Ұқсайды өзің кешкен аршаға өмір!
19.06.2025
243
0

Мінуар ӘКІМХАНОВ

Жалғыз арша

Тұр әне, дөң үстінде жалғыз арша,
Көрді екен суық күз бен жазды қанша?
Тағдырдың табанына тапталмастан,
Тірлік кешкен сияқты арлы жанша.

Өткеріп қат­ты қысты қарлы қанша,
Дөңесте қасқайып тұр жалғыз арша.
Айта ма ішке бүккен сырын сірә,
Тамырын тақыр тастан аршып алса.

Көшсе де көз алдынан жаз, күз желіп,
Тұрғандай көп бейнет­ті жалғыз жеңіп.
Қара жел қарсы алдынан соққан шақта,
Қол ұшын бере алмадық, ал біз келіп.

Жыр арнап, болсам-дағы жаршы
қанша,
Бермедім сөзден көмек артық онша.
Алайда ризамын әлі күнге,
Бүк түспей тұрғаныңа, жалғыз арша!

Көрсем де жақсы жағдай қанша кеңір,
(Қайтемін арман алдап қашса небір).
Бел бүкпей қарап тұрған қырда жалғыз,
Ұқсайды өзің кешкен аршаға өмір!

Беймәз өмір

Уақыт­тың желіне өңім тоналып,
Өт­ті жастық келмейді енді оралып.
Бастан кешкен күндерді еске түсіріп,
Мен отырмын сағынышқа оранып.

Беймәз өмір көңілдегі ойды ұрлап,
Ке­йін қалды қанша жылдар қол бұлғап.
Кеткен күндер өзгеше бір сый беріп,
Дей алмаймын басыма ерек қонды бақ.

Көрмей өстім демен зорлық ешкімнен,
Көз жазғанмын талай қымбат
еншімнен.
Алаяқтың арбауына алданып,
Жасырмаймын, көп қиындық
кештім мен.

Талай жақсы өлең жаздым досқа арнап,
Бірақ оны қолдаған аз қос қолдап.
Еткен еңбек еленбесе өзімді,
Жүрмін ба әлде мықтымын деп босқа алдап?!
* * *
Жаз кет­ті, ерітетін көңіл мұзын,
Келдің бе қоңыраулатып қоңыр күзім?
Жастық шақ жалт беріп өткеннен соң,
Жылдардың табанына көмілді ізім.

Байлыққа болмасам да жарлы кісі,
Жан емен орындалған барлық ісі.
Қол беріп, қоңырау соққан күзден
ке­йін,
Барын білем өмірдің қарлы қысы.

Болғам жоқ топты жарған үздік дарын,
Әйтсе де тат­тым салқын күздің балын.
Жетпіске жетсем-дағы ұмытпадым,
Алдымда өткелі ауыр жүздің барын.

Көзімнен ұшса да ұзап жақсы мансап,
Есігін келер күннің аштым аңсап.
«Ғасырға жетесің ғой» десе біреу,
Қоямын қорқынышпен басты шайқап.

Қолға еркін бермесе де өмір тізгін,
Кешпедім күйін әсте көңілсіздің.
Асуын жетпіс жастың астым-дағы,
Жемісін жеп отырмын қоңыр күздің.

Жолықты
жол бойында

(Баллада)

Күдігін жас жігіт­тің үміт жеңсе,
Қалады көтеріліп биікке еңсе.
Әнеки, ғашығы отыр көп іздеген,
Пойыздың купесіне кіріп келсе.

Сағыныш бір-бірінің болды ойында,
Айтылар әңгіме енді ол жайында.
Бағалы бақыт деген осы емес пе?!
Қос ғашық жолықты ғой жол бойында.
Ер жеткен бір ауылда бір кез­де өсіп,
Ғашықтар жылдар өтіп тұр кез­десіп.
Алдағы тағдырлары қалай болмақ,
Ақынға айту қиын жырмен кесіп.

Екеуге кез келгендей бақыт­ты шақ,
Айқасты аңсап жеткен жақұт құшақ.
Бастарын түйістіріп тар купеде,
Тиегін әңгіменің ағыт­ты ұзақ.

Бастаған әңгімені әдемі ізгі,
Екеуі түн жарымда әрең үзді.
Арудың сағынышы сарқылмапты,
Ернінен ғашығына бал емізді.

Пойызбен басып өтіп бел-белесті,
Қос ғашық сыр ақтарып, еркелесті.
Жолдағы осынау бір оқиғаның,
Кім кепіл болмасына ертең ескі?!

Уақыт талай жерге сырғып барды,
Айтылған көп әңгіме пысықталды.
Әйткенмен, түлен әлде түрт­ті ме екен,
Келесі бекет­тен қыз түсіп қалды…

Арудың мөлдір жасқа тұнып көзі,
Кез­дейсоқ үзіп кет­ті үміт­ті өзі.
Соңынан жүгірмеді ғашығына,
Сезді ме өтпейтінін жігіт сөзі.

Өзгерткен әңгіменің тыныс-кейпін,
Қақым жоқ, қыз қылығын дұрыс дейтін.
Тірлігі қос ғашықтың ұқсады бір,
Домбыраның шегіне түйіспейтін.

Орадың сағынышқа

Демессің дегеніне құрбы жет­ті,
Талай жыл ортамыздан жылжып өт­ті.
Бейне бір тау суындай таусылмайтын,
Орадың сағынышқа бұл жүректі.

Жүрсің сен жүрегімнің түкпірінде,
Отырам есіме алып тіпті күнде.
Сапарым тірліктегі аяқталмай,
Дей алам сені аңсауым біт­ті кімге?

Секілді көшке ілескен құлын жетім,
Сені іздеп өзімді-өзім жұлып жедім.
Шықпадың күндіз ойдан, түнде түстен,
Әлде бір жазып бітпес жырым ба едің?

Жастықтың жалыны мол сырлы шағы,
Бірге өтпеді, кеудемді мұң қысады.
Басқаға бағытыңды бұрып кетіп,
Көңілім көтерілмей, сынды сағы.

Аянба арманды қу, бүгін шарша,
Десең де жете алмайсың жүгір қанша.
Өмірдей қымбат жансың, ұмыта алман,
Көздерім көрге кіріп жұмылғанша.

Кей кез­де үйге келсем жүдеп кіріп,
Өтеді сағынышың жүрек тіліп.
Сондайда қағаз-қалам қолыма алам,
Кеудеме қойғандайсың жыр ектіріп.

Ауылдан тапсаң да орын шалғайдағы,
Санадым жұлдызым деп маңдайдағы.
Жолында махаббат­тың алайда мен,
Қалған бір адамдаймын жанбай бағы.

Қойшының қорада өшпей тұр шырағы

Соқты да асау боран аласұрып,
Ұшырды ойдың құмын жал асырып.
Ашулы ақ түтектің арынына,
Шыдамай майысады бала шыбық.

Бұзылды түнгі аспанның түрі бүгін,
Бастардай долы боран бір бүлігін.
Дөңдегі анау тұрған киіз үйдің,
Жұлқиды маза бермей түңілігін.

Сәл ғана тұра қалсаң бұғып, ықтап,
Кетеді көк желкеңнен жұдырықтап.
Теректің жапырағын жұлған боран,
Қол сұғып, қолтығына
жүр қытықтап.

Даланың ысқырған бұл қу шұнағы,
Білемін жерде жоғын із-тұрағы.
Жалмаңдап аш бөрідей ұлыса да,
Қойшының қорада өшпей тұр шырағы!

Ауылды аңсау

Өзіңсің өзгеше бір қымбат мекен,
Сен десем әңгіме айтып жырғап кетем.
Деміңді сезіне алмай алыс жүрмін,
Таң атып, менсіз қалай
күн бат­ты екен?!

Өткіздім сенде жақсы күнді қанша,
Үрікпедім бет­ті аязың шымшып алса.
Далаңда қой баққанда боран соқса,
Ұлыңа пана болған бір түп арша.

Қалғандай бейнемізді біздің көріп,
Тұрғаны-ай, көкке иығын құздың керіп.
Есімде тау өзені тарпаң мінез,
Жататын қыс түскенде мұз бүркеніп.
Ететін айналаны астан-кестен,
Шыныққан бораның да ақпанда ескен.
Ажарын Жер-ананың ашып тұр ғой,
Жап-жасыл қарағайлар қапталда өскен.

Жыр болып жетіп жатса жүрек үні,
Тау елі тыңдай қоймас жүре мұны.
Орманның ортасында еш алаңсыз,
Даламның бұғы, марал, жүр елігі.

Қалсам мен қаладағы шудан шаршап,
Кетемін иісі жұпар шыршаңды аңсап.
Қалайша болмақ ұмыт Нарынқолым,
Ну тоғай төңірегін тұрған қоршап.

Емеспін сені ойлауды үзіп алған,
Демейді білетіндер мұны жалған.
Татымды тарихы бар Нарынқолым,
Өзіңде ата-анамның ізі қалған.

Дейсің бе сағынышқа шыдап шарша,
Жап-жасыл өскен болар, қыратқа арша.
Танаудан сол аршаның кетпейді иісі,
Өзіңнен жүрсем-дағы жырақ қанша.

Көз тартар көркің түгел сыйыпты ойға,
Сендегі бардым талай күліп тойға.
Табиғи тазалығың таңғы шықтай,
Нарынқол қалған білем, сіңіп бойға.

Жаяу жарыс

(Баллада)

Жоқ екен бұл өмірде баяулар іс,
Қалдың-ау балалық шақ аяулы алыс.
Есімнен кетпейді бір әлі күнге,
Ауылда болып өткен жаяу жарыс.

Көңілде қалып қойған тұрақталып,
Сол сырды отыр бүгін жыр ақтарып.
Қаз-қатар тұрғанымыз көз алдымда,
Топ бала сөреден көп жырақ барып.

Жарыста мазақ отын құшқым келмей,
Атылып алға қарай ұштым желдей.
Ішінде топ баланың, сірә, сол күн,
Білмеймін, болды ма екен
ұшқыр мендей.

Бақытқа қалғандай-ақ қарыс қадам,
Алғашқы шат­танады-ау табысқа адам.
Сөреге бұрын келген сүйіп мені,
– Әрқашан бәйге ал, – деді
жарыста анам.

Жанмын ғой бақыты әсте бүгін жанған,
Десем егер тумасын ұғым жалған.
«Озғанға тай мінгізбек» деп ойладым,
«Сөреге өзгелерден бұрын барған».

Қайда онда көз жеткізбек білікті ойға,
Үйіме қайт­қан жоқпын мініп тайға.
Жаяулап, жайбарақат өмір кештім,
Құдай берген қуат­ты жиып бойға.

Қалмайын, сырды бүгіп, үнсіз ғана,
Бар еді ортамызда бір қыз бала.
Қарапайым жарыста қатар келіп,
Болған-ды нағыз жүйрік жұлдыз дара.

Бірақ та жығылғандай қат­ты мұзға,
Үйге қайт­тық көңілсіз қалпымызда.
Сол жаяу жарыста өткен ертедегі,
Есімде еш кәдесіз қалды қыз да.

Кет­ті де балалық шақ аяулы алыс,
Мосқалдық серік болды
жадау таныс.
Қақпалап қатал тірлік жүріп келем,
Бітпеген секілді әлі жаяу жарыс.

Жарысқа қатыссам да жас та өрімдей,
Қынжылдым,
қалмас көзден жас бөлінбей.
Әзірге бұл бәсеке тоқтамайды-ау,
Жаяулар тұрған кез­де аз көрінбей.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір