АҢСАУЛЫ ҒҰМЫР АРМАНЫ
Қазақ әдебиетіндегі әр шығарма өзінше ырғақпен келеді. Әр заманның лебі мен сазын алып. Қаламгер туындысы – қоғаммен құрдас, кіндіктес. Осындай сөзшілердің ішінде күбірі бөлек күнгейшіл жан Зейнолла Сәнік екені анық.
Қазақ әдебиетіндегі әр толқын жіктеліп, бөлініп, сараланып жатқанда шет жайлап жүріп келіп, асылын сыртқа шашпай, ортақ Отанға жеткізген әр өнерші менің білуімде жалынға қанатын күйдірмей жеткізген жанкешті.
Әр осы жошындас қаламгер қиындығы мен қилы тағдырының арасында елге аңсап жеткен жан сөзін өмір мен өлімнің арасында безбендеп жеткізген шын ұлт асылдары.
Олар өздері ғана аман жеткен жоқ, ұлт сөзінің шырағын сөндірмей, боран ішіндегі қоламта отты қымтап орап, үрлеп жағып жеткен үмітті жолаушыдай ел қазынасы асыл сөзді жеткізді. Соның соқталы өкілі – Зейнолла Сәнік.
Біз аталған мақаламызда – Зейнолла Сәніктің прозалық шығармаларын қарастыруды жөн деп білдік.
Әр қаламгердің өмірлік көзқарасы мен ортасын талдап көрсетуде көркем шығарма ғана анық көрсеткіш. Әсіресе роман сияқты мол шығарма сауырлы туынды қаламгер мінезі мен қарымынан хабар берері анық.
Біз шетелден жеткен әдебиетке жаңаша ат немесе айдар тағуға тиіспіз. Түп Отаннан алыс жүріп сөз ұстанған әр жан Жак Дерриданың «Грамматологиясындағыдай» «құштарлық күшімен» қаруланып келіп, өнерге араласты. Шетелде, басқа тіл үстем өңірде әр қалам ұстаған жан талантпен бірге ұлт намысын жалау еткені анық. Бұлар қатардағы жазарман емес ұлт барын, яғни ұлт сөз өнерін бәйгеге қосқан күрескер өнершілер екені анық.
Егер орыстың эмигранттары әдебиет арқылы «екінші Ресейді» жасауға тырысса
( Н.Н. Кознов), шетелдегі қазақ қаламгерлері барды сақтап қалуды мақсат тұтты.
Әрине, орыстың Финляндиядағы, Батыс Украинадағы орыстық мәдениет кешегі үстем күндерін фантомдық сыздаумен іздегендері анық. Ал қытайдағы Ақыт, Таңжарық тектес ірі сөз иелері ұлт жоғын ашық, анық айта алса, кейінгілері тынымды, тымық жолмен қазақ қазынасына олжа салды.
Зейнолла Сәніктің әр жазбасы – шеттегі қазақ арманы немесе мұңы. Мишель Фуко айтқандай, «мәтіннен тыс ештеме жоқ». Ролан Барт айтқандай, «мәтін – хат».
Біз талдамақ автордың «Сергелдең» романы. Шығарма болашаққа айтар ақыл мен кеңеске толы хат та секілді.
«Кібіртік аяңмен Жәйірдің жотасына әрең ілінген жалғыз жаяу осынау қаратастың түбіне жеткенде әлі құрып, әбден діңкелеп кетті де, құлаған теректей гүрс етіп отыра кетті. Артына ілескен екеуі де әрең жеткендей жығыла-сүріне келіп, олар да қисайды. Біріне-бірі қарап, түр-тұлғасының қандай екеніне сәп салуға да мұршасы жоқ. Әркім өзімен әлек, терлерін сүртіп, ентігін баса алмай, солықтап отыр. Тау арасынан табылғанын талшық етіп келе жатқан бұлардың киімі жұқалтаң, қарыны аш болатын. Айқай-жалда азынап, толас таппайтын күздің аңызақ желі сәлден соң бұлардың өңменінен өтіп, суқыметін алып жіберді».
Ауыр жолдың, азапты жолдың сырын айтады автор. «Дүние – бір қисық жол» делінер ұлттық таным да бой береді.
Ежелгі қытайлық танымдағы «даосизм», яғни «заттар жолы» еске түседі. Бұрнадан қанды күндерді, мұңды түндерді көп көрген қазақтың қасіретті қалпы шарқ ұрып, шымырлап келіп алдыға тосылады. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» көрген ақ қанаты қанданған елдің жаралы шағынан хабар береді осы тұс.
Шаршаған жандар өзгеше өксікпен зар төгеді. Қысылған жандардың қыстыққан ызасы осында білінеді. Жалпы, қазақ ұғымында ердің жылауы шетін оқиға. Бұл әулие Петрдің «ащы жылауы» секілді. Иоан Феканский айтқандай, бұл жылап тұрып «арылу» да секілді. «Исландықтар жайлы сагадағы» Гицур Торвальдсон секілді «сел болып аққан көз жасымен» жылайды үшеу.
«Ей, айналайын атамекен, ей, құтты қоныс Құлыстайым, баршын жота Барлығым! Қош бол енді, перзентің қайта айналып көре алмайды. Сенен жеріп кетіп бара жатқаным жоқ, ағайыннан безіп бара жатырмын, кеш күнәмді! Ей, айналайын, ата-баба, аруақтар, жатқан жерлерің торқа, жандарың жәннатта болсын, біз сияқты жетім ұрпақтарыңды өз саяңа алып, кайда болса да қорғап-қоршай жүр, мына бір бейнетті сапарда қолтықтан демеп, көздеген жерге пәле-қазаға ұшыратпай, жеткізе гөр!..»
Туған жерден, кіндік қаны тамған мекеннен кетіп бара жатқан үшеу сол кезеңнің бар мұңын жылай тұра жеткізеді.
Автор оқырманды соңынан ертіп қалтқысыз адастырмай шалт оқиғалы кері фабуламен байлап тартып, шыжымынан шығармайды. Зейнолла Сәнік Умберто Эко айтқандай оқырманды «лабиринт» ішіне тастап жібереді. Бұл – шығарма табиғатын әбден таныған, мол машықты суреткер әрекеті. Байыптап барып, солығын басып болған соң арғы оқиғаны жаймен тарқатып баяндай бастайды.
«Бұл уақиға 1860 жылдары болған-ды. Бор батыр мен Әділбек батырдың бастауында Манасқа келіп, төрт жыл тұрған Тарбағатай елі осыдан бірнеше жыл бұрын өздерінің атақонысы Кұлыстай өңіріне қайта оралған болатын. Бірақ ел ауған деген кандай апат? Біреуді малдан, біреуді жаннан, енді біреуді жайлау-қыстауынан айырып, әбден запы кылған. Аумалы-төкпелі заман халықты ары-бері сапырылыстырып, алдыға салып қуған аңдай жосылтты».
Шұғыл басталған роман осы тұста байыз табады. Жазушы даланың әңгімешілері сияқты, мәнмен ары тартып, ауа жайылтпай жіпке тізген моншақтай тарқатып әкете береді. Маңызды баян ішінен қысылған ел, сасқан халықтың жайын ұғынамыз.
«Бер жағынан Зозынтанның қылышынан сескеніп, атақонысқа барып қамсыз жатамыз деген елді енді, ар жағынан ақ патшаның темір тегеуріні бүркітше бүріп, бүйірден шеңбектей жөнелді. Осы елге сұлтан болған Отыншы биді «Еженхан патшаның қолтығына кірдің» деп үйінен ұстап әкетті. Әділбек батыр мен Қоңыз батырдың басына да бұғалық түсті. Жұрт өз бастаушыларынан айырылып, қырғидан корғалаған шілдей тау-таудан тасаланатын жер іздеуге кірісті. Іргелі елдің ырысы шайқалып, берекесі кетті. Бұрынғыдай шалқып, кең сахарада көсіліп жататын қазақ ауылдары бүрісіп-бүрісіп, әр жырадан төбесін бір көрсетеді. Сән-салтанат құрып, дыр-думан жасап жататын халық осының бәрінен ада-күде айырылған тәрізді, тіпті бірі-біріне ат ізін салмайды, барды-келдіден сап тыйылғандай тым-тырыс».
Қайда барса, Қорқыттың көріне жолығар қамкөңіл елдің шын қиналғаны осы секілді. Ары қарай оқиға күрделене түседі. Ұласу секілді болғанмен бұл – спиральдық өсу! Ж.Ф. Лиотар айтқандай, «ләззат алу үшін емес, терең сезіну үшін» .
Басты кейіпкер халі барған сайын күрделеніп, арты төмендей бастайды. Халық пен басты образ параллель. Екеуінің басындағы оқиға бірдей ілесе жүреді.
«Бәшке зәңгіге қарап, тізерлеп отыра қалды. Бұрын мұндай ортаға келіп, сұраққа тартылмаған момын жанға мынау кияметтің қыл көпіріндей сезіліп, тұлабойын корқыныш билеп, суық тер басып кетті. Өзі қаңтардың қақаған аязында жалаңаш отырғандай қалш-қалш етеді.
– Сен мына Қырбектің бір серкешін жеп кетіпсің ғой, өзің жедің бе, әлде біреуге шығарып бердің бе?
– Аманатқа қиянат деген – осы. Тақсыр зәңгі, әділ кесімін айтып, ақ малымды алып беріңіз, — деді анадай шетте тұрған Қырбек те қыбы қана қосанжарланып.
– Айыбын жанға батыра салмасаңыз, бұдан былай ұрлыққа жол ашылып кетеді, — деді жандайшаптардың біреуі зәңгінің шашбауын көтере сөйлеп.
– Ей, неғып дегбірлерің кетіп қалды, сабырлылық керек. Бәшке де сөйлесін, мән-жайын ұғалық».
Қоғамда ертеден келе жатқан «кіші адам» проблемасы. Аз бен көп. Күшті мен әлсіз. М.Әуезовтегі Бақтығұл, Иса кейіпкерлері тектес. Ел қулары жиылғанда ортаға алып жүндей түтер әлсіз осы – Бәшке. Аярлардың жемтігі. Адаспас азығы. Жұрт қиналса да момынды аунап жер жемтігі көрер күштілер бейнесі бар бояуымен бет береді.
«Ата жолын бұзып, Мәмбет елінің атына дақ түсірген ұры Бәшке айыпқа бұйырылсын! Айып басы түйе болсын, тіркеу, қосақ, бауыздаулары мына төрдегі отырған ақсақалдарға таратылып берілсін! Айыпкерді бағып-қағып, оған арашашы болып отырған Нарынбай бұған қоса ат-шапан айып төлесін! Ендігәрі мұндай істің тыйылып, Бәшке сияқтылардың арам қолын басқаларға дарытпау үшін Бәшкеге отыз қамшы дүре соғылсын!..»
Ауыр үкім. Үкімнің жеңілі жоқ. Соның ішінде, жазықсызға кесілген ауыр жаза санаға салмақ. Жалғыздың қордың күнін кешкен Бәшкені бүктеп жықпақ тістілер, бүктемей жемек азулылар. Осы жерде әлсізге араша түспек ұлт мінезі жарқ етіп шығып, жалау тігеді. Нарынбайдың бәйбішесі арашаға кіреді. Ауыл зәңгісі Жұмақан тізеге салады.
«– Ей, Нарынбай, тоқтат ана салдақыңды! «Байтал шауып, бәйге алмас» деп, бұл қашаннан бері осы ауылдың тізгінін ұстаған еді. Айтқаным – айтқан, – деді де жанындағы шабармандарына қарап, бұйыра сөйледі, – Бәшкені осы үйде дүреге басасыңдар! Ал анау екі інісін қол-аяғын байлап, ертең менің үйіме апарасыңдар, қанеки, мен бұлардың ендігәрі ұрлық істегенін көрейін…
Ұлар-шу болып ел қалды. Нарынбайдың бәйбішесі сонда да тілін тартқан жоқ».
Оқиғалар арасындағы интервал секілді (espacement) тіпті қосымшаға да ұқсайды (supple-ments), яғни шығармадағы дифферанс үлгісі. Фармакон. Уы мен дәрісі аралас. Бәйбіше сөзі «Сократтың соңғы сөзі» сияқты. Шындықпен оралып басын бәйгеге тігу.
«– Ой, тозалаң шықсын, Жұмақан! Құдайдан тарт, Құдайдан тартқыр, сенің де бала-шағаң осылардай артыңда шулап-шұрқырап қалсын! Ей, Алла тағала, ақ сүтімді көкке саудым, батыр атаңның ұрпағы етіп жаратқаның шын болса, мына Жұмақанға аруақтың оғы тисін! Батыр атамның, Зеңгі бабаның киесі соқсын!..»
Бұл сөздер – шеттегі ашынғанның құлындаған сөзі. Шарасыздың шарасынан асқан көз жасы сөзі. Өз қайраты қайтқан жан аруақтан араша сұрайды. Қылары жоқ, бел асқан атасының атын айтып жылайды. Тірілер былғанған. Арамданған. Жақсылықтың желкені құлаған. Үміт кемесі суға кеткен.
Іс аяғы шатқаяқтаған кезде Бәшке екі інісі Төлебай мен Әлкембайды ертіп, нағашыларын іздеп ұзақ жолға шығады. Бір кездегі елге ардақты Отыншы бидің ұрпақтары осындай қор, пұшайман халде қиын да азапты сапарларын бастайды. Жолдағы жылан шаққан бала, уды у қайтарады деп жыланды асып жеу секілді тұстары біздің кейінгі ұмытқан емшілік дәстүрімізден хабар береді. Бұл – бұған дейінгі қазақ ішінде емшілер болмады деген ұшқары пікірлерге берілер дәлелді деректер. Осы туынды арқылы даланың ұлдары далада қалай жүріп-тұрғанын түсінеміз. Емі мен дертін табиғаттан тапқан далалықтардың бүкіл бейнесі алдымызда бар бояуымен көрінеді.
Ары қарайғы оқиғалар қанық бояумен даланың әфсаналы әңгімелеріндей сипатпен жалғасады.
Романда кәсіби жазушы ғана емес, қазақтың ескі сарынды әңгімешілеріндей кіріккен симбиоздық өрнек білініп қалып жатады. Бұл да кәсіби әдебиет пен сахара сөзшілдігінің триадасы секілді. Кезінде С.Сейфуллиннің «Жер қазғандарындағы» секілді екпінді дала әңгімесі араласып, лекіте жүрер «Ақбілектегі» сайын сарын Зейнолла Сәнікте де молынан жолығады.
Мол қиындық кешкен екі баланың бірі – Төлебай қытай тілін білмейтін қыр қазағына көмекке келіп, тілші болып кетеді.
Жас баланың сөзінен мән-жайды ұққан ұлық жарлық етеді:
«Мына кінәлілерді дереу абақтыға апарып жабыңдар. Ой таразысына салып тұжырымын дайындап болған ұлық сөзін кесіп айтты. Ал Шақабай Тары тәйжінің тоғанағы қазірден бастап босатылсын! Қамбадан тәйжіге жіберілетін сәлем-сауқат дайындалсын! – деп ұлық бұйрығын келте қайырып, әлгілерді үйден шығарып жіберді де, орындығына орнығып отырып, қорқорына темекі салды, тамызды, асықпай құмарлана бірнеше рет сорып жіберген соң, түсін жылыта Төлебайға бұрылып, – сен мына біздің тілімізді, жол-жосынымызды қайдан үйреніп жүрсің? — деп сұрады.
Бұл сөз Төлебайды сәл мүдіртіп тастады. Бағанадан бері оның қайран болып тұрғаны басқа емес, осы болатын. Сондықтан осы бір дүдәмал ойын ашық білдірді.
– Тақсыр, мен бұрын Алтай ұлығының алдында қызмет істегенмін, кейін әкем тәйжілікке тағайындалған соң, «өз жаныма алып баулимын» деп шақырып алған. Қазір әкеме көмектесіп жүрмін…
Алғашында тілмаш тектес еніп, Шақабай Тары тәйжінің ісін жүргізер жан болып шығар Төлебай, енді ел алдында шын бедел, асқарлы абырой иесі болып шығады.
Осы оқиға «Абай жолындағы» Бөжей асынан кейінгі атағы асқан Абай бейнесін еске түсіреді.
Ары қарайғы оқиғалар ризома, паспарту секілді. Негізгі өзек бөлек шығып мүлде жаңа арнаға жалғасып кетеді. Қаланың тірлігі қалыс қалып, сырлы да, жырлы дала бар бояуымен сәуле төгеді. Бұл – дала тынысын, қазақтың жүрек қағысын білер мол талантпен бірге көшпелі өмірдің омырауын мол қанып ішкен қаламгер ғана жазар сөздер.
«Қалың алашабыр үйлердің ортасындағы ақ төбелең ақ орда тәйжінің қара шаңырағы болатын. Жан-жаққа керуен жүргізіп, қадамын алысқа тастап, керектісін ұзақтан алдырып отырған тәйжінің үй мүкаммалы елден бөлек.
Қайың шаңырақтың қанат-жапсары түгел күміспен күптелген. Қайың шаңырақтың қоспалдары да жарқ-жұрқ етеді. Уық бау, терме бау, басқұрдың ою-өрнектері алуан түсті бояулы жібектен өріліп, басының ұштары күрең жібекпен шашақталған. Уықтың қарына біркелкі етіп күмістен шытыралар қағылған. Уық пен кереге тұтас қызыл күрең сырмен сырланып, керегенің тағаны мен уықтың ұшына қою жасыл сырлар жағылған».
Дала салтанаты барымен көрінеді. Қазақ тұрмысын әбден таныған қаламгер қарымы тәйжі ауылын суреттегенде білінеді. Бұл – Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов секілді сөз білгірлерінің салған жолы. Ал Зейнолла Сәнік – осы жолдың соңғы жүргіншісі. Ары қарайғы суреттер де сөзімізді дәлелдейді.
«Балаларыңыз сәлем беруге келе жатыр» деген сөз шыққан соң-ақ тәйжі дастарқанды жиғызып, үлкен-кіші қауымды түзеліп отыруға шақырды.
«Елім деп келіп отырған соң, құшақтарыңды кең ашыңдар, бірақ қолтықтың түгін, ағайынның жігін білдіруші болмаңдар. Бала болса да, көпті көрген көсем жан, әлденеден секем алып, бауыр баса алмай қалмасын», — деп тәйжі түсін көкке суыта қарап, зілді үн қатып барып тоқтады.
Сол аралықта есік ашылды. Ең әуелі Нұрбике үйге кірді. Үлкенді сыйлап, шаңырақты құрметтеп өскен әйел кексе тартып қалса да, жас келінше иіліп, арт-артынан үш рет тізесін бүкті.
«Рақмет, тәңір жарылқасын»! — деді төрде отырған қариялар».
Даланың даң мінезі, бөтенді бауырына басар досшыл көңілі – бәрі осында көрінеді. Бейнені істеген ісі ашса, сол бейнелер халық образын сомдары анық. Осы әдісті жазушы анық таныған. Жайлап бастап, өрлеп өсер шығарма түрі даусыз түр береді. Жазушы кейіпкерін бастата отырып, соған оқырманды ертеді. Қашқындық өмірді көрген кейіпкерлер елге қайтады. Өз жұртын таниды. Олармен бірге оқырман да ұлтпен танысады. Тәйжі ауылындағы той арқылы ел суреті, даладағы көсемдер арқылы мимесис, яғни шағылысып барып ел мінезі шығады.
« Жылдар осылай өтіп, тәйжі баршын тартып, Төлебай мен Әлкембай екеуі екі ауыл болып, ұбырынды-шұбырынды дәрежеге жетіп, өз сынына әбден толған шақта тәйжі Төлебайды шақырып алып:
– Е, балаларым, Құдай разы, мен разы, айтқаныма мен де жеттім, дегеніңе сен де жеттің. Құдайға шүкір, Алладан бұдан артық тілесек, күпірлік болады. Мынау Еренқабырғаның елі шашылып барады дейді. Оларға да бір ие керек сияқты. Өр керейдің иесі – менмін, Еренқабырғаның иесі – сенсің! Сол елдің билігін саған бердім. Ел ұстамақ оңай емес, қысып жіберсең – қылтаң, созып жіберсең – бұлтаң шығады. Ең абзалы халықты қариясымен қайырмақтау, елді ерімен бастау. Ата-бабаң салған кісілік құру жолы – осы. Аяғыңды аңдап бас, аша жолға келгенде көз жеткізіп, көңіл тартқан жағыңа түс. Не көрсең, елмен бірге бол, көппен көрген ұлы той.
– Мақұл, көптен айырылмаймын.
– Алланың айтқаны – парыз, патшаның айтқаны – уәжіп. Сол патшаға жақын жерге әдейі жіберіп отырмын. Алғаш рет бізбен тіл табыстырған өзің едің, қарағым! Мынау сары ноқтаның салығы дегені жылдан-жылға ұтылап, бізді қусырып барады, тағы бір салықтың құлағы қылтиып тұр десіп жүр ел. Жанына таман барып, жақындаса түссең, адам тіліне аспандағы бұлт айналады дейді, ол да пенде ғой, илігіп қалар. Әйтеуір, сырын алған соң, тағы бір қисынын тауып, кінағаның кілтең жеріне түсірмей, патшаның рақымына жолықтыра ма деп үміттенемін. Қартайдық, олай-бұлай қарманатын күй қалмады. Алыс аралықты жақындатып, шашыраған елдің басын қосар, ханды қайырымға келтіріп, халқына жақсылық жаратар деген оймен елдің борышын ердің мойнына арқалатқандай болып отырмын. Алдыңнан Алла оңғарып, бағың өрлей берсін, қарағым!..»
Даланың даналағы осы тұста айқын өрнектеледі. Билікті туғанына емес, сахараның турашылға берер билік мінезі көрінеді. Өзіне емес, елге жайлыны төрге шығарар ұлылық пен парасат биікке шыққан сәт – осы.
«– Айтқаныңызды құп алдым, ата… маған біткен байлық та, бақыт та, атақ-абырой да өз шарапатыңыздың сарқыты деп білемін. Бірақ өзінен асып түскенше тендес адамдардың бірімен-бірі арпалысатыны, аяқтан алып, етектен тартатыны көп ұшырайды екен. Қазірдің өзінде артыма өсек еріп, әр жерден жетім қозыша түртпектейтін тұмсықтар шошаң етіп қалады. Осыған өзіңіздің аталық қормал лебізіңіз қажет болып тұр», – деп, Төлебай атасының алдына жақындап, жүгініп отырды да, тәйжінің барбиған, еті қашқан, салалы саусақтарын теңіздей толқыған сезіммен мейірлене ұстады. Көңілі босай бұрағай-бұрыс жол, шармаяқтасқан шадыр өмір менің басымнан да өткен.
Соны сезе білген, соған төзе білген, әрі ебін тауып және білгендік қана білімділікке жатады».
Осы тұстар Николо Макиавеллидің «Тақсырын», Платонның «Мемлекетін» еске түсіреді. Қазақ даласындағы билік заңдылығы жайлы айтады жазушы. Соны әдемі өреді, тәпсірлеп жеткізеді.
Бұған қоса романда «билік» деп аталар ұғым ішіндегі билер орны шоқталып, жоталанып көрінеді.
Төлебай көтерілген сайын қарсыластар да, араласатындар да ірілінеп бой көрсете бастайды.
«Керейге төре әкелген Тауасар бидің ұрпағы ретінде «Қазыбектің кара шоқысы» атанған Лақ би Ертіс бойында ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген адамның өзі еді. Бірақ мынау «Меркіттің кұла шегірі» атанған Жәкеге кезіккенде ол талай жерде мүдірістеп, ақ семсердей адуын тілінің тауаны қайтып, майталман бидің кідірістеп қалған жерлері де болды. Орта жүздің көптеген жиын-топтарының бел ортасында болып, айтулы билер мен шешендердің алдын көрген Жәке бидің сөздері, билігі көп ретте Лақ биден үстем екенін танытып, ел ыңғылы солай жығыла бастады. Бірақ Жәке би Лақ биді сүріндірдім, жықтым демеді, оның білімділігі Лақ биді өзінен жоғары қоюдан, орнықты елдің отағасы деп ізет-құрмет көрсетуден байқалды.
Әлдекімдер Жәке биден:
– Е, Жәке, сен Орта жүздің отағасын көріп, Арқаның елін аузыңа қаратқан Жәке би едің. Қойын құрттай алмай, айранын ұрттай алмай жүрген жаман Қазыбектің «лағын» ала алмағаның қалай? – деп сұрағанда Жәке:
– Тәйір-ай, сен Лақты білмейді екенсің ғой. Бағасын таппаған сөз бабына келмеген ат секілді жолда қалады емес пе? Лақ тек Қазыбектің ғана емес, мұқым Керейдің қара шоқысы, ол шоқы сонау орта жүздің от тілді, орақ ауызды билері шыққан шоқымен қарайлас тұратын сияқты білінеді маған. Артық-кемді Лақтай безбендейтін адам кемде-кем. Ол – Лақ емес, біздің серкеміз ғой, — деп өзінен әлдеқайда жоғары баға бергені мәлім».
Автор «Сергелдең» романында қазақ билерінің де өзара сыйластығына мән береді. Ел бірлігін ұлықтауды мақсат тұтады. Билер полотоносын жасай отырып ешкімді төмендетіп, кемсітпейді. Жазушы кейіпкерін ұната, сыйлай отырып жазады. Үлкен керей-найман жиылған жиында бейсуат сөзге де ерік берілмейді.
«Ақын сөзін бөліп жібердік қой, ақынға кезек берелік.
– Иә, ақын сөйлесін.
Жұрт дүбірлесіп барып, бір тоқтады. Ақын да едәуір демалып, тынығып қалған болатын. Ол ендігі жырдың бет-алысын алыстан келген қонақтарға Бұтабайларға қаратқысы келді. Домбырасының құлағын бұрап, бір сәт толғанып отырды да, нөсерлетіп қоя берді:
Аягөз, Арқа асып келді найман,
Атағын ер Тоқабай көпке жайған,
Дәулеті Жылқайдардың жұрттан асып,
Дәм тартып келіп шықты әлдеқайдан…
Байжігіт Тарбағатай шықты тауға,
Өскен ел қандай қиын омырауға?!
Мәметек, Есенгелді, Мұрынбеттер,
Қорықпайды бар десе де қандай жауға…
Мамырбек төре болып байлығы асқан
Ұстасып Көбен мырза қарсыласқан…
Көксеген Төртуылдың үкірдайы
Бір зерек жігіт еді бала жастан.
Қызыр түнеп, бақ қонған жақсылыққа,
Күшікбай, Еңсе, Таңғыт бала жастан….
Болғанда үш Байжігіт, алты жұмық,
Бұтабай ту басынан болған ұлық.
Құт Шаянбай, би Сасан, батыр Кенже,
Жаралған ерлер еді бағы тұнып.
Отыншы, Бөгіс-Төгіс, қажы Құрман
Сөйлесем ұзап кетер кеңес қылып…»
Жазушы қиялап келіп ел жақсыларының бағасын береді. Жөнімен жеткізеді. Топтасып шығып әңгімелесіп бара жатқан жұрт аузымен ескі әфсаналарды жеткізеді.
«Тұз апарған Абылайдың адамдарын Бұхар ханы ерекше күтіп, үлкен сый-сияпат көрсетеді. Сөз кезегінде Бұхар ханы әлгі қырық биден: «Абылай артық па, мен артықпын ба?» – деп сұрайды. Қырық би: «Тақсыр, сіз артықсыз, сіздің асылдығыңыз Бұхарадай шаһарда, алтын тақтың үстінде, үлде мен бүлдеге оранып отырсыз. Жеріңіз де асыл, сіздің жерде етікпен намаз оқуға болмайды…» – десіпті. Бұхар ханы Абылайдың бұдан басқа жіберген адамдарының бар-жоғын қузап сұрастырғанда, қоста тағы бір атқосшы баланың қалғанын ұғыпты. Хан ақыры сол баланы алдырып: «Ей, балам, мен артықпын ба? Абылай хан артық па?» – деп сұрапты. Сонда әлгі бала тартынбастан: «Абылай хан артық», — деп жауап беріпті. «Абылай менен қалайша артық?» – деп қайталап сұрағанда, бала: «Абылайдың атасы садағын сағымға көтерткен, нұрдан пайда болған. Сіздің атаңыз – Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт. Біздің қазақтың балалары «Маңғыт аузыңа саңғыт» деп ойнайды. Түп-тегіңіз жақсы болса, ауызға олай алынбас едіңіз», — депті. Бұхар ханы одан: «Абылайдың тұрған жері жақсы ма, менің тұрған жерім жақсы ма?» – деп сұрапты тағы да. Сонда әлгі қу бала тағы да тайынбастан: «Сіздің өзіңізден Абылайдың өзі асыл, жеріңізден жері асыл. Сіздің жеріңіз асыл болса, суды Самарқандтан алдырып ішер ме едіңіз? Тұзды Сарыарқадан сұратар ма едіңіз? Абылайдың тұрған жері – Сарыарқа. Екі басса, бірі – бұлақ. Ағар суы бал татиды, ақ шабағы май татиды. Екі басса, бірі – тұз. Бір үйінен бір үйі тұз сұрамайды», — деген екен».
Осы ел сөзі арқылы автор елді сүюге үйретеді. Табандап салып, шыжымдап әкеліп қысастықпен емес, оқырман жүрек қалауымен Отанды қадірлеуді, Абылайдай әйдік ханды құрмет тұтуға шақырады.
Келесі кезекте ана мен жігіт жайлы толғайды. Даланың сыздықтап жеткізер әдісіне салады.
«Сол сияқты қысыр кеңес үстінде әлдекімдер «қандай әйел жақсы әйел?» деп сұрағанда, сол отырғандардың арасында Жәке би суырылып шығып: «… Алдында бесігі бар әйел – жақсы әйел», – деп жауап бергені жұрт көңілінен шыққандай болды. Тіпті Арқаның алыбы Бұтабай да қарқылдап күліп, табылған сөз, бала тапқан әйелдің бәрі – жақсы әйел деп үлкен ризашылық білдірмеді ме?
– Рас, тауып айтты, – деп қостады тәйжі де бас шұлғып, бұрын көрінген әйелге жарбақтай беретін әйелжанды бір патша болған екен, «анадан анау сұлу, одан бұл сұлу» деп өңіне қарап, құныға берген соң, бір күні ақылды бәйбішесі бес-алты жұмыртқа пісіріп, әрбірін әртүрлі түске бояп патшаның алдына қойып: «Мына жұмыртқаның қайсысы жақсы, алдымен, қайсысын тандайсың?» – деген екен. Сонда патша: «Әй, қатын-ай, оны таңдатып қайтесің, жұмыртқаның бәрі бір жұмыртқа емес пе?!» – деген екен, ханымы жұлып алғандай: «Дұрыс айтасыз, тақсыр патша, әйел заты да дәл осы жұмыртқа сияқты, біреуінің өңі – ақ, біреуінің өңі – қара болғанымен, бәрібір әйел ғой», – деген екен. Патша сөзден жеңіліп, өз мінінен опық жеп, үнсіз отырып қалыпты. Жәке бидің сөзі дәл осы ертекпен барандас жатыр. Біздің арамызда біреу біреудің әйеліне қызығып, содан көп дау-жанжал шығып жатады. Соның бәрі – надандық, ақымақтық. Құдай қосқан қосағың бала тауып берсе, ұрпақты болсаң, дүниеде одан үлкен не мұрат болсын?!.»
Шығарма бойында шеттегі елдің сөйлеу ырғағы білінеді.
Десек те, әсіресе Қытайдан келген туыстарымыз қазақ сөзінің дыбысталуын, айтылуын сол қалпында әкелгенін ұмытпауымыз керек. Себебі олар Ахмет Байтұрсынұлы әліппесімен сусындап келді.
Автор жайлап айтып, бірде кестелі тілмен, бірде кесек сөйлеп ұлтсүйер сөзін жеткізеді.
Бұл шығарма – шетте жүріп жатқа сіңбей, от кеудесін суытпай Отанға жеткен жандар жайлы шығарма.
Бұл – қиыр кетсе терең тамырларын үзбей ғұмыр кешкендер жайлы туынды.
Бұл – тағдырдың ағысына қарсы жүзіп Алашқа кемесін қосқандар жайлы жыр. Сонысымен қымбат.
Бұл – «қазақтану» танымында орны биік туынды.
Серік Елікбай,
Кереку