Төрт жанрды тел емген
08.02.2024
385
0

Осыдан біршама уақыт бұрын белгілі жазушы, драматург, ұзақ жылдар бойы үкімет аппаратында қызмет еткен Жолтай Әлмашұлы (Жұмат) өзі сияқты мемлекет­тік қызмет­те жүріп, әрі түтіндерін түзу ұшырған, әрі қаламдарын қолдарынан тастамаған бір топ қыз-келіншек әріптестері туралы баспасөзде жылы лебіз білдірген-ді. Әрқайсымыз өз атымыздың аталғанына кәдімгідей серпіліп қалғанымыз рас. «Жақсы сөз жан семіртеді» дегенді қазақ бекер айтпаған ғой. Бұл мақаланың кейіпкері де сондай қаламгерлердің бірі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Бұл жерде бір жайды нақтылай кет­кім келеді: жоғарыдағы мақалада шы­ғармашылығына шолу жасалған кейіпкерлер – әрқайсысы әдебиет­тің әр жанрында тер төккен қаламгерлер болса, Өріс Яшүкірқызы – поэзияда да, прозада да із қалдырып, қыз-келіншектер бара бермейтін сатира жанрының тілі тотияйын тұлғасы ретінде танылған. Ал оны басқамыздан ерекшелендіріп тұрған – жаны нәзік қауым өкілдері түгіл, ер-азамат­тар жүрексіне баратын детектив жанрының есігін еркін ашып, осы жанрдың дамуына сүбелі үлес қосқанында. Мұндай пікірімді қаламгердің «Жіп тұзақ» ат­ты кітабы шыққанда да жазған болатынмын.
Таяуда қаламгер «үлкен тірлік жасадым» деп аз ғана топтың басын қосты. «Үлкен» деп айтса – айтқандай екен! Жоғарыда аталған төрт жанрда жазылған еңбектерін іріктеп, 4 томдық шығармалар жинағын шығарыпты. Жолдасы мен ұл-қыздарының арқасында, әрине. 100 баспа табақтан асатын бұл жинаққа өз ұрпағына арналған «шежіре-альбом» қосылмайды. Және бір өкініштісі, Өрекеңнің Торғай облыстық газеті мен радиосында жиырма жылдан астам, біраз уақыт «Астана ақшамы» газетінде қызмет­те жүргенде жазған, басқа да газет-журналдарда жарық көрген мақалалары енбеген. Әйт­песе, олардың ішінде журналист Өріс Яшүкірқызы шығармашылығының «Торғай кезеңі» бір төбе! Қазақ мемлекет­тік университетінің журналистика факультетін бітірген жас маман сол аймақтың ақ қар, көк мұзында жү­ріп, батпағына батып, ми қайнатқан ысты­ғына күйе жүріп, жаңа құрылған облыс­тың, бүкілодақтық құрылыс алаңы­на айналған Арқалықтың тыныс-тір­шілігін, адамдарының тағдырын шығар­машылығына арқау еткен. Солардың еңбегіне тәнті болған! Торғайды, басталса тоқтамай соғатын боранын, құбыла соққан желін, толқыған егінін сүйген! Сол сезім тілімен мақала жазған..
Өзге өңірде туып-өскен Өріс апайдың біздің жаққа шын мәнінде «тастай батып, судай сіңуі» таңғалдырады. «Торғайлықтар» деген чат­тары бар, облысқа қатысты жиындардан қалмайды. Жолдасы Мұхитдин Бәйімбетов ағай Арқалықта әуежай ашу ісінің сан қатпарлы жұмысында, жолаушыларды жөнелту-қабылдау жөніндегі басшылықта болған. Жаңадан ашылған Торғай облысының аудан орталықтарында, шалғай ауылдарда 31 әуежай орталығын ашуға атсалысқанын, елді мекендерге коммунистік партия саясатын насихат­тайтын сонау Мәскеуден шығатын «Правда», республика астанасы Алматыдан шығатын «Казахстанская правда» басылымдарын, «Социалистік Қазақстан» газетін сол күні оқырмандарға жеткізудегі қызметінің қиындығы мен қуанышын сағынышпен айтып отырады. Жан-тәнімен торғайлық болып кеткен Мұхитдин аға мен Өріс апай тіпті облыс екі рет жабылғанда да басқа жаққа көшпей, «Арқалықта әлі де облыс қайта ашылып қалар» деген үміт­те болыпты. Ақыры өсіп келе жатқан ұл-қыздарының жоғары білім алулары үшін, әрі өздеріне жаңа қызмет орындарын іздеп орналасу үшін республика орталығы деп жарияланған Ақмолаға көшуге бекем бел байланады. Мұнда оларға «келсең келе ғой» деп пәтер кілтін даярлап жатқан еш мекеме жоқ. Алайда, алға қарай талпыну керек.
Өрекең Арқалықтан Ақмолаға ат­танар теміржол вокзалында ұлы мен қызын құшақтап отырып, «Торғайдан көшіп барамын» деген өлең жазыпты. Бұл өлеңді қасиет­ті Торғай облысы жабылып, туған жерінен басқа жерге амалсыздан қоныс аударған жүздеген торғайлықтар жат­тап алып, апамызға алғыс сезімін білдірген екен. Сол өлеңінің екі-үш шумағы мынадай:
Ауызын тырнап жараның,
«Кет­тің? – деп, – қайда?» қарағым,
Сұрама қинап сұрама,
Торғайдан көшіп барамын.

Таусылып мынау амалым,
Қамымен бала-шағаның.
Іздеуге жұмыс сенделіп,
Торғайдан көшіп барамын.

Қолымда жалғыз қаламым,
Байлық жоқ, басқа, қарағым,
Алды-артым тағы белгісіз,
Торғайдан көшіп барамын…
Биыл Өріс апай үшін – мерейтойлы жыл. Көктемде келер сол мерейлі күн қарсаңында қаламгер апамыздың шығармашылығы туралы жылы лебіздер айтыларына сенемін. Оның әріптестері, ойлы оқырмандары ат­тарының өзі «сөйлеп» тұрған «Жан сарайым – өлеңім» поэзия кітабы, «Ескі қоныстағы ел» проза кітабы, «Ұшық пен пұшық» сатиралық әңгімелер жинағы, детектив жанрында жазылған «Құлдықтағы қылмыс» ат­ты 4 томдық қолдарына тигенде пікір айтып, ой толғайтын болар. Ал мен апайымыздың өзін дәл сипат­тайтын: кешеуілдеп келе жатқанды оздыруға, кенжелеп қалғанды дамытуға бейім табиғатына сәйкес, әдебиетімізде кең құлаш жайып кете қоймаған детектив жанрында жазған әңгімелері туралы айтпақпын.
Оның бұл салаға қалам тартуын байырғы оқырманы ретінде бірден түсіне қоймағаным рас. Өйткені детектив – атыс-шабысы, қуып-қашуы, кісі өлімі бар қаталдау бағыт қой. Ал Өріс ақынның өлеңдері әлемге әйел­дің көзімен қаратады. Нәзік, мейі­рімді. Әңгімелеріне көбінесе қазіргі нарықтық заманымыздағы ауыл өмірін, ондағы өмір сүріп жатқан адамдардың шынайы тіршіліктерін арқау етеді. Туындыларында әсіре бояу мен әсіре сипат­таулар жоқтың қасы. Бәрі шынайы, табиғи. Ауылдың кейбір адамдарының тіршілігіне қатысты шымшыма әзілдер мен астарлы юморларды қиыстыруына еріксіз жымиясың… Осындай шуақты шығармалар авторы кенет­тен тың тақырыпқа – алдау-арбау, қорқыту-бопсалау, қинау-өлтіру жайлаған қылмыс әлеміне түрен салды. Өмірде болған, нақты үкім шыққан және тек әйелдер жасаған қылмысты оқиғаларды арқау еткен «Жіп тұзақ» жазушыны басқа қырынан таныт­ты. Міне, осылай, нәзік жандылар түгілі ер-азамат­тың өзіне бас бере қоймайтын арынды жанр – детективтің жалына жармасты.
Детектив қандай жанр? Терминді түсіну үшін «Қазақ әдебиеті» энцик­лопедиялық анықтамалығына (Алматы, «Аруна Ltd.», 2010) жүгінейік. Онда: «Детективтік әдебиет дегеніміз – (ағылш. Detective – әйгілеу, әшкерелеу) шытырман оқиғалы қылмысты істерді ашуға құрылған шығарма. Детективтік әдебиет сюжеті жұмбақ қылмыс салаларын логикалық пайымдаулар арқылы ашып көрсетуге арналады. Басты ке­йіпкер ретінде – ізкесуші заң қызметкерлері немесе тыңшы, барлаушылар мен қылмыскер алынып, алуан түрлі оқиғалар аркылы екі жақтың ашық та астыртын қақтығыстарынан соң қылмыс әшкереленеді» деп жазылған.
Біз бала кезімізде бұл анықтаманы білмей-ақ, шытырман оқиғасына қызығып, детектив жанрында жазылған кітаптардан бас алмай оқыдық. Өйткені бала кезде ұзын-сонар баяндауларға құрылған шығармалардан гөрі осындай шым-шытырық оқиғалы, бас қаһарманы ақылды да тапқыр, тіпті анау-мынау адамыңды сан соқтырып кететін айлакер, кейіпкерлері тығырықта жол тауып, кез келген сынақтардан аман-сау шығатын туындылар тартымдырақ болатыны рас. Біздің де кітаптағы шытырман оқиғалардың қалай шешілетінін білгіміз келіп, соңына жеткенше дегбіріміз қашатын.
Иә, адам баласы қашанда тосын жайт­тардың сырын білуге құштар келеді емес пе?! Ал бала кезде бұл сезім тіпті күшті болады. Сөйтіп, қылмыстық оқиғалардың шешуін білгісі келіп, автор мен жарыса отырып неше түрлі нұсқа құрады. Тіпті сол нұсқаларын өзі құралпы ұл-қыздарға оқиға арасында жүргендей етіп, сеніммен баяндайтын талай баланы көргенбіз. Содан да болар, өз басым қиялы бай, әңгімешіл адамды кездестіргенде, іштей «бұл кісі бала кезінде ертегілер мен детективтерді көп оқыған шығар» деп ойлап отырамын.
Бұдан детектив тек балалар қызыға­тын жанр деген түсінік туындамауы керек. Ол – әлем әдебиетінде өзіндік орны бар жанр, қазіргі заманда да оқырмандар тарапынан өзіне қат­ты қызығушылық тудырып отырған жанрлардың бірі. Детективтік шығарма шынайы өмірді нысана етеді, сол заманның қылмыс әлемін әшкере ету үшін жазылады. Бұл тұрғыдан алғанда детективтік жанрды қоғам құбылыстарының айнасы деп те айтуға болады. Жанрдың әсіресе өткен ғасырда қарқынды дамығаны сондай, ол ғылыми зерт­теу объектісіне айналып, классикалық немесе зияткерлік детектив, психологиялық детектив, фантастикалық детектив, ирониялық детектив, тарихи детектив, шпиондық детектив, саяси детектив, полицейлік детектив деп жік-жікке бөлініп, зерделене бастады.
Бір нәрсе ақиқат: бір елдерде жұрт жаппай оқып, белсенді тарайтын болса да, ал бәзбір елдерде дамуы кенжелеп қалса да детектив жанрының адам қалыптасуында ұшқыр қиялды, әділет сүйгіштікті дамытатын әсерінің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ендеше, осының өзі-ақ оның әдебиет­тің маңызды жанры екенін көрсетеді деуге болады. Адам дамуының ерекшелігіне сәйкес – өмірге сәби шақтағы көзбен қарау, айналаңдағылардың бәрі жақсы, шындық, қайырымдылық, жақсылық салтанат құруы керек деген пәк ұғым, әділет­ті болуға ұмтылу детективтік жанрға қызығушылықтың бала кезде басым болатынын түсіндірсе керек.
Біз оқушы кезімізде мектеп кітапханасында бір ғана данасы болатын Агата Кристидің, Артур Конан Дойлдың кітаптарын кезекке тұрып оқитынбыз. Ол кезде аудармасы болмадыма екен, орыс тілінде оқыдық. Содан кейін қазақ тілінде жазылған «Түнде атылған оқ» (Кемел Тоқаев), «Комендант­тың жазбалары» (Қалмұқан Исабаев) қолға тиді. Есейе келе тартымды кітап қолға түспеді ме, әлде әдеби қызығушылығымыз басқа жанрларға бет бұрғызғаны әсер ет­ті ме, кейінгі детективтік шығармаларды оқи алмадым. Дегенмен жанр жаңалықтарына құлақ түре жүргенім рас.
Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл жанрға байланысты жарияланған мақалаларда (Р.Асылбек «Қазақ детективі қай деңгейде?», «Қазақ әдебиеті», 2008 ж., Т.Тәшенов «Қазақ детективі қашан жанданады?», «Айқын» газеті, 2009 ж., Ә.Балқыбек «Детектив жанры неге кенже қалып отыр?», «Абай» порталы, 2012 ж., Б.Берікұлы «Детектив жанры қазақ әдебиетіне керек пе?», 2018 ж., Ө.Яшүкірқызы «Қазіргі қазақ детективі» ҚР Ұлт­тық академиялық кітапханасындағы онлайн кездесудегі сөзі, А.Кеңшілікұлы «Қазақ детективін қашан оқимыз?» «Егемен Қазақстан», 2021 жыл) бізде оның дамуы кенжелеп келе жатқаны айтылады.
Ендеше, Өріс Яшүкірқызының әңгімелері енді ғана арнасы толып келе жатқан өзенге қосылған бұлақтай деуге болады. Жалпы елімізде детектив жанрын дамыту бағытында аздаған талпыныстар бар екенін айта кетуіміз керек. Соның бірі – детектив жанрында жазатын қаламгерлер арасында әдеби конкурстар ұйымдастыру. Мысалы, 2018 жылдан бері «ЗАҢ» Медиа-корпарациясы» ұйымдастыратын Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив байқауын көзіқарақты оқырман біледі. Өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де бұл іске үлес қосып, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы К.Тоқаев атындағы конкурсты ұйымдастырғанын естідік. Осы конкурс өткізілгеннен кейін енді кенже қалған салаға көңіл бөлінеді деген сенім пайда болғаны рас.
Зерт­теушілер Б.Бодаубай, Ш.Күмісбайұлы, М.Анарбекұлы, А.Әбілов, М.Балажан­ов, О.Асылбаев, Ш.Орынбай сияқты қаламгерлерді детектив жанрына қалам тартқан жазушылар ретінде атайды. Сондай-ақ қазіргі күні тек қана детектив жанрымен айналысып жүрген қазақ қаламгерін кездестіру қиын екендігін тілге тиек ете отырып, Х.Шопанов, Е.Жүсіпұлы, Ә.Дүйсенбеков сияқты авторлардың шығармалары да атап көрсетіледі. Біздіңше, бұл тізімге екі нәзік жанды қаламгерді қосу керек.
Біреуі – ұзақ жылдар бойы республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет еткен журналистика ардагері Зияш Телеу. Оның «Әлияның жүрегі», (1992) «Тау самалы» (2004) жыр жинағы, «Жоғалған ауыл туралы аңыз» (2006) кітаптары жарық көрген. Жасөспірімдерге арналған шытырман оқиғалы шығармалардан ағылшын жазушысы Эмили Родданың «Дело о пропавшем миллионере», Наталья Кузнецованың «Дело о таинственном шефе» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған. Оның «Банкирдің өлімі», «Махаббат­тың ажалы» ат­ты романдары 2013 жылы «Жазушы» баспасының «Жаңа заман әдебиеті. Проза» сериясымен жарық көрген. Балаларға арналған «АБКА тобы ашқан қылмыс» детектив сериясының авторы.
Екіншісі – біздің кейіпкеріміз, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық саласында дерлік еңбек еткен ардагер журналист, өлең-әңгімелерімен, юмор-сатирасымен республикамызға танылған қаламгер Өріс Яшүкірқызы. Ол әр жылдары жарық көрген «Боямасыз өмір», «Сексеуілдің шоғы», «Қараша қаздың қаңқылы» (өлеңдер жинақтары), «Шенеунікше тактика» (әзіл-сықақ, сатиралық әңгімелер жинағы) сияқты кітаптардың авторы. Бұл тізімді автордың «Жіп тұзақ» кітабы мен біз мақала басында айтқан төрт томдығы толықтыра түседі. Оның төртінші, аты айтып тұрғандай, қылмыс әлеміне арналған «Құлдықтағы қылмыс» (23,75 б/т) томын детектив жанрына қосылған сүбелі үлес деп ауыз толтыра айтуға болады. Ол «Ашылмаған қылмыстар» және «Ашылған қылмыстар» деген екі бөлімнен тұрады.
Кітапқа енген әңгімелердің бір ерекшелігі – ауылдағы қазақ қыздары жасаған қылмыстар туралы екендігінде. Ауыл қызын табиғи сұлулық пен биязылықтың, әдептілік пен тәрбиеліліктің, нәзіктік пен тазалықтың символындай қабылдау санаға сіңіп, әбден қалыптасқандықтан, бұл фактіні қабылдаудың өзі қиын. Бірақ шындық сондай. Шынайы өмірде өздерінің қалалық құрбыларына қарағанда әлде қайда жуас, момын, қорғаншақ ауыл қыздарын қылмысқа итермелеген не? Намысына тиіп, арын таптаған қара күш иесінен кек алу ма? Басына төнген қатерден қорғану ма? Әлде біреудің бақытын көре алмау ма? Кітаптың алғысөзінде айтылғандай, автор бұл сұраққа жауапты өмірде 1967-2017 жылдар аралығында жасалған әйелдердің қылмыстық істері негізінде жазылған әңгімелерден іздеуді ұсынады.
«Нәпсі мен қылмыс» деп аталатын бірінші әңгімені оқығанда-ақ жүрегіндегі шексіз мейірімімен перзентін жақсылыққа баулитын ана мен қыз арасындағы қатынастар туралы ұғымың төңкеріліп түседі… Кітапқа бойлап, үңілген сайын, одан кейінгі әңгімелерге арқау болған жайлар жағаңды ұстатады. Мына өмірдің өзің күтпеген жақтан берген соққысына адамдардың қалай қарсы тұратынына; кімнің кісілікті сақтап, кімнің хайуан келбетіне кіретінін оқып, жаның түршігеді. Қылмыс атаулының сенің түсіңе де кірмейтін түрлері туралы оқи отырып, сенер-сенбесіңді білмейсің…
«Жаманқұз» әңгімесін оқығанда оншақты жыл бұрын өткен бір жиындағы екі жақты пікірсайыстар есіме түсті. Заңнамалық реформа жасау талқыланған бір конференцияда қолданыстағы қылмыстық кодекске «жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу» (сексуальное домогательство) деген қылмыстық әрекет бойынша жазалау нормасын енгізу туралы сөз болды. Өмірде ондай жағдайлардың кездесетіні, бірақ көп жағдайда мәжбүрлеу­шінің үстем жағдайына байланысты «жабулы қазан жабулы» күйінде қалатыны туралы айтқан адамға қарсы өре түрегелгендер аз болған жоқ. Әңгімені оқып біткенше «бізде жыныс­тық қатынасқа мәжбүрлеу деген жоқ» деп безектеген адам көз алдымнан кетпей қойды.
Үш жыл бұрын шыққан кітапқа атау берген «Жіп тұзақ» әңгімесі – әйелдің жанына тиюдің арты жақсылыққа апармайтынының мысалы. Оқи оты­рып, халқымыздың «мың асқанға бір тосқан», «өз бетімен жүргенге өзің барып соқтықпа» деген нақылдар еске түседі. Жалпы, басқа әңгімелердің де таным­дық-тәрбиелік мәні (жамандық жеңіледі, жақсылық жеңеді) сондай.
Өлең-жырларымен, әңгімелерімен белгілі автордан бұл жанрға келуі туралы сұрағанымызда:
– Мектепте жүргеннен батыс жазушыларының детективті кітаптарын қызығып оқыдым. Солардың желісімен түсірілген киноларды да ұнатып көрдім. Әсіресе Агата Кристидің шығармалары қат­ты ұнайтын. Қызық әрі қорқынышты. Жас күнімнен нәзік жанды әйелдер арасында әділдіктен гөрі әділетсіздіктің басым болатынын көрдім. Бірақ әйелдер өздеріне жасалатын қорлық пен зұлымдықтың бұғауында жүріп, күндердің күнінде қылмысқа барады деп ойламайтын ем. Бір күні ауылда әжелердің, апалардың бір-біріне сыбырлап, ауылдағы екінші әйелдің қылмысы туралы айтып отырғанын естідім. Олар әңгіме еткен әйелді мен де біліп, көріп жүрмін. Кейіннен қолыма қалам ұстағанда әйелдер арасында жымы білінбейтін қылмыстар туралы бір жазармын деген ой үнемі санамда жүрді. Бірақ соған берік бекіп, піскен кезім осы еді, – деп жауап берді.
Қазақ детективінің жай-күйіне байланысты да жазушының өз ойы бар:
– Кейде «қазақ детективі басқа жұртқа қарағанда кейіндеу қалды» деген пікірлерді естимін. Мұның да себебі бар. Біздің халқымыз табиғатынан ауызбіршілік пен бейбітшілікті пір тұтып, тыныштықта өмір сүргендіктен жантүршігерлік қылмыстық жағдайлар кездеспеген. Осы жанрда шығармалардың аз жазылуы себебінің бірі сол шығар деп ойлаймын. Және бұрын жеке көзқарас болған жоқ. Қазір жекеменшік капиталистік көзқарас қалыптасты. Тіпті әр отбасының мүшелері арасында жекеменшікке байланысты қарама-қайшылықтар бар. «Мал ашуы – жана шуы» деген желеумен қылмыс жасау әрекет­тері көбейді. Яғни детектив жанрының күні енді туды деген сөз. Осы жағдайлар мені ойландырады.
Детектив жазудың жазылмаған заңдылығы бойынша автор алдымен қылмысты ойлап табуы керек, содан кейін тергеушінің оны қалай ашатыны туралы ойлауға болады деген тұжырым бар. «Жіп тұзақ» және «Құлдықтағы қылмыс» кітаптарының ерекшелігі – Өріс Яшүкірқызы ешқандай қылмысты ойлап таппаған, бәрі өмірде болған оқиғалар негізінде әдеби көркемделіп, жазылған дүниелер. Сонысымен де қызық, тартымды, әсерлі бір жағы кейбір оқырманға қорқыныш сезімін тудырады.
Біз кітаптағы әңгімелердің мазмұнын баяндап беруді мақсат еткен жоқпыз. Оқырман оқып, өз бетімен ой түюі үшін қалған әңгімелерге талдау да жасамадық. Айтарымыз: Ө.Яшүкірқызының төрт томдық жинағының «Құлдықтағы қылмыс» томына енген әңгімелерде детективтік жанр ретіндегі басты белгісі – қандай да бір жұмбақ оқиғаның бол­уы, оның мән-жайы белгісіздігі және анықталуы керектігі, сондай-ақ детективтің маңызды ерекшелігі – оқиғаның нақты жағдайлары соңына дейін толық хабарланбауы тиістігі сақталған. Жанрдың осындай жазылмаған заңдарын меңгергенінің арқасында автор аса тартымды әңгімелер жазған.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген екен бабаларымыз. Ақыл-ойы кемелденген тұста жаңа жанрға құлаш сермеп, мерейлі жасына әдемі қалпында, шығармашылық қиялы мен қуатын сақтай отырып жеткен Өріс апамыз оқырманын тағы да қызық шығармаларымен қуантады деп сенеміз.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір