Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ. «Аңыз адамның ақиқаттары»
02.06.2026
16
0

Биыл халық ақыны Шәкір Әбеновтің туғанына 125 жыл толды. Осыған орай Абай елі, Шыңғыстау жерінде ақын тойы кең көлемде аталып өтпек. Мерейтой қарсаңында ақын атасының жанында ширек ғасырға жуық бірге жүрген, бірнеше өлең кітаптарын шығартуға ат салысқан шәкірті, ақын, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және «ТҮРКСОЙ» халықаралық Жазушылар одағы Алтын медалінің иегері, Абай ауданының Құрметті азаматы Төлеген Жанғалиевтің «Аңыз адамның ақиқаттары» атты деректі эсселер кітабы жарық көрді. Төменде осы кітаптан бірнеше үзіндіні оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Айтыс

– Ақсақал, айтпақшы, сіздің бір ақын қыздан оңбай сөз естіп, тізерлеп қалатыныңыз осы Тарбағатай өңірінде жүрген кезіңізде болды емес пе?! – деп шалдың шабынан түртіп қалдым.
Ол маған ожырая қарады.
– Е, сен оны қайдан білесің?!
–  Ел құлағы елу емес пе, оның үстіне жел сөздің жетпейтін, өтпейтін жері бар ма?!
Ол ұрлығының үстінен түскен адамдай қызарақтап қалды. Бірақ жауап тап­пағандай жалтарып кеткен де жоқ.
– Ол рас, – деді басын изеп. – Білгің келіп, құртың қозып отырса, айтайын, тыңда. Найман-Сыбан елінің қыс қыстауы Аягөз, Ақшоқы, Жаңарна бойы болғанымен жаз жайлауы Тарбағатай бауырында өтеді. Таудың басы да, етегі де құт қойнауындай тұнып тұрған ырыс еді ғой, шіркін! Халқы да бауырмал, ойын
-сауық десе ортақтаса қоятын, жатты да жатсынбайтын берекелі, мерекелі ел болатын.
Бір күні жолаушылап оншақты ақбоз үй тігілген бай ауылына бара қалсам, қызу айтыс. Қошеметшілері жан-жағынан қолпаштап, дәл ортада бір шынашақтай қара қыз ешкімге дес бермей, екіленіп отыр екен. Оңынан келгенін солға, солынан келгенін оңға лақтырып, жұрт­ты қыран-топан күлкіге көміп қояды. Анау айтқандай аса сұлу, көрікті емес, бірақ үстіне малындыра киген ақкөйлегі мен өрнекті камзолы, үкілі тақиясы күн қақты жүзін одан сайын нұрландырып, көз арбап тұр.
Қарсы алдына барып тізерлеп отыра кеттім. Тисерге қара жоқ, ұрынарға себеп жоқ. Бірімізді-біріміз білмейміз. Атын естіп, затын танымайтын адамым. Құр сөзді қуырысып, құр ырғасып біраз тәжікелесіп отырдық. Байқаймын, шап-шап айтқандарымыздың өзі қиыспай, көрермен көңілінен шықпай барады. Сол кезде түскі асқа шақырған хабар жетті. Той басқарушы жаршы жігіт үзіліс жариялады. «Қыз бен жігіттің айтысы бір шай ішіп алмайынша қызбай тұр, ағайын. Айтыстың жалғасы бар», – деп айғай салды.
Асқа барғам жоқ. Мақсатым – аз да болса қыз жайлы мағлұмат алып, бір кемшілігін табу. Сол кезде бір жігіт (шамасы тобықты болу керек) құлағыма кеп: «Бұл қыз Сыбан Әрінбайдың қызы, жақында бір ортаңқол шаруаның баласы алып қашып, жазасына қырық бас тоқты төлеткен», – деп сыбырлап кетті.
Айтыс қайта басталып кетті. Бір кезде өктемсіп отырған қыздың мысын әбден басып, тұқыртып таста­йын деп осы кемшілігін бетіне бастым.
«Тарбағатай бауыры көделі бет,
Малға жайлы болғанмен, өріске шет.
Бір күні қырық тоқты құн алдырған,
Қалқам-ау, сендегі осы не деген көт?» – деп қойып қалдым.
Қонақ жігіттен мұндай тосын сөзді күтпесе керек, қыздың алаулап отырған албырт жүзі қолма-қол күреңітіп, иығы салбырап сала берді. Кенет аспаннан аң көрген қаршығадай қайтадан сілкініп кеп:
«Тарбағатай бауыры көделі бет,
Малға жайлы болғанмен өріске шет.
Бір күні қырық тоқты құн алдырған,
Әй, байқұс, сол көтімнен садаға кет», – демесі бар ма?!
Намыстан жарылардай болып отырған ауыл адамдары шу ете түсті. Кектері қайтқандай кеңкілдей күлісіп, бір-бірін құшақтасып жатыр. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Жеңілгенді де мойындау керек. Бұдан әрі сөздің қажеті болмаған соң, орнымнан атып тұрып, ақын қызды қапсыра құшақтап бетінен сүйдім.

Әбділда ақынмен кездесу 

Біздің шалды білмейтін қазақ ақын-жазушылары кемде-кем. Әсіресе үлкендер жағы үйірлеу. Соның көбіне ақсақалдың әдемі әзілі, қыршаңқы тілі, қуақы мінезі керек. Көзін сығырайтып алып «сылқ-сылқ» күлгенінің өзі неге тұрады? Жып-жылы жұмсақ алақанының ұшын алақаныңа тастай салатынын қайтерсің. «Осы әдетті Жамбыл атамнан үйрендім» деп отырушы еді, жарықтық.
Ол кезде жаз шықса болды жазушылардың дені Жазушылар одағының демалыс үйіне жиналады. Мұнда не керектің бәрі бар. Күндіз-түні бильярд залы ашық тұрады. Тарсылдаған тастар мен тастыаяқтың үнінен басқа бөгде дыбыс болмайды. Дойбы, шахмат тақталарында дау-дамайсыз, ұрыс-керіссіз шахматшылар әдемі бәсекелесіп, әдепті ойнап отырады. Жатын орын тегін. Төрт мезгіл тамақ дайын. Қойшы, әйтеуір, ақын-жазушылардың алаңсыз жазуына арналған нағыз жұмақ төрі.
Араға жыл салып біз де барамыз. Бірақ демалу үшін емес, әрине, шаруа бітіру үшін. Осы жолғы келісіміздің мақсаты да зор. Осыдан бірер жыл бұрын Алматыдан «Өнер» баспасы ашылған. Баспаның бас директоры болып Шәкеңнің өз інісі, Құндызды ауылының тумасы, даңқты журналист, көрнекті ғалым Сұлтан Оразалин тағайындалған. Осыны күні бұрын естіп, біліп алған шал Сана екеумізден маза кетірді. Ең алдымен, әндері мен күйлерін семейлік сазгер, алаштың арда азаматы Теміржан Базарбаевқа апарып нотаға түсірдік. Оны тәп-тәуір кітап қылып, жинақтап Алматыға алып келдік. Сұлтекең көптен көрмеген ағасын құшақ жая қарсы алды. Мән-жайымызды ұққан соң баспаның бас редакторы, белгілі жазушы Әлібек Асқаровты кеңсесіне шақырып алып: «Мына кітапты мұқият қарап шығыңыздар, Алматыдағы белгілі сазгер мен күйшілердің пікірлерін де алыңыздар, содан кейін келесі жылдың жоспарына енгізіп, шығарып берейік», – деді.
Қуанышымыз қойнымызға сыймай үйге қайтуға ыңғайландық. Екі-үш күн өткен соң ақсақал бізді тағы да мазалады. «Бастығына бармасақ та әлгі редактор балаға жолығып, нақты келісімін алайық», – деді ол дегбірсізденіп.
Редакторға бардық. Әлібек кешегідей емес, бүгін күмілжіп қалыпты. Мені жеке шақырып алып: «Төке, кеше ақсақалға ашып айта алмадық. Біздің баспа жартылай өзін-өзі қаржыландырумен айналысады. Сондықтан Абай ауданынан тым болмаса кітаптың жарты қаражатын жинап берулеріңіз керек», – деді. Бұл сөзді мен Шәкеңнен жасыра алмадым. Шал шалқасынан түсті. Шадыр мінезіне басып, боқтап та жіберді.Сөйтіп, кітаптың дайын қолжазбасын арқалап ауылға қайтуға тура келді. Орайы келгенде айта кетейік, Шәкір Әбеновтің осы ән-күйлер жинағы өзі өлген соң он жеті жылдан кейін  2011 жылы бір-ақ жарық көрді. Оның өзін сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі алашшыл азамат Бердібек Сапарбаевтың арнайы тапсырмасымен сол кездегі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Әсет Мырзақасымов пен ақынның інісі, Құндыздыдағы «Шәкір Әбенов музей-үйінің» директоры Көлембай Әлімбеков, алматылық Нұргүл Амантайқызы, семейлік күйші Серік Малаевтар бас-көз болып шығарды.


…Келген сапарымыз нәтижесіз болып, салымыз суға кетіп, қайтуға ыңғайланып жатқанбыз. Кешкілік теледидар бетінен халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың сексен жастық торқалы тойының салтанатты кеші беріліп жатыр екен.  «Қап, әттеген-ай, Әбділдәнің тойына қатысуымыз керек еді», – деп шал кәдімгідей өкініп қалды.
–  Оқасы жоқ, ақсақал, ертең Қазақ­стан Жазушылар одағында да ол кісімен кездесу бар екен, билетті өткізіп тастап, соған қатысып қайтайық, – дедім.
– Дұрыс, ертең ертерек бір тәуір шапан сатып әкел. Әбділданың маған көп көмегі тиген адам еді, – деп шал қуанып қалды.
Сол күні кеште бүкіл республикаға тарайтын үлкен хабардан абыз ақынның өмірі мен шығармашылығы керемет кең мазмұнда көрсетілді. Атақты Желтоқсан оқиғасының өткеніне үш жыл болған. Мемлекет басшысы Г.Колбин әлі кете қоймаған. Көріп отырмыз Колбин Әбеңнің тойына арнайы қатысып, қазақ қаламгеріне оқалы шапан жапты. Өзіне көрсетілген мұндай құрмет-қошеметке риза болған Әбділда атамыз орнынан атып тұрып, Колбинді қапсыра құшақтап, өзіне бұрып алып, бұжыр бетінен қатты сүйді. Осыны өз көзімен көріп отырған шал тағы да шалқасынан түсті. Өз-өзінен күбірлеп, боқтық сөз араластырып бірдеңе деді. Қатты ашуланғанының белгісі. «Енді ешқайда бармайтын шығармыз» деп ертерек жатып қалған едім, шалдың өзі оятты. «Әй, Төлеген, тұр. Әлгі Әбділданың кешіне барайық», – деді.
Біз барсақ, Қазақстан Жазушылар одағының акт залы ақын-жазушыларға лық толған екен. Аяңдап алдыңғы орындардың біріне таяп барып қалып едік, бір-екі адам лып етіп орнынан тұрып, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Хамит Ерғалиевтардың жанынан орын берді.
Президумда Әбеңнің жалғыз өзі отыр. Ақын Мұқағали Мақатаев «Грозный патшаға» теңеп жырға қосқандай зілді, ызбарлы қалпынан бүгін айығып қалған сияқты. Сөйлеушілерге жайдары қарап, жайланып отыр.
Жиынды жүргізіп отырған жазушы Сайын Мұратбеков біздің шалға сөзді соңына таман берді. Әбеңді отырғызып қойып, көп мақтап, көпіртіп жатқан сөйлеушілердің сөздерінен жалығып, бір-бірімен сыбырласа бастаған жұрт Шәкір Әбенов орнынан тұрғанда, сілтідей тына қалды. Залда шыбынның ызыңы білінбейтіндей тыныштық орнады. «Әй, Әбділда, – деді біздің шал. – Мына көпшілік сені керемет ақын деп Абайдан да, Жамбылдан да асырып жатыр ғой. Солай болса, солай шығар. Олай деуге менің өрем де, қабілетім де жетпейді. Сенің мені айдалып-байланып жүргенде, қызылордалық бір прокурор жерлесіңе айтып, түрмеден құтқарып жібергенің бар еді, сол үшін иығыңа мына Төлеген апарып шапан жабады».
Әбеңнің өңі қарақошқылданып, қабағы қар боратып жіберердей қатулана қалды. Мен жүгіріп барып иығына
жапқан шапанға да қараған жоқ. «Рақмет» деп те айтпады. Сұлық отырып қалды.
Шалды жетелеп әкеп, Әбу Сәрсенбаевтың жанына отырғыза беріп едім, қолына ұстап отырған тасбихының тасын үнсіз жылжытқан Әбең естілер-естілмес қылып: «Әй, жынды шал-ай, сен осылай сөйлемесең, Шәкір боламысың», – деді.

Шәкір ақын мен Әзағаң 

Біздің шалдың, Шәкір ақсақалдың Шыңғыстаудан Алматыға баруы бір үлкен той болатын. Шәкәрім бабамызға ұқсатып қоя берген сақал-мұрты селеудей селдір, боз жусандай бозғылт болғанмен, бір қараған адамның көзіне бірден оттай басылатын, оның жүріс-тұрысы да өзгеше еді. Тіпті орыс мәтрүшкілерінің өзі басынан аяғына дейін аппақ болып киінген, тақиясына небір жақұт тастарды жарқыратып тағып алған, аса ұзын емес асатаяғы әшекей-үшекейлі шалды көргенде, бабалары Толстой тіріліп келгендей таңырқап қалатын. Шал да тек тұрмай, оларға: «Здрасти, девушка, деда не хочеш?» – дейтін сығырая күлімсіреп.
Қазіргі жағдайды білмеймін, ол кездегі Жазушылар одағы жылы жаққа келіп, жыл құстары қонақтайтын шалқар теңіз сияқты болатын. Керемет! Кемел ой да, келелі сөзі де, келісті қалжың да осында еді. Ал мұнда бірер жылда бір-ақ рет келетін Шәкеңнің бой көрсетуі қалам қайраткерлері үшін зор қуаныш-тын! Әрине, бәрінің аңдып, баққаны қысыр сөз, қыршаңқы әңгіме. Шәкеңнің де бұл жерге дұрыс әңгіме айту үшін келмейтіні белгілі. Айналасына әп-сәтте шоқтай болып шоғырлана қалған үлкенді-кішілі ақын-жазушыларды қыран-топан күлкіге көміп жатқаны.
Ақсақал қаламгер інілерін алаламайтын. Ата қуып, жүзге бөлуді де жек көретін. Кейде маған: «Әй, көк ми, (сөзінің мәтелі) мен айдалып, байланып жүргенде, барлық алаш баласынан қамқорлық көрдім. Аз қазақты алалап Алланың кәріне ұшырағым келмейді», – дейтін. Әкеміз осы тазалықты, пәктікті, жан мен тәннің жарасымды сұлулығын Әзағаң, Әзілхан Нұршайықовтан көрді. Көрді де өзі өмірден өткенше оны ерекше құрмет тұтты. Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов, Сапар Байжанов, Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты інілерін де, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мауленов секілді үзеңгілес ақын-бауырларын да мақтаныш ететін.
1986 жылдың мамыр айында тағы да Алматыға бара қалдық. Ақынның «Шыңғыстау» атты өлеңдер жинағын әзірлеп, «Жазушы» баспасына тапсырмақпыз. Қолымызда қолжазба ғана. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі машинистка қыздарға 20 баспа табақ көлеміндегі кітапты бастырып, қайыра оқып жатырмыз. Мен оқимын, шал тыңдайды. Сөзден қате кетсе, байбалам салады. Сол кезде сексенді алқымдап қалған ақынның зердесі де, зейіні де дін аман. Құймақұлақ.
Қала шетіндегі Жазушылар үйінде жатқанбыз. Ың-шың жоқ. Оңаша. Нағыз қаламгерлердің қапысыз жұмыс істейтін жері. Бір күні екі кісілік шағын бөлмеміздің есігі ақырын тықылдады. Ашсам, ар жағында қыздай сызылып, мұздай киініп өзіміздің Әзағаң тұр. Құшақтасып, амандасып жатырмыз.
«Ассалаумағалейкум!» Әзағаң өзінің жіңішке сызылып шығатын қоңыр дауысын әндете созып, төсектің үстінде малдасын құрып алып, бүкшиіп отырған ақын ағасына сәлем берді. Шал «Әліксалам» деген жоқ. Жылы жымиып, еті қайтқан тарамыс саусақтарын інісінің ыстық алақанына ұстата салды.
–  Ойбу, Шәке аға! Мұныңыз не, бала болып кеттіңіз бе? Келгеніңізді кеше Жазушылар одағынан естіп, бұл кісі бірдемеге ренжіп қалған ба, үйге неге соқпай жүр деп әдейі келдім. Үйге жүріңіз, – деді Әзағаң төтесіне бір-ақ көшіп.
Өз кінәсін үнсіз мойындаған шал қулана бастады.
– Мына Төлеген емес пе (мен ол кезде аудандық партия комитетінде идеология бөлімінің меңгерушісі болатынмын), тез де тез деп тепсініп жүрген. Әйтпесе, менің асығарым жоқ. Керек қылатын кемпірім де әлдеқашан өліп қалған, – деді сығырая күліп.
Қойшы, әйтеуір, сол күні бар жұмысты ысырып қойып Әзағаңның үйіне бардық. Аяулы жеңгеміз Халиманың зыр жүгіріп дайындаған дәмді асын құмарлана ішіп-жедік.
Шәкең мен Әзағаңның әңгімесі түннің бір уағына дейін созылды. Жазушының жұмыс бөлмесі жұмақтың төріндей болып көрінді. Төрт қабырға толы кітап. Кімдікі жоқ дейсің, Абайдан бастап қазіргі қазақ қаламгерлерімен аяқталатын том-том шығармалары көздің жауын алады. Жинақы. Ықшам. Кәдімгі кітапханадағыдай картотек жасалған. Онда тіпті қолжазба дәптерлер мен блокноттардың да рет сандары жазылып қойылған.
Әзағаң бірдеме іздеп жатты. Сөйтсем, шал «Сабырбай мен Балбаланың айтысын» сұраған екен.
«Әй, Шәке аға-ай, оны маған тапсырсаңыз табылады ғой. Сол менің қолыма тимеді ме деп қорқамын», – дейді үй иесі әлсіз күбірлеп.
Жазушы ақыры картотекасындағы нөмірмен шалдың сонау 50-жылдар шамасында тапсырған қолжазбасын тауып алды. Бұл ақынның «ҚЖӨ» деп (қылмысты жылдар өлеңдері) таңбалап қойған топтама жырлары болып шықты. Ақын қатты қуанды. Өзін айдатқан да, байлатқан да, жалалы етіп жаптырған да осы өлеңдері екен. Өзінде сақталмапты. Сақталса да өртеп жіберген шығар. Кейіннен еліміз егемендік алған соң бұл шығармаларды ақын Несіпбек Айтов пен «Жұлдыз» журналының сол кездегі бас редакторы, жазушы Мұхтар Мағауин тұңғыш рет сол басылымда жариялатты.
Әзағаңның үйінде шал екеуіміз тағы да бір-екі рет болдық. 1990 жылы Алматыға барғанымызда үйіне соға алмадық. «Өнер» баспасына ақсақалдың әндері мен күйлерін тапсырып қайт­қанбыз. Бірақ Жазушылар одағында жолығып, жай-жапсарымызды айттық. Сол жылы Әзағаң «Қазақ әдебиеті» газетінде Шәкір ағасы жөнінде көлемді мақала жазып, оның ішінде мен туралы да жылы лебіз білдіріпті. «Ақынын аялаған ел азбайды. Аудандық партия комитетінің басшылығында жүріп, тоқсаннан асқан ақын атасын Алматыға арқалап, бір емес, бірнеше рет келіп, оның кітабын шығартуға қолғабыс жасап жүрген ақын інім Төлеген Жанғалиевқа дән ризамын. Халық ақыны Шәкір Әбеновті құрметтеу – Қазақ елін құрметтеумен бірдей», – депті жарықтық Әзағаң! Ол осы ойынан өзі өле-өлгенше айныған жоқ. 2011 жылы өмірден өтерінен төрт-бес ай бұрын ғана Өскемен мен Семейге келіп, абыз ағасының туған жері Құндыздыға соқты. Еліміздің тұңғыш Президентіне алғаш рет бата беріп, есімі аңызға айналған ақын зиратына тәу етіп, мұражайын аралады. Шалдан қалған жалғыз тұяқ Сана Шәкірқызын қасына алып суретке түсті.
Мәңгілік махаббатты жырлап, мәңгілік сүйіспеншілікті ардақ тұтқан асыл аға Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Көкбай, Шәкір бабалар туған қасиетті Шыңғыстаудың торқалы топырағын сол жолы соңғы рет басып тұрғанын сезген шығар, кім білсін.
Аға мен інінің арасындағы шексіз адалдықты, имандай тазалықты саф күйінде сақтап кеткен осындай асылдары бар алаш жұртына Алланың нұры жаусын!

Интим

–  Ақсақал, осы сіз жас кезіңізде «интимдік» өлеңдерді неге көп жазғансыз? – деп қалдым шалға бір күні. Ол маған жалт бұрылып, сығырая қарады.
– Ол не деген сөз?
– Ол бұзық ойдан туатын бұзақы өлеңдер.
– Е, мен не бүлдіріп қойдым соншама?
– Ештеңе бүлініп бара жатқан жоқ. Әйтсе де, кейінгі жастарға келеңсіздеу көрінеді екен.
Мәселен бір ақын қызбен сөз қағысып қалғанда:
«Ата-анаң есіміңді «Несіп» қойған,
Несіп болар ұл туса, десіп қойған.
Құдайым бір шөметей қимай саған,
Байқамай бұт жағыңды тесіп қойған», – деген сөздеріңіз ұятсыздау көрінеді екен.
Тағы бірде көшеде жайбарақат кетіп бара жатқан орыстың жуан мәтүшкесіне қарап:
«Шығардым осы өлеңді оқыс ойлап,
Қаланың көшесінің тасы тайғақ.
Қолдан келер қайран жоқ, ана
әйелдің,
Қос бөксесі барады бокс ойнап», – депсіз.
– Әй, көк ми, Абайдан асқан ақының бар ма? Сол жарықтық та:
«Түңлікбайдың қатыны атың –
Шәріп,
Байға жарып көрмеген сен бір кәріп.
Сен де бір жол шетіне шыққан түп ши,
Көрінген ит кетеді бір-бір сарып», – депті ғой, сол сияқты біз де көзбен  көргенімізді, көңілмен сезгенімізді жазамыз. Көрген көзде жазық бар ма, оттамай отыр – деді ол маған.

Жұматайға бата 

Шал екеуіміз Алматыда жүргенбіз. Газет-журнал сататын дүкеннен жастардың республикалық «Жалын» журналын сатып алып қарасам, дәл сол айдағы санында менің бір топ өлеңдерім фотосуретіммен жарияланыпты. Қуанышымда шек болған жоқ. Жаңа жазып жүрген жастарға «Жалыннан» орын алу – ол кезде жарты абырой.
Осы журналдың әдебиет бөлімін басқаратын Жұматай Жақыпбаев ағама «рақмет» айтып шығуды жөн санап, Шәкеңе «менімен бірге барасыз ба?» дедім. Ол кісі келісе кетті. Таксиге отырып, «Жазушы», «Жалын» баспалары мен редакциялары орналасқан Абай даңғылына (Гагарин көшесінің қиылысы) бір-ақ тарттық. Жолшыбай Шәкеңнің құлағына қазіргі қазақ поэзиясына өзгеше бір түр әкеліп, өң кіргізген, жастардың жатпай-тұрмай жаттап, оқып, іздеп жүретін ақыны Жұматай жөнінде сіңіріп келемін.
Дес бергенде, Жүкең жұмыс орнында екен. Сағатына бір қарады да, біздің қолқамызды қабылдап, осы көше бойын­дағы кішігірім кафеге келдік. Оңаша, жайлы жер екен. Нағыз адуынды ақындар арындап өлең оқитын орын. Аздап алып жіберген ащы су бойымызға лезде тарап, шабыт қыса бастады. Ақын ағамның алдында бір көрініп қалайын деп, өзім жақсы көретін жырларымды бірінен кейін бірін тоғыттым. Көп үндемейтін, жымиып қана күлетін, күлкісінің астарында аспани ойлар жататын Жүкең де төрт-бес өлең оқыды.
Байқаймын, біздің шалдың өңі бұзыла бастады. Тегінде ол жас ақындардың өлеңдерін аса көп жақтыра бермейді. «Күйемін, сүйемін, тиемін» дегеннен басқа осылар не айтып жүр? Өлең өзін емес, өзгені ойға шомылдыратын мағыналы, мақсатты болуға тиіс. Осылар Абайды оқымайды, оқыса да көңілге тоқымайды. Әйтпесе, «Өлең –сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» деп кеткен бабаларына ұқсап бағу керек емес пе», – деп отыратын.
Жұматай оқыған өлеңдердегі аспан, күн, ай, жұлдыз сияқты табиғат құбылыстары мен адам жаратылысының арасындағы астасып жатқан мәңгілік тылсым дүние жөніндегі ойлар біздің шалға жақпай қалды. «Қыртылдақ», – деп қойды бір кезде. Іле-шала Жұматайдың бетіне тіке қарап: «Түс, төменге түс, өлең қылатын дүние жерде жетпегендей, Алланың аспанында нең бар? Адам қайда, сен қайда қалдың?» – деп дүңк еткізді.
Өзі қатты қадірлеп отырған ақсақалдың аузынан мынандай сөзді естимін деп ойламаған Жүкеңнің жүзі бір қызарып, бір бозарды. Алдында сексен бестегі шал емес, басқа біреу отырса, бір қойып орнынан атып тұрып кетер еді. Ашуын ақылға жеңдіріп, үнсіз отырып қалды. Осыны сезе қойған шал: «Шырағым, ренжіме, ішкілік не дегізбейді?! Одан да алақаныңды жай, батамды берейін», – деді. Сондағы батасы мынау:
«Қатыныңа сүйкімді бол,
Жұмысыңа икемді бол.
Қартпен, жаспен ойнай беретін,
Қартайғанда мендей қыртынды бол,
Аллаһуакбар!» – деді.
Жүкең еріксіз күліп жіберді. «Сыртыңыздан талай әңгіме естіп едім. Дәл мұндай «тентек» екеніңізді енді білдім. Келіңізші, құшақтайын», – деп  шүйкедей шалды бауырына басып, әкесін көргендей еміреніп, маңдайынан иіскеді.
Қазіргі қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі, өмірден ерте сөнген Жұматай Жақыпбаев Мұқағали ақын айтқандай:
«Арман кетіп барады жүрегімде,
Оқи алмай Абайдың мектебінде», – деп «ұлы Абай еліне бір барсам, ұлылар елін бір көрсем» деген арман-тілегін орындай алмай, арманда кетті…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір