Қалам иесі – Төлеген Жанғалиев
28.01.2025
190
0

Тектік нышан

Жер кіндігі Жидебайда қазақ жыры тас қайнардан шыққандай толас таппауы заңдылық. Қарауылда тапжылмай отырып, үлкен әдебиет­тен қол үзбеу әдебиет энергетикасына, вибрация заңдылығына, қисынға сай процесс. Елдегі қара өлеңнің иесі әрі шырақшысы Төлеген Жанғалиев Абай дәстүрін жалғастырып отыр. Сөз қасиетін жас ұрпаққа сіңіре түсіп, көркем сөзге құштар шәкірт­тер даярлау мәртебесі Төлеген ағаныкі. О-дағы сақ заманынан үзілмеген далалық дәстүрге беріктік, ескіде халық мәдениетінен көзі бар бұлақ тәрізді буырқанып шығып, уақыт тілі бері ойысқанда Абай салған сара жол ел мен жер шежіресіне ауысты. Әдебиетке адалдық киелі аруақтардан дарыған –абыз жазушы Кәмен Оразалиннен, қабырғалы ұстаз Нысанбек Омашевтан бергіде эстафета болып үзілмей келе жатыр.
Тайбурыл жырмен тақымдас,
Тарпаңнан құтын қашырмас.
Ұлы Абай туған елденмін,
Ұлыға басқа бас ұрмас.
Ақын «Мен» ат­ты өлеңде өз тегін, шежіресін айқара танытуға әсте құқылы. Идеясын дана Абай беріп, әулие Шәкерім поэма жазған, алып Мұхтар Әуезов драма жанрына Шекспир дәстүрімен ұмытылмас тарихи-трагедиялық бейне етіп, ұшпаққа шығарып жіберген «Еңлік-Кебек» трагедиясының бас кейіпкері Кебек ердің ұрпағы екенін айтпаса, несі сән! Адам топырағына тартады дейді. Арғы-бергісін, текті аруақтарды жадтан өшірмеу елдіктің түп негізі. Барлық азулы елдер мен мемлекет­тер айтулы тұлғаларын ешқашан ұмытпайды, ұмыт­тырмайды, әлем тұрғанша ұлықтай береді. Өткені өшпеген елдің ертеңі жарық, игі дәстүрден айныған ел құриды.
Сұсынан шошып «Шор» қашқан,
Жоңғарды шапқан алдаспан.
Тоқтамыс батыр бабамдай,
Тот баспай өстім, әу бастан.
Жаугершілік заманда ел қорғаған азулы ердің бірі Тоқтамыс батыр – «Ту тіккен тобықтының қолбасшысы,
Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі». Тоқтамыс батырға осы эпитет­ті берген Шәкәрім қажы. Шәкір Әбенов жазған «Тоқтамыс батыр» – шежірелі, ру-тайпа және деректі кісі ат­тары анық, тарихи батырлық жыр дастан.
Ер Кебек асыл – арғы атам,
Ездікпен күнде жауласам.
Қайда барсам, тәнді қиды қыл арқан,
Қайда барсам, қайғы менен
мұң артам.
Еңлік болып тоқтады сабырлық,
Кебек болып жауға жалғыз
сыбансам!
Тобықты-Жуантаяқ руынан шыққан Кебек аңыз кейіпкері емес, Ақтабан-шұбырындыдан соңғы Кеңгірбай би заманында өмір сүрген деректі адам; Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында «Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын, Ұядан садақалап тастаған ба?» – деп Ақан серіні жоқтағандай патриархалды ескі қазақ қоғамының жер дауы, жесір дауынан жастай құрбан болған трагедиялық бейне. Арғы бабасын ақын айтпақ керек: «Ұрпағы болғаннан соң ер Кебектің, Елуге келгенімше ел деп өт­тім. Қайран ісім қайраңдап көрінеді. Беті мен бедерінде бел-белестің».

Мерғали

Төлеген Мерғалиды баба деген. Төлеген туған ағасы Мерғали Ибраевты «Ал бабам ше, жалғыз ағам – бабашым» деп атайды. «Мерғалиға оралу» ат­ты өлеңде ол аға рухымен диалог құруға бейім, оның бейнесі көкейден өшпейтіні айқын:
Арыңа болып еді ұят бесік,
Ау, Баба, аша алдың ба,
жұмаққа есік?
Орныңда қап оңалтқан түріміз сол,
Бас мүжіп, біз отырмыз құлақ кесіп.
Мына этнографиялық сурет­теу ел өмірінің қарапайым бір көрінісі болғанымен, Төлеген ақын рухани құлдырауға ұрынған өлара қоғамға наразылық буып, өз тірлігіне тұшынбай, көңілі алай-түлей ұйытқып отырған сәтінде, Баба аруағы алдында ақталғандай ой толғайды. Негізгі себеп нарық қысқан, ақын-жазушылар өз еңбегіне қаламақы ала алмай, күнкөрістен аса алмай, рухани құндылықтар ауысып, арзандап үлгерген – «Қарабайдың заманы қайта туып келеді»; «Қайыршының қалтасы әлі тесік, Қарабайға әлі де мал бітеді»; «Бұл күнде ауыл толған Асанқайғы», – деп налыған Төлеген ақын даңғаза, меңіреу қоғамға өгей боп, ақша билеген сатулы қоғамнан түңіліп, іштей булығып марқұм ағаның асыл мұрасын жарыққа шығара алмай қыстығады: «Күн түспеген көңілден күнгей көшкен, Қу тірлік құрып жүрміз қу бейнетпен. «Мерғалидың кітабы шыққан жоқ па?» – деп сұрайды үйіме кірген-кеткен».
Жыр жазу ма, жыр жазу не теңіміз,
Дәл қазір көп мақтанның көкегіміз.
Қай көктемде, қай жазда ериді екен,
Қатып қалған жүректе екі елі мұз.
Ақындар әулетінен шыққан ақын немересі туғанда жазған «Мертай» ат­ты өлеңде асыл ағаның есімінің түбірінен алып есім берген ұрпағына («Мерғалидың атын беріп мен саған, Мерғалиды тірілтемін қайтадан») марқұм ағаның рухына тағзым етіп, бата беріп, аруақпен тілдестім дейді.
Атаң – ақын, бабаң – ақын, мен ақын,
Жайың да жоқ сенің осал болатын.
Жалғап жатқан жалғыз көпір өзіңсің,
Өлілермен тірілердің арасын!
Бір әулет­тен кілең ақындар шығу Шыңғыстау-Құндызды өңірінде ежелден бар құбылыс. Сыбан Ақтайлақ-Байғарадан шыққан он жеті ақын, бұл рет­те Түбек пен Әріп мықтысы, қазақ асқан Абай мен Шәкәрім.
Ақын аға рухы ақын інінің жанына тыныштық бермейді, түсінен шықпайды. «Автобус келді қаладан, Сен жоқсың бірақ ішінде. Ақ көйлек киіп ағажан, Ауылда жүрсің түсімде». Бұл бауырға сағыныш толы өлеңге эпиграф қылып Мерғали ақынның «Менен ғөрі бақыт­тырақ секілді, Абай жаққа бара жатқан автобус» деп қос жолын алған.
Семейде Мерғали Ибраев Ырысхан Мұсаұлы бастаған зиялы қауым ішінде орны бөлек тұлға болатын. Кіші буыннан Мұратбек Оспанов «Ағаны аңсау» ат­ты Мерғали ақын рухына арнау жырында күздің қарасуығында беймезгіл кеткен жақсыны жоқтайды:
Жан аға, аңсат­тың ғой наз үніңді,
Семейдің қысы кетіп, жазы кірді.
Сағындым самайдағы ақ шашыңды,
Сағындым маңдайдағы әжіміңді.
…Осы жер, осы өлкені
жыр қылып ең,
Сыртына шыққан ішті кеміргені.
Таусылып елің кеше еңіреді,
Қаусырып жатыр бүгін жерің сені.
…Өлген соң айтып жатыр,
амал нешік,
Тіріңде жылы сөзін қимағандар!
Үзілер шағы келді жырдың осы,
Менің де алдымда өмір тұр күресі.
Ақынын халқы, міне, ұмытпапты,
Деуші едің елді ойлайық,
бізді қойшы!
2024 жылдың мамыр айы сәл орталағанда Семейде, Абай атындағы кітапханадағы қаралы жиында, Төлеген ағасы ақын інісі Мұратбекті жоқтап жан тебірентер қаралы жыр оқыды. Дүние жалған деп қазақ содан айт­қан.

Пір

Туысқа адалдық кей адамға атымен жат. Сөз қонған тектік қасиет Төлеген ағаны аласартпайды. Қазақ үшін шежірелік таным өз алдына бір әлеумет­тік институт. Өнер жолына түскен ақын-жазушы пір тұтатын тұлғаны өзіне меншіктейді. 13 жастағы бала Абайдан қалған үлгі. Абай: «Жылайын, жырлайын, Ағызып көз майын» деп көз жасын лирикалық деталь етіп шегелеп бергенін күллі дүниені жүрекпен қабылдайтын ақындар неге ұмытсын.
Абайды сүю Төлеген Жанғалиевтің азамат­тық лирикасына тән мінез. Ол Абайдың төл шәкірті – «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой» дей-тұғын Көкбай Жанатайұлын пір тұтады.
Ол дерек –
Шыңғыстаудың әр тасында,
Қасиет­ті халқының ортасында.
Көкбай, Тайыр, Есентай, Ағашаяқ,
Шыққан жердің киесін тауысасың ба?
Төлеген ақын өзіне қатал, сын көзбен қарауы орынды, алдында «Мен келмеске кетермін түк бітірмей», – деп налыған дана Абайдың дүниетанымы бар. Абай салған жолдан таймаған ақын тоқмейілсуден аулақ, өзін-өзі бүкпесіз сынайды: «Түк бітпеді, түгім жоқ мақтанардай, Талапты едім, тау бұзып, тас жарардай, Қалам ба деп қамығам халық берген, «Ақын» деген ат­ты ақтай алмай! Қоңыраулы сағат­тай шырыл қаққан, Жүректі жүдетеді жүгім – батпан. Көңілім көншімейді жазғаныма, Талайдың таптауырын ізін басқан. Жау емес, жауап алғыш тергеуші емес, Құдай-ау, өзді-өзіме қыдыңдатқан!» Бұл, расында, тоғышар надан, псевдоавтор, жалған тұлғалар айтар сөз емес, керісінше, ізденуден талмайтын күштілерге бұйырған беймаза хал. Жүрек соғысы, оны есту творчестволық невроз іске қосылғанын аңдатады, оның үстіне бұл игі нышан. Сакральды сана арқылы қалам иелерінің батасын алған.
Көкбай бабам, түсіме көп кіреді,
(Білмеймін қандай тағдыр тосты мені).
Тілімді қайрап беріп жатыр екен,
Тілі түскір онсыз да өткір еді…
Аруақ түсінде елдік мәселелерді көтергенін уайым-шер торлаған ақын жүрегімен ашына жазады:
«…Жер сатылса, ел-дағы сатылмай ма,
Орнамай ма, басыңа ақырзаман.
Жер сатып, жем болмақпыз енді кімге?
Жер сатсақ, кім береді төрді бізге.
Қазақ тағы мәңгүртке айналмақ па,
Өз тілінде сөйлеген, өз дінінде…»
Табиғат лирикасында антрополо­гиялық мүсіндеу: «Тағы бір таң ат­ты, тау оянды, Күн көзі күміс шықты жалап алды». Қазақ қоғамындағы небір құбылыс ақынды бей-жай қалдырмайды, тұрмысқа шығуы кешеуілдеген қызға жаны ашып, «Жастық шақ та жаздың бір өлген гүлі, Өлген гүлді қалайша тірілте алам!» десе де, оның бағын тілейді. Ақын жаны пасықтыққа қарсы: «Біреулер маған өлім тілейді екен» – құлаққа түрпідей естілсе де, күншілдік дерт ішін күйдірген «тараңдау көзді» сорлылар өлім тілейтіні рас, падишах қос жанр – қара сөз бен өлеңге таласы бар, бірақ дарыны жоқтар қалам адамының түп мұратын біліп те бекер қарғап-сілеп күйінері тағы айқын: «Ақын боп қалсам, арман жоқ, Артқы ұрпақ айтып жүретін…»
Абаймен үндестік мол. «Абаймен сырласу» ат­ты циклде ой терең, диалог сипат­ты. Абай өз руы тобықтыны, онан қалса қалың елі қазағын сынаған, кері кетпей, етек жауып, ес жиып, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп, еңсесі биік ел болсын деп сүйген жүрекпен жазған өсиетін түсінбегенсіп, бірі – шамданып, бірі – айыптап, кейбіреу шын ұқпай, өзінше қырық құбылтып, қаралайтындар қатары азаяр емес. Оның түбінде өзгеше тоғышарлық зіл жатыр. Төлеген аға: «Ру деген ұғым жоқ ақындарда», – деп туған халқын алаламай, бөліп-жармай сүйетін үлкен жүрек біткен қалам иелерін айтады.
Абайдың көзін көрген әріптесі әрі досы Көкбай ақын рухына бас иген Төлеген аға шалқар көңіл шабытын, ар ілімін, өмір философиясын тектілік феномен арқылы астарлай сурет­теуге ниет­ті.
Көкбай бабам тағы да аян берді,
Жазылар жүректегі жарам да енді.
Аққу құстай таранып тұр екенмін,
Таңғалдырып тараңдау тамам көзді.

Дертіне шипа таппай өткен – бабам,
Көкнәр әкеп ішкізді көктен маған.
Құлан-таза жазылып кет­ті сонсоң,
Көптен бері көп бейнет шеккен жарам.
Өмірге қомағайлау қос жанарым,
Жасаурап, жарықтыққа көп қарадым.
Ол да менен көз алмай отыр екен,
Таппағандай дертімнің
басқа амалын,
«Өз құлқыны адамның өзіне жау,
Айта алмассың сен-дағы сөзіме дау.
Адам өзі жасайды өз өлімін,
Өзі есіп түсетін көріне бау».
Ұлы аруақтардың түске кіретіні нағыз шындық. «Көкбай құсап бере салам орнымды, «Мә, ағайын, егер егін ексең» деп». Мұны да бір шеті Абай үлгісі десе болар. Абай «Сорлы Көкбай жылайды, Жылайды да жырлайды» дегенде, Көкбай қылып негізі өзін айт­қан болатын. Мен ескінің артымын дейтін Абай нағыз реформатор, ұлт­тық сөз өнеріне небір стильдік үлгілерді сіңірді. Шәкәрім қажы түңілген шатақ діндер қайта өршіген қиын мезет­те Төлеген ақын ұпайы түгел молдаға сын айтудан қорықпайды. «Иланбайтын Құранға имам бүгін баскесер. Көрмей ме оны бұл Алла, Көру керек, жоқ, бекер! Құдай үйі – мешіт­те Адам болса құрбандық, Бала жатқан бесікке Бас сұқпайды имандық»; «Діндарларың дін ұстар, Ділмарсиды Құрансыз. Молдаға да күдік бар, Молда болмас күмәнсіз»; «Хатшыға емес, қазір халық қарайды, Моншағына мойынсынған молдаға»; «Хатым қағаз – өлгендердің тізімі, Бұл қағазда бір әулет­тің күйігі. Бұл қағазда жайбарақат жатыр ғой, Бірі – әке, бірі – аға, бірі – іні. Хатым қағаз – қарақағаз қайғылы, Қайсымызды жазасың сен қай күні. Молдалардың моншағындай тізіліп, Кетіп жатыр керектердің барлығы» – деп, ол таспиықты молданың моншағы деп сарказммен атайды. «Сақалына сайтан ұя салғандар, Санадан да аласталар харам боп…» – дегенде, ақын өмірді мәнсіз сүрген нашарларды айт­қаны ма, бірақ қазір сапсиған қауға сақалын қасиет көретін, бірақ өз балаларын шімірікпей өлтіре салатын діншіл көбейіп кеткені өте қорқынышты.
Төлеген Жанғалиевтың азамат­тық лирикасында тәуелсіздік жылдарында оңалудың орнына кері кеткен әлеумет­тік мәселелер қордаланғаны, соның ауыр сурет­терін жаны түршігіп айнытпай салғаны көрінеді. Араққа салынған жас ата-ана, қылтамақ дерт­тен өлуге үкім етілген мүскін, базарда жатқа қор болған қазақ қыздары, жұмыссыз жастар, бай мен кедейдің арасы алшақтауы – осының бәрі ақын кеудесін зілдей басып, қайғымен улайды.

Айгүл Кемелбаева,
жазушы

САУАЛЫ
мен ЖАУАБЫ

«Қарасартов кім?» – дейді
ұлым маған,
«Адам» – деймін,
кісідей ұғынбаған.
«Адам болса ол неге Шәкәрімді,
Атып ап құр құдыққа
тығындаған?»
«Голощекин кім?» – дейді
ұлым маған,
«Адам», – деймін,
кісідей ұғынбаған.
«Адам болса ол неге қазақ елін,
Аштыққа ұрындырып
шығындаған?»
«Курчатовың кім?» – дейді
ұлым маған,
«Адам», – деймін кісідей ұғынбаған.
«Адам болса ол неге Абай жерін,
Атоммен тас-талқан ғып
шыйырлаған?..»
Айтасың-ау, балашым,
айтасың-ау,
Өмірде жауабы жоқ
қанша сұрау.
Адамдарға адамның
қаншасы – дос,
Адамдарға адамның
соншасы жау!

Төлеген Жанғалиев

***

АЛТЫН САҚА
(Ақын Төлеген ЖАНҒАЛИЕВКЕ)

Тыңда, Дала!
Тыңда, Тау!
Тыңда, Дәуір!
Ақын үшін азап жоқ мұңнан ауыр.
Жатырынан жаратып алыптарды,
Жатыр үнсіз жапанда бұл — Қарауыл!

Бұл — Қарауыл қазаққа құт шаңырақ,
Ұлылығын көз көріп, ұқса құлақ.
Жерден ауыр қайғысын желден естіп,
Бота көңіл боздайтын бұлтша жылап.

Бұл — Қарауыл қазаққа тұтқа болған,
Ұлық мінез ұлдары ұлтқа қорған.
Бір ақын бар осы елде аты мәлім,
Алтын сақа секілді жұрт­та қалған.

Қатар кешті ол бұл елдің бақ пен сорын,
Біз бағасын білмейміз, әт­тең, соның.
Жұмыр жердің көресің қасіретін,
Жұлып алып жүрегін қақ бөлсе оның.

Сатылған жоқ атақ пен мансап қуып,
Сапырған жоқ сар қымыз бал сап тұрып.
Ер деп сеніп жүргендер кет­ті қанша,
Елден безіп ордасын алшақ тігіп.

Жидебайдың күмбірлі күмбезі – құт,
Түрленеді түскенде күн көзі тік.
Қасиетін ақынның сақтап қалды ол,
Ғасыр дертін елімен бірге жұтып.

Жас боп тұнып жастығым мөлдір көзге,
Кешіп бастан келгенде
тағдырды өзге,
Шыңғыстаудың
шыңдары менмұндалап,
Қарсы алатын қасқайып сол бір кезде.

Қарсы алады жыр елі, өлең елі,
Қарсы алады өмір боп өнегелі.
Қарауылдың мұз қатпас өр өзені,
Қара өлеңнің мызғымас Төлегені!

Қалқаман САРИН

Қадірлі Төлеген!
Өмірге келсең де, өмірден өтсең де қуанасың. Тіршілік ат­ты тауқымет, жанды қинайтын тылсым құбылыс.
Қуанышы санаулы, тауқыметі шексіз.
Бұл – өмір, шегі де, шеті де жоқ алып дария.
Пенде шіркінге, Ана-Жерге келесің бе? Келмейсің бе? Кетесің бе? Кетпейсің бе? – деген сұрақ қойылмайды.
Әр пенденің өз тағдыры бар. Сол тағдыр парағында, бәрі сұрыпталып жазылған; Адам боламысың, иә айуан боламысың! Малшы боламысың, иә аңшы боламысың! Батыр боламысың, иә ақын боламысың!
Жазмыш қателікті кешірмейді.
Сен бұ дүниеге, ақын болып келдің. Анаң да, әкең де сенің кім болатыныңды білмеді. Оны сен ғана білдің! Қабыл алдың!
Азабы да шексіз, Ардағы да шексіз өнерге келдің. Бұл таусылмайтын майдан болатын. Жан майданы, қан майданы. Өмір мен өлім майданы.
Алды да, арты да жоқ тау­сылмайтын майданда 75 жыл күн кештің!
Рақат­ты майдан! Қасырет­ті Майдан!
Төлеген!
Сен өнерді көтердің, өнер сені көтерді!
Сен Дешті-Қыпшақтың қасиет­ті топырағынан жаратылған асылдардансың!
Бүгін далаң тірі! Далаң тірі болса, Сен де тірісің!
Сен талмай, танбай, тайсалмай, Дешті-Қыпшақты, Асыл халқыңды жырлап бақ, дала ақыны!

Роллан Сейсенбаев

ШӘКІРДІҢ АДАЛ ШӘКІРТІ

Балдәурен балалық шағым. Қарауылға әкеммен бірге сапар шегіп, жатаған үйдің жанына машинамен келдік. Бәкене бойлы, сары өңді қария бізді көріп, әкемді қапсыра құшақтап, амандасты. Менің маңдайымнан емірене иіскеді. Бұл адам Төлеген ағайдың әкесі Жәміш еді. Есік алдында екі бала үй шаруасын тындырып, әкесіне көмектесіп жүр екен. Жәміш ақсақал екі ұлын шақырып алып:
– Текті атаның ұрпағы – Шәкір атаң. Сәлем беріңдер, – деді.
Сол кез­де әкем қуақы көзбен бір қарап:
– Екі балаңа сенің өнерің дарыған ба? – деп, мырс ет­ті. «Ол қандай өнер?» – деп ойладым. Ет асылды, шай қайнатылды. Дәм тата отырып әкем:
– Әй, сенің жазған өлеңдерің мен дастандарың не болды? – деп төтесінен сұрақ қойды.
– Шәке-ау, бұл менің ермегім ғой. Сендей өлең жазу қайда? Мен ұрпағым Мерғали мен Төлегенге ақындық өнер дарыса, Тәңірінің құлағына шалынып, өнер иесі болса деп армандаймын.
Айлар сырғып, жылдар жылжып өт­ті. Жәміш атаның арманы орындалып, екі ұлы да өнердің иесі, ақындық қабілеті дарыған ірі тұлғалы азамат атанды. Бірақ та Мерғали ағамыз өмірден ерте кет­ті…
Төлеген ағамен жоғары оқу орнын бітірген кез­де кез­дестім. Төлеген аға – шапшаң, өжет, өз ісіне тыңғылықты, еңбекшіл болатын.
…Әкем Шәкірдің құнды еңбектерін жинақтау үшін үйге Төлеген, Амангелді ағалар келді. Имене кібіртіктеп, әкемнің қас-қабағына қарап, Төлеген аға сыпайы түрде сәлем берді.
– Әй, сен қай баласың? – деп әкем өткір кішкентай көзімен сынай қарады.
Төлеген аға Абайдағы Жәміштің баласы екенін айт­ты.
– Е-е! Сенің үйіңде талай қонақ болып, дәм татып едім. Қасыңдағы жігіт кім? – деп тағы да төтесінен сұрақ қойды.
– Мен Қасқабұлақ ауылының тумасымын. Әкем аты – Жікен. Сол кісінің баласымын. Атым – Амангелді, – деді.
– Иә, мен сенің әкеңді білемін. Домбырамен ән айта білетін қабілеті бар, өнер адамы еді. Үйіңнен талай дәм татқам. Сенің атыңды енді «Атапас» – деп айтамын. Амангелді деген ат тым көп, – деді ойланып.
Әкем Шәкір мен Төлеген ағайдың мінездері өте ұқсас еді. Төлеген аға Шәкірдің мұраларын зерт­теген, еңбектерін жарыққа шығарған атпал азамат. Өнер шаңырағында өмір сүрген бірі – қария, екіншісі – жас жігіт «тонның ішкі бауындай» сырлас, мұңдас, бірінің тілін бірі ұға білетін. Екеуіне ерекше өнер – ақындық қабілет­ті дарытқан, ішкі жан сезімін үйлестіре берген құдірет­ті Тәңірім сияқты. Әкем о дүниеге сапар шеккенде, Төлеген ағаның: «Шыңғыстаудың бір шыңы опырылды», – деп басталатын өлеңі дүйім жұрт­ты жылат­ты десем, артық айт­қан сөз емес.
Бірде екеуі бір-бірімен қалжыңдаса отырып, әкем өзі туралы сөз қозғап:
– Сен білесің бе, Төлеген! Маған бала кезімде ауылдастарым не деп жанама есім берді? – деді.
– Жоқ, білмеймін… – деді.
Әкем:
– Мен бала кезімде ат құлағында ойнап, бірнеше тазы ит­ті асырап, соңымнан ертіп, ауылды дүр сілкіндіріп жүретінмін. Сол себепті мені «Итқуар» деп атаған, ат үстінде ойнақтаған бозбала кезімізде «Қызқуар» атанып, қыз соңынан жүгіріп, әдемі де жаны таза жұбай таңдай білдік. Ұрпақ сүйдік, одан ке­йін айтуға аузың бармайтын, бірнеше қуарлардың түрлері болды ғой,– деп, әкем жұмбақ күлкімен бір мырс ет­ті.
«Қарқуар» деген кештің атын оқып, сол бір әзіл әңгіме есіме түсті. Төлеген аға әдемі де, әсерлі өтетін кештің атын өзінің жаңа жыр жинағының атымен «Қарқуар» деп қойыпты. Қарқуар құстай туған жерін өмір бойы жырлап келе жатқан ақынға қандай жарасымды. Атақ іздеп алысқа ат­танбай, алақандай Қарауылында отырып, бар Алашқа танылған Төлеген аға сынды ақындар да қарқуар құстай сиреп кеткендей.
Міне, кеше ұстазы Шәкірге ілесіп, бар мұрасын жинақтап, адал шәкірті атанған Төлеген аға 75 жасқа толып отыр. Ұстазының өлеңдегі өрнегін жалғап, өзі де Шыңғыстаудың бір шыңына айналғандай. Соңына шәкірт­тер тәрбиелеп, Абайдан, Шәкәрімнен, Шәкірден жалғасқан ұлы жолды, ұлы дәстүрді үзбей бүгінге жеткізді. Бұдан асқан бақыт бар ма?!

Сана Шәкерова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір