Табиғаттың төрт билеушісі (ертегі)
Табиғаттың билеушісі Жыл мезгілінің Күз, Қыс атты екі ұлы, Көктем, Жаз деген қыздары бар еді.
Бір күні қартайған Жыл мезгілі балаларын жинап:
– Мен енді үлкейдім. Сендер ер жеттіңдер. Мынау көк аспан мен қара жердің арасындағы Табиғат атты елдің билігін сендерге тапсырамын. Араларыңда араздық тумауы үшін кезекпен-кезек таққа отырғызамын. Әрқайсыларың үш айдан билік құрасыңдар. Өмір бір сарынды болмасын! Өздерің басқарған уақытта оған өзгеріс енгізіп отыруды тапсырамын. Бірақ жаман жақтарың жақсы жақтарыңнан асып кетпесін! Осыны әрдайым есте ұстаңдар. Қане, кімнің қолынан не келетінін көрейін, – деді.
Балалары келісті. Қарт әке оларды сынап көрмекке бекінді.
Таққа алғашқы болып жайғасқан үлкен ұлы Күзге алтын түс ұнайтын. Сол себепті билік оның қолына тиісімен, табиғат сары түске оранды. Жақсы жағын көрсетіп, көңілі түсіп, адамдарға мол ырыс-береке сыйлады. Олар жылы күндерде еккен егіндерін жинап, қамбаларын толтырып, қуанышқа кенелді. Сол сияқты жеміс-жидектер пісіп, «Менің дәмім керемет! Үзіп алшы!» деп салбырап тұрды. Мал біткен семіріп, балық бал татыды. Алайда қабағын бұлт торлап жүретін Күздің кейде қатуланып, суық жел тұрғызып, нөсерді селдететіні де бар. Күн де сирек жылу шашады. Кейде таңертең жерді қырау басады. Оның қайталана беретін бұл мінезіне шыдай алмаған құстар қанатын қомдап, оңтүстікке асты. Жануарлардың біраз бөлігі ініне еніп, көктем шыққанша тынығып алғанды дұрыс санады. Адамдар да оған көп сенімділік танытпай, жолға қымтанып шығады.
Екінші ұлы Қыс мүлде қатал. Қабағын түйіп, табиғатты дірдек қақтырып жетті. Аязын алға салып, боранымен тіршілікті ықтырып, сықырлап келді. Ақ түсті ұнататындықтан жерді түгелдей ақ мамықпен көмкерді. Суретшілік өнерін көрсетіп, үй біткеннің терезесіне қыраумен өрнек салып тастады. Жалаңаш тұрған ағаш біткенге ақ көйлек кигізді. Адамдарға өтуге оңай болсын деп өзендерге көк мұздан көпір орнатты. Қыстың қаталдығы соншалық, паналайтын жылы жер болмаса, үсіп қаласың. Бірақ бала біткенге мейірімді. Мол қуаныш сыйлады. Олар мұзға сырғанап, қар лақтырысып, шанамен ойнады. Қаһарлы қыс микроб біткенді өлтіріп, ауаны да тазартты. Тымық күндері далада серуендесең, бойың да сергиді.
Жыл мезгілінің үлкен қызы Көктем сондай көрікті. Гүлге оранып жетті. Айнала құлпырып кетті. Таңғы ауада көктің иісі бұрқырады. Оның келгенінің өзі табиғатқа, адамдарға мол қуаныш сыйлады. «Енді күн жылынады» деп жұрт арқасын кеңге салды. Көктем келісімен өзендерде сең жүріп, тоң көбесінен сөгіліп, күн шуақ шашып, туған жеріне оралған жыл құстары әнге басып, теректер гүл атты. Табиғат жап-жасыл түске малынды.
Жайма-шуақ Жаз есімді ару таққа отырғанда, апасы Көктемнің игі ісін жалғастырып, табиғатты сұлуландырып жіберді. Жаз арудың мінезі сондай жұмсақ болатын. Адамдар мен жануарлар үшін ең бір керемет кез келді. Жан-жақтың бәрінде жасыл желек жайқалды. Еш уайым жоқ. Түн де тамылжып тұрды. Таңда ерекше леппен салқын самал есті. Бала біткен өзенге шомылып, құстар ұядан балапанын ұшырып, бақытқа кенелді.
Балаларын таққа отырғызып сынаған Жыл мезгілі риза болып: «Дұрыс таңдау жасаған екенмін. Екі ұлымның қаттылығын, екі қызымның жұмсақтығы жабады. Сендер табиғатқа керексіңдер. Осы қалыптарыңнан танбаңдар», – деп батасын берді.
Содан бері Күз, Қыс, Көктем, Жаз өз уақытында Табиғат патшалығында билік құруда. Сыйластықтары сондай, бірінің алдына бірі шықпайды. Әрине, кейде біреуі өзінің уақытында кетпей, билігін аздап созып жіберетіні бар. Бірақ басқалары оған кешіріммен қарайды.
Сұр көжек
(ертегі)
Томпылдай жүгірген кіп-кішкентай сұр көжек ақ бұлттардың арасынан сығалай қарап, шуақ шашқан күнге:
– Қандай кереметсің! Мына әлемге жылу шашасың! Айналаны жарық қыласың. Қарашы әне, гүл біткеннің бәрі желмен ырғала билеп, саған қол бұлғап тұр. Олар сені жақсы көретінін айтты. Өзіңді көрсе қуанады екен. Екеуіміз дос болайықшы! Жерге түсіп, қасыма келші! – деді қиыла сөйлеп.
Мұны естіп, күн күлім қақты. Содан кейін алдына келген аппақ бұлттарды ысырып тастап:
– Сұр көжек, сенімен дос болуға қарсы емеспін, бірақ жерге түсе алмаймын ғой. Олай етсем, басқа достарым мені көрмейді. Ренжиді. Ал мен ешбір жанның көңілін қалдырғым келмейді. Бәрі менің шыққанымды, нұрымды төккенімді қалайды. Барлығына пайдамды тигізгенді ұнатамын. Сен де мені досым деп сана! Осылай сәулемді төгіп тұрайын, көк шалғында жүгіріп, асыр салып ойнай бер, – деп тіл қатты.
– Өзіңдей болғым келеді. Алайда менде шуақ жоқ. Достарыма еш пайдам тимейді, – деді сұр көжек мұңайып.
– Жақсы дос қуанышта да, қиындықта да қасында болғаныңды қалайды. Жылы сөзің, қолдауың – оларға көмек. Ешкімге зиян келтірмесең, соның өзі басқаларға пайдаңды тигізгенің, – деді Күн жымиып, сұр көжектің басынан шапағымен сипап. Мұны естіп, сұр көжек қатты қуанды. Ол өзгелерге зиян келтірмейді. Демек, пайдасы тиеді. Сол күні ол кешке дейін асыр салып ойнады. Иісі бұрқыраған түрлі шөптердің арасында демалып, мөлдір сулы өзеннен шөлін басты. Күн болса, жас досына күлім қағып, сәулесімен аялап тұрды.
Телефондағы бүжай
(Мөлтек әңгіме)
Кішкене ғана Шынар анасы келсе болды ұялы телефонын сұрап, мазасын алады. Бес жасар бүлдіршін ол қолына тиісімен бәрін ұмытады. Телефонның қуаты бітіп, өшіп қалғанда ғана үйде өзінен басқа да адамдар, әкесі мен анасы бар екенін сезінетін тәрізді. Оған дейін оны қолындағы жұп-жұқа қондырғыдан айырып көр! «Ұялы телефонда ұзақ отыру, қызының көз жанарын бүлдіреді» деп қорқатын Әлия оған ұрсып та көрді. Ондайда Шынар шалқасынан түсіп, жылауға көшеді. Осыдан кейін оны жұбата алмайсың. Қашан сұрағаны қолына тигенше тоқтамайды. Анасы телефонның қуаты тез бітіп қалатын етіп те көрді. Жұмыста күні бойы пайдаланған соң қуаттандырмайды. Шынар қолына алғаннан кейін бір сағаттан кейін өшеді де қалады. Кішкентай қыз содан кейін ойыншықтарын қолына алады. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Біраздан кейін анасының алдына қайта келеді.
– Мама телефоныңды берші!
– Қуаттандыруға жаңа қойдым емес пе? Кішкене тұрсын.
–Түу, сосын, кері қоясың ғой.
– Бар, әкеңдікін ала тұр.
– Ол «жұмыс істеп жатырмын» деп бермейді. Сен болсаң, бос жүрсің.
– Босқа жүрген жоқпын, кешкі тамақ дайындап жатырмын. Маған біреу қоңырау шалып қалса қайтемін?
– Әкеліп беремін.
– Түу, Шынар! Кіп-кішкентай болып неге өтірік айтасың? Қашан олай етіп едің? Біреу қоңырау шалса, басып тастайсың ғой.
– Енді, өйтпеймін!
Бүгін де ерке қызы әдеттегіше сұрағанын алды. Әлия қарсы келмей сыртқы киімінің төсқалтасынан ұялы телефонын шығарып, қызының қолына ұстатып, дайындап жатқан тамағына беттеді. Сол сәт шыңғырып жіберген Шынар жүгіріп келіп, аяғынан құшақтай алды. Телефон жерде жатыр. Шошып кетіп, жүрегі аузына тығылған анасы отыра кетіп, алдындағы қызына көз тоқтата қарады. Сәбидің дауысын естіген әкесі де келесі бөлмеден жетіп келді.
– Не болды?
– Телефонда бүжай отыр, – деді кішкентай қыз жылаған күйі. –Мені жеп қояйын деп аузын ашты.
Әкесі мен анасы телефонды қолдарына алып қарап, күліп жіберді. Телефонның бірінші бетіне азу тісін ақситқан маймылдың суреті шығып тұр. Сонда ғана Әлия әлеуметтік желіден жануарлар туралы бір қызықты деректі қарап отырып, әлденеге көңілі бөлініп сайттан шығуды ұмытып кеткенін іштей еске түсірді. Қызына телефонды кері ұсынып еді, ол шоқ басқандай ыршыды. Келесі бөлмеге, өзінің ойыншықтарына беттеді. Анасы еркетотай қызын телефоннан ажыратудың жолы табылғанына қуанып кетті. Бірақ қашанға дейін созылатынын кім білсін?
Жақсы мінез
(Ертегі)
Саябақтағы қайың, үйеңкі, емен, қарағаш сияқты ағаштардың қатарына бір түп шырша егілді. Бастапқыда қылтанақ-қылтанақ болып тұратын кішкентай шыршаны басқа теректер менсінбейтін. Шырша өсе келе бой түзеп, жып-жинақы болып шыға келді. Ерекше сұлуланып тұрды. Әрлі-берлі өткен адамдардың бәрінің көзі бірден соған түседі. Басқа теректерге бұл ұнай бермейтін. Осыны байқаған саябақтағы діңі жарылып, біраз бұтақтары қурап, жапырақтары сиреген, ұзақ жасағандықтан білектей жуан тамырлары жер бетінде көріне бастаған кәрі терек дауысы қарлыға шығып, жас шыршадан:
– Бұған дейін бұл саябақта шырша болған емес. Саған адамдар сүйсіне көз тастайды. Бізге көп мән бермейді. Қашан көрсем де бір түстен ауыспайсың. Бұтақтарың да біз сияқты жан-жаққа жайылып кетпейді. Қысы-жазы жап-жасыл болып тұруыңа не себеп? – деп сұрады.
– Мен жақтырмау, жек көру дегенді білмеймін. Күзді де, қысты да жақсы көремін. Долы мінезіне ашу шақырып, жапырағымды төгіп таусылмаймын. Теріс қарап ұйқыға кетпеймін. Сондықтан олардан да шуақ аламын. Сіздер көктемге күле қарап, жазға жайраң қағып, күзге қабақ түйіп, қысты көрмеу үшін қалың ұйқыға кетесіздер. Ал мен төрт мезгілді алаламай, бәріне бірдей қараймын. Сол себепті жап-жасыл қалпымда қаламын. Көңілің кең болса, дүние тарлық етпейді екен, – деді шырша.
– Енді түсіндім, сені сұлу көрсететін осы мінезің екен ғой, – деген кәрі терек шыршаға мейірлене қарады.
Айнагүл ШАКУПОВА,
Атырау