АДАМНЫҢ МЕМЛЕКЕТКЕ АЙНАЛУЫ
Жақсыны білмей, қадіріне жетпей мансұқтау – топастық, надандық, түлейлік, ал біліп тұрып мансұқтау – ішмерез іштарлық, қанқұмар қаныпезерлік. Байғұс жас шебер адал еңбегі мен аяулы өнерінің көзге шыққан сүйелдей көрініп, сарай ішіндегі саясаттың, адам ішіндегі саясаттың, сұрқиялықтың тәлкегіне айналарын білмеуі – албырт жастықтың аңғалдығы.
Мұнара сымбатының сиқырын түйсініп, ұғына алатындар, қадіріне жете алатындар санаулы ғана. Ары-беріден кейін басқа түгілі соны өз қолымен тұрғызған шебердің өзі де ақи-тақи анық білмейтін сұлулық айрықшалығын ілуде бір сарапшы ғана анықтай алады. Хан мен ханша дәл сондай деңгейдегі сарабдал болмаса да, күнде шүйілетін күдіктің көзі қырағы, кері шегінуді білмей, өңмеңдеуден қажымайтын күмән – әрі күншіл, әрі сыншыл. Мұндайда ақылға ақыл қоса алатын, баршадан ерек сарапшының – сыншы ойшылдың маңызы баға жеткісіз. Бірақ хан ондай тәуелсіз, тура биді іздеуге де, тыңдауға да ықылассыз, құпиясының жария болып кетуінен сақтанады. Ақылман сарапшы мұндайда тиімді жол табуы, қаһарлыға да, жазықсызға да, шарасызға да шарапаты тиюі, қай-қайсысын да аман алып қалуы мүмкін еді. Алайда ханның өзімшілдіктен өрбіген озбырлығының асқынып, жазықсыздық жендеті – жауыздығы басым түсіп, бас шеберді өлтіртіп, жас шебердің көзін ойғызып тастағанымен, зорлық шешімі өле-өлгенше есінен кетпейтіні анық. Қайдан кетеді, қайыршыдан бетер қарашасы көзінше құлдық ұрғанымен, үнемі именіп, қаймығып тұратынын есінен шығарып, өз ойы, өз еркіне ие бола алмаса? Несі хан құлына құдіреті жүрмесе?! Ханшаға қайдағы бір бейшараның, күнін көре алмай жүрген байғұстың көзі түсуі – мұның жарты әлемнің әміршісі екеніне қарамай басынуы. Хан сарайы үшін бұдан өткен сорақылық болмақ емес. Тәуелсіз ақылшысы жоқ немесе кемеңгермен келісімі кемшін қоғам, мемлекеттің жығасы қисаюы осындай біржақты, шалағай ойлардың тіршілік нормасына, жүйесіне, өмір сүру принципіне айналуының зардабы екеніне тарих куә.
Сарапшы жоқта, өнер – жетім. Талғамы жетілмеген қай белсендінің де, таңдайы тақылдаған талай-талай тапқыр емес, тақыр шешеннің, қаншама білгішсіп, езуі көпірген демагогтің – қай-қайсысының да сөзі, пікірі, шешімі, т.т. – белгілі бір сәттегі құбылмалы көңіл ауанының, шектеулі тәжірибесінің ықпалымен қорытынды жасауы. Шексіз биліктің шыңына шыққан, өзгені қор, өзін зор тұтқан Әмірші – солардың жиынтық бейнесі іспетті.
Ол – әрі өз дәуірінің тұлғасы, әрі заман құрбаны. Өзгені танып-таразылауға келгенде, соншама сұңғыла ол өз пиғылының құлына, өзімшілдігінің тұтқынына айналғанын аңғармайды. Өзімшілдіктің өзегін өштіктің өрті жайлап алған. Басқа, бейтарап өмірді байыптауға аяқ баса алмайды. Осындай дүлей қара күш – биліктің салдарынан шебер туындысының күйреуі – өнердің сирек ұшырасатын сұлулығының қор болуы ғана емес, адам қиялына – ханшаның ханға арнап ақ тілекпен салдырған мұнара – ықыласының, бәйбішеден басым түссем деген аңқау да адал есебінің, зау биікке талпынған үмітінің соққыға ұшырап есеңгіреуі, шебердің бар білгенін сарқып жұмсаған ғажап еңбегі мен мөлдір сезімінің тас-талқан болуы. Нағыз өнер – адамның адам екенін әсіресе анық танытып, жасампаздығын мойындата алатын, қайталанбас ғажап екенін білгісі келмеген, соған қасақана қастандық жасауға ұмтылған дөкір, дүлей қара күштің аты – зұлымдық. Сұлулықты терең сезінбейінше, қадіріне жете алмайды. Ендеше, зұлымдық тартынбайды, талқандауға бейім тұрады.
Мемлекет кім үшін қажет?
Оның өлмей-өшпей, қай кезеңде де кесір-кесепатқа, замандар зауалына айналып, адам мен қоғамды үнемі шыңырауға құлатуға тырысуына дем беретін – іштарлық топырағында өнетін өзімшілдік, астамшылық. Шексіз билікке құмарлық шексіз өзімшілдіктен. Қорлығы зорлығынан бетер, зорлығы қорлығынан өткен замандарда кім-кімнің де қолын жіпсіз байлаған құдірет-күш – мемлекет. Сонымен бірге анталаған қорқау-адамдардан, өзге аждаһа-мемлекеттерден қорғай алатын жалғыз күш – кім-кімнің де күн кешкен елі.
Бірақ мемлекетте мін бар!
Билікке, биліктің қолындағы күшке, байлыққа тәуелді.
Ал биліктің саясатқа, байлықтың сайқалдыққа тәуелділігі – өзінің соры. Осыны ескермеген қоғам да, адам да өзіне-өзі кіріптар.
Сол билік пен сол байлықтың ұртоқпағына айналған мемлекет – қоғамның, адамның соры, қасіреті әрі өзін-өзі жеп бітіретін кесел, кесір.
Алмас хан – сол биліктің басты тұтқыны. Алайда билікті өзіне қызметші етудің тәсілін тапты немесе соған қол жеткізді. Қолына тиген үстемдік шашылып жүрген шалағай топ пен көнбіс көпті басыбайлы етудің ең басты құралына айналып, күшіне күш қосты. Ал мансапты билікпен қамтамасыз етудің ең ұтымды құралы – мемлекет. Демек, ол – бәріне қажет құрылым. Мұндай өзара тәуелділіктің құпияларын сезіну күшейгенде, одан серпілер қуат іздеу талабы да күшеюіне ол заманда жол жоқ. Әмірші – адам-мемлекет бола тұра, заманның тәлкегі демеске амал жоқ. Әрине, пенде-адамдар, адам-малдар өзін қорлықтың қоршауынан шығармай отырған мемлекет қолдауы мен қорғауынсыз тіршілік етуі екіталай. Соны білетін мемлекет – қоғам – әмірші де «қу». Сол адам – жұртшылығының қорғауы мен қолдауы – қай-қайсысы үшін де өмір сүру қажеттілігі. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Соны іштей мойындай тұра, қоғам – әмірші өз қулығының құрығы, немесе қулық – оның құрығы ғана емес, қажетіне қарай көсеуі, қамшысы, қылышы.
Осыны жете сезінген әмірші күрделі қайшылықтар жағдайына қарамастан, үстемдік атты жорғасымен тайпалып келе жатқандай көрінгенімен, өзіне- өзі кедергі жасайтынын жете біле бермейді. Адам ықыласын аяққа таптап, жазықсыз жәбірлеудің барлығы да – сол мемлекеттің тікелей өзіне шашыраған заһар. Астамшылық көзін байлаған хан мұны көре алмайды, көргісі де келмейді. Бір өзі адам-мемлекетке айналған, күллі елді ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған оның бүкілмемлекеттік, бүкілхалықтық үрейге, шектеу тізгініне, құтқармайтын, қанқұйлы тажалға айналуы – өзі үшін де, мемлекет үшін де қатер. Олай болса, шектеусіз билік – әрі әмірші парасатына сын, әрі қарақшылық қанаудың қасіретті қаруы.
Мұндай қарудың иесі кім болып шығатынын әртүрлі жағдайлар тоғысы мен уақыт ағысы айқындайды. Ғайыптан тайып, таққа мінсе, қауіппен сыбайлас күдіктің азғыруы салдарынан көру көкжиегі тарылып, оның тізгініндегі мемлекет, қоғам өзін қолдауға лайықты күштерін жат сезініп, өзін-өзі жейтін /самоед/ машина түлейге айналатынына жойылып кеткен мемлекеттердің тарихы – тапжылмайтын куә.
Бір қарағанда, шексіз билікке ешқандай шектеу жоқ, білгенін істейтін секілді. Кілтипан, міне, осы арада – «білгенін істеуде». Білмейтінін, білуге шамасы жетпейтінін жүзеге асыра алмайды. Мәселе – ой өрісінің шектеулілігінде ғана емес, адамның өзін-өзі тұтқындауында. Шексіз билік иесі – өз ортасында, өз мемлекетінің ішінде бәрін жайпап, жаныштай алатын жойқын. Қай заманда да, қандай алапат болса да, әр дәуірдің, кезеңнің т.т. жойқыны өз ниеті мен сол ниеті тіміскілеп, сұғынып-сұғанақтанып бастаған, соған ілесіп шарлап қайтқан қиялына тәуелді. Ең қиыны әрі сорақысы – Жойқынның әрекет аймағы мен сол аймақты көзімен көрген немесе естіген жарамсақ, жандайшап жойқыншылардың ең алдымен өз пейілін, өз өмірін ой елегінен өткізіп, содан «тәжірибе» «жинап-қаруланып» алғаннан кейін жүрген жері, жеткен өрісіне дейін жайпауға жанығып, қажет кезде кері қайтуға жетесі жетпейтіні. Өйткені Жойқын да, жойқыншылар да – өзінің өзімшілдігінің тұтқыны. Әмірші – Жойқын тұтқын десеңіз, айналасындағы жандайшаптар мен итаршылар, қолшоқпарлардың барлығы – алып Жойқын мен өз жойқыншылдығының тұтқындары. Ал тұтқын бейшара демегенде, кім? Өзгені айтпағанда, өзіне өзінің тұтқын екенін сезіне алмаған адамның одан шыға алмайтынын, шығуға талпынбайтынын, өзімшілдіктің сиқырлы шынжырдай шырмаған сайын шырмай беретінін адамзат тарихындағы озбырлықтар мен саяси-әлеуметтік әулекіліктер сан рет көрсетті.
Сорақының сорақысы – «тұтқынның» кем түйсігінің зардабы қоғам ішіндегі қисапсыз қайшылықтарға, қашса, құтыла алмайтын келеңсіздіктерге киліктіре беруі. Мәселен, әлдінің әлсізге зорлығын жеке адам-пенде – әлгі «тұтқын» жасаса, «қылмыс» деп аталып, тиісті жазасын алады немесе алуы мүмкін. Басқаша айтқанда, салдар – нәтиже – зардап дәлелге айналады да, оған әсер еткен, тудырған серпіндер тасада қалады, ескерілмейді. Мұндай мысалдар қайталана береді, салдар – қылмыс назарға ілігеді де, себеп – құбылысқа мән берілмейді, жан-жақты талданбайды. Өз елін жылатқан, теңдік бермей сұлатқан, ақылдысын қорлаған, айбындысын торлаған мемлекет, қоғам кімге қажет?! Қажетсіздің күні – қараң.
Сорақының сорақысынан өткен сұмдық – нағыз қылмыстың бет пердесінің ашылмауы, ашылған күнде де істегеніне сәйкес «жазаланбауы». Егер мемлекетті піл десеңіз, адам – құмырсқа ғана. Өз қарамағындағы сол адамды таптаған мемлекетті тұқыртып, тезге салғанды көрмек түгілі, естіген ешкім жоқ. Шексіз билікке қолы жеткен Әмірші әлдеқашан сол піл-мемлекетке, немесе Адам-мемлекетке айналған. Адамды таптаған зіл – піл-мемлекет, адам-мемлекет немесе мемлекет деген термин-ұғымның орнына «қоғам» деген ұғым-терминді қойсаңыз да, қосынды-қорытынды өзгермейді. Қарапайым адамды белгілі бір тіршілікке – жұмысқа мәжбүрлеген, демек, зорлаған қорлаған қоғамды далабалап айыптау мысалдары сансыз да, байыптап «жазалау», өмір сүруге қолайлап өзгерту талабы үнемі жүзеге аспай жатуы – тізгіннің үнемі Жойқын мен жойқыншылардың қолында қатып қалуының салдары.
Ал егер жеке Жойқынның өзімшілдігіне жойқыншылардың адам мен адамзатқа қарсы фашистік, шовинистік т. т. идеяларымен уланғаны үстемеленсе, одан арғы тіршіліктің қандай сипатта құбылатынына, қандай қанқасап қырғынға душар ететініне тағы да адамзаттың арғы-бергі тарихы дәлел.
Романдағы міскін-тіршіліктің күллі тыныс-тіршілігі Жойқынның ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында, оның үстемдігі бүкілхалықтық, бүкілмемлекеттік қысым мен үрейге ұласқан. Ол сыртқы жаулар шабуылынан қорғағанымен, өз елінің ішіндегі Тажалға айналған. Мұндай жағдайда шектеусіз билік – әміршінің парасатына әрі сын-мүмкіндік, әрі таразы.
Талай-талай жорықтарды бастан өткерген ханның өмірден көрген-түйгені мол, адамды зерттеу тәсілдерін игеруге қабілеті біршама, көргенін тексеріп, аңысын аңғара алатын сұңғылалығы да айтарлықтай, белгілі бір жоғары дәрежеде. Мұндай қасиеттерсіз тақта толықси алмайтыны айдан анық. Алайда оның өзі құрған немесе алдыңғылардан мұраға қалған қоғам үшін, сол қоғамның қамалынан шыға алмайтын адам үшін қатерлісі – әміршінің тақ иесі ғана емес, Мемлекет-адамға айналуы.
Мемлекет – көзге анық көрінетін немесе көріне бермейтін, үйлесімді, қайшылықты қисапсыз ағыс-процестер жүріп жатқан аса күрделі
организм-құрылым. Сан алуан ішкі-сыртқы ықпалдар салдарынан туындайтын құбыл-дірілдердің барлығын сансырамай, сарапқа салып отыру, ең тиімді шешімдерін дер кезінде қабылдау, ең оңтайлы шараларын табу немесе ұйымдастыру жалғыз Адам-мемлекетке, Пенде-мемлекетке аса ауыр екені де анық. Сыртқы саясат па, шабуыл-қорғану, әлде ымыра-мәміле ме, ұрпақтарының билікке таласу қаупі ме, қарамағындағылардың күндердің күнінде өртке айналуы мүмкін сыпсыңы мен пыш-пышы ма, сыртынан айтылатын ғайбаты ма, қол астындағы бұқараның ішіндегі туар күні мен шығар сәтін күткен қанды қыжылы ма, қарамағындағы қалың елдің қыбыр-жыбыр тіршілігі, күнделікті күпті қарым-қатынасы ма, тағы басқа есепсіз кілтипан-мәселер әміршіні қандай тастан жаралса да, қажытатыны сөзсіз.
Негізсіз күдікке, әзәзіл қаңқу мен зілді ишараға ерген кінәмшіл күмәнға тізгін берді-ақ, әмірші басымен жүрегінен дірілі кетпейтін, қорынудан көз аша алмайтын әншейін пендеден айырмасы шамалы. Оның тізгініндегі қоғам мен сол қоғамға қамалып, амалсыз ғұмыр кешкендер үшін ең қауіптісі – Әміршінің, осылайша, Пендеге, Пенденің Мемлекетке айналуы. Жағдай ушығып, «осылай» болса, алдағы тіршіліктің түтіні қалай шығатынын болжау мүмкін емес. Сарапшыл, салқынқанды ақылмен келісім таппай, мейірімсіз іштарлықпен сыбайласқан қатыгездік қаруының қан тілеп, жөн-жосықсыз жалаңдауы қорқынышты. Мұндай тізгіндегі мемлекет те, қоғам да өзін-өзі аңдамай құрта беретін өзінжегіш (самоед) түлейге барабар екеніне тағы да адамзат тарихы мысал.
Ойшыл суреткер Әбіш Кекілбай тамыры тұңғиыққа тартқан осындай бүкіладамзаттық, бүкілзамандық мәселелерді оқырман-халық таразысына ұсынғанда, дүниежүзінің жартысына жуығын өзіне қаратқан Әміршінің қай заманның да кейіпкерінің белгілі бір шешімін – айналасындағы алуан тағдырлармен тоғыстыру процесін шырғалаң-шытырман психологиялық шиеленістер арқылы байыптайды. Биліктің максимализмі мен жастық сезім-махаббаттың максимализмі, пенделік сезімнің оптимизмі мен осалдығы, жігерді құм қылатын күлбілте-күйбіңнің мәңгүртке айналдыра жаздайтындай шексіз қайталануы, естанды халге сәл-ақ қалған құл тіршіліктің мүшкілдігі… – соның барлығын «тудырып» отырған ожар озбырлықтың жойдасыз пайдакүнемдігін, астамшылық аяғының астында жаншылған байғұстықтың езіле беруін ханның да, бәйбішесі мен ханшаның да, Ахмет байдың да қам-қарекетіне қатысты сәттерде сан рет көргенде, үстемдіктің азғындықтан әрмендігі түңілмеске қоймайды.
Ал астамшылықтың, түптеп келгенде, азғындықтан жаралатынын, сол азғындықты өлтірмей-өшірмей, үнемі өсіре беретін әзәзіл-мыстан басқа емес, рухани надандық, нойыстықпен кіндігі жалғас өзімшілдік екенін пайымдағанда, жазушының көкейтесті мәселе – шындықты жастайынан көкейіне
құйып, санасында саралап алғаннан кейін ұсынуы – шығармашылық-азаматтық позициясы мен белсенділігіне де сабақтастығын аңдауға болады.
Әдебиетте бұрын-соңды осындай ракурста кездеспеген тарихи-философиялық шындық-мәселені – билік пен мемлекет, билік пен жеке адам, шектеусіз биліктің қоғамға, қарапайым қалың елдің өміріне тигізген зардабы, ел қасіреті, адамның өмір сүру бостандығы түгіл ойлау еркіндігіне кісен салуға, тіршілік етуге деген үмітін ойрандауы, жаутаңкөз жазықсыздарға жауыздық жасау мүмкіндігі, жеке адамның мөлшерсіз билігінің қайталанбас тарихи зорлыққа ұласуы сияқты бірінен-бірі балалай беретін мәселелерді роман-таразыға салуы – тарихи кезеңдер, тұлғалар мен өз заманын сараптау қажеттілігі. Осы орайда оянатын толғаныстар халқымыздың тарихтағы талай-талай талапайға түскенін әбден біліп, іштей назаланып налыған жазушының толғануға мәжбүрлігі болуы да мүмкін. Тарихтың тақсыретін тартып, тауқыметінен тозып, жоғала жаздаған, үркінде, ашаршылықта, соғыста түтеленген, әупіріммен әзер аман қалған халқымыздың, қоғам мен заманның сыр-сипатының құпияларын байқау, барлау мен байыптаудан туған тебіренісіне әсер еткен «айтпаса, сөздің атасы өлетін» шындық шығар.
Адамтану мен мемлекеттану
Шығармадағы көркемдік уақыт пен көркемдік рухани кеңістіктің негізгі сипат-серпіндері қазірге дейін болып келген, алайда адам заты осы қалпынан өзгермесе, алдағы алыстарда да сан мәрте қайталана беретін, үздіксіз ағыстың беталысы мен барар жерін межелеуге бейімдейді. Мұндай қияпаттың райын әзелден-ақ аңғарған ойлылардың қанатты сөздері бертінге жеткенімен, замана озбырлары адамзатты үнемі тартынбай тежеуде. Заманына қарай адамы құбылса, жеке ел, өркениет түгілі планетаның өліге айналатыны дәлелденген дәуірде адамына қарай заманы дейтін шақ келді. Өркениеттердің әлі күнге көңілдегідей шешімін таба алмай қалжыратқан өзекті мәселелерінің бірі – билік иелерінің заманды адамға қызмет еткізудің жолдары мен тәсілдерін іздеу жолында шарқ ұруы. Мемлекеттік өзімшілдікке биліктің астамшылдығы үстемеленуінің мысалы – адамзатты талай-талай трагедияға душар етуі. Жершарылық өзара тәуелділіктің қандай үлгісі мен мысалдары да жершарылық жарасымға ұласпайынша, жеке адамның озбырлығы жойылмайтынын осындай тарих мысалынан көре аламыз. Осындай жағдайда «Аңыздың ақыры» сияқты жазылуы – ойлауы мен сөз саптауы өзгеше, дүниеге сирек келетін шығарманың көркемдік мазмұн әлемінде сайдың тасындай сараланған сипаттарды байыптау – қай кезеңде де адам мен қоғам табиғатын бажайлауға қажет көкейтесті мәселелердің қатарында.
Осы мақсаттың нысанасынан айнымайтын «Аңыздың ақыры» – зорлық-зомбылыққа қарсы ашынған шығарма-қарсылық. Кемді күнде табан астынан пайда бола қалған өкпе немесе ашу емес, замандар бойы адамзатты сорлатып келе жатқан адам затының озбырлығына деген өлмес, өшпес қарсылық. Мұндай шерлі пайымсыз, кеудесінде жаны, бетінде ары, ойында нәрі барда қайтпайтын қайсар парасатсыз алуан тарихи дәуірлердің сабақтастығын сараптаған шығарманың жазылуы мүмкін емес.
Күнбе-күн көріп-біліп жүрген адамаралық, адам мен қоғам, қоғам мен мемлекетаралық, тарих пен қоғамдық-әлеуметтік формациялар, мемлекетаралық саяси-тарихи, мәдени-рухани, экономикалық-әскери т.б. сапырылысып жатқан қарым-қатынастар мен өзара ықпалдар, ықпалдасуды сіңіру сипаттарының күрделілігіне қарай туындайтын шытырмандар мен шырғалаңдар сыры мен сипаты, соларға әсер ететін объективті және субъективті факторлардың ерекшелігі уақыт айырмашылығын қажетке жарата білу стратегиясы мен тактикасы қазақ әдебиетінің қайталанбас зор тұлғасы, ұлттық мақтанышымыз – Әбіш Кекілбайдың аталған шығармасының концептуалды мазмұнына әсер еткен.
«Аңыздың ақыры» арқылы қазақ әдебиетіне болмысты сезіну мен бейнелеудің жаңа үлгісі, жаңа типі дүниеге келді. Кейіпкерлерді талдау тактикасы мен таныту стратегиясының Әбекеңе ғана тән, кемелденген соны үлгісін әкелу арқылы қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне әсер еткеніне шетел қаламгерлерінің Ә.Кекілбай шығармаларымен үндестігі мен олардың ағынан жарылып айтқан лебіздері де айтарлықтай дәлел ретінде ескерілуі тиіс.
Шығармадағы тарихтың белгілі бір дәуір-қоғамдағы дерек, шежіре емес, қай заманға да тән көркемдік уақыт – мәселеге айналуы болмыстану, адамтану, сезінудің әдебиетте бұрын-соңды ұшыраспаған перспективаларын жасады.
Ең бастысы – автордың дәуірлер, қоғамдар, мемлекеттер өмірі мен тағдырын мұқият таразылай келе, ашынбасқа қоймаған көкейкесті ойын жеткізуі, мемлекеттің өмір сүру сипаты мен болашағына биліктің ықпал жасау мүмкіндігін, жауапкершілігін сезіндіруі, жеке адамның бостандығына жасайтын зорлығының қайдан бастау алатыны, әрі соған деген тозбас, тапжылмас қарсылықтың айқындалуы. Ендеше «Аңыздың ақыры» – әлеуметтік-тарихи үстемдік пен оның табиғаты, өзіндік, астыртын психологиясы мен зардабы, озбырлық машинасына айналу қатерін пайымдауға бастайтын роман-толғаныс /размышление/.
Олай болса, Әбіш Кекілбайдың «Аңыздың ақыры» атты психологиялық-философиялық романы көркемдік шеберлігімен, сезіну мен байыптау әлемінің байлығымен өз кезіне де, кейінге де зор ықпал жасаған, қазақ прозасының қайталанбас құбылысына айналған кезеңдік классикалық шығарма ретінде байыптай білу – кейінгіге сын.
P.S. Өзіндік көркемдік-парасат әлемін қалыптастырған суреткер Әбіш Кекілбайдың арғы заманның адамы арқылы бүгінгі кезеңдегі жұмыр бастының пенделігі мен әлеуетін пайымдауға жетелейтін, бүгіннің адам пендесі арқылы арғы замандағы алшаң басқан пенде адамның өзгеге көрсетпей, жасырып баққан құпияларын байыптайтын, сол арқылы уақыттың біз мәңгілік деп ұғып жүрген ұлы ағысындағы құбылыстарды түйсіну мен түсінуге ынталандыратын, көркемдік мазмұнында қыруар сырлар қамтылған «Аңыздың ақыры» романы әлем әдебиетіндегі ешбір шығармаға ұқсамайды.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ