ЖАНЫМА ЖАҚЫН БАСЫЛЫМ
22.01.2024
302
0

Қазақ­станда газет те, журнал да көп. Бірақ солардың ішінде жаныма ең жақын, жүрегіме жылы екі басылым бар. Олар – қазақ әдебиетінің классиктері алғаш іргетасын қалаған қасиет­ті қара шаңырақ – Қазақ­стан Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы. Осы қос басылымда әр жылдары қызмет ет­тім. Бала кез­ден кітаптарын қызыға оқыған, елімізге танымал, талант­ты ақын-жазушылардың көбімен сол кез­дерде жақын танысып, қоян-қолтық араластым, талай әсерлі әңгімелерін өз ауыздарынан естідім.

Бір күні редакциямызға жазушы Ахат Жақсыбаев ағамыз келді. Бала кезімде «Бозарал» деген повесін қызыға оқығанымды айтып ем, балаша мәз болып, қат­ты қуанды. Әңгімеден әңгіме туып, сонау бір жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактор болып жүрген кезінде тұңғыш Президентімізбен кез­десуде сөйлеген сөзін теледидардан тыңдағанымды айт­тым. Алыс ауылдардағы қарапайым адамдардың тұрмыс жағдайын айта бастағанда, үлкен кісі шамданып, сөзін аяқтатпай ұрысып тастаған сәт есіне түсті ме, күндей күліп тұрған ағамыздың өңі бұзылып кет­ті. Сөйтсек, арнайы шақыртумен Алматыдан Астанаға бара жатқан республикалық белді, беделді басылымдардың Бас редакторлары пойызға отырған соң, мәз-мәйрам болып, үйден алып шыққан дәм-тұздарына бір-бірін шақырып, әңгіме-дүкен құрып, Ақордаға көтеріңкі көңілмен жетіпті. Ал Астанадан қайтарда, бәрі түрлі сылтау айтып, бірі билетін ұшаққа, бірі басқа күнгі пойызға ауыстырыпты. Сірә, Жақсыбаевқа жоласақ, Елбасының кәріне ілігерміз деп қорықса керек бәрі… Сөйтіп, Ахат ағамыз Алматыға жападан-жалғыз қайтыпты. Жұқпалы ауруы бар адам құсап, иен вагонда бір өзі ғана қалу қандай жаман! Соны айт­қанда, Ахат ағаны аяғаннан, жанарым жасаурап кетіп еді.

* * *

Алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінде қызметке келген жылдары атақты ақын Ұлықбек Есдәулет ағамыз ұлт­тық басылымның Бас редакторы болды. Қашанда қол астындағы қызметкерлерінен өзін жоғары қоймайтын, бастықпын деп ешкімге дауыс көтермейтін, өзін әрқашан қарапайым ұстайтын адам екен. Сыпайы сөзі, биязы мінезімен ұжым құрметіне бөленген кішіпейіл жанның әзілқойлығы мен тапқырлығы да бар еді. Сөзім жалаң болмас үшін бір мысал келтіре кетейін.
Көктем кезі еді. Бірде бізге бума-бума қолжазбасын көтеріп, орта жастан асқан бір адам келді. Бұрын көрмеген бейтаныс жанның сөз саптауы да, жүріс-тұрысы да көзге оғаштау көрінді. «Мынау – менің жаңа романым, осыдан газетке үзінді бас!» – деп шет-шеті майысып, түсі сарғыш тартқан зіл батпан қолжазбасын гүрс еткізіп, алдыма лақтырып тастады. Ашып қарасам, тек ирек-ирек сызықтардан басқа ештеңе жазылмапты. Құс келіп, құс кетіп жатқан кез­дерде жүйке ауруына шалдыққан кей адамдардың өзі шығарған бір жапырақ өлеңін ұстап, редакциямызға салып-ұрып жетіп келетінін байқағам. Бұл кісінің де солардың бірі екенін ішім сезді. Көршілес кабинет­те отыратын әріптесім Болат Шарахымбай: «Мен – поэзия бөлімінің меңгерушісімін. Проза бөліміне Заря Жұманова жауапты», – деп, маған сілтеп жіберген екен. Не сылтау айтарымды білмей, сәл абдырап қалдым. Сасқанымнан: «Мұндай көлемді шығарманы Бас редактордың рұқсатынсыз баса алмаймын» , – дедім.
Әлгі кісі менен Бас редактордың аты-жөнін тәптіштеп сұрады да, «Ой, оны танимын ғой! Теледидардан талай көріп жүрген адамым!» – деп, қуана құнжыңдап, будыраған қағаздарын жинады да кабинетіміздің есігін тарс жапты. Сәлден соң мен де түскі үзіліске шықтым. Әлгі «автор» Ұлықбек ағаймен есік алдында кез­десіп қалып, қолжазбасын көрсетіп тұр екен. Тұстарынан өтіп бара жатып, Бас редактордың сөзін құлағым шалды: «Біз қолмен жазылған дүниені қабылдамаймыз. Компьютерге бастырып әкеліңіз», – деп Бас редактордың сол сәтте тығырықтан шығар жол тауып кеткеніне сондай тәнті болдым.

* * *

«Қазақ әдебиетінде» танымал тұлға, талант­ты ақын Ғалым Жайлыбай, мықты-мықты тарихи романдары қазір Түркияда шығып жатқан Жәди Шәкен, тамаша ақын Бекжан Әшірбай, болашағынан үлкен үміт күт­тірген жас прозашы марқұм Аягүл Мантай, жаны нәзік ақын Роза Сейілханова, ойлы да сырлы жырларымен көптің көңілін баурап алған талант­ты ақын
Мұратхан Шоқан және басқа да керемет жандармен тізе қоса жұмыс істедім. Тәлімі мол үлкен шығармашылық ұжымда өткен сол жылдарды қазір ілтипатпен еске аламын.
Әлі күнге әдеби қос басылымның әр санын асыға күтемін. Жаңа, жас, талант­ты қаламгерлердің жазған тың дүниелеріне сүйсінемін, қуанамын, сырт­тай тілектес болып жүремін. 90 жасқа толып, кемеліне келіп жатқан аяулы газетімнің торқалы тойы құт­ты болсын! Тойы тойға ұлассын!

Заря ЖҰМАНОВА,
жазушы, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір