Өміртай ЕДІЛХАНҰЛЫ. ЖАНЫМА ЕМ ӨЗІҢ және ИЕН ДАЛА…

Алматыға күз келді сұрқы бөлек,
Ағыл-тегіл жаңбыры сіркіремек.
Сатырлады үйімнің шатыры да,
Тереземді қақты кеп ақырында,
Ағысы да арындап бұлақтардың,
Орап ақты баурайын қыраттардың.
Алматыға күз келді, көктем келді,
Еске салып жастықты, өткендерді…
***
Тағы да ескі әуен, ескі мұң,
Сенетін қалмады ешкімім.
Жаныштап барады жанымды,
Түнектей түнерген бес күнім.
Тарылып тынысым, дем жетпей,
Дертімді ендетпей, емдетпей.
Өлтірмей азапқа салғанша,
Алып кет өмірден, сенделтпей!
Өзімде күреске құмармын,
Тебісіп, тебініп шығармын.
Құдайым бойыма күш берсе
Тағдырым, тіресіп тұрармын.
***
Жасырынған баққа құмар жанымыз,
Жасырынбақ ойнап жүрміз тағы біз.
Санамызда сағым көшкен, күні-түн,
Сарылумен аялайды үмітің.
Жаның жалғыз, тәнге серік табылар,
Өзіңді аңсап жан жүрегім сағынар.
***
Өкінішке қиып қайтем өткенді,
Ол да болса, бақытты кез еді ғой.
Сезем сенің маған деген өкпенді,
Түсінісер сәтім енді келді ғой.
Қол ұстасып, сол бір кеште есімде,
Біз екеуміз, саябаққа беттедік.
Қарағанды, маужыраған кешіңде,
Қоштаса алмай ұзақ тұрдық кетпедік.
Ұмыт болып, түннің суық ызғары,
Айырылмастай қос көлеңке тұрғанда.
Қызғанғандай Қарағанды қыздары,
Айналсоқтап жүріп алды-ау сол маңда.
…Жиі еске алып сағынышпен сол шақты,
Есіме алам жоғалтқалы өзіңді.
Көздерімнен үзілген сол моншақты…
Жан жүрегім қара түнде езілді…
Өкінішке қиып қайтем өткенді,
Ол да болса, бақытты кез еді ғой.
Сезем сенің маған деген өкпенді,
Түсінісер сәтім енді келді ғой.
***
Мен қазір кездесем өзіңмен,
Бақытқа бөлеген сезіммен.
Мен қазір жолығам өткенмен,
Өткенмен, кеткенмен, көктеммен.
Мен қазір айтамын барлығын,
Өзіңсіз дүниенің тарлығын.
Мен қазір қауышам қайтадан,
Сезіммен жүректі шайқаған.
Мен қазір көремін, келемін,
Елеңдеп… көңілде өлеңім.
Мен қазір кездесем бақытым,
Сені аңсап өтті ғой уақытым.
Кездесем аяулым өзіңмен,
Бір сәуле көргім кеп көзіңнен.
***
Бүгін сені қатты сағындым,
Жанымды орап жалын мұң.
Таусылып бітті сабырым
Келмейді білем сағым күн.
Елжіреп жүрек езілді,
Жасырам қалай сезімді?!
Қинадың әбден жаным-ау,
Алыстау ұстап өзіңді.
Неліктен сонша суыдың?
Мөлдірім менің, тұнығым.
Алады ойлар алқымнан,
Елестеп сұлу бұрымың.
Қайтейін қатты сағындым,
Бастауы сен ең бағымның.
Өзгемен тағдыр байладың,
Жануын тілеп бағыңның.
Арнаймын өлең әлі мен,
Шырқалар талай әнімен.
Сол кезде еске аларсың,
Түйсініп, сезіп, жаныңмен.
Кешірші, өкпе-мұң артсам,
Құмартпас сәтте құмартсам.
Аялар жерде алыстап,
Жұбатар жерде жылатсам.
Кешірші, кешір сағындым,
Сен едің асқақ сабырлым.
Қателік жасап жаным-ау,
Соңыңнан қанша сабылдым.
Сағындым қалқам өзіңді,
Бойжеткен балғын кезіңді.
Ақтарып жырмен толғатып,
Жеткізем қалай сезімді.
Жарға сыр
Кіңәлі емес те шығарсың,
Түсініп сен мені ұғарсың.
Қашан да аяулы жарым-ау,
Жүректе мәңгілік тұрарсың.
Лап етті… өлеңге кіргіздім,
Араға себепкер жыр біздің.
Сезімге мастанып… басталып,
Тұтқыны болғандай үр қыздың.
Үр қыздың жалт еткен жанары,
Көңілде мәңгілік қалады.
Есіме сен түстің жарым-ау,
Өзегім өртеніп барады.
***
Қол бұлғап қазір қоштасам,
Жүрекке діріл үн қосып.
Жындыға кешір ұқсасам,
Сөзіме әрбір мұң қосып.
Қарадым ұзақ өзіңе,
Ұрланып, кейде қадала.
Мән беріп барлық сөзіңе,
Дерт қостым ішкі жараға.
Адасқан құстай бағыттан,
Кездестік бекер әлде біз.
Сырлардан ішкі ағытқан,
Табыса алмай әуреміз.
Әуреміз әйтеу тынымсыз,
Қашқақтап естеліктерден.
Қалмасақ болды тек үнсіз,
Жасқанып ескі әдеттерден.
Ұқсастық бізде көп-ақ тым,
Бұлдағы құдай жазғаны.
Мен сені іздеп түн ақтым,
Жұлдыздай жанып маздады.
***
Мөлдіреп аққан жасымен,
Көзінен кетіп барамын.
Біткендей бәрі осымен,
Өзінен кетіп барамын.
Толқыған жүрек шерлі әлем,
Сезіммен кетіп барамын.
Қадымдап басып жерді әрен,
Елінен кетіп барамын.
Артыма қарап қимастан,
Келем деп кетіп барамын.
Есімді қайта жимастан,
Елеңдеп кетіп барамын.
Ішімді өртеп осы әуен,
Қиялда кетіп барамын.
Тілдесіп сенімен қос әлем,
Қиянда кетіп барамын.
Әділ досыма
Шалады мені, шалады сені әлі де,
Қарманып тұрып, қарамай бұлар әліне.
Олардың соры, бағымыз ғой біздің,
Расын айтсам, айтатын сөз бар бәріне.
Қамықпа досым, еңсенді тікте, дұрыста,
Өтеді бұл күн, сабырлық сақта, ұрыспа.
Тектілік болса, бойыңда егер ерекше,
Тосқауыл болмас, беретін Құдай ырысқа.
Сынаққа сынып,
ашынба досым, ашынба,
Жараспас бұның, өзіңдей туған асылға.
Сабырмен шешіп,
салқындық таныт, қалайда,
Еңсеңді тікте, түңілме досым, басылма!
Өтеді бәрі, өкпеге қима жақынды,
Алыстау ұста, бауырға баспа жатыңды.
Іштарлық тұнған,
бойына біткен тексіздік,
Былғайды бұлар, тектілік деген жатырды.
***
Әдемі қыз, есімді алған ертерек,
Суреті қандай әдемі түскен еркелеп.
Бір қараған көз қиығы есті алып,
Көптен бері жүрегімді өртеп ед.
Мені өзіне тартатындай әлемі,
Отырғаны шашын жайып, әдемі.
Саған арнап өлең жазып, әнді де,
Сый жасайын ұмытпастай кәделі.
Бетіндегі шұңқырыңа қызығып,
Отырғаным түн ішінде бұзылып.
Сен дегенде тыныш таппай бұл жүрек,
Дөмбекшиді ұйқысы жоқ, қысылып.
Ерік беріп бүгін ессіз сезімге,
Кешір кештеу жыр арнасам өзіңе.
Бақытыма себеп сендей ерекше,
Көрінеді мына менің көзіме.
Бағым әлде сорым болсаң өзің біл,
Саған деген ақтарылған сөзім бұл.
Ұнатпасаң мені егерде жасырма,
Айтарыңды ақтарып ап көзінді іл.
***
Саған келдім,
Құлазыған көңілмен
Көңілім-ай қабырғамдай сөгілген.
Аққан жұлдыз із қалдырды көгімнен,
Ақ жаңбырлар көз жасындай төгілген.
Қалай жаным, айтшы маған қал-жайың?
Келдім қайта тасқа тиіп мандайым.
Жаныма ем өзің және иен дала,
Жабырқаған, жараланған қал жайым.
Жарым менің, Құдай қосқан қосағым,
Сені көріп құсалы ойдан босадым.
Жан-жағымыз талап жеуге дайын тұр,
Бір өзіңнің мейіріміңді тосамын.
Қабағыңды түйме маған сүйіктім,
Ішім толған сезесің бе күйік мұң.
Оның бәрін өзге ешкімге айта алмай,
Жолын білем, сен табасың тұйықтың.
Қал жағдайды төмендетіп түндерім,
Өтіп жатыр сүреңсіз кей күндерім.
Жан жүректі жаза алар сен барсың,
Мен өзіңсіз өмірімді сүрмедім.
***
Ыстық көл, толқыны толқыған,
Отырмын барар жер… жол күмән.
Тербете соғады жел есіп,
Тебіреніп отырмын кеңесіп.
Әділ бар, жан досым жанымда,
Тулайды толқындай қанымда.
Сырымды жасырмай айтамын,
Толқынмен жарысып қайтамын.
Екі тау ортасы тыныштық,
Бойыңды қуырған күн ыстық.
Мен болсам отырмын өртеніп,
Өлеңмен ойымды көмкеріп.
Ал, досым Әділім, хақ берген,
Бәйгенің сан түрін ап келген.
Өршілдік күш беріп маған да,
Хат жазып отырмын саған да.
Жағалау көлменен бөлініп,
Толқындар өріліп, көрініп.
Таңдарда ең ыстық арайлы,
Қу қыздар ұрлана қарайды.
Тербете соғады жел есіп,
Отырмын Әділмен кеңесіп.