ҚАСИЕТ­ТІ СӨЗ БЕН ҚАСТЕРЛІ ҚАЛАМНАН СОМДАЛҒАН БӘЙТЕРЕК
17.12.2024
545
0

Студент кезіміз. Көктемгі сессияның қарбалас күндерінің бірінде «кіндігімізден байланып» бірге жүретін группалас достардың ортасынан бөлініп саяқ кет­тім де, бір өзім Бөгенбай батыр мен Төле би көшесінің ортасындағы саябаққа кеп сүңгідім. Сондағы мақсатым – Абылай хан даңғылының бойында дара тұрған Жазушылар одағының ғимаратын сыртынан алаңсыз бақылау еді. Әрине, саябаққа жігіт­терді қолқалап ерте келсем де болатын-ды. Бірақ олар әрнені айтып шулап, дабырлап, әзілдесіп менің оңаша «барлауыма» әбден кедергі келтіруі мүмкін. Оның үстіне, қаламгерлердің қарашаңырағына қарап отырып қиялға беріліп, іштей күбірлеп сөйлеп кетсем, қасымдағылар күлкіге қарық болмай ма? Осындай-осындай жайт­тарды ойлап, Одақтың қарсы алдындағы саябаққа оңаша тартқанмын.
Қара шаңырақтың қақпаға пара-пар есігінен (сол уақыт­та маған ЖО ғимаратының еңселі есігі қақпадай боп көрінді) біреулер шығып, біреулер ішке кіріп жат­ты. Бұлар кімдер болды екен деймін. Алыстан шырамытатын сияқтымын, бірақ жыға танымаймын. Содан соң сілкініп тұрып анау емен есікті айқара ашып кіріп барсам ба деп ойладым. Әйтсе де оған дәтім жетер емес. Қыр баласына тән момындық, ұяңдық, әлдебір жауапкершілік аяғымды тұсап жібермей тұр. Сондықтан ойға, қиялға ерік беруге тура келді.
«Шерхан Мұртаза деген кісі ғимарат­тың үшінші қабатында отыр» дейді ойым. «Өзі түнеріп, қас-қабағымен былайғы жұрт­ты ықтырып бағатын жазушы-редактор көрінеді. Оның қасында кербұғыдай керіліп Оралхан Бөкей ғана жүреді екен-мыс. Фариза Оңғарсынова апай да осында болса керек. Ал Төлеген Айбергенов ше? Ақынның ақпа-төкпесі сол Төлеген ғой. Бірақ Төлеген қайтыс болып кеткен. Мына ғимарат­тың ішіндегі ақындардан Төкең туралы естеліктер естісем ғой, шіркін. Олжас Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Төлен, Дулат ағалар да осында-ау, ә…».
Ойыма жазушылардың өзара хат жазысып, әдебиет жайында ой бөліскендері оралды. «Мен де мынау әсем ғимарат­тың дәлізінде алшаң басып жүрген ағаларыммен хат алысып тұрсам қайтеді? Мысалы, Буниннің Чеховке, Шаламовтың Пастернакқа хат жазатыны секілді…» Осыны ойлағанда ішімнен бір дауыс: «қой-ей, – деп қалды, – сен күні бүгінге дейін «Ұлан» газеті мен «Ақжелкенге» алақандай мақала жазып көрмегенсің, ақын-жазушыларға қайтіп хат жазбақсың?»
«Ә, айтпақшы, солай екен ғой…» Орталықтағы басылымдардың біріне не мақала, не ақпарат жазып көрмеген басым әлгіндегі ой-қиялдарымнан қарадай қысылып, ҚазМУ қалашығына қайт­тым.
Арада айлар аунап, жылдар жылжыды. Бізге де, нақтырақ айтсақ, 2018 жылы Жазушылар одағының қатарына өтіп, мүшелік билет­ті әйгілі ақын Есенғали Раушановтың қолынан алып, қуанышқа кенелудің сәті бұйырды. Бұл аралықта «Әлқисса», «Бөрісоқпақ» ат­ты кітаптарым да баспадан жарық көріп үлгерген. Әуелі әдеби ортадағы жас буын, содан кейін өзіммен жасты қаламгерлер пікір айтып, бағалаған еңбегімді Дулат Исабеков, Төлен Әбдік бастаған аға ұрпақ ескеретін болды. Мен сөйтіп, Жазушылар одағының ортасынан орнымды тауып, дүбіріне алыстан құлақ түрген үйіріме қосылдым.
Қазақ қоғамының рухани орталығына айналған, қиын-қыстау күндерде ел үшін, жер үшін күрескен, қазақ әдебиетіндегі айтулы тұлғалардың ордасы болған, бүгін, міне, 90 дейтін толағай жасты меңгерген Жазушылар одағы еңсесін түсірмей ғасыр тойына бет алып барады. Бұқара халық та, ресми билік те өзге шығармашылық ұйымдардан гөрі ЖО-ға өзгеше көз тігіп қарайды. Үміт етеді, арқа сүйейді. Өйткені Қазақстан Жазушылар одағы дегеніміз – кешегі заманның дауылдары мен жауындарына төтеп берген, алдағы уақыт­тың қандай тосын сыйы болса да қасқайып қарсы алатын алып шынар, самұрық құстың салмағын қиналмай көтеретін алтын бәйтерек. Ол – қасиет­ті сөз бен қастерлі қаламнан сомдалған бәйтерек.
Ғасырға ұмтылған көшің көлікті болсын, Жазушылар одағы!

Дәурен ҚУАТ
«Жұлдыз» журналының
бас редакторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір