ҒАСЫРЛЫҚ ҒҰМЫР ИЕСІ
Халқына іскерлігімен, еңбекқорлығымен адал еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденінің бес мәрте иегері, Октябрь революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, экономика ғылымдарының кандидаты, академик, профессор, Алматы, Жамбыл, Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) облыстарының Құрметті азаматы Асанбай Асқаров (1922 – 2001) сынды бірегей тұлғаның жары, сенімді тірегі болған Фатима Жұмағалиқызы 3 тамызда 100 жасқа толды.

Фатима әже жиен немересі Риммамен
Фатима Асқарова Еуразияның тура жүрегінде орналасқан Семей топырағының Қарауыл атырабында 1925 жылы 3 тамызда дүниеге келген. Фатима Емберген ақсақал мен Көкей әжейдің тұңғыш немересі болды. Нәресте екі жасқа толғанда әкесі Сейсембай (небәрі 28 жасында) дүниеден өтіп, жылын өткізген соң, анасы Зияданы әмеңгерлікпен қайнысы Жұмағалиға қосады.
Атасы нар тұлғалы, ірі денелі, күймелі арба айдайтын, жағдайы тәуір кісі еді. Бір күні біреулер ұстап әкетіп, сол бойы хабар-ошарсыз, ұшты-күйлі, ізім-ғайым кетеді. Артынша ашаршылық, қиын-қыстау күндер басталады.
Әжесі Көкей келбетті, көрікті, биязы, дастарқаны мол, қолы ашық, қонаққа барын тосатын қонақжай, кең кісі болатын. Қашан да: «Бүгінгі тамақ ертеңгіге жарамайды. Қазанға түскен қайтып қапқа түспейді. Келген қонаққа барыңды бер, аяма, ол да көңілденіп кетсін. Адам тамаққа тоймайды, көңілге тояды», – деп отыратын. Ол заманда қазіргідей тоңазытқыш жоқ, Семейдің қара суығында үлкен қамбада ағаштан жасалған ұзынша келген астау бөлікшелерге бауырсақ, тоқаш, ши бауырсақ, майлы шелпек т.б. дәм түрлерін пісіріп, әрқайсысын бөлек салып сақтайды екен. Қазір қарап отырсақ, әжесінің сол мінезі Фатима апамның да бойында қалып қойған тәрізді.
Атасы мен әжесінің арқасында жетімдіктің не екенін білмей өскен Фатиманың 13 жасында, 1938 жылы анасы Зияда, 1940 жылы әжесі Көкей қайтыс болады. Одан соғысқа кеткен әкесінің екі бірдей бауыры – Сәрсенбай мен Сембай майданда қаза табады.
Өзінен кейінгі екі бауырынан, ет жақындарынан жастай айырылып, жалғыз қалған Фатиманы шешесінің туған інісі Сүлеймен Ақышұлы Үйсімбаев қолына алып, Семейдегі №220 орыс мектебіне орналастырады. Әке-шешесінің сұрыптан соғылған үйін үкіметке тапсырады.
Шамамен 1906 жылы Семейдің Абай ауылында дүние есігін ашқан нағашы ағасы Сүлеймен уәдесіне берік, үлкен-кішіні сыйлайтын, рухы мықты, кейде домбырада ән салатын өнерлі адам еді. Белгілі ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановпен жолдас болып, отбасылық достар ретінде жақсы араласып тұрды. Ағасы Фатиманы қолына алғанда Семейдегі әскери, одан Ішкі істер саласында, кейіннен Абай ауданында, Семей облысы әкімдігінде орынбасар болып, жоғары қызметтер атқарған. Бүгінде Сүлеймен ағадан екі қыз, төрт ұл тарап, ұрпақтары өніп-өсіп отыр.
Өз әкесі Сейсембай фельдшер болыпты. 1943 жылы онжылдықты үздік бітірген Фатиманы сол сала қызықтырып, дәрігер болмаққа бел байлап, құжаттарын медициналық институтқа әзірлеп қояды. Алайда дәрігер болу арманы соғыстың кесірінен орындалмай, институт әскери госпитальға айналғандықтан, амал жоқ, Семейдегі қалалық ет комбинатына есепші қызметіне тұрады. «Дәрігер болсам» деген арманының жетегінде жүріп, кейіннен екінші қызы Айманға қиындығы мен қызығы мол дәрігерлік білім жолын таңдауына мүмкіндік береді.
Бір күні, 1944 жылдың 23 ақпанында сағат кешкі төрттер шамасында Семейдегі ет комбинатына Қызыл Армияның құрылған күні мерекесіне орай қалалық әскери комиссариатынан баяндама жасайтын бір жас жігіт келеді. Сымбатты, жазық маңдайлы, қалың қара шашты, арықша келген әскери киімдегі жігіт баяндамасын сауатты жасап, жұрт назарын өзіне аударады. Тыңдаушылардың бәрі тарасып кеткенде, Фатима ғана орнында ұзақ ойланып отырып қалады. Баяндама жасаған жас жігіт: «Қарындас, баяндамашыға сауалыңыз бар ма еді?» – деп сұрағанда ғана ыңғайсызданып, ұялғанын білдірместен: «Жо-ооқ», – дегені әлі есінде. Алғаш көргеннен жүрегі сездірді ме, сол жігіт Асекең еді.
Содан екі-үш аптадан соң Сүлеймен ағасының әскери комиссариатта жұмыс істейтін Марат есімді досымен ілесіп баяндама жасаған әскери жігіт үйіне келеді. Ол кезде Сүлеймен – шамамен 37-38 жастағы жігіт ағасы. Сыртқа жеңгесі Кәкима шығады да, Фатимаға келді деп ойлап: «Бір жігіт келіп тұр», – дейді. Кім екен деп шықса, баяндама жасаған жігіт екен. Жеңгесі: «Сүлеймен үйде жоқ», – дегенде, екеуі: «Жақсы, хабарласармыз», –деп кетіп қалады.
Біршама уақыттан соң Термездегі атқыштар даярлайтын әскерде жүріп, «Әскерге солдат алуға келдік» деген желеумен тағы да Сүлеймен ағасының үйіне ат басын бұрып, шай ішіп кетеді. Осы жақтан майданға оқ атуға үйрету үшін солдат жинап әкетіп, дайындайды екен. Бір жылдай уақыт өтеді. Термезден әскерін алып, майданға аттанды дегенді естіген Сүлеймен ағасы шай үстінде: «Аман-есен болса екен, қазақтың бір жап-жақсы баласы екен», – деп айтып қалады.
Бір күні Сүлеймен ағасына Асекеңнен хат келеді, хатта майданға барған төрт жігіттің екеуін алып қалып, елде мылтық атуға үйрететін инструктордың жоқтығынан орыс жігіті мен Асекеңді елге қайтарғаны айтылады.

Асанбай Асқаров жұбайы Фатима Жұмағалиқызымен
1944 жылы Асекең Семейге бір келгенінде Кәкима жеңгесі екеуін театрға алып барған екен. Жас жігіттің сол кезде жеңістің болатынын біліп: «Біздің еліміз жеңеді», – деп айтқаны ақиқатқа айналады. Сол сапарында Фатима туралы сөз қозғап: «Еліме алып қайтсам, бас қоссақ», – деген өтінішіне, Сүлеймен ағасы: «Фатима қарсы болмаса, мен қарсы емеспін», – деп жауап қатыпты.
Оң жауапты естіген Асекең өз үйіне хабарласып, Фатима апамызды алып кетуге адам жіберулерін сұрайды. Сол кезде менің атам Жақсылықбай (Асекеңнің қарындасын алған күйеу баласы) мен жеңгесі Зина апамыз пойызбен Семейге келіп, екі-үш күн жатып, Фатима апамызды алып қайтқан екен.
Фатима апа үнемі маған: «Сенің Жақсылықбай атаң сондай рәңді, домбырамен ән айтатын ашық кісі еді. Келін болып түскеннен соң біраз уақыттан кейін көзімнің жанына үлкен бір жара шықты. Дәрігердің қат кезі. Ол жараны тек сүйекпен ғана жару керек екен. Сонда Жақсылықбай бір сүйекті пышақтай жонып, іріңдеп тұрған жараны жарғанын білемін. Қолының шипасы бар еді, тескені тіпті білінбеді. Сол жара құлан-таза жазылып, орны білінбей кетті. Кейіннен безгекпен, сүзекпен, сары аурумен ауырдым. Көрер жарығым бар екен, Құдай мені есіркеп, осыншама аурудан аман қалдырды. Ауырғанда жалғыздықты сезіндім, туған бауырларым, әке-шешем өмірде жоқ. Менің бақытым сол – Асанбайдың маған кездескені ғой. Барлық жағынан қолдау көрдім. Шәй дескен жоқпыз», – деп айтып отырады. Тағы бірде апамыздың: «Келін болып түскенімде үлкенді сыйлау, ер адамның алдынан көлденең өтпеу деген тәртіпке бағындық. Қазіргідей емес, ер азаматты қатты құрметтедік қой. Үйге қонақтар келіп, ет асқанда келіндер жағаласып ас ішпейтінбіз. Ең соңында қалғанын табағымен келінге деп жібереді. Қазақтар ол кезде қолмен жейтін, содан қалғанын келінге ұсынады. Амал жоқ, жеуге тура келеді. Сондайда Асекеңнің анасы маған: «Қасқырдың ауылының баласысың ғой», – деп кішкене кесек ет кесіп беретін. Онысы «кесек ет жейтін елдің баласысың ғой» дегені. Жоқ заманда оған да мәз болып қалатынбыз», – деп жастық шағын еске алғаны бар.
Қызыл империя Желтоқсан оқиғасынан кейін зейнет жасына шыққан Асекеңе жала жауып, қасақана қасастық жасап, түрмеге жапты. Мәскеуде түрмеде жатқан Асекеңе сегізінші айдың басында ғана жарының кіруіне рұқсат етіпті. Орталық тергеушілерінің: «Сен қазақстандықтардың қолымен тасталған етсің, сені қуырып жесек те, ит жеміне айналдырсақ та өзіміз білеміз. Қазақтар сені тез ұмытады, тіпті молаңның қайда қалғанын ешкім білмейді», – деген сөздері әбден намысына тиген Асекең Фатимамен ұшырасқан бойда екі иығы селкілдеп, балаша жылайды.
– Фатима-ау, мені мыналар өлтіреді екен. Ел-жұрттан, сенен менің бір ғана өтінішім бар, сүйегімді осында қалдырмай, туған жерім Меркіге жерлерсіңдер, – деп қапаланады. Фатима оған қатулана қарап:
– Әй, Асанбай, бұған дейін де талай рет тағдырдың тауқыметін тартқансың. Аштықты көріп едің, өзегің үзілген жоқ. Соғысты көріп едің, отына күйсең де өлгенің жоқ. Өтінемін, мыналарға көз жасыңды көрсетіп жасымашы, – дейді. Сонда барып Асекең өз-өзіне келіп, рухтана түседі. Асекеңе осылайша, қиын шақта жігерлі сөзімен күш берген Фатима апамның қайсар мінезі, намысқойлығы бүгінде бәріміз үшін тағылымды мәнге ие.
Қиын сәтте:
«Фатимашым!
Жанымның бір бөлшегі,
Жаман атқа қалдырмаспын мен сені.
Күресемін соңғы демім біткенше,
Төзімімнің таусылғанша ең шегі…» – деп жырлаған Асекең саяси тұтқынға айналып, шырғалаңға түскен шақта Фатима апамыз үйде отырып қалмай, ержүректілік танытып, ерін түрмеге іздеп барып, намысын бірге жыртысты, қуатты әрекет танытты. Кейіннен мемлекет қайраткері Кеңес Аухадиев ағамыздың: «Фатима жеңгеме басқа тұрмақ, ана декабристердің әйелдері де жетпейді. Олар Сібірге күйеулерін іздеп барғанымен, қолдарынан түк келмей сонда қалып қойды. Ал Фатима жеңгей Асекеңді аждаһаның аузынан құтқарып, елге аман-есен алып келді», – деп айтуы Фатима апамыздың елім деген ерге лайықты жар болғанын аңғартады. Басына түскен ауыртпалықты қайыспай, сынбай көтере білген Асекеңнің тағдырына Фатимадай адал да батыл жардың жолығуы бармақтай бақтың үлкен бөлшегі еді. Фатима апа Асекеңді үй, ағайын арасындағы әңгімелерге араластырмауға, одан ерінің абыройын биік ұстауға тырысып, отбасылық жауапкершілік жүгін өз мойнына алуға қолынан келгенше тырысты. Зайыбының көңіліне кірбің келтірмей, ел алдында абыройлы болуына барын салды.

Фатима әже асыл жары Асанбай Асқаровпен бірге
1992 жылдың күзінде Алматыға оқуға келгенімде Фатима апамыз 67 жаста болатын. Әйел заты сұлулығымен, ақыл, парасатымен ерекшеленуі тиіс. Сол кездегі бойында ерік-жігері мол, заманауи стильде киінетін, көп әйелге үлгі болатындай болмысы әлі көз алдымда. Бүгін, міне, 100 жасқа толып, ғасыр жасап отырған апамның әлі күнге дейін олпы-солпы киінгенін көрмеппін.
Асекең мен Фатима апамыз Шолпан, Айман, Зифа, Бақытжан, Света, Жанна, Фархат есімді ұл-қыздарын жетілдіріп, өсірді. Апамыз – бірнеше немере, шөбере, шөпшек сүйіп, ұрпағымен 100 жасқа келіп отырған бақытты ана. Жақында амандасуға барғанымда, апам: «Адам деген қызық болады екен, қарттықпен дұрыс қимылдай алмай қалғаның, жөндеп жүре алмайтының түкке тұрмайды, сол баяғы он сегіз жастағыдай жүгіріп кеткің келеді. «Көңіл еш қартаймайды» деген рас екен… Өміріме ризамын, бекер өмір сүрмеген тәріздімін. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдім. Тек Асекеңнің сәл ертелеу кеткеніне өкінемін. Біраз жыл жүре тұрғанда деген арзуым да жоқ емес. 79 жасқа таяғанда Асекеңнің: «Менің әулетімде ешкім менің жасыма жеткен жоқ, әкем де, шешем де, бауырларым да ерте қайтып кетті. Шүкір, осы жасыма», – деп айтқаны бар еді. Көп ұзамай дүниеден озды ғой, біраз нәрсе ішінде кетті. Асанбайдың басты арманы – Меркедегі Сыпатай батырдың басына Құран оқыту, Псковта жерленген Сыдықназар ағасының бейітінің басына бару, Шудағы нағашы атасының бейітіне, Семейдегі Сүлейменге барып Құран бағыштау еді. Тек үлгергені – Сыпатай атаның басына барып мал сойып, Құран бағыштап қайтты. Қалғанын жасап үлгермеді. Асекең өміріне риза болып кетті. «Қарапайым ауылдан шықсам да, білім алдым, биікте жүрдім, халықтың қалаулысына айналдым, тағдырға өкпем жоқ», – деп отыратын.
Асекеңдей қазақтың біртуар азаматына нәсібімді қосқан Аллаға мен де ризамын. Асекеңді қадірлеп, осы күнге дейін естерінен шығармай, ұмытпай жүрген қазағыма мың алғыс!
Енді Алланың қалауымен 100 жасқа да жеттім, бұл күніме де шүкір! Тек, Алладан сұрарым, балаларымның алдында алсын, ұл-қызым, ұрпағым, елім, жұртым аман болсын! Ел тыныштығы бұзылмасын! Қазағымның ұрпағы жасай берсін!» – деп әңгімесін баяндай келіп, баталы сөз айтты да, ойға шомып кетті. Жүзінде ғасырға жеткен мерейлі ғұмырдың терең өнегесі сайрап тұрды.
Сөз соңы
Қолыма «Халық перзенті» кітабын алдым. Атамның Фатима апама жазған хатын бірнеше мәрте оқып шықтым. Мазмұнына зер салып едім, атам жарының 100 жасқа толған мерейтойына арнап тілек жазып қойғандай әсер етті. Оқып көрелік:
«Адам баласы үшін ең әуелі бостандық керек, ал бақыт деген нәрсені адамның өзі жасар болар. Шын мәнісінде де, біз екеуміз үлкен өмір жолдарынан өттік. Өткен өміріміз үшін біздің өкпе-наламыз болмауы керек. Менің жарқырап көрінуіме, өсіп-өркендеуіме, қалыптасуыма өз қолыңнан келген нәрсенің баршасын ірікпей жасағаның үшін мен саған ғұмырымда ризамын. Сен менің нағыз өмір серігім болдың. Сен менің нағыз өмірлік досым болдың. Сен менің досым, жан-жолдасым болуың арқылы да адам болуға, нағыз үлкен жүректі адам болуға тырыстым. Мұны басқа бір адамдар біле бермес те. Сенесің бе, қазірдің өзінде де сен маған өмірге қызыға қарайтын, мұңсыз-қамсыз бойжеткен боп көрінесің де тұрасың.
Біз екеуміз ұзақ жолдан өткен сүйікті дос, менің жан тербеткен балаларымның анасы болған тұста мен саған сағынышқа толы хатымды жазып отырмын. Балаларымыз үшін мен және сен – бір бүтінбіз әрі бөліп-жаруға мүлде келмейміз…
А.Ас.
18.ХІ. 87 жыл».
Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор