Төлеген Айбергенов елінде
Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8 наурызда Қарақалпақ республикасының Қоңырат деген жерінде дүниеге келген. Төлегеннің анасы Жібек Қонарбайқызы айы-күні жетіп, дүниеге ұл әкелді. Ал әкесі ақынның атын «Қайтыс болып кеткен ұлымның орнын төледі» деп, Төлеген атаған екен.
Мен ұл ем.
Сендер – ең үш тамаша елік,
Төртеуміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын.
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп,
– деп ақынның өзі жырлағандай, балалық шағында еркін өседі. Төлеген
14 жасқа келген кезде әкесі Айберген қайтыс болады да, шешесі 1964 жылы өмірден өтеді.
Сөйтіп, ол Қарақалпақстандағы М.Горький атындағы Жетімдер үйінде оқуын жалғастырады. Оны бітірген соң Низами атындағы Педагогикалық институтқа түседі. Төлеген жас кезінде домбыра шертіп, кештер ұйымдастырып, белсенді студент болған.
Сол кезде Төлеген болашақ жұбайы Үрнисамен 1954 жылы күз айында Ташкенттің Низами атындағы Педагогикалық институтының тіл-әдебиет және тарих факультетінінің алғашқы курсында танысады.
«Ташкент қаласында бір ғана үлкен кітапхана болатын, сол жерге барып керекті кітаптарды пайдаланатынбыз. Бұл кітапхана Төлегеннің меншікті үйі секілді еді. Кітапханаға соқпаған күні болмайтын. Үрниса мен Төлеген жұбы жазылмайтын бірін-бірі ұнатқан абзал жандар-ды. Төлегенді достары «екінші Пушкин» деп атайтын» курстасы Шахарбану Ибрагимованың естелігінен.
Низами атындағы Педагогикалық институтын 1959 жылы бітірген. 1959–1962 жылдары Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім, 1962–1965 жылдары Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы орта мектептің директоры болды.
1965 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін 2 жыл бойы Төлеген жұмыссыз жүреді. Бар арманы әдебиет қызметкері болу еді. Екі жылдан соң Жазушылар одағының насихат бөліміне жұмысқа тұрады. Айбергеновтың өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде жариялана бастады.
Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты топтама жинақта басылды.
Отанға, туған елге деген сүйіспеншілігін, замандастарымыздың рухани сезім байлығын, ізгі тілеу, ақ ниетін жарқырата ашқан, қазақ поэзиясында өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары – «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981); балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет-кітапшасы (1985) жарық көрді. Сондай-ақ орыс тілінде «Мир созвездия» (1987) деген атпен таңдамалы өлеңдері аударылып басылды.
Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқов арасында шынайы шығармашылық достық болды. Екеуі де сері жігіттер еді ғой. 1965 жылы желтоқсан айында Атырау топырағында болып, мұнайшылармен, балықшылармен, малшы-егіншілермен жүздескен екен. Әдебиет пен өнер саласының қос қыраны осында жүріп өздерінің әйгілі «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау» өлеңдерін шығарып кеткен Төлегеннің «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Бір тойым бар» өлеңдеріне жазылған әндері ел арасына кеңінен танымал. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974, қайтыс болғаннан кейін), 1997 жылы ақынның «Таңдамалы өлеңдер» туралы жазылған 2001 жылы «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітабы жарық көрді.
«Бір тойым бар» деген өлеңді Төлеген жұбайы тағы бір ұл баланы дүниеге әкелсе деген арман-тілекпен шығарған екен:
«Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ…бірақ…
Ешкімді де билетпей қайтармаймын». Ақын отбасында үш қыздың ішінде жалғыз ұл болып содан ерке өскен. Ақынның жары Үрнисаның айтуы бойынша, өзінің де төрт қызы, бір ұлы болады. Үрниса Айбергенова: «Ә, дегеннен бір-бірімізге бауыр басып, тонның ішкі бауындай болып кеттік. Сонда мен қасымда келе жатқан қаршадай жігіттің кейін өмірлік бақытым да, ғұмырлық қайғым да боларын сезбеппін», – деп есіне алған. Салтанат қызының естелігінен: «Әкем жұмыс істеу сапарында Алматыдан Қарақалпақстанға қазақ ақындарының кездесуін ұйымдастырмақшы болып барады. Біз Қарақалпақстанға кеш болардан бір ай бұрын ғана бардық. Өйткені әкемнің өз туған жеріне де баруы керек болды. Басқа ақын-жазушыларды күтіп алып, кешті ұйымдастыруы қажет болды. Сол кезде ол ауырып жүрген. Бірақ, ауруына еш мән бермеді. Менің мектепке баратын кезім еді. «Салтанатты өзім мектепке ертіп апарамын. Бірге сабағында отырамын ғой», – деп әзілдейтін. Бірақ ол арманына жетпеді. 29 тамыз күні қайтыс болды. Бұрын дәрі ішіп көрмеген адам еді. Бас-аяғы бір айдың ішінде аурудан сылқ құлады», – деп еске алады.
Айбергеновтің орыс тілінде «Мир созвездия» деген атпен таңдамалы жырлары жарық көрді (1987). Бірқатар өлеңдері «Поэты Казахстана» (орыс тілінде, М.,1977), «Струны домбры» (1979), «Степные ритмы» (1983. Екеуі де украин тілінде) деген жинақтары жарияланды.
«Төлеген – сөз жоқ, талант. Дара талант, сара талант. Дара бітім адамның болмасына тән. Бір-біріне барлық жағынан аумай тартқан адам табиғатта жоқ…
Т.Айбергеновтің барынша дара, барынша сара талантынан да қазақ өлеңінің арғы-бергідей кесек мінездерін көреміз… Ол қазақ поэзиясының ғана емес, жастайынан мол сусындаған шығыс поэзиясының мелодиясын да шебер құбылта білген…» деп өзінің ойын жазған Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев.
Поэзияда оны Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Тынышбай Рахим, Байбота Серікбаев, т.б. ақындар ұстаз тұтты.
«Төлеген бүкіл болмысы-бітімі бөлек, таза адам еді ғой. Өте шыншыл болатын, ақты – ақ, қараны – қара деп айта білетін», – деп есіне алады. Тынышбай Рахым.
Қазір Түркістан облысы Темірлан ауылындағы орталық көшелердің біріне ақынның есімі берілді.
Түркістан облысы орталығындағы көшелер оның есімімен аталады. Шымкент қаласында, сондай-ақ Сарыағаш қаласында.
2001 жылы Астана қаласының № 16 орта мектебіне ақынның есімі әкімдіктің қаулысымен берілді. 2007 жылғы 23 желтоқсанда осы мекеме басшылығының бастамасымен Төлеген Айбергеновтің өмірі мен шығармашылығына арналған мемориалдық музейі ашылған.
Төлеген Айбергеновтің есімі Алматы қаласы Қалқаман шағынауданындағы бір көшесіне берілген.
2021 жылы наурыз айының аяғында Қарақалпақстанда болып, Төлегеннің мәңгілік жай тапқан жеріне және оқыған мектебіне арнайы бардым. Төлегеннің бейіті Нүкіс қаласы, Арқа ауданы, Сорша қойымшылығы (қарақалпақтар зиратты осылай аталады. – А.Т.) орналасқан.
Бейіт құрылысы сағана тәріздес шаршыланып, төрт жағынан төртқұлақ шығарылып, алдыңғы фасады сүйірленіп үшбұрыш болып біткен. Сағаның алдыңғы фасадының дәл ортасында трапеция тәріздес мәрмәр құлпытаста өмір сүрген жылдары ойылып жазылған. 8.3.1937–29.8.1967 төменгі жағындағы айнатаста:
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде,
– деп Төлегеннің өлеңі жазылыпты.
Төлеген оқыған 1960 жылдардағы бір қабатты ауыл мектебі сол қалпында, бұрын оқыған мектебі өзінің атында болған екен, қазір Өзбекстанда мектептерге берілген адам аттарын алып тастауға байланысты №4 мектеп деп аталады. Бір бөлмеде ақынға арналған мұражайда бала кезінен бастап, есейген шағына дейінгі суреттері рет-ретімен қойылған. Ең соңғы суретте ақынды жерлер кезде табыт басында Мұқағалидың суреті тұр. Бірнеше өлеңінің өз қолымен жазған нұсқасы тұр. Қолтаңбасы анық маржандай, шынының астынан оқи бересің. Мектепті аралаған сәтте бір класқа кіріп едік, 4-сыныптың балалары екен. «Төлеген ағаларының өлеңін кім біледі», – деп едім, 15 баланың бәрі дерлік қол көтерді, 3 бала бір-бір шумақтан өлеңдерін оқыды. Ақын мәңгі жасайды деген осы да, XXI ғасырдағы қаракөз бүлдіршіндердің аузында да, рухында да – Төлеген.
Ахмет Тоқтабай
тарих ғылымдарының докторы,
профессор