Шархан ҚАЗЫҒҰЛ. Қалам сиясындағы қасиет
Кейбір адамның тағдырында тумысынан тылсым сәйкестіктер болады. Бірақ оған соншалықты мән беріп жатпайсың. Дегенмен, кейін уақыт өте келе бәрібір ойланып қаласың: бәлкім, адам бойындағы табиғаттың өзі оның дүние есігін ашқан сәтімен және азан шақырып қойған атымен бірге келетін шығар. Көңіл бірлігіміз де, ой бірлігіміз де жарасқан Ғабит Мүсіреп інім туралы жазуға отырғанда, ең алдымен, осы жорамал жүрек түкпіріне қона кетті.

Дауыстап айтсаң, аты-жөнінің астарында дүлей энергия тығылып жатқандай сезіледі. Оның бойындағы ақыл-ой мен дене энергиясының үйлесімділігі бұл ойымның дұрыстығын одан әрі бекіте түседі. Иланбасыңа қоймайды. Оның үстіне, туған күнінде де бір жұмбақ күштің барына бара-бара сене бастайсың. Өйткені ол ұлы ақын Александр Пушкин өмірге келген күні туған. Бұл өз алдына.
Енді мына қызыққа қараңыз. Ғабиттің бас сүйегі болсын, дене бітімі болсын, жүріс-тұрысы болсын, дауыс мақамы болсын, Кекілбаевқа келетініне де қайран қалмасқа шара жоқ. Абыз Әбіштің бойында ішкі аристократизм болушы еді. Даусын көтермей-ақ үстел басындағы әңгіменің салмағын әп- сәтте өзіне аударып алатын. Масштаб басқа демесеңіз, Ғабитте де сондай қасиет бар. Оның елдің алдына шығу үшін ешқашан өлермендікпен өрге өңмендегенін көрген емеспін. Дей тұра, отырған ортасында байқалмай қалмайтыны тағы бар. Оның бойына біткен осындай құпиясы көп дегдарлықтың табиғатын түбіне дейін түсініп шығу мүмкін емес.
Жә, мистиканың айналасында осы сапырғанымыз да жетіп қалар. Енді нақты әңгімеге көшейік. Бізге етене жақын классиктердің адами элементтерін Алла тағала бойына жинап берген оның өзіндік ерекшеліктері де аз емес. Менің түсінігімде адамды адам қылатын оның ішкі мәдениеті. Ешбір университет бойыңа бітіре алмайтын бұл киелі қасиет ана сүтімен, ата тәрбиесімен келеді. Одан қалды, өмір тепкісі де талай нәрсеге көзіңді ашатынын айтпай кете алмайсың. Маған Ғабиттің бойындағы барлық ізгі қасиеттер ішкі мәдениетпен және ішкі тәртіппен келгендей көрінеді. Олай дейтінім, кез келген нәрсенің парқын білетін деңгейге ол жас кезінен көтерілген. Әлгі орыстардың «Не по годам мудрый» деген сөзіне ұқсас тұжырымын жас кезінен ел газетінде еңбек еткен Ғабитке аузы дуалы, сөзі уәлі қазақтың талай мықтылары айтқаны рас. Себебі, Ғабит уақытта да мөлшер барын, қуаныш пен қайғыда де шек барын білетіндердің қатарынан. Өмірдің ең үлкен мәні сабырлық екенін бертін келе терең түсіне бастаған
Ғабиттің бойындағы талай қасиеттің ішінен, ең алдымен, үстінен атан түйе жүріп өтсе де сыр бермейтін мықшегелігін бірінші айтар едім. Оның барлық жақсы әдеттері осы қасиетінен бастау алып жатқаны айна-қатесіз шындық. Салмақты. Салиқалылық бар бойында. Сабырдың суын сарқып ішкен соңғы адам осы Ғабит сияқты көрінеді кейде маған. Осы қасиеттердің бәрі оның өмірдің мәнін шын түсінген адам екенінен хабар беріп тұрғандай.
Әйтпесе, ол көп жұрттың ішінен осылай алабөтен көзге ілікпесе керек еді. Қазір сабырлы адам азайды. Жұрттың бәрі асығыс. Ойы да асығыс, сөзі де асығыс, сезімі де асығыс. Тіпті қазіргі адамдардың достығы да тез тұтанып, аяқ астынан сыр беретін болды. Бір-бірін тыңдауға уақыт жоқ. Күтуге шыдам жетпейді. Қазір екінің бірі ашуға – тез, кешіруге – пейілсіз. Осындай уақытта Ғабитқа тән мінез ескі қазақы болмыстың жоғалып бара жатқан жұрнағы секілді әсер қалдырады.
Мен кейде ойлаймын: адамның шынайы мәдениеті оның ашуланғанда қандай болатынынан көрінеді. Көп адам жақсы кезде жақсы. Ал тағдыр қыспаққа алғанда, кімнің кім екені анық ашылады. Айтары жоқ, адамды уақыт емес, пендешілік бұзады. Ғабитті талай жағдайда көрдім. Бірақ оның ұсақталып кеткенін, біреудің сыртынан сөз сапырып отырғанын, болмаса арзан есепке кіріп кеткенін байқамадым. Бұл – сирек қасиет.
Сырт қарағанда жұрттың бәрі басқаларға жақсы адамдай көрінетіні рас. Кім жаман қасиетін саған ашып көрсетіп отыр дейсің?! Бір қарағанда, адам біткеннің бәрі – судан таза, сүттен ақ. Бірақ солармен жақын араласқан сайын былықтың бәрі қалқып шыға береді. Көп адам ұзаққа бармайды. Бет пердесі бастапқы кезде-ақ ашыла бастайды. Енді бір қарасаң, әлгі адамдардан қалай алыстап кеткеніңді де байқамай қаласың. Өйткені бір қылығы болмаса, бір қылығы көңіліңді қалдырмай қоймайды. Бұл – өмірдің заңы. Десе де, жақсы мен жаманның арасында да пропорция болмай тұрмайды. Құрығанда елу де елу. Сол жақсылардың қатарында ол алдымен ауызға алынады. Имандай сөзім, Ғабитке қарным да ашқан емес, көңілім де қалған емес. Дәлірек айтсам, ол көңілімді қалдырмаған күйі қанаттас өмір сүріп келеді.
Тағдырдың сыйы болар, не сыны болар, 2004 жылы мен «Нұр Астана» газетіне бас директор-бас редактор болып тағайындалдым. Бұған дейін екі аудандық газетте басшы болғаныммен республикалық деңгейдегі басылымды басқаруға аздап жүрексінгенім рас. Жұмысты газеттің концепциясын жасаудан бастадым. Оның болашақ көзайым моделін қалыптастыруды да ойластырдым. Бірақ газет – ұжымдық тіршілік. Жақсы газетті білікті кадрларсыз жүзеге асыру мүмкін емес екенін де жақсы білдім. Сондықтан да жаңадан ашылып жатқан мерзімді басылымға республикаға танымал болып қалған журналистерді шақыруға тырыстым.
Оған қоса, газеттегі маңызды фигура бас редактордың орынбасары екені де дәлелдеуді керек етпейді. Басылымның күнделікті жұмысын үйлестіріп отыратын тұлғаның орнықты, істің жөнін білетін сақа журналист болғанын қаладым. Осы орайда ойланбастан сол кездері «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары болып шыңдалып қалған Ғабитке қолқа салдым. Ол мені алғашқы кездесуімізде-ақ таңғалдырғанын жасырып қайтейін?! Неге? Негесі сол, сол кездің өзінде 85 жыл тарихы бар ел газеті «Егеменде» білдей бір бас редактордың орынбасары болып жүрген Ғабит сайда саны, құмда ізі жоқ қайдағы бір газетке орынбасар болып келуге келісе кетті. Бірақ ұлттық басылымның мүддесіне шынайы берілген Ғабиттің бұл шешімін іштей түсінгендей болдым. Өйткені сол сәтте жаңа шығармашылық кеңістікте де бағын сынап көргісі келіп жүрген Ғабиттің бұл ойын отқарағынан көргендей болдым. Несін айтасың, ұсынысым жерде қалмағанына қуандым. Енді мына қызықты қараңыз. Осы оқиғадан кейін он екі жыл өткен соң да дәл осылай қуанғаным әлі есімде. Он жылдан астам уақыт «Нұр Астананың» отымен кіріп, күлімен шығып жүріп орынбасарлықтан бас редакторлығына көтерілген Ғабит қаржы
тапшылығы деген желеумен газеттің жабылуына орай жұмыссыз қалды. Тағы да жақсының қадірін жақсы білетініне көзім жетті. Артынан ерген талантты інілеріне қашан да демеу болып жүретін Сауытбек Абдрахманов ағам кеңдік танытты. Кезінде газетті «тастап» кеткен Ғабитті қайта «Егеменге» алды. Көп ұзамай Ғабит бас редактордың орынбасары болып тағайындалды. Дәл сол сәтте тағы да қуанғанымды айтып отырғаным ғой. Осылай өзінің туған газетіне абыроймен оралған Ғабит – қазір «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық саяси басылымының бас редакторы.
Оны өзім жұмысқа шақырғанға дейін сырттай ғана білетінмін. Жазуы қалыптасқан. Мақалалары салмақты. Терең талдауға құрылады. Сауатты жазуға әбден машықтанған. Ең бастысы, азаматтық позициясы қалыптасып үлгерген. Журналистикада бәрінен бұрын осы керек. Өйткені таланттың өзі позиция болмаса ұзаққа бармайды. Қаламы жүйрік адамдар көп. Бірақ азаматтық ұстанымы әлсіз журналист уақыт өте келе жел айдаған қаңбаққа айналып кетеді. Бүгін біреуді мақтап, ертең соны өзі жоққа шығарып жатады. Өйткені ішінде өзек болмайды. Ал Ғабиттің жазуында әр ойының омыртқасы сыртқа теуіп тұрады.
Ғабит шығармашылығына өзек болған мемлекеттік даму, экономикалық өсу, әлеуметтік жағдай, рухани дүние және басқа толып жатқан тоқсан тоғыз мәселелер төңірегіндегі сансыз мақалалар – іргелі ізденістің, талғампаз құлшыныстың жемісі. Қалам сиясындағы қасиетті сезіне алған Ғабит көп мақалаларында адам басындағы проблемаларды сөз ете отырып, қоғамның дертін ашуға ұмтылды. Оның публицистикалық тілінің нәрі сыртына шығып тұрады. Ең қуанарлығы, нені қаузап жазса да шынайылығымен және шыншылдығымен оқырманын баурап алады. Боямасыз дүниенің болмысына бас иесің.
Негізі адамның болмысы қандай болса, ойынан сондай шынайылық көрінеді. Ғабиттің адам қызығарлықтай тағы бір қыры, ол қашанда кез келген тақырыпты ойға құрып жазады. Туындыларына жан кіріп тұратыны да содан. Сондықтан да оқырманын әркез ойландыра алады. «Рухыңды түсірме, ұлым» (2010 жыл), «Тарихты тұлғалар жасайды» (2012 жыл), «Тоғызыншы территория» (2024 жыл) атты жарық көрген кітаптарында Ғабит мемлекеттілік, ұлтжандылық мәселелерін арқау етумен қатар жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшудегі транзиттік кезеңнің проблемаларын да назардан тыс қалдырмайды. Сондай-ақ ел тәуелсіздігін қалыптастыруда өзіндік орны бар тұлғалар портреттерін де керемет аша білгенімен есте қалды.
Журналист ретінде тосын тақырыптарды жазуға құштар Ғабиттің көп ізденетіні – айтпаса да түсінікті. Дей тұра, ол қашан да ешкім жазбаған тақырыпты қаузауға құмар және кез келген тақырыпты тың тәсілмен жазып шығатынымен де баурап алады. Осы тұрғыда маған Ғабиттің «Мен іздеген кейіпкер» деген мақаласы ұнайды. Ғабит о басында редакция тапсырмасымен Ауғанстанда әскери борышын өтеген Қалқораз Сейтназаров деген азаматты жазуға барады. Кезінде желтоқсан жылнамасына қалам тербеген Ғабиттің оң жамбасына келетін осындай терең тынысты тақырыпты редакцияның оған тапсыруы да әрине, тегін емес. Болған оқиғаның барлық мән-жайын тізбектеп отыруға мүмкіндік жоқ, бірақ қашан да мәселенің түп-тамырына үңілуден жалықпайтын Ғабит бұл жолы да ешкім күтпеген мақала жазып әкеледі.
Ғабиттің іздеп барған кейіпкері шынында да соғыста қатты жараланып, қос аяғынан тізесінен төмен айырылып, протезбен жүреді екен. О басында оны ерлік көрсеткен батыр деп көрсетуге барған Ғабит әңгіме барысында кейіпкерін басқа қырынан ашып, оқырманның сезімін оятатын ғажап эссе жазып шығады. Саясаттың жасырын соғысында екі аяғынан айырылып келсе де өмірге құштарлығын жоғалтпаған жауынгер Қалқоразды тапқыр журналист сол жолы махаббат кейіпкері ретінде танып қайтады. Асқақ рухты жігіттің тағдыр тепкісіне қарсы қадам жасап, сезім майданында да қайсарлық пен құштарлық танытып, отбасын құрып, бөпелі болғанын оқырмандарға ғажап эссе арқылы жеткізгені де Ғабиттің шығармашылық фишкасына айналды. Турасы сол, қашан да басқалар ұмтыла бермейтін тақырыпты жазуға құштар Ғабит сол дүниесін ешкімнің ойына келмейтін ракурспен жаза алатынымен де алға озып тұр.
Ғабиттің бойында адам қызығарлық қасиет молынан табылады. Мен білетін Ғабит басқа біреудің жолын кесіп жатқанын да көрмеппін. Басқаларды аяқтан шалуға құштар болып тұратын жаман қасиеттен де бойын аулақ ұстаған күйі әлі күнге дейін басқаларға болсын деп келеді. Басқа адамдардың қолтығынан демегенге құштар. Қанағатшыл қасиеті де адам біткенді сүйсіндірмей қоймайды. Парасаты мен мәдениеті қатар дамыған адам ғана осылай өмір сүрсе керек.
Көзім жеткен тағы бір нәрсе, Ғабиттің қашан да құдайшылығын айтатын әділетшілдігі ұнайды. Өз ойын қай жерде де, қай уақытта да ашық айта алатын аптал азамат. Пәтуалы пікірін күлбілтелемей анық айта алады. Бірақ ақиқат сөзін айқайлап айтқан емес. Жалаулатып айтқан емес. Әркез ақылға салып үйренген. Аптықпай айтуға дағдыланған. Осындай ініңнен айналып кетпейсің бе?!
Ғабит басқаларды бағындыра да біледі. Басқаларға бағына да біледі. Әділетті субординация сақтай алатын әлеуеті де әдемі әсер қалдырады. Осы ерекшелігі «Нұр Астана» мен «Айқара» газеттерінде жарқырай көрінгенін жақсы білемін. Менімен болсын, ұжыммен болсын, оның адамдармен жұмыс істей білетін мәдениеті төменнен салсаң төске озған, қыраттан салсаң қияға өрлеген шалымдылығымен һәм алғырлығымен астасып жатты. Бұған қоса Ғабиттің табиғатында тылсымдық та бар. Бір жақсысы, осы жұмбақ қыры да оны биіктетіп тұрады. Былайғы өмірде өзін ақжарқын, қарапайым ұстай алатын Ғабит алайда кім көрінгенге сырын ақтара салмайды. Кейде сауысқаннан сақ. Ағып жатқан жайдақ судай болғысы келмейтіні де. Оның бұл қасиетін де ерекше қадірлеймін. Ғабиттің мұнысы бір жағынан тектілігі екенін де іштей сеземін.
Неге екенін білмеймін, мен адамның сөзіне емес, ісіне сенемін. Ғабит сыр беріп көрген емес. Талай қызу пікір таластырған тұстар да болды. Кейде кабинет ішінде даусымыз қаттырақ шығып кететін кездер болмай қалған жоқ. Бірақ бір қызығы, сол даулардың бірде-бірінде жеке бастың көлеңкесі көрінген емес. Біз пікір үшін таласатынбыз. Мансап үшін емес. Істің мүддесі үшін айтысатынбыз. Пендешілік үшін емес.
Еңбек жолын, негізінен, Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдары бастаған Ғабит – өзінің шынайы публицистикасымен, шын мәнінде, елдің осы уақытқа дейін жүріп өткен жолын әдемі өріп шыққан сирек журналистің бірі. Бір анық, ол көтерген кез келген тақырыптың әлеуметтік жүгі алты атанға жүк болғанын айтпай кетсек, арымызға сын. Әдетте, оның жазған әр мақаласындағы мемлекетшіл ұстанымы оның адами ішкі жан дүниесімен астасып жатады. Ең қуанарлығы, ат құлағын теңестіргендей көркем тілі халықтың болмыс бояуымен әрлене түсіп жататынына риза боласыз. Оның әр туындысы әлеуметтік жүктің ауқымдылығымен, елдік мұраттың өршілдігімен ерекшеленгенімен есте қалады. Қазіргі таңда жалпыұлттық саяси бас басылымның бас редакторы болып еңбек етіп келе жатқан Ғабит Іскендерұлының қалам қуаты қандай екенін осыдан-ақ пайымдай беріңіз.
Газет деген – мінездер майданы. Бұл ойымызбен талай әріптестеріміз толық қосылады деп ойлаймын. Бір кабинетте талант та отырады, амбиция да отырады, қызғаныш та отырады, пендешілік те отырады. Редакция кішкентай мемлекет сияқты. Оның ішінде көзге көрінбейтін талай тартыс туады. Интриганың да көкесі осында. Әр редакцияның өзіне тән аурасы болады. Бір бөлмеде саясат талқыланып жатады. Екінші бөлмеде – әдебиет туралы дау. Үшінші кабинеттегілер келесі нөмірге материал таппай әбігерге түседі. Жауапты хатшы болса, бос тұрған шпигельді толтырумен жан ұшырып жүреді. Бетті қайта-қайта оқудан жалықпайтын корректордың кейбір тілшілердің қарапайым сөзден қате жіберетініне күйіп отыратыны да бар. Кейбір журналистер келесі нөмірдің соңғы штрихтарымен алысып әлек болып жатады. Түн ауғанша редакцияда отыратын кездер әлі күнге түсіңе енеді. Осындай аласапыран тіршіліктің ішінде адамның шын мінезі ашылады. Сондай сәттерде адамды қызмет емес, мінез ұстап тұрады. Шаршаған адамдар ашуланады. Біреу кінә іздей бастайды. Ал Ғабит үнсіз ғана жұмысын істеп отыратын.
Айтары жоқ, көп адам газетті ақпарат парағы көреді. Ал саналы өмірі газетке байланған Ғабит үшін ол тірі организм екенін талай байқадым. Ол сонау тоқсаныншы жылдардан бері тек газетте жұмыс істеп келеді. Газетке байланған деп отырғаным сол. Ол қырық жылға жуық уақыттан бері газетпен оянып, газетпен ұйқыға кететінін көз көрді. Ол үшін редакция – жұмыс уақытымен өлшенетін кеңсе емес. Ғабит басылымды таңмен бірге оянатын санаға, түнмен бірге толастайтын ойға айналдырып жіберген. Газет – тағдыр. Осы анықтама Ғабиттің тұла бойында жазулы тұр. Олай дейтінім, оның жан дүниесінде кәсіби шеберлік пен ішкі адалдық бір-бірінен ажырап көрген емес. Дәл осы екі киелі қасиет Ғабиттің бойында өзеннің екі жағасы сияқты қапысыз табылады. Қашанда. Жалпы, болмысы бөлек жігіттің бойына туа біткен барлық қасиеттері бір арнаға тоғысқанда басқалардан оқшау көрініп тұратыны да содан шығар.
Журналист туралы айтқанда, әдетте адам оның тек кәсіби қабілетін сипаттауға бейім келеміз: жеделдігі, дәлдігі, ұйымдастырушылығы. Жеделдік демекші, газет – кешігіп жүруге қақы жоқ өмір. Онда бір сәт кешіккен ой да, бір сәт дәл түспеген сөз де өз құнын жоғалтады. Дей тұра, Ғабит уақыттың ішкі заңын интуитивті түрде сезіне білгеніне қуанамын. Ол минуттар мен сағаттар үшін жанталаспайды. Ол, ең алдымен, мазмұн мен мәннің қозғалысына айрықша көңіл бөлді. Сондықтан да ол газетті механикалық процесс ретінде емес, тірі құбылыс ретінде қабылдады. Газет оның қолында күн сайын қайта туатын ой кеңістігіне айналды. Ғабит секілді мамандар туралы ойлағанда, олардың ішкі әлемі бір ғана кәсіптің шеңберіне сыймайтынын түсінесің.
Шын мәнінде, оның табиғаты бұдан әлдеқайда терең. Ғабит – ақпаратты ғана емес, уақыттың өзін сезіне алатын сана иесі. Айтары жоқ, Ғабиттің бойында қоғам тынысын сезіну қабілеті күшті дамығанын байқадым. Бұл – газет басшылығындағы адам үшін таптырмас қасиет. Шынында да бұл қасиет газет нөмірін жоспарлауға, тілшілерге нақты тапсырма беріп, олардың сол тақырыпты қалай жазып шығуына жол сілтеуде атқарар рөлі алабөтен. Журналистер арасында бір жазылмаған қағида бар: «Жақсы жазуға үйрету мүмкін емес, бірақ жақсы жазуға үйренуге болады». Ол осыны да жоққа шығарғанын білемін. Ғабиттің бойында кез келген тілшіні жазуға баулитын икемділік те бар. Бұл да – таптырмас қасиет.
«Нұр Астана» газеті болсын, «Айқара» газеті болсын, Ғабит екеуміздің ізденіс іздерімізден туғанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Біріміз стратег, біріміз тактик болып жүріп, тамаша тандем құрғанымызға әлі күнге дейін қуанамын. Философиялық тұрғыдан қарасақ, мұндай сергек серіктестікті «ортақ сана» феноменіне ұялмай жатқызуға болар деп ойлаймын. Екеуміздің ойымыз біріккенде бос кеңістікті толтыратынымыз әлі есімде. Бұл өмір бойы ұмытылмайды. Шынында да біздің арамыздағы толық түсіністік сөзбен емес, ішкі ырғақпен өлшенетін. Біз құрған шығармашылық тандем екі түрлі ырғақтың үйлесімі дер едім. Мен газет бағыты мен жүйесін қамтамасыз етсем, ол интуиция мен жылдамдыққа жауап берді. Бұл жерде екеуміздің екі түрлі жауапкершілігіміз қайшылықтан гөрі, керісінше бір-бірін толықтыратын табиғи заңдылыққа айналып кеткен еді. Өзеннің арнасы мен ағысы сияқты. Соның бірі болмаса, екіншісі де болмас еді. Екі адамның бірін-бірі толықтыруы деген осы болар деп ойлаймын. Философиялық тұрғыдан алғанда, мұндай серіктестік – сенімнің ең биік формасы. Себебі, сенім тек сөзбен емес, түсіністікпен өлшенеді. Бір адамның ойы екіншісінің ойына кедергі келтірмей, қайта оны кеңейтетін жерде ғана нағыз шығармашылық кеңістік пайда болады. Ең бастысы, осы сенімді шығармашылық серіктестік уақыт өте келе кәсіби қарым-қатынастан асып, достыққа айналды.
Міне, Ғабит алпыстың асқарына шығып отыр. Құттықтау керек мұндайда. Бірге қызмет атқарған жылдары мен іссапарға кетіп бара жатқанда редакцияның шаруасына ие болып қалатын Ғабит сұрайтын: «Шәке, бізге не тапсырма?» Мен айтатынмын: «Ғабит, саған бір ғана тапсырма!». «Қандай?» дейді ол. Мен айтатынмын: «Аман жүр, Ғабитжан!» Тапсырма дейсіз бе, тілек дейсіз бе, мен үшін оның амандығынан асқан ештеңе жоқ.
ПІКІРЛЕР2