашылады. Кабинеттің ортасында ұзын үстел бар екен. Шаңғытбай соны айнала қашып, қолына не түссе соны Пошанға қарай жіберіп қалып, тоқтаусыз «Шақыр! Шақыр!» дей беріпті. «Кімді?.. Кімді!..» деп жан ұшыра ары-бері жүгіріп жүрген медбикеге: біресе «Әбділданы…» біресе «екінші палатадағы дәуді» деп қаша жауап қататын құсайды. Жұмыс орнындағы фельдшер Әбділда да, екінші палатадағы алып денелі қойшы жігіт те келе қалып, жабыла қолын артына қайыра құлатып, аяқ-қолын байлап тастайды. Сонда еденде етпетінен жатқан Пошанға ентіге демалған Шаңғытбай еңкейе жақындап:
– Бүгін қолыңның босамайтынын көріп тұрмын. Бірақ ертең сағат тоғызға дейін уақыт беремін. Төрт шиферлі әжетханаңнан із қалмайтын болсын! – дегеніне бұл кезде жуаси қалған Пошан:
– Қолымды шешсеңіз қазір-ақ жоқ қыламын Шаңжұқпас көке, – деп, ішілген шөлмектің әсері ме, шын аты аузына түспей, шатасып кетеді.
– Мынаның «шаңжұқпасы» несі? Мазақ қылуын қара… сұмпайының, – деп құйрық тұсынан «ыңқ» еткізіп бір теуіп қалғанда:
– Өлтіресің ғой «төрт Д» көке, – деп айқайлап жіберіпті.
…Бұл ертеректегі оқиға еді. Қазір де мүлгіп тіршілік кешіп жатқан, жастары қалаға кетіп, қарттары молаға «өтіп», тұрғындары сиреген «Ызалы» өз орнында. Көше бойындағы бірен-саран кезіккендерден Шаңғытбай туралы сұрай қалсаң, білмеймін дегендей бас шайқап, алақан жаяды. Тек оқта-текте басқосуларда, ораза айындағы ауызашарларда бір шал: «Шаң-ғытбай шаңымызды қаққан жылы…» деп әңгіме бастағанды тәуір көреді екен. Әсте Пошан болса керек.
ТӘСІЛОВ СӨЗБЕН ЕМДЕЙДІ
«Сарыағаш» шипажайының байырғы дәрігері Айтбай Тәсіловтың кітабын сүйсіне оқығаннан кейінгі тебіренісім, абыройлы ағаның кәсіби мерекесіне інілік тартуым болсын.
Айтекең неткен ер еді
Тереңнен сөзді тереді.
Тілі қандай шұрайлы
Оқығың келе береді.
Бәйгеге кітап салдыңыз,
Жүлделі орын алдыңыз.
Қырық жылдан астам курортта
Шежіре болып қалдыңыз.
Кім өзін кімнен кем дейді,
Кейбіреу, сірә сенбейді.
Шипажай сумен емдесе
Тәсілов сөзбен емдейді.
Әзілі естен кетпейді,
Ептейді де, септейді.
Қаламгерлердің кейбірі
Тәсіловке жетпейді.
Айбосын БЕКТҰРСЫНОВ.
«Білім беру саласының озық қызметкері» белгісінің иегері,
Түлкібас ауданының тұрғыны.