ОЙЛАНЫП ЖАЗАТЫН АДАМИ ҚАСИЕТ ҚАЙДА ҚАЛАДЫ?
Жасанды интеллектінің дақпырты әлемді кезіп жүргеніне аз жылдың жүзі болған жоқ. Дақпырт күйінде қалмай, қоғамға дендеп еніп алғаны да белгілі. Бүгінде ЖИ мүмкіндігі қарқынды дамып, барлық саланың ажырамас бөлшегіне айналып бара жатқандай. Тіпті биік өреден ғана шығады деп есептелетін өнер түрлеріне де «ауыз салып», ЖИ арқылы өмірге келген туындылар қатары күн санап артып келеді. Белгілі ақын, жазушылар мен әдебиеттанушылар Серік Әбікен, Алмира Қали, Айнагүл Садықова және Дүйсенәлі Әлімақыннан Жасанды интеллектінің әдебиет пен адамзатқа тигізер ықпалы жөнінде сұрап көрдік.
Қ.Ә.:– Жасанды интеллектінің әдебиетке, өзге де өнер түрлеріне ықпалы туралы не айтар едіңіз? ЖИ жазған дүниелер адам жанынан шыққан туындыны алмастыра алуы мүмкін бе?
Серік ӘБІКЕН: – Кез келген үлкен жаңалық қоғам трансформациясына негіз болады. Жасанды сана – (ЖС) сөз жоқ, тұтас адамзатты елеңдететін құбылыс, мүмкін, дәуірді ЖС-ке дейінгі және кейінгі деп бөлетін уақыт келер. Біз қазір көп өзгерістің куәсі болып отырмыз, жақсысы да, жаманы да бар. Жақсысы – заман қарқын алды, жаңалық көбейді. Жаманы – сол асау дүниені жалынан тартып, ырыққа көндірер шама аз, туысыңның суретін сөйлетіп ақша сұрайтын ЖС-алаяқтық, кибер қылмыс көбейді. Тіл мен мәдениетке орасан шабуыл жасалып жатыр. Ең әуелі бұны БАҚ-тан байқаймыз. Құрғақ, қасаң мәтінді мүдірмей оқитын буын келді. Бұдан «бәріне журналистер кінәлі!» деген ой тумауы керек. Олар дәрігер, мұғалім, заңгер, т.б. маман иесі болып жүрген қатарластарының бейнесін ашық көрсеткені үшін жазықты бола алмайды. Осы күні мектептегі балалар эссе, шығарманы, рефератты ЖС арқылы жаза салады. Студенттер де осы амалды қолданады. Соңғы екі-үш жылда ЖС қарқыны тіптен үдеді. Бұрын мектепте нашар оқитын балаға ұстаздар: «Сөйлем құрай алмайды», – деп ұрысса, бүгінде олай сөгуге болмайды, себебі кез келген шәкірт ChatGPT көмегімен тапсырманы тиянақты орындап жүр. Сонда «ЖС ұрпақты сауатты етті!» – деп бағалаймыз ба? Өзің мәлімет жиып, ойланып отырып жазатын адами қасиет қайда қалады? Адамға Құдай берген сана мен Жасанды сананың айырмасы дәл осы адами сезімталдықтың жоқтығында деп ойлаймын.
Қазір ЖС-ке өлең, ән жазғызып, жариялап жатқандар баршылық. Сен үшін ғажап дауыспен ән айтып беретін бағдарламалар да жетерлік. Егер осының ықпалында кете берсек, «ақын», «әнші», «жазушыдан» аяқ алып жүре алмай қаламыз.
Алмира ҚАЛИ: – Жасанды интеллектінің жедел қарқынмен дамуы адамзаттың постгуманистік дәуірге нықтап аяқ басқанын көрсетеді. Жаңа технологиялардың игерілуі адамзат тарихында қашанда ұлы жаңалық ретінде қабылданған. Мысалы, баспа станогі, фото, синтезатор да бір кездері инновация ретінде пайда болды ғой. Осылардың әрқайсы өз кезегінде әдебиеттің, кескіндеменің, музыканың болашағы жайлы үрейлі болжамдар туғызғанымен, өнер атаулы содан тоқырап қалған жоқ. Ал жасанды интеллектіге келетін болсақ, оның өнер атаулының барлық салаларына ықпалы бар екені рас. Шынайы өнердің орнын баспаса да, цифрлық дәуірдің дәл қазіргі кезеңінде жасанды интеллектіге деген қызығушылық артып барады. Әрине, мұндай үрдіс алаңдатпай қоймайды. Себебі ЖИ әдеби шығармашылық процестің барлық сатыларына дендеп еніп үлгерді. ЖИ шартарабынан тың идея, шабыт іздеуден бастап, шығарма сюжетінің қаңқасын құруға, тіпті мәтін жазуға дейінгі технологиялық мүмкіндіктерді жария да, жасырын да пайдаланып жүргендер баршылық. Бұл жердегі ЖИ жұмысы шығармашылық әлеует емес, бар болғаны технологиялық мүмкіндіктер екенін ұғынуымыз керек.
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН: – Қалай десек те, бұл ЖИ әдебиетке әсер етеді. Қазірдің өзінде дамыған елдердегі жазушылар осы құрылғыны көмекші құрал ретінде пайдаланып отыр. Идея алу, сөйлем құрау, тіпті оқырманға ұнайтын заманауи тақырыптарды табу сияқты қажеттіліктерде ЖИ-ді пайдаланатыны рас. Қоғамдағы кез келген құндылық әдебиетті айналып өткен емес, өтпейді де. Өйткені құндылықтар кейде әдебиетке қызмет етеді.
Меніңше, ЖИ-ді орнымен пайдаланса, оның еш зияны бола қоймас. Бірақ онымен тұтастай бір шығарманы жазып шығу – оқырманды алдаумен бірдей, тіпті оның сезімі мен сыры адамдікіне қайдан жете алсын?.. Қалай десек те, ЖИ біздің өмірге енді. Ал оны әдебиетте дұрыс пайдалану қалам ұстағандардың өз арына тиесілі дүние. Жасанды интеллектінің әдебиет пен жалпы өнер саласына ықпалы соңғы жылдары айрықша күшейді. Ол тек техникалық құрал емес, шығармашылық үдерістің белсенді қатысушысына айналды. Дегенмен оның адам жанынан шығатын туындыны толық алмастыруы мүмкін бе деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Менің ойымша, ЖИ — көркем ойлауды күшейтетін қуатты құрал, бірақ адам тәжірибесін, сезімін, ішкі драмасын толықтай алмастыра алмайды. ЖИ қазірдің өзінде жазушылардың жұмыс тәсілін өзгертіп жатыр. Редактура мен стилистикада: Grammarly, Hemingway App секілді алгоритмдер мәтінді жетілдіруге көмектеседі. Ал шабыт беруде ЖИ оқиға құрылымын, кейіпкер сипаттамасын, сюжет нұсқаларын ұсынады. Көркем мәтін жазуда ChatGPT немесе Claude сияқты модельдер шағын әңгіме, өлең, тіпті роман көлеміндегі мәтіндер жаза алады. Алайда ЖИ-дің шектеулері айқын. Ол өмірлік тәжірибені сезінбейді, тек мәтіндік үлгілерге сүйенеді. Оның жазған дүниесінде адамның экзистенциалдық драмасы, жеке тағдырдың ішкі жарығы кейде жетіспейді. ЖИ жаңалық ойлап табудан гөрі, бар стильдерді біріктіріп қайта өндіруге бейім.
Айнагүл САДЫҚОВА: – Қазір жасанды интеллектінің ықпалын елемеу мүмкін емес. Өйткені өнер кеңістігіне барған сайын терең еніп бара жатқаны шын. Бірақ бір нәрсені түсіну керек: ЖИ дәл адам сияқты өнер тудырмайды, тек үлгісін жасайды. Оның өмірлік тәжірибесі жоқ, сүйіспеншілік, қуаныш, реніш, күмән, қайғы сезінбейді немесе ол адам сияқты ойланып я қиялдап, өмірдің мәнін іздемейді. Әйткенмен ол әлдебір тақырып аясында қарастырылатын мәселе бойынша мәтінді талдап, оның заңдылықтарын анықтап, жүйелеп, қорытынды жасап, тіпті тосын шешімдер ұсынып, керек десеңіз, әлдебір жаңа формаларды қалыптап ұсына алады.
Соның ішінде, әдебиет саласында да ЖИ шығармашылық мүмкіндікті кеңейтетін қуатты құралға айналып келеді. Ол, әсіресе шығарма жазар алдындағы ізденісте мағлұмат жинауға, оның негізгісін даралауға, сюжет пен стильдің түрлі нұсқаларын, тосын ұқсастықтар табуға көмектеседі. Осы тұрғыдан алғанда, ЖИ – уақыт үнемдеп, материал дайындап, авторға жаңа көркемдік жолдарды іздеуге мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе алаңы деуге болады.
Дегенмен «ЖИ адам жанынан туған туындыны алмастыра ала ма?» деген сұрағыңыз әлдеқайда терең. Өнер құр мәтін, бейне немесе әуен емес қой. Көркем туынды деген – өнер иесінің ішкі өмірі, жан дүние айнасы; өмірдің, адамдар қатынасының терең, нәзік иірімдерін сезіну, сезінгеніңмен бөлісу тәжірибесі, адам болмысын таныту мүмкіндігі. ЖИ құрылымды, стильді, жанрды қайталай алады, бірақ ол адамның жеке өмірлік тарихы мен экзистенциалдық тәжірибесін өткере алмайды, ал шығарманы жанды әрі әсерлі ететіні де осы ғой. Сондықтан ЖИ автордың көмекшісі, құралы, шығармашылық серігі деуге болады. Ал тіршіліктегі барлық нәрсенің мәнін сезінетін, түйсінетін, түсінетін, танитын, өзгенің көз алдына келтіре алатын өмірдің иесі ретіндегі адам өнердің де, өнер туындысының да шынайы иесі болып қалмақ. Адам ғана тың дүние, жаңа өнер үлгісін тудыра алады. Көркем шығарма өмірден алынған мағыналардан туады. ЖИ дайын алгоритмдермен ғана жұмыс істейді.
Қ.Ә.: – ЖИ арқылы жазылған шығармалардың оқырманға жол тартып, кеңінен таралып жатқаны да көпке мәлім. Мұндай шығармалардың сипаты туралы не айтар едіңіз? Қалай ажыратуға болады?
Айнагүл САДЫҚОВА: ЖИ көмегімен жазылған шығармалар қазірдің өзінде кең таралып, өз оқырманын тауып жатыр. Бұл – шындық. ЖИ жанрларды жақсы меңгерген, классикалық прозаны, фантастиканы, журналистиканы, ғылыми-көпшілік стильді оп-оңай жаңғыртып береді. Бірақ бұл нағыз авторлық болмыс емес, тек «еліктеу»ғана. Ондай мәтіндер техникалық тұрғыдан дәл, нақ-нақ, құрылымы да жып-жинақы болып келеді. Басты ерекшелігі сол. Онда тірі авторларға тән ішкі қақтығыс, терең толғаныс дегендер аз байқалады. ЖИ кейіпкердің табиғатын идеяға, айтылар ойға сай етіп зерделемейді, бар үлгілерді біріктіреді де, ол кейіпкерлер қайшылықтар, қақтығыстар үстінде шынайы болып шықпайды. Сол үшін ЖИ жазған шығармалар форма құрылымы, оның алуандығы тұрғысындағы шеберлігімен таңғалдырғанымен, іші, көбіне қоңылтақтау болады.
ЖИ мәтінін қалай тануға болады десеңіз, біріншіден, ЖИ мәтіні тым жатық келеді. Ол өткір сауалдардан, қайшылықтардан, мағыналық байлыныстың күрт үзілуінен, яғни ой-толғаныс бағытын өзгертіп, қисын, тұтастық бұзылатын жазу машығынан қашады. Екіншіден, ЖИ мәтініне құрылымдық қайталаулар тән, өйткені машина логикасы үлгіге ғана сүйенеді. Үшіншіден, машина эмоциялық тұрғыдан бейтарап, былай бәрін дұрыс сипаттайды, алайда жүрекке жетері, ақиқатымен шым еткізері аз. Ең бастысы – авторлық қолтаңбаны айқындайтын адами тағдырдың жоқтығы. Адам жазбай тұра алмайтындықтан жазады, ал ЖИ тапсырыс бергендіктен жазады.
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН: – Иә, жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен жасалған әдеби шығармалар қазіргі уақытта көптеп таралуда. Бұл шығармалардың кейбір айқын сипаттары мен ерекшеліктерін атап өтуге болады.
Біріншіден, стильдік ерекшеліктері басым. Қайталанғыш құрылымы көбірек. ЖИ жиі белгілі бір мәтін үлгісін қайталап, сөз тіркестерін немесе сөйлем құрылымын ұқсас етіп шығарады. Сапасыз эмоционалдық бояулар да соның ішінде. Кейіпкерлердің сезімін сипаттағанда тереңдік аз болады, ал эмоциялар кейде біркелкі, «жасанды» көрінеді. Тақырыптық стандарттылық жағынан алғанда да ЖИ оқырманға ыңғайлы тақырыптарды таңдайды, бірақ күтпеген немесе күрделі философиялық ойларды жеткізуі қиын. Мысалы, қарапайым махаббат романдары немесе оқиға желісін тез дамытатын детективтерде ЖИ-дің жазған бөлігі оқырманға түсінікті, алайда кейде кейіпкерлер «жанды» болмай, бірдей әрекет етеді.
Ал бұған тілдік ерекшеліктерін қосыңыз. Сөздік қор мен синтаксис те рөл ойнайды. ЖИ грамматика жағынан дұрыс жазып шығарады, бірақ сөздерді табиғи емес, стильдендірілген түрде қолданады. Табиғи емес диалогтері де кейіпкерлердің шынайы ой-пікірін жеткізбейді әрі кейде бір бағытта болып көрінеді. Бұл тұрғыда оның шығармашылық ерекшелігі туралы да айта кеткен дұрыс. ЖИ-дің шығарған сюжеттік құрылымы көп жағдайда оқырманға алдын ала таныс шаблондарға сүйенеді.
Серік ӘБІКЕН: – ЖС тым құрғақ, жансыз жазады. Мекемелердің баспасөз-баянын қарасаңыз, анық көруге болады. Ең қызығы, сол баспасөз парағындағы «Өңір экономикасы 5,8 пайызға өсті» дегенді ақпарат құралдарынан дәл сол күйінде оқып, айта береді, естушіге оңтайлы етіп қарапайым ғана «6 пайыздай өсіпті» дей салмайды. Баспасөздегі есепте қанша сан бар, ЖС-пен өскен жас маман соның бәрін айна-қатесіз тізіп шығады. Ондай шұбалаңқы материалдан өзі де мандытып ештеңе ұқпайды, тыңдарман, көрермен де беймағлұм күйде қалады. БАҚ-тан біз қазақтың сөйлеу, жазу мәдениетінің өзгеріске ұшырап жатқанын анық көреміз. Оған қарсы иммунитет – мектептегі оқу бағдарламасы болуы керек еді, оның 30 жылда оңала алмағаны бәрімізге аян. Қазақ тілі үшін күресуге тиіс ғалымдар да түрлендіріп Сөздік шығарып, «алма ағашты» бірде бөлек, бірде «алмаағаш» деп қосып жазудан арыға бара алмады. Тіл – ділдің өзегі. 2000 жылдан бергі уақытта білім алған ұрпақ басқадан емес, дәл ана тілінен ала-құла күйге түсті. Мектеп бітірушілердің тілі жыл сайын өзгереді, бірі «қыркүйек», енді бірі «қыргүйек» деп жазады. Демек, заман лебіне жұтқызбауы тиіс ұлттық иммунитетті өзіміз жұтатып, буынның әлсіреуіне сеп болдық. Енді ЖС-ке сүйенген қоғам қалыптасып жатқан сәтте тым дәрменсіз екенімізді мойындауымыз керек. Кей адамдардың ЖС арқылы жаздырған әңгіме, өлеңін әлеуметтік желіде насихаттап жатқанын байқаймын, тіпті ЖС көмегімен түсірілген әлде жасалған кинолардың үзінділері жүр. Кейіпкерлердің бәрі сұлу, келбетті, тек адами жылу жоқ. Эмоция мен ым-ишара сәйкеспейді. Ол маған, мен қатарластарға анық көрініп тұр. Осыны байқамайтындар да жетерлік. Себебі ЖС тілі балабақша, мектептен еніп жатыр, шәкірт түгілі ұстаздар қауымы да жасанды сана арқылы жазылған, жасалған дүниелерді оқып, көріп, соған үйреніп барады. Мәтін ерекшелігіне келсек, әзірге ЖС қазақ тілінің пунктуациясынан көп жаңылып жүр, тыныс белгіні орынды-орынсыз қояды, қыстырма сөзді көп қолданады. Ұқтыру үшін нығырлай береді. Бұның түпкі себебі: біз үшін риторика – шешен сөз, шешендік өнер, ал ЖС үшін «риторика – ақпаратты тиімді жеткізу өнері». Жансыз дүниенің жақыны болмайды, сондықтан ақпаратты әдемілеп жеткізсе болғаны. Мұндай кемшіліктер тез жойылады, оның үстіне, етіміз үйренеді, сонда ЖС жазған мәтінді ажырату мүлдем қиын болады.
Алмира ҚАЛИ: – ЖИ адам деңгейінде бірегей сипатта көркем ойлай алмайды. Оның «когнитивтік таным» деңгейі тікелей цифрлық кеңістіктегі ақпараттардың, яғни өмірде бар деректердің ағымымен ғана өлшенеді. Себебі ЖИ-дегі ақпарат ағымы – ойлаудың имитациясы. Мәселен, адам сұрақ қойғанда ЖИ ашық ресурстардағы ақпараттар мен деректердің, сөздердің қолданыс жиілігі негізінде ықтималды жауап нұсқасын әзірлейді. Бұл – тікелей математика мен статистикаға негізделген операция. Сондықтан ЖИ-дің қатысымен жазылған «шығармалардан» көркемдік-эстетикалық тұрғыда жоғары сапа мен деңгей күтудің қажеті жоқ.
Ал енді әдебиетте ЖИ-мен әуестенудің салдары неге әкелуі мүмкін екенін шамамыз келгенше нақтылап көрейік. Біріншіден, ол, бар болғаны, бұрыннан бар сюжеттерді араластыра жаңғыртады немесе фэнтезиден абсурдқа дейінгі адам санасына сыймайтын оқыс оқиғаларды өмірге әкеледі. Былайша айтқанда, оған өмірлік тәжірибе жетіспегендіктен, ол қандай да бір экзистенциалдық сауалдарға терең жауап беруге қауқарсыз.
Екіншіден, ЖИ-ге астарлы, бейнелі ойлау тән емес. Егер ЖИ жазып берген мәтіннен бейнелі сөздер кездестіріп қалсаңыз, оның бар болғаны, өзгенің жаңғырығы екенінде күмәніңіз болмасын. ЖИ «пайымы» басқа мәтіндерді қорытып, жаңа сипатта ұсынуы мүмкін, бірақ адамның шығармашылық ізденіс әрекетінен туындайтын бірегей мәтінге пара-пар дүниені жазуға қабілеті жоқ.
ЖИ-ді әбден тізгіндеген тұтынушы оның қасаң формулалық баптауларын (промт) пайдаланып, стилизация жасай алады. Мәселен, Абай, Шекспир, Толстой шығармаларының корпусы негізінде олардың жазу стилін айқындап, тиісінше сөздік қорды игере отырып, солардың мәнеріне салып мәтін түзуі мүмкін. Бірақ олардың рухани өресі мен жалпы ой жүйесіне жете алмайтыны анық. Шығармадан біртұтас көркем тұжырымдама табу қиын.
ЖИ жасаған әдеби туындының басты белгілерінің бірі – суреттелетін көркем әлемде ұлттық сипаттың болмауы. ЖИ өз кеңістігіндегі қат-қабат ақпараттардың ішінен белгілі бір этносты жан-жақты әрі терең суреттейтін шек-шаманы анық ажырата алмайды. Тіпті барынша ұмтылыс жасағанның өзінде онысы тым қарабайыр деңгейде жүзеге асады немесе әбден «жаттанды» болған формулалық дүниені қайталайды. Ал кейіпкерлердің ішкі болмысын ашу, өзара диалогтерінде олардың дербес сөйлеу мәнерін жеткізу талабы – ЖИ-дің ең осал тұсы.
Үшіншіден, айналымдағы ақпараттармен жұмыс істейтіндіктен, ЖИ авторлық құқықтың бұзылуына да себепші болады. Мұндай жағдайлар кейінгі кезде АҚШ, Еуропа елдерінде жиі орын ала бастады. ЖИ көмегімен жазылған мәтінге қатысты авторлық құқық мәселесі әзірге әр мемлекетте әрқилы қарастырылуда. Жалпы халықаралық құжат, мемлекеттік заңнама, нормативтік актілер толық қолданысқа енгенде ғана бұл жаңа технологияның моральдық, құқықтық шет-шегі айқындалады.
Жалпы ЖИ-ге әуестіктің салдарын зерделей келе, мынадай ой түйдік: талантсыз адам ЖИ-ді пайдаланса, нашар я орташа деңгейдегі жазушы ретінде танылуы әбден мүмкін. Бірақ бұл, ең алдымен, адамның өзін-өзі алдауы. Себебі ондай адамда шығармашылық өрлеу болмайды. Ал, ең қызығы, талантты шығармашыл тұлға ЖИ-ге жүгінетін болса, ол өз әлеуетінен әлдеқайда төмен нәтиже көрсетуі мүмкін.
ЖИ жасаған өнер туындыларының кейбірі үздіктер қатарына ілігіп, халықаралық номинацияларға да ие болуда. Мұның өзі қоғамның көркем өнерге деген талғамы мен талабы өзгергенін аңғартады.
ЖИ-ді шектен тыс пайдаланудың психологиялық, медициналық салдарын да ұмытпаған жөн. Кітап оқымайтын, ой әрекеті белсенділігі төмен адамдардың рухани деградацияға бейімдігі, түптеп келгенде, нейрондық байланыстарға барып тірелетіні анық. Сондықтан адам ретіндегі зияткерлік миссияны ЖИ-ге арта салу жылдар бойы еңбекпен, ізденіспен қалыптасқан нейрондық тораптардың суалуына әкелетінін ескерген жөн.
Қ.Ә.: – Жалпы, ЖИ, робот өнімдері болашақта қандай күйде болады деп ойлайсыз? Жасанды интеллект өз бетімен зердеге ие бола алады дейтіндер де көп. Бұның салдарын қалай елестетер едіңіз?
Алмира ҚАЛИ: –Тағы сол адамзат қоғамының постгуманистік көңіл күйі тұрғысынан қарасақ, жасанды интеллект пен роботтар қазірдің өзінде өмірімізге дендеп кіріп алған жоқ па?!. Соған өзіміз жол берген жоқпыз ба?!. Осыған орай ЖИ-мен сырласу, робот-қуыршақпен некелесу сынды фактілерді еске алуға тура келеді. Шындықты елемеуге тырысқаннан, қоғам қандай да бір сын-қатерлерді жеңбейді. ХХІ ғасыр адамы саналы түрде өзінің адами-моральдық келбеті мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін терең ойлап, шешім қабылдауы тиіс.
ЖИ культы қазіргі таңда бүкіл әлемде дәурендеп тұр. Ал ЖИ жазған «шығармалар» қатарының саңырауқұлақша қаптап кетуінің өзінен жағымды әсер күтуге болады. Қоғам түсінігінде шынайылықтың құндылығы арта түседі «жанды» әдебиетке сусап қалған кітапқұмар жұрт өз жазушысын іздеп жүріп оқитын болады. Сондықтан қазіргі мәдени, технологиялық – коммуникативтік әуестік уақыт өте келе, сабасына түседі деген ойдамын.
Асылы: ЖИ қоғамды ізгілендіруші құрал болып қалуы тиіс. Медицинада, өндірісте т.б. салаларда оның мүмкіндіктері қазірдің өзінде тиімді пайдаланылуда. Әдеби шығармашылықтағы болашақ сценарийлерде ол бір кездегі таңба, қауырсын мен сия, баспа станогі, компьютер сатылары секілді кезекті инновациялық құрал ретінде қызмет етуі ықтимал. Математикалық модельдер арқылы ғана басқарылатын ЖИ дербес сана субъектісіне айнала алмайды. Адамзатқа төндірер қаупі тұрғысынан зерделесек, қатер ЖИ-дің асқан ақылдылығында емес, адамның оны қалай және қандай ниетпен қолданатынында болса керек.
Серік ӘБІКЕН: – ЖС – өмір шындығы, одан құтыла алмаймыз, үйлесе өмір сүру керек. Оны технологияда, ғылымда, күнделікті өмірде пайдаланып, прогрестен қалмасақ, көшке ілесеміз. Компанияларды роботтар басқарып, экран біткенді ЖС-диктор, ЖС-әртістер жаулап, жасанды дәрігер ота жасап, Димаштың орнына ЖИ-чат шырқап тамсандыратын заман келер, көреміз, балгер емеспін. Басты мәселе осы технологиялық толқын ұлт трансформациясын қалай шайқайды, заман жаңалығымен тулап сала бергенде көл бетінде кемеміз қала ма? Қалса, сол кемедегі анық қазақ бола ма? Түсінікті болуы үшін тілді «ескі», «жаңа» деп бөлейін, «ескілер» кемиді, «жаңасы» басым бола береді, заңдылық. Енді бір 10-15 жылдан кейін біз қазір шошып жүрген дүниеге сүйіне қарайтын буын келеді. Өзіміз де солай сөйлерміз, өйтпесек, немерелеріміз алжыған-ау деп мүсіркейтін болар. Мысалы «Қайран да менің, Еділім, Сен салмадың, мен салдым» деген Қазтуған жыраудың біздің шүлдірімізге шошына қарары анық қой, «салмадыңды» түсінетін замандас аз. «Серең», «сатқақ», «балпаң», «зіл» т.б. өзіміз аса ұға бермейтін сөздерді архаизмге теліп ғалымдар еншісіне қалдыра салдық. Оларды қоя бергенде XVIII–XIX ғасырда шағатайша жазылған шығармаларды оқи алмаймыз. Тарих пен өркендеу жолына қарасаң, біз де «жаңа» болғанбыз, енді ескіруге тура келіп тұр. Бір елу жылдан соң ұрпағымыз біздің жазған-сызғанымызды түсінбейтін күйге түссе, мәдениет те өзгереді, жаңа формадағы ұлт қалыптасады. Сол жаңамыз арғы-бергіден тамыр үзіп кетпеуі үшін ЖС-тің соңынан жалбаңдай жүгіріп, қызметінде кетпей, қызметші етудің жолдарын іздеген дұрыс болар…
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН: – Жасанды интеллект пен робот өнімдерінің болашағы өте қызықты әрі күрделі болып көрінеді. Қазіргі дамып келе жатқан технологиялар көрсетіп отырғандай, ЖИ болашақта тек құрал ғана емес, белгілі бір дәрежеде «зерде» деңгейіне жақындай алады, яғни олар өз бетімен ақпаратты өңдеп, шешім қабылдау қабілетіне ие болуы мүмкін. Егер ЖИ өз бетімен ақыл қуатына ие болса, оның салдары қиын болмақ. Экономикалық және өндірістік өзгерістер – роботтар мен ЖИ көптеген еңбек жұмыстарын атқара алады. Бұл адамның кейбір мамандықтарына сұранысты азайтып, жаңа мамандықтарды қажет етуі мүмкін. Сонымен бірге әлеуметтік және этикалық мәселелерде ЖИ өздігінен шешім қабылдағанда, оның моральдық және этикалық тұрғыдан жауапкершілігі болмайды. Бұл қақтығыстар мен қателіктерге әкеледі. Мысалы, әскери немесе құқық саласында автоматтандырылған жүйелердің әрекеттері бақылаусыз болса, қауіпті салдар туындатуы мүмкін. Ғылым мен білімге серпін – зердесі бар ЖИ күрделі зерттеулерді жүргізіп, жаңа жаңалықтарды ашуға мүмкіндік береді. Медицинада диагноз қою, дәрі-дәрмек жасау, ғарыштық зерттеулер сияқты салаларда үлкен серпін беруі мүмкін. Қауіпсіздік мәселесі – ЖИ-дің өздігінен әрекет ету қабілеті кейде адам үшін қауіп тудыруы ықтимал. Сол себепті оның дамуын реттейтін заңдар мен этикалық нормалар өте маңызды. Қорытындылай айтсақ, жасанды интеллект пен робот өнімдері болашақта біздің өміріміздің барлық саласына ене береді. Бірақ оларды құрал ретінде пайдаланумен қатар, адам бақылауын сақтап қалу өзекті. Адам мен машина арасындағы теңгерім болмаған жағдайда, ЖИ қауіпті немесе күтпеген салдарға әкелуі әбден мүмкін.
Айнагүл САДЫҚОВА: – Жалпы, ЖИ тақырыбын саралаған материалдар әлемде күнде дерлік жарық көреді. Солардың айтуынша, алдағы онжылдықтарда ЖИ мен робототехника күрделі әрі көпқырлы өзгерістер әкелмек. Адамзат машиналар көмекші ғана емес, түрлі саланың белсенді қатысушысына айналатын дәуірдің табалдырығында тұр. Қазірдің өзінде ЖИ деректерді талдайды, шешім қабылдайды, мәтін жазады, эмоцияны таниды, қателіктерді жіктеп, оларды түзете алады. Айта берсең, көп, бірақ мұның бәрі берілген күрделі жүйелер құрылымы шеңберіндегі үйрену, өзіндік санасының қалыптасу көрінісі емес.
«ЖИ болашақта дербес «зердеге» ие болуы мүмкін» деген пікір әзірге философиялық болжам деңгейінде ғана айтылады және мынаны ұмытпау керек: сана, саналылық деген тек түйсік, ой-зерде, яғни интеллект қана емес қой, сана деген – адам, сана деген – «Адам», «Мен» деген ұғым, сондай сезім, яғни соны ұғыну әм сезіну. Сана, зерде деген – адамның өзіндік болмысы. Қазіргі ЖИ-моделдердің ешқайсында мұндай қасиет жоқ, бірақ күндердің-күнінде осындай құбылыс болады деп елестетсек, оның салдары сұмдық болмақ. Онда құқықтық, этикалық, мәдени шекараларды қайта ойластыруға, қайта қалыптастыруға тура келеді. Жекетұлға, еркіндік, жауапкершілік деген ұғымдарды жаңа контексте айқындау қажет болады. Міне, мәселе қайда жатыр.
Алайда шынайы сананың пайда болуын күтпей-ақ, ЖИ өмірімізді өзгертіп жатыр, сыңайында, әлі де өзгерте бермек. Енді біраз уақытта ол күрделі, мол деректерді өңдеуді, үлгілеуді, күнделікті күйбең шаруалар мен міндеттерді өз мойнына алып, білім беру, медицина, басқару, шығармашылық және күнделікті қарым-қатынас салаларының бөлінбес бөлшегіне айналады. Ал адам ше? Ол өзіне ғана тән нәрселермен әрі қарай да айналысады: өмір сүреді, сезінеді, ұғынады, тәжірибе, одан мән-мағына тудырады, ілім-білім қалыптастырады, рухани жауапкершілік те адамның мойнындағы міндет, арына салмақ болып қалады.
Сөз соңында айтарымыз, мәселе «ЖИ адамды алмастыра ма?» деген сұрақтан гөрі, адам адамдығынан айырылмай, ЖИ-ді қалай тиімді, орынды, оң пайдалана алады деп ойлану керек сияқты.
Әзірлеген Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА