Дүкеннің артындағы төрт күн (әңгіме)
19.06.2024
1723
1

Базарбай өт­ті дүниеден… Қыстыгүні асықпай ататын еріншек таңның жарығы түсер-түспес қараңғылау уақытында оқылған жаназа намазы тез аяқталды. Кейбір жаназадағыдай өмірбаяны оқылмады, қоштасу сөздері айтылмады. Сұлбасы қараң-құраң еткен қабіршілер күректерін сарт-сұрт тиеп, жүк көлігіне кілемге ұқыптай оралған марқұмның денесін салып алды да, әдет­тегі мүрденің біріндей елеусіз ғана ауылдың шетіндегі қауымға ала кет­ті.
Құйған қалыптай шаршыланып салынған шағын үйінен аса бір әдепті әуенмен сыңси шыққан жоқтау скрипканың шегіндей үзіліп барып, алыстай берді.
– Күн жылып тұрғаны жақсы болды, жер оңай қазылды, – десті қабіршілер дымқыл топырақ жабысқан балақтарын қағып жатып…
– Ойпырмай, бәлен күннен соққан мына боранның бүгін тыншып, күннің тез жылып кеткенін айтсайшы, – дейді бірі.
– Қазір ауа райын да түсініп болмайсың, климат өзгеріп жатыр ғой, – дейді білгіштеуі.
– Қазған қабір кішілеу бола ма дегем, жоқ, дәл келді. Базарбайдың өзіндей шап-шағын бейіт көтерілетін болды, – деді шаруашылықты мойнына алғандары.
Бірақ бір де бірі Базарбайды қимайтынын, Базарбайдың болмысы туралы, Базарбаймен бірге өткен күндерін айтатындай әңгіменің шетін шығармады. Елеусіздеу болмысына бұл дүниеде бір ескерткіш қалар болса, төрт құлағы аспанға қарай шалқайып жатар шағын бейіт қалар…
«Базарбай деген біреу бар еді», – деп осы уақытқа де­йін еленбеген оны төрт-бес күн бұрын ел дүрлігіп іздеп кеткен. Ауыл түгілі қала аяғынан тік тұрды.
– Жеделбаев Базарбай, мың тоғыз жүз алпыс сегізінші жылы туған. Күзетші. Төртінші қаңтарда таңертең жұмыс кезегін тапсырып, нысаннан шыққан. Ауылына баруы керек болған. Бірақ үйіне келмегеніне үш күн болған, – деген іздеу хабары жер-жерге тарады. Ойпырмай, сақадай сай мамандардан тұратын арнайы жұмыс тобы құрылды. Сағат сайын басшыларға хабар жіберіп отырды.
– Ұялы телефоны соңғы рет Әлиев көшесі мен Тұранның қиылысында қосулы болған.
– Жұмыс нысанынан серіктес күзетші Мақсот Айдарбаевпен бірге Әлиев көшесіндегі аялдамаға келген.
– Мақсот Айдарбаев вахталық жұмысы аяқталған соң ауылына кетіпті. Үйіне шақырту жіберілді. Түс қайта қалада болады.
– Күзет фирмасының директорына шақырту жіберілді.
– Бізде сондай адам жұмыс жасайтын ба еді? – деп таңғалып отырған бастығының өзі үшін жауапқа шақырылып жатқанын Базарбай білсе қалай масат­танар екен, ә? Күн қақтап, қысы-жазы шырайы тамып тұратын қызғылт қоңыр қошқыл жүзіндегі ұсақ әжімдері бір жадырап, екі езуі құлағына жете ыржиып, бір риза болар ма екен? Жоқ, өзі үшін біреудің әбігерге түскенін естісе, ойланып жатпай-ақ қалбалақтап ұшар еді. Кінәлі адамдай қипақтап, онсыз да тұтығып сөйлейтін тілі күрмеліп, тартылып, икемге келмей өз үніне өзі тұншығып, ақтала алмай әбігерге түсер еді. Бірақ бұл жолғы Базарбайдың дәті мықты екен, ел аяғынан тұрып, даланы, қаланы кезіп іздегендерге бір хабарын бермей жым-жырт жатып алды. Төртінші күні Базарбайдың суреті телеарнадан көрсетілді. Былтыр бауырының тойында тік жағалы көгілдір көйлегінің түймелерінің бір көзін де бос қалдырмай қылғындыра киініп алған жалғыз тәуір суретін теледидардан көріп: «Ойбай, мынау біздің Базарбай ғой», – деп қуа­нып жат­ты ауылдастары.
Базарбай істейтін күзет фирмасындағы әнше­йінде адам менсінбейтін, кабинетіне бас сұққандарға арсылдап дес бермейтін көкбет есепшілерден бастап бүкіл күзетшісі бар, басшылары бар «Тексеріс келе жатыр», – деп кабинет­тен кабинетке шабысты. Бәрі де Базекең үшін… Іс қағазы да бір тәулікте неше рет парақталғанында есеп жоқ.
«Кім еді Жеделбаев деген?» – деп сұраған басшыларға әріптестері соңғы бір апта бұрын жаңа жыл кешінде банкет­те бірге түскен суретін көрсет­ті. Қыстың қақ ортасында ақ араласқан шашын тықырлап қиыпты пақырың. Асхананың ұзын үстеліне тізіле отырған отыз шақты жұмысшылардың ішінде ерекше ақсия күліп түсіпті. Добалдай саусақтарының ортасына шымшықтай кішкентай мөлдір стаканды көтере түсіпті. Шамасы көңілді ортада бірге ішіп отырғанына риза болса керек. Оған да себеп бар, көп адаммен араласпайтын Базарбай көбіне жалғыз жүретін, жалғыз өзі бір шөлмекті орталайтын. Өзі сияқты азамат­тарға қосылып бұл да саясат туралы, көлік туралы немесе шөп шапқан кезінде көрген қызықтары, бойы екі метрден асатын үлкен жайын аулаған кез­дерін ортаға салып, бұл да айт­қысы келетін кез­дері де болған шығар, кім білсін!..
Жоғалар күні түнгі кезекте бірге болған Мақсот Айдарбаев та шақыртылды.
– Түнгі сменге ішіп келді. Жалпы жаңа жылдағы отырыстан бері ішумен жүрді. Сол күні құдалықтан шықтым деп келді. Құдаларыммен іштім деді. Тексерушілер көріп қалмасын деп жатқызып тастадым да, сменді өзім атқарып шықтым. Таңертең аздап айыққан екен. «Кеше құдалармен қымбат­тау арақ ішіп едік, бірақ бәрібір бас ауыртады екен», – деді. Жұмысты тапсырып екеуіміз бірге шықтық. Ол ауылдың таксиіне барамын деп вокзалға жүретін автобустың аялдамасында қалып қойды. Одан әрі білмеймін, – деді.
– Мүмкін бірге ішкен шығарсыңдар? Түнгі кезекте күдікті біреулер келмеді ме? Күзетілген нысанды тексеруіміз керек. Құрылғылар түгел ме екен? – деген тергеушілердің сөзі зәре-құтын қашырды Мақсот­тың. «Базарбай жай адам болмады, мықты тірегі бар екен. Баяғыдан бері «старший охрана» болып алмай нағып жүр екен» деп те ойлап қойды.
Туыстарынан ақпарат жиналып, жоғалар күннің алдында ешқандай құдалықта болмағанын, жатақханадағы аспаздар сол күні кеште Базарбай терлеп отырып, екі кесе сорпаны қотара ішіп, түнгі кезекке деп нан мен шай салдырып алғанын сөйтіп, сөмкесін арқалап, сағат кешкі алтыларда жұмысқа кеткенін айт­ты. Бұл Базарбай шынымен тегін адам болмады. Қаладағы бүкіл бейнекамералардың архиві тексерілді. Істен шығып, қорабы ғана қалқиып тұрған бейнекамералар да бар екен, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген деп жауаптылар қыстың қақ ортасында әбігерге түсті. Ауылға қатынайтын такси жүргізушілері бірінен соң бірі полицияға шақырылып, Базарбайға қатысы болмаса да көліктерінің құжат­тары тексеріліп, бірінің төленбеген айыппұлдары үшін көліктері уақытша қамалды, бірінің құжат­тары дұрыс емес болып, айыппұл салынды. Осы уақытқа де­йін елеусіз жүрген бұл Базарбай енді назарға ілінгені былай тұрсын, біреулердің ызасына тиді. «Осыдан Базарбайды көре­йінші», – деп кіжінді кейбіреуі. «Біреудің қолына кіріп алған шығар», – деген күдігін де жеткізіп үлгерді көрші әйелдер. Өз әйелінен басқаның бетіне қарап: «Мынау сұлу екен, мына әйелдің түрі мынандай екен деп»,– тіпті әйел затының арық, семіз, сұлу, аяғы қисық, қараторы немесе айдай аппақ болатынын да білмеген Базарбай енді аяқ астынан әйелге қырындағыш болып өсекке де іліне бастады. Ал, керек болса?
– Осыдан келсін… Көрсете­йін мен саған! – деп қызғанды үйіндегі әйелі қып-қызыл ашуға булығып. «Бөтен қатынды асырап жүрген шығар», – деп отқа май құйғандардың сөзіне тіпті түтігіп отырған әйелі ақшасы түсетін кәртішкесі өзінде екені есіне түскен кез­де ғана сабасына түсті. Кеше ғана вах­тасы бітіп, жалақысы үйге жеткенімен Базарбайдың өзі жоқ болып отыр емес пе?
Иә, біреудің назарына, біреудің ызасына, біреудің қызғанышына ілініп Базарбайдың атағы сөйтіп, айналасы төрт күннің ішінде шыға келді. Бұл Базарбай дегенің осы уақытқа де­йін үндемей жүргенімен барып тұрған бәле екен! Соңғы тұрған нүктесі – Әлиев көшесіндегі аялдама тұсындағы бейнекамераның ақпараты да дайын болды. Бақылаушы полицейге әр минут, әр секунд бөлшегін төртінші қаңтардан бастап бүгінге де­йін қарау тапсырылды. Бір адамның қарап тауыса алмайтыны белгілі болған соң кезектесіп бақылауға төрт адам бөлінді. Президент сайлауы болады деп дүрлігіп, тайлы-тұяғы қалмай жұмыс штабына жұмылдырылып, кадр жетіспей жатқан қысылтаяң кездің өзінде Базарбай үшін бір көзі ғана бар камераға бақандай төрт адам жұмылдырылды. Иә, Президент сайлана жатар, бірақ Базарбайды табу маңызды бола түскендей ме?
Қараңғылықтың етегі шала түрілген қыстың алагеуім таңында бозарып Базарбайдың бейнесіне ұқсас бір нысан ілінді назарға.
– Базарбай Жеделбаевтың бейнесіне ұқсас. Сұр түсті күзет курткасы, қолтығында қысқан пакетке ұқсас заты бар бір адам аялдамадан көрінді. Уақыт төртінші қаңтар, сағат таңертеңгі сегіз он бес.
Рация безілдеп, хабарды минут са­йын таратып жат­ты.
– Иә, бұл дәл өзі болуы мүмкін.
– Бақылау керек, мініп кеткен көлігі анықталса болды, табылады.
Камерадан көрінген бейне мынадай еді: күзет фирмасы беретін жұқа қолпылдаған сұр куртканың ішіне мыжырайып кіріп алып, құнысып, екі аяғын бір-біріне кезек соққылап тұрғанына шамамен қырық минут өт­ті. Қаланың жарық бергіш шамдары өше бастады, далаға жарық түсті. Объект әлі тұр. Міне, автобустар жүре бастады. Бірақ вокзал бағытына баратын он төртінші автобусқа мінбеді, өткізіп жіберді. Жанына құйрығы қалбалақтап бір қара ит келді. Отыра қалып ит­тің құлағын қасыды. Ит одан сайын еркелеп, арсалаңдап Базарбайдың ол жақ, бұл жағына шығып ойнақтай бастады. Боранды күні ит пен бала құтырады дегені рас-ау! Міне, бағдаршамды күтіп тұрып, жолдан өтуіне алпыс секунд берілсе де жүгіріп жолдың келесі бетіне шықты. Жанына ерген ит мұны басып озып, жолдың ар жағына бірінші шықты да, құйрығын бұлғаңдатып шыдамсыздана күтіп тұрды. Базарбай қолтығына қысқан қара пакетін ашып, бірдеме алды да итке лақтырды, тас емес, ас екені белгілі, ит лезде жерге түсірмей ауа­дан қағып алды. Жолдың жиегімен екі жүз метрдей ит екеуі бірге жүрді. Тоқтай қалып итке қарады. Бірдеме деп ақылдасқандай ишара жасады. Ит арсалаңдап қуана секірді. Жолдың жиегіндегі дүкеннің алдына келіп, екеуі қалқиып тағы он бес минут­тай тұрды. Содан соң ит сырт­та қалып, Базарбай ішке кіріп кет­ті. Дүкеннің алдында отырған қара ит құйрығын жерге шыдамсыз сабалайды, күтіп отырған шығар. Көп күт­тірмей арада алты минут өткенде Базарбай шықты дүкеннен. Қолына ұстап шыққан пакет­тен собалаң еткізіп бірдемені шығарды да, жартысын үзіп қара ит­тің алдына лақтырды. Шұжыққа ұқсайды. Ит тағы да қағып салды. Жеп болғанын күтіп Базарбай да тұрды қасында. Сағат тоғыз елу екіні көрсет­ті. Дүкеннің оң жағына шықты. Боран сол жақтан соғып тұр. Екеуі ық іздеді-ау. Дүкеннің сол жанынан басталатын асты ойыс, өзі биік жуан жылу құбырының астына қарай бүгежектеп кіріп бара жатқаны байқалды Базарбайдың. Артынан ілескен ит­тің құйрығы бұлғаңдап барып көрінбей кет­ті, шұңқыр тереңдеу болса керек. Әзірге камерадан өзге қозғалыс байқала қоймады. Сағат түскі он екіден жиырма минут кет­ті. Ит үш рет кіріп, үш рет шықты жылу құбырынан. Сағат кешкі бес нөл-нөл болды. Ит те шықпады, Базарбай да көрінбеді. Іңір тарта бастады. Көшенің шамдары жанды. Қайқиған ойнақы құйрығы бұл жолы сылбырай жер сызып қара ит­тің өзі шықты. Сағат жиырма бір нөл-нөл.
Қолына рациясын ұстаған жас полицей хабар тарат­ты: «Іздестіру тобы
Әлиев көшесінің сол жақ бетінің бойындағы «Жайық» дүкенге қарай бағыт­талсын»… Дамылсыз жұмыс жасаған іздестіру тобының соңғы хабарламасы осы болды.
Иә, Базарбай төрт күн өткенде табылды. «Қоршаған ортаның ауа температурасы дене температурасынан төмен болуына байланысты…», – деп басталатын іс-қағаздары толтырылды. «Жедел іздестіру тобы жақсы жұмыс жасады. Арыз түскеннен бастап 12 сағатқа жеткізбей іздеудегі адам табылды. Жылдың басы жоғары көрсеткішпен басталды», – деп жұмыс тобының қолын қысты басшылары.
Екі қолын екі жағына қарай құлаштап жайған күйінде шалқасынан жатқан екен сабазың. Жұқа мақтадан тігілген сұр курткасының алдыңғы сырмасы жартылай ашылыпты. Аяқ жағынан табылған түбінде бір елідей арағы бар шыны шөлмек, бір қарыс шұжық айғақ зат ретінде тіркелді. Жымиып күлгені ме, әлде суыққа тоңған беті жансызданып езуін игеруге әлі келмеді ме, жұмылған көздеріне күлімдеген езуі бейне бір тәт­ті ұйқыда жатқан адамның бейнесін бере қалыпты. Суық алған беті көгеріңкіреп кеткені болмаса, өлген адам ретінде еш қорқыныш бермейді. «Ұйықтап кетіп, кері оянғанша суық алып кеткен жүрегі тоқтап қалып, еш бейнетсіз, қиналыссыз мына дүниеден кете қалған екен» деп ой шығарғың келеді мына бейнесін көргеннен ке­йін марқұмды азапқа қимай…
Иә, оны өзгелер де айт­ты.
– Сабыр ет. Қайта он екі мүшесі түгел табылғанына рахмет дейміз ғой. Ит-құс бет-аузын тырнап, аяқ-қолын жұлмалап, иә бірден табылмай әбден сүйрегі сыдиып қалған азапты күйінде табылса қайтер едің? – деп жұбат­ты жоқтап сыңсыған әйелін өзгелер.
– Иә, тірі жанға зияны жоқтығының арқасы ғой, бір қарға келіп шоқымапты, – деп растады біреулері.
Төрт күн бойы ызғары сүйектен өтердей соққан боран бүгін бір көктемнің бас кезіндегідей әлсіз жылымық аралас дымқыл бу бүркіп, топырақтың өзі бусанып кішкентай төмпешік ауылдың шетінен орын тапты.
Жаназаға арналып асылған қазанның буы да аспанға жайбарақат тіп-тік будақтап жат­ты. Иә, қаңтардың ортасындағы аяз құрсанған ауа райы сол күні ерекше жылып кет­ті. Өне бойына мұз қатқан дала бусанып, талдың бұтақтарына көктемнің таңындағыдай шық тізіле қалды…

Бақытгүл СӘРМЕКОВА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.07.2024 | 13:18

Жақсы әңгіме жазылған екен, авторға рахмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір