Төлеген ғұмыр…
14.03.2024
272
1

Осыдан жарты ғасыр бұрын өмірден аққан жұлдыздай жарқ етіп өткен ақиық ақын Төлеген Айбергенов өзінің «Сағыныш» ат­ты толғауында:
…Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат, қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым.
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем мен егер,
Ғұлама жылдар судыратқанда парағын… – деп жазған еді-ау.
Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. «Су түбінде жатқан тас жел толқытса, шығады. Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса, шығады» демекші осындай толқыған кез­де Төлегеннің жоғарыдағы өлеңін қалай жалғап кеткенімді байқамай қалдым. Міне, қанатына көктемді ілестіре келетін Наурыз айында қазақ елі Төлеген Айбергеновтің туған күнін тағы бір атап өтеді. Сол той қарсаңында сиясы әлі кеппеген жаңа жырымды қабыл алыңыздар!

Сағыныш

Жалғасын айтар асқақ әніңнің сағынар жандар бар мұнда,
Сағынып ұшқан көгілдір көлге аман-сау, аға, бардың ба?
Сен кеткен жылы сағынышыңмен, сағынышыңмен лап етіп,
Өмірге келдім, сағыныш әнін жүрекке құйып алдым да.

Жырыңды сенің таулардан асқақ, оқыдым таңға көз ілмей,
Оқыған сайын молая бердім, зорая бердім өзіңдей.
Ернеуден асып, төгіліп жатыр көңілім менің көл-көсір,
Теңіздей тулап тебіреніп алып, басылған сенің кезіңдей.

Сағындым бәрін, сағындым бәрін, бойымда қалмай әл-күшім,
Төбемнен көшкен қара ала бұлт­тың үзіліп түскен тамшысын.
Қуаты күшті сағынышым ғой, жарқ ете қалған найзағай,
Аңсаған шақта көкектің үнін, жайнаған жаздың жаршысын.

Тамызда терім тамшылап тұрып, сағындым жауған ақ қарды,
Сағындым сосын ақ қарда тұрып, жайнаған жасыл бақтарды.
Белгісіз сезім ұқпайтын ешкім сыздатып шымыр жанымды,
Сағымдай қалқып сағыныштарым сан тарау жолға ап барды.

Сағындым тіпті жалынын ыстық қып-қызыл от­тың шалқыған,
Айналып от­ты жүздері жанған қыздарды бал-бұл балқыған.
О, өмір, сені сағынған кез­де жанымды қояр жер таппай,
Теңселіп тұрған теңізге төнген, шағалалардай шарқ ұрам.

Самал жел сені сағындым қат­ты, туған жер жақтан ескенде,
Жусанның жұпар қытықтап иісі, танауды желпіп тескенде.
Жұп-жұмыр жүрек, дүрсілдеп соғып, аузыма келер өрекпіп,
Сағынышқа толы, сағынышқа толы Төлеген ғұмыр кешкенде!

Айбек ҚАЛМАҒАНБЕТОВ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 26.04.2024 | 21:23

рақмет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір