Сөзден – іске: адалдық – асыл қасиет
09.04.2024
107
0

29 наурыз күні Қазақстан Жазушылар одағында Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық құрылтай жиынында көтерілген мәселелерді талқылауға арналған «Сөзден нақты іске: адалдық – асыл қасиет» атты дөңгелек үстел өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайда айтқан сөздері мен өзге де спикерлер айшықтаған өзекті ойлар қаламгерлер қауымын да бейтарап қалдырмады. Ақын-жазушылар толғамды да жүйелі тұжырымдарды түйіндеуге негіз болған алқалы жиын хақындағы көзқарастарын білдіріп, өзара пікір алмасты.

Қоғамның ең үлкен дерті – жемқорлық

Дөңгелек үстел отырысын Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов жүргізіп отырды.
«Қадірлі ағайын! Өздеріңіз білесіздер, Атырау қаласындағы Сарайшықтың төрінде Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Алғашқы күні әр тақырыпта секциялық талқылаулар болды, бірнеше адам сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Келесі күні Президентіміздің қатысуымен жиналыс ұйымдастырылды. Онда бес адам сөйледі.
Құрылтайға осы жолы мүше ретінде алғаш рет қатыстым. Әуелгі екі Құрылтайдың да қалай өткені, қандай тақырыптар қозғалғаны жөнінде баспасөз беттерінен оқыдық, телеарналардан көрдік. Сондағы менің бір байқағаным – қазақтың жағымпаздықтан арылып келе жатқаны. «Бәрі сіздің арқаңызда», «Сіз болмағанда бұлай болмас еді» сынды бос сөздердің бәрі артта қалды. Бұл – үлкен жеңіс деп ойлаймын. Рухани жеңіс…
Президенттің ә дегеннен-ақ ауқымды жиынды өзі бастамай, сөз кезегін әуелі басқаларға ұсынып, әр тараптағы келелі мәселені қозғайды-ау деген кісілерді тыңдап алғаны да көңілімізге қонған дүние болды. Мемлекет басшысы осы бес кісі талқыға салған проблемалардан қорытынды шығарып, кейінге қалдыруға болмайтын келеңсіздіктер мен түйткілді істерді шешу жолдарын қарастырып, ары қарай өз сараптамасын ұсынды.
Құрылтайдан бері біршама уақыт өтті. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасын оқыдыңыздар. Құрылтай жайлы өздеріңіздің, зиялы қауым өкілдерінің де пікірі өте маңызды. Өйткені Президент тарапынан руханият жайлы да өзекті ойлар айтылды. Соның ішінде кітап, кітап шығару мәселесі, аударма саласы мен тарих төңірегінде, қазақ халқының ұлттық буржуазиясын қалай қалыптастыру қажеттігі хақында терең де өрелі талқылау жүрді. Археологиялық ескерткіштердің талан-таражға түсіп жатқаны да тілге тиек етіліп, соған тоқтау болар негіздер белгіленді. Бұл құрылтайдың тағы бір ерекшелігі – халықтың экономикалық ахуалы да ауқымды түрде сөз болып, Мемлекет басшысы ел экономикасын көтеруге бағытталған стратегияларымен таныстырды.
Белсенді қаламгерлеріміздің басын қосқан жиынымызды «Сөзден нақты іске: адалдық – асыл қасиет» деп атағанды жөн көрдік. Адалдық бағзыдан қазақтың қанына сіңген болмыс еді, ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері ұрпағын осы жүйеде ғана тәрбиелеген. «Қашанда адал бол», «Біреудің ала жібін аттама» деген нақылды қазақ қана айтқан. Қазақтың осы қағидасы бүгінде күллі тіршілігіміздің сипатына айналуға тиіс. Адамдар адал өмір сүрмей, қоғамның алға жылжуы өте қиын.
Коррупция деген кесапат тұрмысымызға бұған дейін дендеп еніп алғаны соншалық, біреуге бірдеңе бермесек, біреуден бірдеңе алмасақ, ыңғайсыз көрінетін болып қалды. Сыбайлас жемқорлықтан арылсақ, мемлекетіміздің тіптен қарыштап дами түсетініне сенімім кәміл», – деп дөңгелек үстелдің кіріспе сөзін айтқан Мереке Әбдешұлы ендігі сөз кезегін: «Үлкенді сыйлаған халықпыз ғой», – дей келе белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбаевқа ұсынды. Қарт қаламгердің тұшымды ойынан кейін өзге де қалам иелері ретімен сөз алып, Құрылтайда айтылған жайларды таразылап, келісетін, келіспейтін тұстарына тоқталып, көкейлерінде жүрген ойларын тарқата сөйледі.
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы:
– Құрылтай – қазақтың жанына етене жақын сөз. Сонау Алтын орда дәуірінен бері Құрылтай жиыны қазақ тарихынан елеулі орын алған. Әр Құрылтайда барымызды, жоғымызды екшеуге үлкен мүмкіндік туып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым көптің сөзіне құлақ асып, содан нәтиже шығаратынына көзіміз жетіп жүр. Өзіңнің (Мереке Құлкеновтің) ұсынысыңның нәтижесінде Халық жазушысы атағының оралуы да – осының дәлелі. Сол сияқты Ұлттық құрылтай жиындарында да қаншама маңызды мәселелер мінберде айтылған күйінде қалмай, шешімін де тауып жүргенін білеміз. Әр Құрылтайдың әртүрлі аймақта, қазақтың киелі мекендерінде өткізілуінің мәні айрықша.
Біздің тіршілігімізде қандай кемшіліктер бар? Қайсысы жөнделеді? Жаңа өзің айт­қандай, жемқорлық дертіне дауа табылмай тұр. Жемқор деп қазақ киізді жеп қоятын сиырларды айтатын еді. Қазіргі жемқорлар сол сиырдан кем болмай тұр, талғамай жей беретін болды. Бүгінгі ең үлкен ауру – осы. Ол жазыла ма, жазылмай ма, білмеймін. Сингапур елі, грузиялықтар тоқтау сала алған екен бұл дертке. Бізде барған
сайын асқынып бара жатқан сияқты. Бұл бағытта күрестің аямайтын түрі керек деп ойлаймын. Басқасын қойғанда, кім көрінгеннің уысында кеткен қаржы қайтарылуда деп қуанып жүрміз ғой. Сол қайтарылып жатқан ақшаның өзі желініп үлгеріп жатқан көрінеді. Міне, осындай жалғасқан үстіне жалғасып жатқан коррупцияны аяусыз жаза қолданғанда ғана жеңе аламыз.
Кітап оқу мәселесіне келсек, бір күнді «кітап оқу күні» деп белгілегеннен кітап оқып кетпейді қазақ. Онсыз да атаулы күндер аз емес. Одан гөрі, мысалы, мектеп бағдарламасында «сегізінші сыныптың оқушылары мынадай кітаптарды оқу керек» деп міндеттеп, сол кітаптар бойынша қосымша емтихан алынса, оқу, оқыту ісі әлдеқайда нәтижелі болар еді.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Президент осы Құрылтайда атақты ел ағаларын бірлікке шақырды: «Өспейтін елдің ұлдары өнбейтін дауды даулайды», – деді. Кітап оқу мәдениетінің құлдырап кеткеніне алаңдады. Сол құлдыраудан келіп шығатын лудомания, нашақорлық, отбасылық зорлық-зомбылық, агрессия, буллинг тәрізді кеселдермен табанды күреске шақырды.
Осы кеселдердің бір емі Яссауи бабамыздың Ұлы далаға алып келген дәстүрлі дініміз екенін де атады. Қасиетті тілімізді де ұлықтауға үндеді. Жазушылар, сондай-ақ бүгінгідей елдің үлкен бөлігін топан су басып жатқан, қыруар халық баспанасыз қалған тұста, миллиардтаған қаржыны Елтаңбаға емес, топан судан зардап шеккендерге жұмсау керегін айтып отырмыз.
Біз сайлауда дауысымызды жалғыз Тоқаевқа емес, ақиқатында, дауысымызды әділетті Қазақстан үшін бердік. Біз ұрлық, қорлық, жоқшылықтан шаршадық. Біз де қысылып-қымтырылмай адам тәрізді өмір сүргіміз келеді. Бай елде тұрып байғұстың күйін кешкіміз келмейді. Сондықтан біз жалғыз Тоқаевқа ғана емес, бақуатты болашаққа дауыс бердік. Демек, мәселе Тоқаевта емес еді. Мәселе, біздің ақжолтай арманымызда еді. Тоқаев біздің сол арманымызды айта білді. Біз сол үшін дауыс бердік. Президент елге берген уәдесін орындау жолында, бүгінде, күн-түн демей, жар құлағы жастыққа тимей жұмыс жасап жүр. Бірақ ол – жалғыз. Біз – көппіз. Көп қозғалмай көсегеміз көгермейді. Біз сынауға шебер, іске жоқ, бақылаушы болмасақ дейміз. Біз де Тоқаев­ша, күндіз отырмай, түнде ұйықтамай жасампаздықпен айналыссақ дейміз. Сонда біз де Норвегиядай, байғұсы жоқ бай елге айналмас па едік?! Айналар едік! Біз соған сенеміз.

Кітаппен жұмыс істейтіндер білімді болуға тиіс

Фархат ТАМЕНДАРОВ, «Простор» журналының Бас редакторы:
– Мемлекет басшысының Құрылтайдағы баяндамасын үлкен қызығушылықпен оқыдым. Президентіміздің Қазақ­с­тандағы түрлі этникалық топтардың да ынтымақтастығына, достығына көңіл аударғаны ерекше ұнады. Журналымызда Отанымызды қадірлеуге, ұлт тұтастығын сақтауға, патриоттық сезімге үндейтін материалдарды көптеп жариялап жүрміз. Аударма да назарымыздан тыс қалған емес. Қазақ қаламгерлерінің шығармасының аудармасын үздіксіз жариялап келеміз, туындыларыңызды ұсынсаңыздар қуана жариялаймыз.

Авут МАСИМОВ, жазушы:
– Президенттің ел бірлігіне, зиялы қауым өкілдерінің ел ішіне іріткі салудан бойын аулақ ұстауына жоғары мән бере айтқан сөздері маған да ерекше әсер етті. Қазақстан халқымен тілі, ділі, діні бір ұйғыр халқының зиялы қауымына да бұл сөздер аса жоғары міндеттер жүктейтіні сөзсіз.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы:
– Иә, Президент елдің береке-бірлігін сақтауда зиялы қауымның ерекше рөл атқаратынын айта келіп, Жазушылар одағы төрағасының пікірін қостап, ықылас білдірді. Бұл қолына қалам ұстағандар үшін жетістік дер едім. Кітап пен кітапхана жайлы терең ойлар айтылды. Осы жерде «кітап иесі» – кітапханашыларға сын айтқым келеді. «Менің атым Қожаның» авторы кім екенін білмейтін кітапханашылар бар, тіпті «Абай жолын» оқымағаны да кездеседі. Кітаппен жұмыс істейтіндер білімді болса дер едім. Президент мәдени мұраны дәріптеуге кеңінен тоқталды. Мәселен, былтыр біреулер «домбыра – харам» деген сөз таратты. Ұлтқа қарсы айтылған осы сөз сол күйі – «жабулы қазан жабулы» күйінде қалды. Бұлай сөйлеген адамды жазаға тарту керек еді. Тағы да Ел басшысы: «Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында жатыр», – деп қынжыла жеткізді. Ұлттық мұраларды, табиғатты бүлдіретін осындай жағдайлармен де көп болып күресуіміз керек.

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы:
– Мұра демекші, Тарих және этнология институты арнайы жобамен кітаптар жазып шығарып жатыр. Осы жұмысқа жазушылар да араласу қажет. Тарихшылар: «Әдебиетшілер мен жазушы, журналистер тарих туралы мақала жазып, біздің жұмысымызға ортақтасады», – деп ренжиді. Бұл – қате түсінік. Кез келген ұлтқа, ұлттық болмысқа жаны ашитын адам ұлттық шаруаға сауаттылықпен араласуға құқылы. Ұлттың рухын көтеретін істерде қай-қайсымыз да аянып қалмауға тиіспіз. «Қағазбен жазғанды балтамен шаба алмайсың» деген сөз бар. Аймақтық, территориялық дау-дамайларға нүкте қоярлықтай деректер мен дәйектер қазақ жазбаларында ғана емес, орыс зерттеушілерінің де еңбектерінде жазылған. Осындай құндылықтарды жарқырата көрсетсек, айбынымызды асыратыны ақиқат.

Ғылым-білім саласына жаңа өзгерістер ауадай қажет

Қансейт ӘБДЕЗҰЛЫ, профессор, ф.ғ.д.:
– Президентіміз: «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты – осы», – деген түпкілікті ұстанымына адал еңбек ете беретінін тағы да аңғартты.
Болашағымызды үлкен көрегендікпен дер кезінде бағалап, бағамдап отырмасақ, қауіп-қатердің ауылы алыс емес екенін түрлі жайттар дәлелдейді. Көрші мемлекеттерде жүріп жатқан соғыс өрті, жазықсыз жан тапсырып, өмірлері қыршынынан қиылып жатқан қаншама мыңдаған жас өрімдердің тағдыры мен тауқыметі бізді де ойландырмай қоймайды.
Бір сөзінде Президентіміз: «Қазақстан тиімді әрі салиқалы ішкі және сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау», – деген болатын. Бұл жол әрине мемлекеттің қауіпсіздігі мен ұлттық мүддеміздің әрқашан да сабақтас, бірінсіз бірі болмайтынын есімізге салып, осы мақсатта аянбай еңбек ету қажетін айқындай түседі.
Осы орайда бір ұсынысым бар. Ұлттық мүддеге қызмет ететін ең бір стратегиялық сала – ғылым мен білім. Қазақ ғылымы мен біліміне жаңа өзгерістер ауадай қажет. Ескі Қазақстанда қате қабылданған мемлекеттік саясаттың кесірінен қазіргі күні гуманитарлық ғылымдар зардап шегуде. Әсіресе жастарды ғылымға белсенді түрде тартуға тосқауыл, қолбайлау болып отыр. Докторантурада оқып жатқан талантты жастардың өз ғылыми еңбегін қорғауына көптеген кедергі бар. Әлемдік білім беру жүйесіне енуіміз керек деген желеумен ағылшын тілінде шығатын шетелдік ғылыми журналдарға тек қана миллиондап қаржы төлеп жариялауға мәжбүрсің.
Мысалы, тарих, филология, әдебиеттану, философия, әлеуметтану, этнология, педагогика мамандықтары бойынша ғылыми зерттеу жүргізетін қазақ жастарына жол ашу үшін олардың ғылыми мақалаларын Ұлттық басылымдарымыз: «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан» газеттері мен «Жұлдыз», «Простор», «Жалын», «Таң-Шолпан», «Үркер» журналдарында жариялауға рұқсат етіп, бұл басылымдарды мемлекеттік ғылым комитетінің бекіткен тізіміне енгізу қажет. Жастарды тағы да ары қарай «Скопус» жүйесімен байлап-матап тастайтын қолдан жасалған кедергілерді жою керек. Ұлттық мүддені ойлағымыз келсе!

Дәурен ҚУАТ, жазушы,
«Қазақ әдебие­ті» газетінің Бас редакторы:
– Мемлекет басшыларының іскерлік кездесуінде АҚШ Президенті Байден Қытай елінің төрағасына: «АҚШ халқы қазір Қытайдан тасымалданатын есірткі заттарының құрбаны болып жатыр. Сондықтан сіздер қалай болғанда да синтетикалық есірткі түрлеріне шектеу қойы­ңыз­­ дар», – деген өтініш айтқан екен. Қытай іргемізде отыр. Біздің елімізде де қаупі жоғары мәселе – есірткі проблемасы. Қазір тіпті жасөспірім балалардың өзі есірткіге әуестеніп жүргенінен дерек келтіреді заң органдары. Қорғаушы Айман Омарова Құрылтайда да осы мәселені көтеріп, жеріне жеткізе айтты. Лас ақшаға қызыққан балалар тасымалдаушы рөлін атқарып, қоқыс тастайтын жерлерге, белгілі бір орындарға есірткі өнімдерін тығып, тағы бір тарап оны тауып, сауда жасайтын көрінеді. Соның салдарынан жап-жас балалар темір торға қамалып, нағыз есірткіні саудалап отырған негізгі қылмыскерлер, өндірушілер жазадан жалтаруда. Бұл бәріміздің назар аударып, күш біріктіре күресуімізді қажет етеді. Емі табыла бермейтін кеселден Америка қауіптеніп отырғанда, біздің жайбарақат отырғанымыз жарамас.
Жалпы алғанда, Құрылтай қоғамның инклюзивті институтына айналып келе жатыр. Президентіміздің көпшіліктің пікірін тыңдап, саралай алатыны көңілімізге қуаныш сыйлайды.
Келесі Құрылтай отырыстарына шетелдік қазақтарды да қатыстыру керек деп ойлаймын. Осы орайда, көші-қон мәселесін де қаперде ұстаған дұрыс. Отанына оралған қандастарды солтүстік өңірлерде тұрақтауға міндеттейтін жайлар кездесіп қалады, онсыз азаматтық алуына кедергі көп. Ал елге жаңадан қоныс аударғандар үшін бірден солтүстік аймақта тұрақтау қиын. Осындай мәселені оңтайлы шешудің бір жолы – бес отбасыға бір волонтердан қарастырылып, заңдық негізде де, құжаттарды реттеу жағынан да, басқа қажеттіліктер негізінде де жол көрсететін, көмектесетін еріктілер іске тартылса, біраз жұмыс жеңілдейтін еді.

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын:
– Көпшіліктің көкейінде жүрген тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл – «Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қою» жөнінде. Президент осыған орынды назар аудартты деп ойлаймын. Бұған алдыңғы буын емес, кейінгі буын тым «белсене» ат салысып жүргенін байқаймыз. Тіпті біреулер бұлардың арасына «Қытай қорғанын» соғып тастағысы келеді. Егер терең үңіліп қарайтын болсақ, Алаш көсемдерінің де, Кеңес қайраткерлерінің де көздегені бір қазақтың мүддесі еді ғой! Саяси күрес тәсілдері бұларды екі лагерге бөліп тастады. Сондықтан тым біржақты баға беруде абай болған жөн. Қызыл империя­ның қайшысы қазақ зиялыларын баудай түсірді, қынадай қырды. «Мынау – Алаш, мынау – Қазақ» деп бөле-жарған жоқ. Ендеше, бүгінгі ұрпақ алдында «ананы анау сатты, мынаны мынау соттатты» деп дәлелсіз жала жауып, адастырғысы келетіндер қатты ойлансын дегім келеді. Қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген кеңестік кезеңдегі қаламгерлерімізді жөнсіз қаралауға жол берілмеуі керек.

Қали СӘРСЕНБАЙ, жазушы:
– Ұлттың рухани құндылықтарының түгелденуі де, елдің ауызбіршілігінің мығым болуы да зиялы қауым өкілдеріне тікелей қатысты екенін Президентіміз жақсы айтып өтті. Тұлғаларды тұқырту, ел тұлғаларының арасына іріткі салу белең алып тұрғаны рас. Өкінішке қарай, мұндай келеңсіздіктерді көріп-біліп тұрсақ та, сондай әрекетке кім барып жүргенін ашық айта бермейміз. Басты қателігіміз де – осында.
«Қазақ әдебиеті» газетінде ұлт тұлғаларын жан-жақты танытуға бағытталған әдемі үрдіс қалыптасты. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің еңбегін айшықтайтын тұшымды мақалалар жарияланып жүр апталық бетінде. Өткен нөмірлерінде Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Мұхтар Әуезов жайлы көлемді мақаласы жарық көрді. Қандай керемет, нағыз жыр, әуен дерсің оқып отырып! Меніңше, дәл осы газетте жарияланып жүргендей ақ-қарасын ажыратып, ішкі мәдениетті сақтай отырып жазу керек. Шынын айту қажет, «Қазақ әдебиеті» газеті қазір кәсіби жағынан да, шығармашылық жағынан да үлкен биікке көтерілді. Мен айтып өткендей тұлғаларды тереңнен таныту дәстүрінен қол үзіп қалмау қерек.

Қазақша сөйлей алмайтын маман қазақтың мүддесін қайдан қорғасын!

Әмірхан МЕҢДЕКЕ, сыншы:
– Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса өзекті, келелі, зәру мәселелерді көтерді. Әсіресе руханиятымызға айрықша назар аударды және мұның бәрін үлкен парасат, биік мәдениет иесі ретінде жүйелеп, жеріне жеткізе айтып берді. Ал енді кейбір мәселелерді көпшілікпен ойласу, ақылдасу тұрғысында ортаға салғаны да сезіліп тұрды. Сөз жоқ, бұл да – жақсы қасиет, кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны белгілі.
Тағы бір байқағанымыз, Президент «Біз ТМД елдерінің көшін бастауымыз керек!», «Қайткен күнде де отыз елдің қатарына кіруіміз керек!» деген сияқты күшеншек «керектерден» бойын да, ойын да аулаққа ұстады. Назарбаевтың осындай жиындарда қазақтарға (міндетті түрде қазаққа!) жекіп тастайтыны бар еді ғой, ­Қ.Тоқаев ешкімге жекіген де, зекіген де жоқ…
Мемлекет басшысы мемлекеттік тіл туралы: «Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажетті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болу керек», – деді осы жиында. Енді біз осы мәселеге қатысты өз ойымызды білдіре кетсек дейміз.
Ұлттық тіл – ұлттықтың бірден-бір, ең негізгі, ең басты көрсеткіші. Ұлттықтың басты қазығы. Ұлттықты белгілейтін басты өлшем. Демек, ұлттық тіл жойылса, ұлт та жойылады. Сондықтан да бұл мәселені әрқашан басты назарда ұстауымыз керек. Бір сәтке де ұмытпауымыз қажет.
Бұрындары «1 миллионннан асқан халықтың тілі жойылмайды» деген тұжырым бар еді. Бұл тұжырымның мүлде қате екенін өмірдің өзі көрсетіп берді. 1 миллионнан, 2 миллионнан, тіпті 15 миллионнан асатын халықтың да тілі жойылады екен. «Қазір удмурт тілін, чуваш тілін, қалмақ тілін жойылған тілдердің қатарына қоса беруге әбден болады», – дейді тілші-ғалымдар. Бұл тілдердің тұтынушылары – бірен-саран ғана, оның өзінде өте егде жастағы кісілер. Ал енді қалмақ та, чуваш та, удмурт та – екі миллион­нан асатын халықтар. Жойылып кеткен түркі тілдерін зерттеп жүрген ғалымдардың сөзіне сенсек, ендігі жойылу қатері башқұрт тілі мен қазақ тіліне төніп тұр.
Толыққанды тіл өз мемлекеттерінде 36 функционалды қызмет (ғылымның тілі, транспорттың тілі, технологияның тілі, көшенің тілі, түрменің тілі және т.б.) атқаруы керек. Қазақ тілі осының небәрі 7-8-ін ғана, башқұрт тілі 5-6-уын ғана атқарады екен. Қазақ балаларының 50 пайызы, ал башқұрт балаларының 60 пайызы орыс мектептерінде оқиды. Осы балаларды неге өз ана тілдеріндегі мектептерде оқытпасқа?!
Қазақ балаларын қазақ мектебінде оқытуымыз қажет. Тіпті керек десеңіз, мәжбүрлеуіміз, міндеттеуіміз керек. «Ата-анасы біледі, өз баласын қай мектепке берсе де» дегенді тоқтату қажет. Өйткені қазақ тіліне жойылу қаупі төніп тұр. Міндеттеуден, мәжбүрлеуден қашсақ, біз тілімізді біржолата жоғалтып алуымыз мүмкін.
Қазіргі күні қазақтар шын мәнінде екі ұлтқа айналды. Бұл ұлттың бірі – қазақтілді қазақтар болса, екіншісі – орыстілді қазақтар және қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтардың арасы күннен-күнге алыстап, алшақтап барады. Неге дейсіз ғой енді, сіз. Өйткені Қазақстанда орыстілді қазақтардың жаңа ұлт, жаңа қауымдастық ретінде өмір сүруіне барлық қажетті жағдайлар жасалған: орыстілді қазақтардың өз балабақшасы (орыстілді балабақша), өз мектебі (орыстілді мектеп) бар. Бұлардың саны да қазақтілді балабақша мен қазақтілді мектептен әлденеше есеге көп. Өз ақын-жазушылары бар (кілең орыс тілінде жазатын қазақтар!). Өз әртістері, өз әншілері, өз кинофильмдері, өз ансамбльдері, өз театрлары, өздерінің күлдіргі топтары мен ойын-сауық отаулары бар (Мәскеу мен Санкт-Петербордан арнайы шақырылып жатқандардан бөлек). Өз телеарналары, өз телебағдарламалары, өз газет-журналдары бар (газет-журналдарының саны 65 есеге көп!).
Тарих көшіне көз салсаңыз, бір ұлттың бөлек тілде сөйлейтін бірнеше қауымдастыққа бөлінгені, бұл құбылыстың бірте-бірте асқына, ушыға келіп, әлгі ұлттың тілдік белгілеріне қарай екі мемлекетке, кейде үш-төрт мемлекетке бөлініп-бөлшектеніп кеткені аз кездеспейді. Қазақ ұлтының да жоғарыдағыдай екі тілде сөйлейтін екі ұлтқа айналуы – шын мәнінде қасіретті, күйзелісті құбылыс. Бұл қасіретті, күйзелісті құбылыстан қалай құтыламыз?

Қали СӘРСЕНБАЙ, жазушы:
– Міндеттеу дегеннен шығады. Дүниежүзінде күн сайын бір тіл өледі екен. Қазақ тілін мұндай қауіптен арылту үшін «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сынды ұлттық басылымдарға мәжбүрлеп жаздыру керек. Өйткені онда жазылған әр дүниені қалың қазақ оқығаны жөн. Мысалы, орыс тілі, кеңес идеологиясы неліктен мықты болды? Мәжбүрлеу саясаты жүрді ғой себебі.
Қазақ тілінің, қазақ құндылықтарының жұлдызын жарқырату жолында аянбағанымыз дұрыс.

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы:
– Тіл жөнінде де көп айтылып келеді. Меніңше, тіл проблемасы ақшамен шешілмейді. Бұл салада ақша бөлініп, комитеттер құрылып жүргелі қай заман. Бөлінген қаржының көбі жемқорлардың қалтасында кетіп жатқан шығар, өйткені бөлінген қыруар қаржыдан тілдің өркендегенін көрген жоқпын. Мемлекетіміз – Қазақстан, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақстанда өмір сүріп жатқан әр баланың қазақ сыныбында, қазақы танымда білім алуы қатаң қадағалануға тиіс.
Екінші айтарым, вице-министрлердің біразы екі сөздің басын қоса алмайды. Қазақша еркін сөйлей алмайтын маман қазақтың мүддесін қайдан қорғасын! Қазақ тілін білмейтін адамды билікке жолатпау керек. Қызметке қабылдайтын кезде қазақша қалай жазатынын, қалай сөйлейтінін тексеріп, емтихан қабылдансын. Қазақ тілінде жаза алмай ма, сөйлей алмай ма, қызметке қабылдануына да тосқауыл жасау қажет. Осындай заңды енгізсе, ертең-ақ бәрі қазақша сайрап шыға келеді. Билікке, жақсы жұмысқа құмартпайтын жан жоқ өйткені.

P.S. Дөңгелек үстел отырысында сондай-ақ белгілі қаламгерлер Мырзан Кенжебай, Әрмиябек Сағындықұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов, Нұржан Қуантай мен Ғалым Қалибек және Төраға кеңесшісі, саясаткер Әміржан Қосан сөз сөйлеп, көкейкесті мәселелер хақында ой білдірді. Ғалым Қалибек Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай, Одақ төрағасының көзі тірі, өмірден өткен классиктердің афоризмдерін билбордтарға жазып, өңірлер мен аймақтардың, қалалардың көшесіне іліп қою туралы ұсынысын Алматы қаласының әкімдігіне жеткізіп, Мәдениет және ақпарат министріне хат ретінде жолдағандарын айтып қалды. Ұсыныс қабылданса, бұл да халықтың рухани танымын арттыра түсетіні хақ.
Сөз иелерінің бәрінің дерлік ойы көбіне-көп ортақ болды. Тіл мәселесіне келгенде осалдық танытуға болмайтынын, тіпті әдебиетке, тілге қатысты басылымдарды мұғалімдерге жаздыруды міндеттеу қажеттігі тілге тиек етілді. Әрине, ұстаздар қауымының қалтасына салмақ салуға болмас. Дегенмен ешкім жапа шекпейтіндей оңтайлы жолдарын қарастырған жөн деп білеміз. Себебі газетімізде жарияланған «Баспасөз – ұлттың үні, рухтың жыры» атты алқа жиынында жас ақын Табиғат Абаилдаевтың: «Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғаліміміз мектеп бағдарламасындағы тапсырмаларды сұрап та, одан кейін кластағы балаларды қосымша ақпарат құралдарын оқуға «мәжбүрлеп» те үлгеретін. Мәжбүрлеу дегеніміз қалай сонда? Әр аптаға бөлек тапсырмасы бар. Сегізінші класқа дейін «Ұлан», «Балдырған» секілді га­зет-журналдарды «қинап» оқытты. Одан кейін­гі бір аптада «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын» секілді басылымдарға көз жүгіртуге «мәжбүрледі». Сондағы тапсырмасы мынаған саяды: «Не ұнады?» Сабақта, айталық, «Қазақ әдебиетіндегі» кез келген ұнаған өлең, әңгіме, тіпті болмаса мақала жайлы ойыңмен бөлісесің. Оқымай келгендерді түрлі салыстырулармен сынайды. Сынағанда сүйегіңнен өткізеді ғой. Ал енді оқымай көр. Содан да болса керек, қазір Таразда темір-терсектің қасында жүретін бір досым үнемі дүңгіршектерден сол мектепте мұғалім талап ететін газет-журналды сатып алып жатады. Қазір ондай ұстаздар жоқ шығар…» – деп айтқаны бар еді. Көріп отырғанымыздай, ұлттық басылым арқылы ұлттық құндылықтарды дарытуда ешкім ұтылмақ емес.

Дайындаған Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір