Тіл тағдырын арқалаған ғұмыр

Қыздархан Құрмашқызы Рысберген, ф.ғ.д., профессор, Алматы қ., А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институы, бас ғылыми қызметкер
Н.Уәлидің ғылымдағы төрт бағыты. Профессор Нұргелді Уәлидің ғылымдағы жолын төрт арнаға бөліп қарауға болады. Бірінші бағыты – ол ғалымның зерттеулері фонология мен орфографиядан бастап, лексикология, лексикография, тіл мәдениеті, когнитивтік лингвистика, лингвоэкология, терминология, ономастика және лингвомәдениеттануға дейінгі кең ауқымды диапазонды қамтиды. Оның жетекшілігімен жарық көрген біртомдық, көптомдық сөздіктер мен академиялық грамматика – қазақ лексикографиясының, іргелі тіл білімінің темірқазығы болып саналады.
Екінші бағыт – Н.Уәлидің ғылымды ұйымдастырушылық қызметі. Олай дейтініміз Нұргелді ағай 14 жыл бойы Тіл білімі институтының директорының орынбасары қызметін атқарды. Ол уақыт еліміздің, ғылымның қиын-қыстау тағдырлы кезеңі еді. Сол кездегі ұжымды сақтап қалуға институт директоры Көбей Хұсайынмен екеуі көп еңбек сіңірді. Институттың зерттеу бағытын айқындап, қоғамға қажет зерттеулерді өзінің ғылыми түйсігімен сезе білген, талай іргелі зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыруға бастамашы болды. Өткен ғасырдың 90-жылдары тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары болатын. Тіліміздің мемлекеттік мәртебесін бекітуде де алғашқы қадамдар қолға алына бастаған сәтте «Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарлмасын» әзірлеу қажет болды. Осы орайда есімде жақсы сақталғаны сол бағдарламаның нобайын жасау біздің институтқа тапсырылған болатын. Бағдарламаға қажет іс-шаралар, оның іске асыру механизмдері мен нормативтік-құқықтық аспектілері қамтылу керектігін Нұргелді ағай айтып, жасаған болатын. Көбей Шахметұлымен кеңесе отырып, бағдарлама қандай болуы керек деп талай күндер «мозговой шторммен» өткізді, мұны ағылшынша «brainstorm», қазақша айтқанда «ойталас», «ойшабуыл» деуге болады. Нұргелді ағай қасына мені отырғызып алып, мына сөзді, мына сөйлемді қалай жазамыз, қалай аударамыз деп, былай жазсақ қалай болады деп, менің емес өзінің ойын електен өткізіп, дыбыстап айтып отыратын әдеті бар. Расында, осындай ойжарыс барысында Нұргелді ағайға «жарқыраған» ұтымды идеялар келетін. Осы әдіспен екі ағаммен 8 жыл жұмыс істеп, талай тамаша идеяларды үйреніп, Нұрекеңнің мықты кәсіби мектебінен өткенімді мақтан тұтам.
Сондықтан Нұргелді Уәлидің тек институттың ғана емес мемлекеттік тілдің, ұлттық тіліміздің ертеңгі тағдырын арыдан ойлаған ғалымның мемлекетшілдігі, ғұламалығы, сіңірген ерен еңбегі деп бағалауымыз керек.
Үшінші бағыт – Нұрекеңнің үздіксіз жасап келе жатқан шәкірт тәрбиелеу, жас әріптестерінің ізденісіне бағыт-бағдар беріп отыру. Бұл да тіліміздің болашағына деген жанашырлықтан туындаған ағалық қамқорлығы. Нұрекеңнің бір тамаша қасиеті – ол көзінде оты бар, жүрегінде сәулесі бар жас жеткіншекті жазбай танитындығында. Жеткіншектің тамырын басып, әңгімеге тартып, мүмкіндігін байқайтын бапкер сияқты. Әрине өзінің дайындаған төл шәкірттері — докторы бар, кандидаты бар, бір төбе. Ғалым ағамыздың ерекшелігі сол айналасындағы кейінгі буын ғалымдарға аса бір қамқорлықпен қарауы.
Біраз жыл бұрын институттағы доктор ағалардың қатары сирей бастағанда, ұжым болашағына алаңдаған Нұрекең батыл қадамға барды. Сол кездегі бір топ ғылым кандидаты атағы бар 35 жас пен 40-ты еңсерген қыз-келіншектерді жігерлендіріп, ғылым докторы болмайсыңдар ма, қорғау керек деп, жинап алып Ғалымдар кеңесінде докторлық тақырыптарын бекіткізіп те жіберген. Көз алдында 60-тан асқан шақта қорғап жүрген аға ғалымдарды көріп өскен жастар, қалай? біз жап-жас болып қайтып доктор боламыз деп алғашында тартыншақтап, ыңғайсыз күй кешкендері де рас. Сөйтіп жүріп 3-4 жыл аралығында сол жастар диссертацияларына шұғыл кірісіп, шетінен қорғай бастады.
Нұргелді ағай оларды үлкен үлкен академиялық біртілді, екітілді сөздіктерді жасауға баулыды. Тәжірибесі жоқ жастар жұмыс жасау барысында лексиографиялық шеберлігін шыңдады, үлкен мектептен өтті. Қазіргі кезде ол мамандарымыз қаламыздың университеттерінде белді оқытушы, профессор болып қызмет істейді. Оларға ғылымдағы үлкен жолдың көзін ашқан Нұргелді ағайлары екендігін сол жастардың іші біледі, аттарын айтпай ақ қояйын, ол ұмтылмауы тиіс.
Өзіме қатысты айтсам, 2000 жылдардың бас кезеңінде қаржы тапшылығы жағдайында алғашқы кітабымды жарыққа шығарып беруге біраз күш жұмсаған Нұргелді ағайға ризашылығым зор. Докторлығымды ұзын-созбаққа салып, қорғамай жүргенімде де қамшылаған Нұрекең болды. Жылға жетпей, ғылымдағы үлкен дүрбелеңінің алдында қорғап та кеттік. Сондықтан ағайды мен ғылым жолында, маман ғалымдарды қалыптастыруда, жалпы жұртқа қамқор боп көп сауап жинаған жан деп есептеймін.
Ғалымның ұстанған төртінші бағыты – ортологиялық бағыт. Н. Уәли – қазақ тіліндегі ортологиялық құралдардың жасалуына және олардың жарыққа шығуына көп еңбек сіңірген ғалымдардың бірі. Қазақ тілі орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерінің 1988, 2001, 2006, 2007, 2013 жж. басылымдарының құрастырушысы әрі соңғы екі басылымның (2007, 2013 ж.) жауапты редакторы болды.
Ғалым аға қазақ жазуының латын графикасына көшуге дайындық науқаны басталғанда, теориялық маңызы зор «Қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясының» жобасын әзірледі. Сондай ақ «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің» жобасын әзірлеуді де басқарған Н. Уәли болды.
Ұлттық кодтың қорғаны, қорғаушысы. Әлем, қоғам дамыған сайын әр дәуірдің өз қауіп-қатерлері болады. Ұлттық бірегейлікке, тілге төнген қауіп-қатер жаһандануға байланысты дедік. Енді сол жаһанданудың, озық технологиялардың жемісі жасанды интеллект (ЖИ) алдымыздан шықты. Оның адамзатқа берер орасан зор пайдасы мен қатар ұлттық бірегейлікке тигізер зарары да мол екенін біліп отырмыз. Н.Уәли осыған орай ұлтсызданған сана, әсіретұтынушылық сана, компьютерленген сана тіркестерін келтіреді. Өзінің ұлттық сипатын, елдігін сақтау, ұлттық құндылықтар дүниесін түгендеу, оның мән-мазмұнын, қадір-қасиетін бағалау қай халықтың, қай елдің, қай ұлттың болмасын толғақты мәселесіне айналып отыр деуге болады. Расында ЖИ қолынан көп нәрсе келеді, алайда онда адамға тән сезім мен рух жоқ. В. Гумбольдтың тіл мен халық рухы туралы: «Тіл — халық рухының көрінісі; халықтың тілі — оның рухы, ал рухы — оның тілі. Сондықтан да олардың бірін түсінбей екіншісін ұғу мүмкін емес» деген көпке белгілі сөзі бар. Мұнда Гумбольдт тіл мен этностың біртұтастығын атап көрсетеді. Тіл — тек коммуникация құралы емес, мәдени код, ұлттық жад, дүниетанымның айнасы. Халықтың рухы тілде: мақал-мәтелдерде, фразеологияда, мифологияда, поэтикалық бейнелер арқылы көрініс табады. «Тілде халықтың рухы, жаны бар» деп Гумбольдт сөзін нақтылай түссек, ана тілінің рухын ертеректен терең түсінген ғалым Нұргелді Уәли сол руханилықты биік жалау етіп көтеріп, өмірлік миссиясына айналдырып, жаңа белеске шығарды.
Бүгінгі таңда профессор Нұргелді Уәлидің ғылыми мұрасы — ұлттық тілтанымның жаңа дәуірге бет алған рухани темірқазығы. Ол тіл арқылы халықтың жадын, мәдениетін, дүниетанымын танудың жаңа парадигмасын қалыптастырды. Сөздің астарына үңіліп, оның тарихи және рухани мәнін ашу – оның шығармашылық болмысының өзегіне айналды.
Ғалым мағынасы көмескіленген көптеген қазақ сөзіне жан бітіріп, мәдени семантикасын ашты. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия» атты іргелі 5-томдық еңбекте және «Этномәдени сөздікте» әріптесі, профессор Рүстем Шойбековтың сөзімен айтсақ: «бүгінгі қоғамның санасында көмескілене бастаған, тіпті ұмытылған байырғы ұғымдар мен құндылықтардың қайта қалпына келтіріліп, оларды жаңғыртуға күш салған Нұргелді Уәлидің осы энциклопедиядағы мақалалары 800-ден асады» [1, Р. Шойбеков].
Мысалы, қатығымен туған тіркесі нені білдіреді? «Ертеректе үйелменді үйдің ұл-қызы аралас балалары осылай аталған», — дейді Н.Уәли. Сондай ақ киімшең бала. Шешесімен бірге еріп келген бала. Ал қыз бой жетті деген сөйлем біздің білетін ақпараттан кеңірек екен. Яғни бұл халықтық өлшем бойынша «Қыз бала кәмелетке толды, бойы керегенің ең жоғарғы көгіне жетті»,- дегенді білдіріп, этикалық норма бойынша қазақта қыздың жасын сұрамайды, керегенің көгіне қарап мөлшерлейді екен». Сонымен қатар ғалым обал, ұят, жаман-жақсы т.б. тәрізді ұлттық этикалық категорияларға өз анықтамасын берген.
Проф. Н. Уәли тілдің мәдени коды туралы: «Белгілі бір тілдік таңбада екі түрлі мағына (білім) кодқа салынуы, соған сәйкес екі түрлі код болуы мүмкін. Біріншісі – тілдік код, екіншісі – мәдени код. Тілдік таңбалардың мәдени семаникасын зерттеуде осы екі түрлі мәнділікті ажырата білу қажет», — дегенді ертеректе айтқан болатын [2, Н.Уәли, 16-17].
Халықтың дәстүрлі рухани мәдениетімен байланысты санадағы концепт түріндегі білімнің, жоғарыда айтылғандай, мәдени-тілдік бірліктер арқылы айқындалатыны белгілі. Алайда концептінің тілдік және тілдік емес мән-мағыналарын құрайтын мәдени код үнемі «ашық» бола бермейді, яғни өзінен-өзі түсінікті бола қоймайды. Бұндай мәдени семантикадағы жабық кодтарды ашу этномәдени концептілерді дұрыс интерпретциялауда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. [3, Н.Уәли].
Бұл мақалада біз Н.Уәлидің тек ономастика саласының алуан түрлі тобына қатысты этномәдени семантикасын ашқан кейбір еңбектеріне ғана тоқталмақпыз. 40 жылдан бері ономастиканы зерттеп жүрген бізге Нұргелді ағайдың онимдік атаулардағы мәдени кодты «аршып», тіл мен мәдениеттің тереңіне үңілген тривиалды емес тың көзқарасы қызықтырып, зерттеп жүрген дүниемізге жаңаша қарауға кірісіп те кеттік.
Расында, ономастикалық зерттеулерде тіл тұтынушы қазақтілді қауымға әдетте негізінен тек тілдік үстірт ақпарат қолжетімді болып келеді. Ономастикалық атаулардың мәдени-тарихи кодтарының ғылыми-лингвистикалық интерпретациясы ұлтымыздың рухани-этикалық құндылықтарын, халықтық экологиялық таным арқылы халықтың дәстүрлі дүниетанымын, қазақ халқының жан дүниесінің «тереңіне бойлап», үңілуге, тануға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл қазақстандық жас буынның, мемлекеттік тілді үйренуші тұлғалардың қызығушылығын арттыратын, қазақ халқы туралы, оның дәстүрлері, адамгершілік құндылықтары, ұлттық рухани басымдылықтары мен стереотиптері жайында ақпарат беретін әдеп-ғұрыптары туралы білімнің жаңа көздерін ашары анық.
Нұрекең ономастикалық атаулардың антропоним, топоним, гидроним, оронимдер, агионимдер, мифонимдердің, сан есімнен, түр-түс атауларынан, астронимиялық атаулардан жасалған онимдердің мәдени кодқа салынған халықтық білімдерді, мәдени ақпараттарды терең білгірлікпен дәйектей білген. Жалқы есімдер жайлы көптеген қызықты жасырын сырлардың бетін ашқан.
Ономастикалық атаулардағы қандай мәдени кодтарды айтамыз. Оларға қазақ ономастикасының мынадай мәдени код түрлері жатады:
— қазақ ономастикасының соматикалық (тәндік) код;
— ономастикалық атаулардағы биоморфтық код (өсімдік және жануарлар әлемімен – фитонимдермен, зоонимдермен байланысты);
— онимдік лексиканың мифологиялық мәдени коды, ертедегі архетиптік түсініктер жүйесі;
— қазақ кісі есімдерінің магиялық, сакральдық, «тоқтатушы» қызметі, табу, тыйым салуға қатысты ырым-дәстүрлер, ежелгі түсініктері мен ескі сенім жоралғыларды айқындау;
— қазақ ономастикасының теонимиялық (діни-агиологиялық) коды.
Н.Уәли осы аталған ономастикалық кодтардың барлығын ашу барысында халықтық білімдер жүйесіндегі мәдени ақпараттарды келтіре отырып талдайды. Бұл жайында ғалымның ономастика саласы туралы мына сөзі көп нәрсені аңғартады: «Қазіргі кезде ономастика ғы¬лымы тәжірибенің алдында жүруі керек. Әсіресе, жаһаният заманында тәжірибе ғылымнан қол үзсе, кейде қателесіп, бұра тартып кетуі мүмкін. Ендігі жерде ономастика ғылымы атаулардың тек тілдік мағынасын ашумен, яғни тілдік кодпен (кілтпен) шектеліп қалуына мүлде болмайды. Өйткені ономастикалық атаудың мазмұнында: 1) тілдік, 2) мәдени, 3) тарихи кодтар туралы сан алуан ақпараттар болады. Бұлар халықтың өмір тәжірибесінен жинақтаған дәстүрлі білімдері болып саналады. Дәстүрлі білім деп отырғанымыз жоғары мектептегі, үйрететін бі¬лімдер емес. Қазақ ономастикасын зерттеуде атаудың тілдік кілті (коды) едәуір жақсы ашылды. Бұл – үлкен жетістік. Алайда атаудағы мәдени, тарихи, тағы да алуан түрлі ақпараттар жүйесін ашу өз кезегін күтіп тұр». [3, Н.Уәли].
Халықтың ұлттық когнитивтік базасында қазақтардың ерте кездегі бүкіл тіршілік кеңістігін категориялау ақпаратымен байланысты, фитоморфты, зооморфты, соматикалық кодта, кеңістік кодта жасырынған архетиптік түсініктер, тұрмыстық тәжірибесі, танымы, яғни қоршаған ортаны игеру жайындағы ақпараттар шоғырланған. Көшпелі малшаруашылығы көпшенділер өнідірісінің негізгі түрі ретінде қазақтардың тіршілік еткен кеңістікті экологиялық жағынан игеруге себеп болды, қоршаған орта туралы, өсімдіктердің ерекшеліктері мен пайдасы туралы, ешбір ерекше қажеттіліксіз жабайы аңдарды атпауға, көкті жұлмауға, ағашты қажетсіз кеспеуге нұсқау жайындағы іргелі білімдері мен машықтарын, этноэкологиялық таным-түсініктерін қалыптастырды.
Халықтық білім түрлеріне этноэкологиялық, этнозоологиялық, этноветеринариялық, этноботаникалық, емшілік дәстүр, этнометеорология, этноастронимиялық ақпараттарды жатқызамыз. Оның сыртында Нұрекеңнің ономастикалық зерттеулері және этнофилософиялық, мифтанымдық білімдермен өрнектелген.
Ономастикада діни атауларды әдетте ислам мәдениетімен байланысты қарау дәстүрі қалыптасқан. Нұрекең бұл мәселеде алға қадам жасап, жаңа тұжырым жасайды: «Агионимдерді, әдеттегідей, тек діни руханият аясында қарастыру, біздіңше, этностың діни-мифологиялық танымын толық ашпайды»,- дей келе, діни руханият пен дүниауи руханиятты бір-бірімен өзара байланыста қарастыруды жөн көреді [4, Н.Уәли].
Мәселен, ғалымның пайымдауынша: «Дәуіт пайғамбардың қоржыны деген тұрақты сөз орамының тілдік семантикасындағы фразеологиялық мағынасы «қанша жесе де, қанша адам жесе де таусылмайтын мол тағам» дегенді білдіреді. Аталмыш тіркестің фразеологиялық мағынасынан басқа дүниауи руханиятқа қатысты мәдени фактімен байланысты семантикасы да бар.
Пайғамбарлар діни руханиятты (религиозная духовность) дүниауи руханиятпен (светская духовность) ұштастырып отырады:
— асқақтау емес аласару;
— сабырсыздық емес, сабырлылық;
— «мен білем» емес, «менен де көп білетіндер бар» деу;
— кешірім сұрау мен қиянатты кешіру;
— өр кеуделікпен емес, көркем мінезбен қарсыласын мойындату;
— шыншылдық пен шүкіршілдікті бек ұстану;
— торықса да, түңілмеу;
— дәулет пен патшалыққа мастанбау және т.б.
когнитивтік санадағы тілдік дискретті бұл бірліктер этностың мәдени семантикалық өрісінде өзара тұтаса келіп, пайғамбарлардың жай ғана социум мүшесі ғана емес, қауымы мен үмбетін адамгершілік қасиетке, имандылыққа үйретуші ұстаздық ұлы тұлғасына тән сипаттарын да танытады» [4, Н.Уәли].
Сан есіммен келетін ономастикалық атаулардың мәдени семантикасында бабаларымыздың этногенетикалық жадында ғалым «бөлінбеу», «тұтастық», «бірегейлік» идеясы басым екендігін көрсетеді: «Бір, екі саны жер-су, елді мекен атауларында көп қолданыла бермейтіні байқалады. Ондай сандардың, мысалы бірдің орнына синонимдес мәні бар жаңғыз/жалғыз – Жаң¬ғызтөбе, Жал¬ғызтөбе, екінің орнына қос – Қосағаш, Қосқұдық; телі – Телікөл, егіз – Егізкөл деген атаулар қолданылады. Олар бірінен-бірі «ажырамайтын», «бөлінбейтін» егіздің сыңарындай имплицитті мәнді¬лікті білдіріп, бірегейлік, тұтастықты мең¬зейді». Сондай ақ натурал тақ сандарда бірегейлік концепциясы бар екендігін үш, бес сан есімдер арқылы жасалған этноним, топонимдерді мысалға келтіреді: «Үш жүз – қазақтың тарихи этно¬генездік атауы. Атаудың құрамын¬дағы үш тақ саны «бүтін», «бөлінбейтін», «бірегей» деген этногенетикалық мәнділікке саяды. Қазақтар үш жүзге бірікті, үш жүзге бө¬лінген жоқ, өйткені үштің астырт мағы¬насы макронимдік бірегейлікті білдіреді. Натурал тақ сандардың ежелгі этно¬тілдік санадағы бөлінбейтін бүтіндегі жер-су атауларының қалыптасуының мо¬деліне айнал¬ған: Бесқайнар, Үшбұлақ, Бесағаш, т.б. атауларындағы тақ санның мазмұн межесі бүтіндікті, бөліп-жаруға келмейтін тұтастықтың нышаны іспетті деуге болады»,- деп ой тұжырады ғалым [5, Н Уәли].
Нұргелді ағай фитотопонимдер семантикасындағы мәдени ақпарттардың экологиялық таныммен байланыстылығын Қарағанды, Көкпекті, Кеңтарлау тәрізді фитотопонимдер арқылы түсіндіреді: «Халық тәжірибесі қараған шөбі өсетін жерлерде бидайдың бітік өсіп, ол жерден мол өнімін алуға болатынын көрсетеді. Дәстүрлі халық танымына сәйкес тарлау шөбі өсетін жерлерде жайылған малдың еті өте құнарлы болып келеді екен. Көкпек бұта өсімдігі және ол арқылы жасалған Көкпекті фитотопонимі, біріншіден, көкпекті жердің топырағы қатты болғандықтан ерте кездерде бұл жерге жол салуға болатындығы туралы белгі-дерек болған, екіншіден, бұл өсімдік жылуды ұзақ сақтайтын отын ретінде бағаланған. Жалпы алғанда, осындай халықтық білімдердің барлығы қазақтардың қоршаған әлемге деген дәстүрлі дүниетанымымен, олардың өз ортасын аялауымен тікелей байланысты, яғни халықтың өткен өміріндегі оның экологиялық танымдар туралы ақпарат береді», — деген қызықты ақпараттарды молынан келтіреді.
Ғалым сондай ақ қазақ антропонимдерінің де көпке беймәлім тылсым сырларын ашқан: «Мәдени ақпараттың үлкен қабаты қазақтардың кісі аттарында сақталған. Есімдердің сакральдылығы, магиялық қасиеттері, олардағы анимистік түсініктер, тыйым салу ырым-жоралғылары, табу, аттың қорғауыштық қасиеті туралы наным-сенімдер халықтың ең ежелгі архетиптік түсініктерімен байланысты болған, олардың көбі біздің күнімізге дейін жеткенмен қазіргі тілді тұтынушыға түсініксіз күйде қалуда».
Н.Уәлидің ономастикаға қосқан құнды үлесі жер-су атаулары құрамындағы ақ, қара, қызыл, көк қара, ақ, көк, сары, қоңыр, қызыл, шұбар, боз, ала, жасыл, сұр, жирен, торы және көптеген олардың реңктерін білдіретін түр-түс атауларының жасырын семантикасына қатысты өзіндік тың көзқарасы бар. Мысалы, бір ғана Ақтоғай топонимін алайық, Нұрекең бұл жөнінде мынадай ой айтады: «Ақтоғай ағын сулардың бойында өскен қалың шұбар ағашы бар жер екенін білдіреді. Ақтоғай аталатын аймақ көбіне, малдың жазы-қысы паналауына жайлы жер деген мәдени ақпарат экспликацияланған». Ғалым бұл топонимді ақ және тоғай сөздерінің жай бірігуінен жасалған атау деп қарамай, халықтық танымға терең бойлап, зер салады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре болуға болар еді. Біз шағын мақаламызда профессор Нұргелді Уәлидің ономастикалық атаулар семантикасындағы мәдени кодқа арналған зерттеулерін жалпы атап, шетін ғана көрсеттік. Болашақта ғалым осы бағыттағы біздің ізденістерімізге арқау боларлық зерттеулерін жалғастыра беретіндігіне сенімдіміз. Алла ағамызға осы жолда зор күш-қуат берсін деп тілейміз.
Ғалымның өмір жолы – тілге адалдық пен ғылымға қызмет етудің айқын үлгісі. Ол бар саналы ғұмырын қазақ тілінің болашағына, ұлттың рухани жаңғыруына арнады. Оның еңбектері тек ғылым үшін емес, ұлт үшін жасалды.
Ол – сөзге жан бітірген ғалым, тілдің тағдырын арқалаған тұлға.
Н. Уәлидің ғылыми жолында рухани жауапкершілік пен ұлттық миссия ұғымдары қатар жүреді. Ол тілді зерттеумен ғана шектелмей, тіл арқылы ұлттың рухын сақтау, тілдің өміршеңдігін сақтау, мәдени құндылықтарды жаңғырту, жастардың рухани иммунитетін қалыптастыру мәселелерін әрдайым көтеріп келеді.
Ол тек ғалым ғана емес, руханияттың, ұлт мәдениетінің қорғаушысы, сөз қадірін биік ұстаған ұстаз, ғылым мен адамдықтың өнегесін ұштастырған тұлға.
Н.Уәлидің ғылымдағы іргелі ізі осындай, ғылыми құндылығы жағынан өлшеусіз деуге болады. А.Байтұрсынұлы: «Тіл — адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсай білудің өзі де өнер», — деп тілді ұлттың рухани жаны, мәдениетінің өзегі деп таныған. «Тілде халықтың рухы бар» деген В.Гумбольдт тұжырымы Нұргелді Уәли еңбектерінде нақты өміршең мазмұнға айналды — ол сол рухты ұлт жадында сақтап келе жатқан ғалым, ұлт рухының, ұлттық кодтың қорғаушысы.
Сондықтан Нұргелді Уәли – ұлттық тілтанымның жаңа парадигмасын қалыптастырған тұлға деп айтуға толық негіз бар.
ПІКІРЛЕР1