Күй ғұмыр (толғаныс)
09.12.2024
248
0

«Күй – Құдайдың күбірі» дейді. Қашан айтылғаны белгісіз. Әйтеуір, бұл тәмсілді Қорқыт бабамыз айтыпты делінеді.
Дала даналары – біздің ата-бабаларымыз рух тазалығын үнемі назарда ұстап келгені туралы айтылған әңгіме жеткілікті. Рух – тәнді өзіне бағындырып, оны адамзат дүниесінің тәлім-тәрбиесін танып-білуге жетелейтін әділет пен хикмет­тің, тазалық пен пәктіктің тағы деп танылар болса, сол рух иесі ғана кәміл шынайы адам деп есептелінеді. Өз басым өнер қонған адамда кие бар-ау деп ұғамын.
Осы сәрсенбіде «Құрманғазы» окестрінің концерт залында ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Жігер Бертісовтің «Күй ғұмыр» ат­ты шығармашылық кеші өт­ті. Халық артисі Секен Тұрысбековтің «Ақ жауын» оркестрі сахна төріне жарқ етіп шыға келгенде, әлгінде айт­қан киелі өнердің тым кірпияз, талғампаз екенін тағы бір аңғардық. Күй кешінде оркестрмен орындалған Сүгірдің «Тоғыз тарау», Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйлерінің күмбірі жер дүниеге тарап, аспандағы айды алқымдаған саз сарыны әлденуақытқа де­йін дүрілдеп, тау-тасты жаңғырықтырғандай…
Күй кешінің иесі Жігер Бертісов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясында күйші Біләл Ысқақовтан тәлім алған. Жастайынан өнерге құштар Жігер өзі туып-өскен Үржардағы Е. Рахмадиев атындағы Музыка мектебінде М. Кебісбалаевадан домбыра класын бітіргенін мақтанышпен айтып отырады.
Жігер өнердегі қамқор ағаларының бірі, композитор Әділбек Атығаевтың ән-күйлері жинақталған кітапқа редакторлық ет­ті. Өзі рухани ұстаз тұтатын Секен Тұрысбеков шығармаларын клавирінен бастап, партиялары мен оркестрге лайықталған партитураларына де­йін шашауын шығармай кітап етіп бастыруға дайындап жатқан тағы бір үлкен шығармашылық еңбектің үстінде. Ұстазын ұлықтаған ұлт­тың ұрпағы екеніміздің көрінісі шығар бұл да болса.
Тағы бірде сахна төрінде ән салған
С.Жанпейісова, А.Күзебай, Е.Шүкіманов сынды жезтаңдай әншілерімізге «Бәрекелді!» «Ой, пәлі!» деп таңдай қағысқан, гуілдесіп көтермелескен, құлақ құрышы қанған қалың топ әрі тыңдаушы, әрі төреші сипатында серпіліп, бір желпініп қалғаны бар.
Әшімтайдың, Хасеновтің, күйлері, Момбековтің «Салтанаты», Тұрысбековтің «Дарабозы» қай-қайсымыздың болсын көңіл түкпірінде қалған адами арзу-армандарымыздың күймен көркемделген көрінісі емес пе? Ал Махамбет­тің «Жұмыр қылышы», Қаршыға Ахмедияровтың «Арпалысы» мынау пендеуи тіршілік пен тәркі дүние арасындағы жан иесінің қиямет-қайым халінен хабардар еткендей!
Жігерді «Ақ жауын» оркестріне концертмейстерлікке қызметке шақырған С.Тұрысбеков те – талғампаз әрі талап­шыл. Талант­ты тани білу қарапайым қағидат сияқты көрінгенмен, талант тағдырына тәуекелшілдік шығар-ау?
Қоңыр домбырасынан қоңыр әуезді күй күмбірлеткен Секен Тұрысбеков – Жігердің жігерін жанып, талантын таныған қамқор аға, ұлы ұстаз. Күй кешінде өзі құрған «Ақ жауын» оркестрімен бірге төл туындыларын орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған С.Тұрысбеков те бақыт­ты ғой.
Иә, саф өнерге пәк көңілмен қарайтын «Ақ жауын» оркестрінің өнер ұжымы бар, Жігер Бертісов сынды шәкірті бар. Рухың биік, тәнің бекем болғай, өнерпазым! Күй кешінен ке­йін түйгенім: Секен салған сүрлеудің сағынышты сәт­терін сезінгендеймін.

Ержан Арзықұлов,
Қазақ­станның
еңбек сіңірген қайраткері,
композитор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір