Төрт түліктің тілін білген…
01.08.2023
565
0

«Не көрсең де тірлікте, сыйласқан жақсы бірлікте» демекші, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик, жаңадан шығарылған сүт бағытындағы «Ақ ырыс» қоңыр сиыр сүлесінің, қазақтың етті ақбас сиыры тұқымының Зенит-Чубатый, әулиекөл тұқымының Табакур аталық із топтарының және жоңышқаның «Балауса» жаңа сорты авторларының бірі, тәлімі терең, жаны нұрлы азамат – Төреханов Айбынмен ұзақ жылдардан бері аралас-құралас болып келеміз. Тоқсаныншы жылдардан басталған сыралғы сыйластығымызға сын түсіп көрген жоқ. Қызмет бабымен араласа жүріп, кейін ара-қатынасымыз үлкен достыққа ұласып, жарасып кеттік.

Ол – көп оқыған, білімді, өмірден көргені, санасына түйгені мол, зерделі, көкірегі ізгілікке толы жан. Сертке адал, сөзіне мығым. Оның бойындағы қазаққа тән мәрттігі, уәж сөзге құлақ аса білуі, еңбекқорлығы мен ізденгіштігі – жанына серік еткен мінезі. Сондай-ақ, өмір сүрудегі өзіндік қасқа жолы мен берік ұстанған қағидасы да ерекше.
Қайран уақыт, сынаптай сырғып жатқаны байқалмайды. Күні кешегі жас жігіт – Айбын Әдепханұлы Төреханов бүгінде қазыналы жас алпысқа жеткен екен.
Біздің алғашқы таныстығымыз 1990 жылдан, Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының /ВИЖ/ аспирантура кезеңінен бастау алады. Коммунистік партия саяси аренадан кетіп, еліміз егемендік алып, қоғам социалистік формациядан нарықтық қатынасқа ұмтылған өтпелі кезең еді. Баға үнемі өсіп, ақша тапшы болған, азық-түлік өнімдерін «карточкамен» алған қиын уақыттарды бастан өткердік. Осы қиындық елден сырт Мәскеуде оқитын студенттер мен аспиранттардың білімге, ғылымға деген құштарлығын ұштаған уақыт еді. Жерлестердің ауызбірлігі, бір-біріне деген сыйластығының арқасында қиыншылықтар еңсерілді, қаншама адам ғылыми еңбектерін қорғады.
Осы бір қысқа мезетте Айбын құрдасым Абай атамыз айтқандай «ғылым бағу» ісінде қабілет-қарымын танытып, азаматтық қасиеті мен өзінің жаңашылдық қырларын жарқыратып көрсете алды. Сол кездің өзінде ВИЖ-дегі /Всесозный научно-иccледовательский институт животноводства/ аспиранттар ортасында өзінің жүріс-тұрысымен, білімімен ерекшеленіп тұратын. Әрине, бұйырған бақ болар, ғылыми жетекшісі әлемге аты танылған академик Эрнст Лев Константинович болды. Ол кісі ВАСХНИЛ-дің вице-президенті еді, сол кісінің тікелей ықпалымен көптеген ғылыми институттарға еркін кіріп, атақты ғалымдармен пікір алмасып жүрді. Менің ғылыми жетекшім Николай Иванович Сергеевпен де тығыз араласты. Көптеген ғылыми институттардың ұжымдарымен аралас-құралас болып, ықпалды ғалымдармен байланыс жасағаны көп ғалымдарға шарапатын да тигізді. Сол адамдардың бірі – өзіммін.
Мал дәрігерлік академиясында бірге оқыған досы профессор Конопелько Юрий Викторович Айбынның аспиранттар қызыққан білімпаздығына, ересен еңбегіне, жаңашылдыққа құштарлығына, ұйымдастырушылық қабілетіне «Айбынға Алла бақ берген, ол ұстаздық үлгісі мен өнегесі мол ғалымдардан дәріс алды, солардың ортасында шыңдалып өсті» деген мінездеме берген еді.
Аспирантура кезеңіндегі өмір жолына байыппен қарасам, үлкен ғылыми мектепте шыңдалыпты. Айбын тығыз араласқан академиктер Л.К. Эрнст, Н.И. Сергеев, Л.Д. Левантин, Черкашенко, Черекаев, Жиряков Одақтағы мал шаруашылығының майталман мамандары еді. Ғылыми жетекшісінің арқасында «самор­одок сары алтындар» – Вепрев, Стародубцев сияқты қоғам қайраткерлерімен жақын араласты. Осындай көрнекті қайраткерлерден жалғасқан сабақтастық, үздік үрдіс, тау тұлғалардан қал­ған­ тағылым досымның бүгінгі шымыр болмысын сомдағандай. Менің пайымымда, менің досым ВИЖ-дің мек­тебінен шыққан мықтылардың сапында.
Мен Айбынның Ауыл шаруашылығы Министрлігіне ауысып келіп, мемлекеттік қызмет атқарғанына, сонан соң республикалық мал асылдандыру орталығы «Асыл түлік» қоғамын ұйымдастырғанына және «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-өндірістік орталығы» мекемесінде басшы болып еңбек еткеніне ерекше мән беремін. Өйткені, осы кезеңде Совет Одағына белгілі қоғам қайраткерлері Медеубеков Қилыбай Үсенұлы, Асанов Қасым Әбуұлы және Оразалиев Рақым Алмабекұлы сияқты академиктердің бастамасымен және қолдауымен Айбын ауыл шаруашылығына аса қажет үлкен шараларды ұйымдастыруға мұрындық болып, игілікті істердің басы-қасында болды.
Егемендік алғаннан кейінгі жылдары қордаланып қалған мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы өсімдіктері мен жануарларының тектік қорын бір жүйеге келтіру, оны тиімді пайдалануды жолға қою шаралары еді. Осы тектік қорды құру бастамасын көтерген академиктер Қ.Медеубеков пен Р.Оразалиевтермен бірге ауыл шаруашылығы Министрлігі тарапынан Айбынның да белсенді қатысқаны белгілі. «Асыл түлік» қоғамынан Алматыға «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-өндірістік орталығына» ауысқан кезде де республикалық өсімдіктер мен жануарлар және микроорганизмдердің тектік қорын жасақтау мәселелерінің ұйым­дастырушылық жұмысына қатысқаны зор жауапкершілік.
Айбынның докторлық диссертациясына академик Қ.Асанов ғылыми кеңесші болды. Докторлық жұмысы Қазақстандағы табиғи жайылымдардың жай-күйі, оларды ұтымды игерудің оңтайлы жолдарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу мәселелеріне арналды. Өзекті мәселенің түйінін тарқатып, диссертацияны ойдағыдай қорғап шықты. Осы еңбегінің арқасында «ҚР Ұлттық атласын» дайындау кезінде ауыл шаруашылығы бөлімінің материалдарын әзірлеуге басшылық жасау Айбынға бұйырды.
Айбын Әдепханұлы ауыл шаруашылығы жүйесіне келгенге дейін бизнес, аудан әкімінің орынбасары, «КазАгропромбанк» жүйесінде қызмет атқарса да ғылымнан алыстап кетпеді. Сөз ретіне орай, бизнесте мал шаруашылығын дамытудың озық технологиясына бағытталған жобаларға басшылық жасаса, банк саласында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық сауығуына ғылыми тұрғыдан көзқарас танытқанын атап кеткен жөн. Әкімшілік қызметінде де шаруаларды жаңа технологияға үндеп, шаруашылықтардың қызметін тиімді ұйымдастыруды ғылыми қамту мәселелеріне зор мән берді.
«Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-өндірістік орталығына» басшы болып келгеннен кейін, арамыздағы қарым-қатынас тіпті жақындады. Шешім қабылдауға батыл екендігі, әр нәрсеге тереңдеп үңілетіні, сараптау барысында мамандардың пікірін ескеретін қасиеті, маман таңдауда білімді, білікті және ұйым­дастырушылық қабілеті бар адамдарға басымдық беретіні көпшіліктің көңілінен шығып жүрді. Дегенмен, қазақтың қара сөзінде айтылған «кетеді біреу мақтап, біреу даттап…» демекші, көп жылдар ғылымда қызмет атқарып келе жатқан аға буынға жас басшының кейбір көзқарасы, әсіресе тура айтатын шыншыл мінезі жақпай да жатты. Атақтары дардай, бірақ ісіне атүсті қарайтын аға буын ғалымдардың көбісі жұмыстан босатылды, бұрқырап арыздар жазылып жат­ты. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапынан комиссиялар легі қаншама тексерістер жүргізді. Істің мән-жайы институт басшылығы тарапынан ғалымдардың атқарған жұмыстарына қойылған қатаң талабында болып шықты. Әрине, өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Айбын Әдепханұлы қол астындағы қызметкерлеріне де қатал талап қойды. Мен қызметімнің алғашқы кезеңінде ертеден кешке дейін дамылсыз жұмыс атқаруды, сенбі күні де жұмыста болуды тосырқап қарсы алғаным рас. Кейін­нен уақытысында іс қағаздарын атқару, жұмыс барысын жіті қадағалау және Министрліктің бағдарламасы аясында алдағы жұмыс легін жоспарлау мәселелеріне үйрендім. Қалай десе де, аграрлық ғылымның қара шаңырағы ВАСХНИЛ-дің шығыс бөлімшесінің мұрагері «Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын» Айбын 2004 жылдан 2012 жылға дейін басқарды.
Осы жылдары мен «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-өндірістік орталығының» филиалы «Батыс Қазақ­стан ғылыми-зерттеу ветеринарлық станциясында» басшылық қызмет атқардым. Институтты басқарған кезеңдерінде Айбынның ақыл-ойға жүйріктігі, батылдық пен даналығы мені тәнті етті. Оның көре­ген­ділігі, қызметіне адалдығы, әр ісінде көркемдікті үйлестіре біле­тін талғампаздығы мен мәдениет­тілігі аға буын ғалымдар мен әріптестер тарапынан зор құрметке ие болды. Досыма қарап, алтынның сынығындай парасатты азаматпен жолықтырған тағдырға риза боламын.
Өмірдегі сияқты ғылымда да өз орнын тауып, адал еңбегімен несібесін түгендеп жүрген жандар баршылық. Осы орайда, Айбын – өз орнын тапқан жан. Ғылыми ізденістерді тереңдетіп, індетіп зерттейді. Заманауи технологиялық соны бағыттарды ұдайы бағамдап отырады, жаңашылдыққа жаны құмар. Оған тек ізденімпаздық пен еңбек сүйгіштік қана емес, жанкештілік те тән. Шіркін, осы бір жақсы қасиет барлық ғалымдарға дарыса дейсің. Айбын досымның ғалымға тән жақсы қасиеті – шыққан биiгiнде қалып қоймай, өзiне де, өзгеге де тосын, тың өрiстерге шығуға ұмтылысы. Мысалы, мал шаруашылығы саласында цифрландыру мәселесі бойынша алғашқылардың бірі болып бастама көтеріп, мал туралы барлық ақпараттар шоғырланған ақпараттық-сараптамалық жүйесін /ИАС/ түзіп, мал асылдандыру ісіне серпін беруге мұрындық болғанын мақтанышпен айта алам. Осы жүйе аясында сүтті сиырлардың cырт пішінін бағалау әдісінің отандық нұсқасын өндіріске енгізді. Мал шаруа­шылығындағы генетикалық ізденістердің өрісін кеңейтуге бар білімі мен біліктілігін арнағаны көпшілікке мәлім.
Айбынның елден ерек тағы бір қыры – сөзге шешендігі ғана емес, әдеби тілмен жазуға да қабілеті. Ғылыми мақалаларынан жазу-шылықтың лебі есетін. Бұқаралық баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар легі ғылыми тілді қолданыстағы қарапайым тілмен орайлы үйлестіріп, айтайын деген ойын ұтымды жеткізіп жатады. Мысалы, «Құтты малдың құты кетпесін», «Жылқы – қазақтың жаны», «Мал – тіршілік көзі» атты көпшілік оқырманға арналған ғылыми танымдық мақалаларының тілі жатық және ежелгі қазақы пайымдардың қоржынын ақтарып, қолданыстағы мағынасын түсінікті жеткізеді. Мысалы, қара отты жердің шөбі малға жұғымды болатыны, осындай өрісте көктемде мал тез сергитіні немесе бетегелі жердің шөбі шүйгін келетіні, әсіресе жылқы түлігі үшін мұндай жер ең шұрайлы өріс болып табылатыны сияқты халық даналығының ғылыми астарын да қарапайым түрде баяндайды. Қызметте жүрсе де, қара жұмысқа бой алдыртпай, ғылыми ізденістерімен қатар өзінің жазу қабілетін үнемі ұштап отыруы – ғылым үшін үлкен олжа.
«Ниетіңе қарай несібең» демекші, Айбын ақжарқын, қазақы қоңыр мінезі мен кең пейілінің арқасында туыстар, достар және әріптестер арасында абыройлы жан. Бардың қадірін бағалап, жақсыларға жақын жүруге ұмтыла¬тын Айбынның қасиеті, әлбетте, адамдарға деген жүрек лүпілін, қызметке деген адалдығын аңғартады. Бар күш-жігерін, білімін және тәжірибесін мал өсірудің қыр-сырын терең ұғынуға және мал шаруашылығын дамытудың заманауи технологияларының тиімділігін зерттеуге арнап келеді. Атап кететін жәйт, көптеген мақалаларында білім іздеген оқырманның ой отауына олжа салатын ғылыми негізделген дерек пен дәйек жетіп артылады. Ғылыми монографиялары мал шаруашылығын дамытуға серпін беретін қосымша энцикло-педиялық анықтамалық тәрізді.
«Алып кеме ауқымды жүзе алады» демекші, Айбын, шынымен, өз атына сай тірлік кешуде деп пайымдауға болады. Маман ретінде өз ісіне мығым, білімі мен білігі биік, қызметке адал, қызмет бабында батыл, әрі тез шешім қабылдауы және жаңашылдыққа жан құмарлығы мен іс атқарудағы жанкештілігі бүгінгі жетістіктеріне қол жеткізді. Қазақта «атына заты сай» дегендей, азан шақырып қойған есіміне орай ата-анасының сенімін ақтады. Қызметте басшылардың сенімін арқалап, сала мүддесінің үдесінен шығып жатты. Мысалы, үлкен көрегенділікпен таңдаған мал асылдандыру ісін цифрландыру бағытының өзектілігі әлсіреген емес, керісінше, маңыздылығы арта түсуде. Сонымен бірге 2010 жылдары көтерілген малдың тұқымдық сапасын геномдық бағамдау бастамасы да қайтадан жаңғырып, жалғасын тапты. Қорыта айт­қанда, Айбынның болмысын еңбегі мен әрекеті осылайша қалыптастырғаны өмір заңдылығы.
Ілім-білімімен, тәжірибесімен, парасатты пайымымен, көркемдік қабілетімен мал өсірудің қыр-сырын зерттеп, малдың қасиет­терін сәнімен, мәнімен жеткізген, мал шаруашылығын өркендетуді жүйе-жүйесімен жіліктеп саралаған, мал өсірудің дәстүрлі жолдарын жаңғыртып-жаңартқан, заманауи технологиялармен толықтырып, байытқан Айбын Әдепханұлының толағай теңіз шығармашылық мұрасын баяндау бір мақаланың аясына сыймайтыны анық. Жалпы 500-ден аса ғылыми еңбектері жарияланған, оның ішінде 100-ден аса ғылыми кітаптар, 60-тан аса әдістеме мен нұсқаулықтар, жоғары оқу орнына арналған қаншама оқулықтары бар. Ең бастысы, Айбынның сана-зердесіне мықтап тоқығаны қазақтың дәстүрлі мал бағу тәжірибесін бүгінгі жаңа заман ағымына үйлестіре отырып, дамыту. Қазақ халқының мал бағудағы дәстүрлі жолын сұңқар көңілмен, сұңғыла зейін­мен, ғылыми көзқараспен баяндағаны көңілге ерекше әсер етеді. Еңбектеріндегі ой-тұжырымдары, сараптама талдаулары, ғылыми көзқарасы Айбынның білімі мен біліктілігін, ой көкжиегін, таным-пайымын айқындап тұр. Абай дана айтқандай «ізгілікке ілімшіл жан лайық». Міне, Айбын Әдепханұлы осындай ізгі азамат.

Серік ҚАНАТБАЕВ,
биология ғылымдарының
докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір