ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ТӨРТ ТАҒАНЫ
19.08.2025
75
0

Қазақстанда еңбек, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және көші-қон саясаты мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуының өзегіне айналған.

Бұл салалар бір-бірімен тікелей байланысты: жұмыспен қамту – халық табысының негізгі көзі, әлеуметтік қорғау – азаматтың тұрмысын тұрақтандыру құралы, ал көші-қон – еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ететін фактор. Соңғы онжылдықта әлемдік экономикадағы өзгерістер, пандемия, климаттық факторлар мен технологиялық прогресс еңбек нарығына, халықтың орналасу үлгісіне және әлеуметтік қорғау жүйесіне елеулі әсер етті. Қазақстан да бұл үдерістерден тыс қалған жоқ.
Ресми дерек бойынша, 2025 жылдың басында елімізде еңбекке қабілетті халық саны 9,3 миллионнан астам көрсеткішті көрсеткен. Оның, шамамен, 8,8 миллионы – экономикалық белсенді. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін төмендеді, бірақ бұл – орташа көрсеткіш, аймақтық айырмашылықтар бар. Алматы мен Астана қалалары жұмыс орындарының шоғырланған орталығы болса, батыс пен оңтүстік өңірлерде жұмыссыздық деңгейі жоғарырақ.
Мемлекет жұмыспен қамту саясатын соңғы жылдары «көп жұмыс орны» моделінен «сапалы жұмыс орны» моделіне бағыттап отыр. «Еңбек» ұлттық жобасы және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары арқылы жыл сайын ондаған мың адам жаңа мамандыққа қайта оқытылып, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуде.
Көші-қон Қазақстанда екі негізгі арна бойынша жүріп жатыр. Оның бірі – ішкі көші-қон, еңбек ресурстарын бір өңірден екінші өңірге қайта бөлу. Осы бағыттағы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы жұмыс күші тапшылығын азайтуға бағытталған. Екіншісі – сыртқы көші-қон, шетелден білікті мамандар тарту және қандастарды елге қайтару.
Мемлекет еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау, заңсыз көші-қонды азайту және шетелден келген азамат­тарды әлеуметтік бейімдеу шараларын да іске асыруда. Дұрыс басқарылған көші-қон демографиялық құрылымды теңгеруге, аймақтардың экономикалық әлеуетін дамытуға және еңбек нарығын толықтыруға ықпал етеді.
Еңбек, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және көші-қон – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының төрт тағаны іспетті. Олардың үйлесімді дамуы елдің өркендеуін қамтамасыз етеді. Мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, бұл салаларда тиімді саясат жүргізсе, Қазақстан еңбек ресурстары мықты, әлеуметтік тұрғыда қорғалған және бәсекеге қабілетті ел ретінде қарыштап дами бермек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір