Ұтыс деп ұтылған ғұмыр

Жатақханада тұратын қарапайым студентпін. Шәкіртақым бар. Сол тиын-тебенмен бір ай қалай өмір сүремін деп жүргенде, телефоныма жарқ еткен жарнама түседі: «Тіркел де, 200% бонус ал! Бірінші ставкаң – тегін!». Бір-ақ рет… деп бастым. Сол «бір-ақ рет» менің екі жыл ғұмырымды жұтты.
Бәрі ойын сияқты басталады. «Aviator», «ставки», «казино» деген сөздер бүгінде топ арасындағы әңгіменің төркіні. Біреу «кеше 50 мың ұттым» десе, екіншісі «менің жігітім көлік ұтып алды» деп мақтанады. Ешкім «пәтерімді тігіп, далада қалдым» деп айтпайды. Өйткені ұтылыс – ұят. Ал «өтірік ұтыс» – жалған мақтаныш.
Лудомания – есірткі емес. Инесі жоқ, иісі жоқ. Бірақ тәуелділігі героиннен кем емес. Алғашқы 5 мың ұтқандағы эйфория миға жазылып қалады. Содан соң ми тек соны аңсайды. Сабақ, арман, махаббат – бәрі екінші орынға кетеді. Баста шіркін бір ғана ой: «Ұтылғанды қайтарып алам». Қайтару үшін тағы тігесің. Тағы ұтыласың. Бұл – шексіз тұйық шеңбер.
Осы ойынқұмарлықтың қандай зияны болмады: бір курстасым оқуының ақысын букмекерге салып жіберіп, университеттен шығып қалды. Жатақханадағы көршім анасының сырғасын ұрлап, ломбардқа өткізді. «Коэффициент 1.7 болды, 100% кіреді» деп ант-су ішкен. Кірмеді. Тағы ұтылды.
Құмар ойын – қалтаңдағы ақшаны ғана ұрламайды. Ол сенің уақытыңды ұрлайды. 18 бен 25 жас арасы – адам өміріндегі алтын уақыт. Біреу осы жаста тіл үйреніп, стартап ашып, әлемді шарлап жүр. Ал лудоман сол алтын уақытты телефонның экранына телміріп, «сызық қай кезде тоқтайды екен» деп өткізеді. Ол өз болашағын кепілге қойып, несиеге өмір сүреді.
Ең сорақысы, бұл індетті мемлекеттің өзі жарнамалап отыр. Әрбір көшеде букмекер кеңсесі. Әрбір спорттық матчтың алдында «сен де ұт!» деген ұран. Әрбір блогер «менің промокодыма тіркел» деп жар салады. Біз, жастар, соның бәріне сенеміз. Өйткені бізге «жеңіл ақша» керек. Ата-анаға масыл болғымыз келмейді. Бірақ жеңіл ақшаның жолы ауыр тағдырға алып баратынын кеш түсінеміз.
Шығудың жолы бар ма? Бар. Біріншісі – мойындау. «Мен ауырамын, мен құмармын» деп өзіңе айту. Екіншісі – үнсіз қалмау. Қазақстанда тегін көмек беретін 111 сенім телефоны, ойын бизнесін бақылайтын арнайы комитет бар. Ең бастысы – бос қалмау. Миды босатсаң, шайтан ой келеді. Спорт, кітап, домбыра, қосымша жұмыс – кез келгені лудоманияға қарсы ең мықты дәрі.
Мен қазір емделіп жүрмін. Телефондағы барлық қосымшаны өшірдім. Қарыздан құтылу үшін курьер болып түнде жұмыс істеймін. Ақшаның жеңіл келмейтінін түсіндім.
Бауырым, егер сен қазір «бір-ақ рет ойнап көрейінші» деп отырсаң, осы мақаланы қайта оқы. Сол «бір-ақ рет» сенің дипломыңды, махаббатыңды, абыройыңды, болашағыңды жалмауы мүмкін.
Казинода ұтатын бір ғана адам бар. Ол – казиноның иесі. Қалғанымыз – оның құрбанымыз. Болашағымызды құрбандыққа шалмайық.
Нұрдәулет ҚУАНЫШБАЙ,
ФММК Журналистика,
1-курс студенті