АЛЫС ҒАСЫРДАН ОРАЛҒАН ҒАШЫҚТАР
Классик жазушы-драматург Ғабит Мүсірепов пьесаларының сахналануы қай кезде де театрдың ерен табысы, өнердің үлкен оқиғасы ретінде қабылданған. Драматургтің асқан шеберлігінің жемісі ретінде бағаланатын «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы талай мәрте сахналанса да, уақытпен бірге сан қыры сәуле шашып жарқырай түсетін өлмес мұра екенін дәлелдеп келеді. Ақанның күрделі әлеуметтік-психологиялық қасіретін бейнелейтін пьеса М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында 40 жыл үзілістен кейін қайта қойылып отырғанының өзі – ең әуелгі жаңалық. «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы Неміс театрының режиссері Қуанышбек Адыловтың ұзақ толғанысынан туған дүние болғанын көзіқарақты көрермен бірден байқайды. Өйткені, режиссерлік жағынан өте қызықты тәсілдер қолданылғанын аңғармау мүмкін емес. «Әп» дегеннен көзге ілінгені, Ақан мен Ақтоқтының өмір сүрген заманының дәлелі болып кеткен қос етек көйлек пен оюлы камзол, сеңсең бөрік пен жағалы шапандардың спектакльден «алынып тасталғаны». Сал мен серінің үстінен сыпырылған, ұлттық киімнен ада спектакльде Науан хазірет, медресе шәкірттерінен бастап, екі ғашықтың әкелері Қорамса мен Қоңқайға дейін заманауи шалбар киіп шауып жүр. Бірақ осылай болса да, режиссер мен суретшінің шешімі, киім үлгілері, музыка, бәрі де ортақ мақсатта үйлесімін тапқан.
Спектакль Мәрзияның мешіттің жанына келіп, айғайлап ән салып, сол имансыздығы үшін тірідей көрге көмілгелі жатқан жерінен Ақан және оның жанындағы серілерінің құтқарып алған жасырын әрекетінің жария болуынан қауырт басталады. Мәрзияның ет жақын туыстары Жылкелді, Балта, Жалмұқандар туысын жоқтап, үкім кескен Науан хазіреттен құн даулап келеді. Бұл кезде Ақан хазіреттен дәріс алып жүр еді. Хазіреттің Жалмұқанның алдындағы әлсіздігі Ақанның мешіттен кетіп, ашық айқасқа шығуға мәжбүрлейді. Науанның жас қызға жасаған қатыгездігі мен қиянатын кешіре алмаған Ақан да қара түнектен шығып, халық жағында еркін жүруге бел буады. Халыққа дін таратып, құдай жолында жүрген хазіреттің басы дауға іліккені оқиғаны шиеленістіре бастайды. Абыройсыздыққа ұрынған Науан хазірет қара басының қамын күйттеп Жалмұқанмен тіл табысып, Ақан, Жылкелді, Сейіт, Мұрат тобымен тартысқа түседі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Қожаның Науан хазіреті түпнұсқа пьесада суреттелгендей, қожа-молдалар туралы ескі түсінік шеңберіндегі бейнеде жасалса да, бүгінгі саудаға түскен Исламдағы кейбір әсіредіншіл топтың усоқты элементтерімен тұздықтала түскенінде қызықтырақ болатыны сөзсіз еді. Байырғы бірсыдырғы молда бейнелерінен былай кетпесе, таспиық ұстап, тазалық туралы уағыз соғатын молда бүгінгі көрерменнің көңілінен шыға бермейтіні анық.
Спектакль образдар палитрасына аса бай. Бірі – күшті, бірі – әлсіз, бірі – сері, бірі – діндар, кейіпкерлер әр түрлі әлеу-
меттік топтың жүгін көтеріп жүрсе де, ойнайтын актерлер біртұтас актерлік ансамбль құраған. Бірін-бірі іліп әкетіп, толықтыра түседі. Үлкен драмадағы кішкентай бейне болса да, Ақтоқтының әкесі Қоңқай – нағыз трагедиялық кейіпкер. Біресе қызының сөзін сөйлеп, біресе Жалмұқанның жағына шығып, кім не айтса, соған көнетін әкенің дәрменсіз бейнесі аянышты-ақ. Қоңқайдың образына жасырылған мансапқорлық, надандық, дүниеқоңыздық, жұрт сөзіне жығылатын жігерсіздік қойылымның қайшылығын арттыра түседі. Актер Мұрат Нұрәсіловтің ойынындағы Қоңқай образының комедиялық бояуы басым, оның төбесі көрінгеннен езуге күлкі үйіріле бастайды, бірақ нағыз трагедия осының басында. «Кешегі Қоңқай кім еді, бүгін, міне, қандай болдым!» деп қоқиланатын Қоңқай қанша мансапқор болса да, қызының тағдыры үшін торғайдай шырылдап, қалай жол табарын білмей шақшадай басы шарадай. Анасының да қайғысы Ақтоқтының азабынан кем емес. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рахилям Машурова кескіндейтін кейуана да өз заманының «Ақтоқтысы» еді. Сүйгеніне қолы жетпей, аңырап Қоңқайдың қолынан ұстап, соңынан еруге мәжбүр болған. Теңдікке, сүйгеніне қолы жетпеген. Өз тағдырының айна-қатесіз қызының басына көшкенін тәжірибелі актриса көкірегі қарс айырылған күрсініс-күйінішпен, іштен тынған мұңмен жеткізді. Тәуелсіздікке қолы жетпей, ұшқынын ғана көрген адамдардың жаңа кезеңді аңсап, аласұрған жан арпалысы, міне, тағы да Ақан мен Ақтоқты образдары арқылы тарқатылып жатыр.
Ақтоқтыны Ақан серіден айырған Жалмұқан әдеттегідей жағымсыз кескінде емес, адами қасиеті мол, тәрбиелі жан ретінде танылғаны таңырқарлық. Осы уақытқа дейін драматургияда біржақты қараланып келген төре тұқымының бағланы Жалмұқан алғаш рет Ақанмен тең дәрежеде Ақтоқтыны сүйген шынайы ғашық жанның бейнесінде көрінеді. Жалмұқанды жаңаша бейнелеуде актер Жасұлан Байсалбеков тың штрихтар тапқан. Актерлердің ішінде екінші планды сақтап жүрген, ойды жақсы жеткізген осы Жасұлан Байсалбеков болды. Бұл да сезімі ойнаған жас жігіт, мұның да Ақтоқтыны сүюге хақысы бар, сүйгені үшін бұл да күресе алады. Жағымсыз кейіпкер екенсің, ендеше оның махаббаты да жексұрын болады деген түсінікті тас-талқан еткен. Жасұлан кейіпкерін мейлінше ақтап алады, оның кісілікті, салмақты, ойлы Жалмұқаны – спектакльдегі ең есте қалатын жарқын образдардың бірі.
Ақан мен Ақтоқты – арнайы сөз қозғауды қажет ететін негізгі бейнелер. Спектакльде Ақан біздің ұғымымызға сіңген таптаурын Ақан бейнесінен анағұрлым алыстап кеткен. Режиссердің жаңаша интерпретациясына сәйкес, спектакльде Ақан жаны жайсаң, қызуқанды, тентектеу кейіпкер ретінде көрінеді. Ақан жай ғана сері, әнші емес, Жалмұқан мен Науанның ата жауына айнала отырып, олармен қарсыласатын көріністерде нағыз күрескер бейнеде көрінеді. Ол дінді қараламағанымен, дін ұстанып, Құдай жолына қызмет етіп жүрген дін иесі Науанның әділетсіздігін түсіне алмайды. Ақанға «райыңнан қайт» дегенде, «Қарауылдай елге Науандай надан хазірет болыпты деп қайтам ба мешітке?» – дейді ол. Бұл – Ақанның азаматтық ұстанымы. Ойы да, көзқарасы да, қойылымның формасы да басқа, әлдеқайда заманауи, тіпті еуропалық стильде сахналанғаны – спектакльдің соны жаңалығы. Ақанның «ескі шапанды» шешіп, жаңа кейіппен шығуына, оның 13 жасына дейін діни білім алып, кейін орысша, парсыша әдебиеттерді еркін оқып, еуропалық мәдениеттен хабары бар көзі ашықтығы сеп болса керек. Сахнаға желбегей халат жамылып, қолына керек қарыс кітап ұстап, ақ параққа кеше жазған өлеңіне бүгін басқаша реңк беріп, толғанған Ақан алыс ғасырдың емес, ХХ ғасырдан бергі заманның адамы ретінде көрерменге жақындай түскен. Режиссердің бұл тәсілі құптарлық. Өйткені, Ақанды арғы заманға апарып алыстатқаннан гөрі, бүгінгі біздің замандасымыз еткен әлдеқайда пайдалырақ. «Ақтоқтыдай қыз тәңірісін қызғанбаған – қылмыс» дейтін сері Ақанның еркіндікке құштарлығы сүйгеніне іңкәрліктен, ән мен жырға құмарлықтан туған. Театрдың әнші жастарының арасынан Ақан рөліне Алмас Шаяхметовтің таңдалып алынуы тегін емес. Қойылымда Ақанның Ақтоқтыға арнап шығарған, халыққа белгілі бірнеше әнін кең тыныспен қалықтатады.
«Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ләззат Қалдыбекова күні бүгінге дейін шеру тартқан Ақтоқтылар көшіне енді ғана ілессе де, бойынан «Ақтоқты осылай болса керек-ті» дегізетін сырлы шындықтың тулап, сыртына тепкені сүйсінтті. Үстіне камзолсыз жеңіл көйлек киіп, тоқпақтай қос бұрымның орнында жотасында жалғыз өрім шашы жыланша иректелген мына Ақтоқты теледидарда, төңірегімізде жүрген қыздарға тым ұқсас. Ләззаттың бейнелеуіндегі Ақтоқты жөнсіз ерке емес, не нәрсеге де пайымы бар, парасатты, есті. Жүрегін кернеген махаббаты лап етіп сыртқа шықпай жатып, Ақанмен қоштасатыны, Ақанды қызғыштай қорып, соның амандығы үшін қауіп-қатерге басын тіге алатын қайсарлығы тебірентпей қоймады. Ләззаттың актерлік ойынына бұрын-соңды аңғарыла қоймаған өзгеше пішін бергені елең еткізді. Ақ өлеңмен айтылатын әр сөзінің сәулесін сезінуге тырысатыны қуантты. Ата-анасының амандығы мен ел тыныштығының бүлінбегенін қалаған Ақтоқтының амалсыз Ақаннан бас тартып, іші қан жылап тұрып Жалмұқанға еріксіз көнетіні сендірді. Ақанның домбырасы қирап, Жалмұқанның мәңгі талақ еткен сахнасы Ақтоқтының нәзік те сұлу бейнесін асқақтата түсті. Қираған Ақанның домбырасы емес – халықтың еркіндігі, арманы. «Алшаңдатпай қызыңды алып кет» деп тепсінген Жалмұқанның бұйрығымен ағашқа таңылып, Науанның әмірімен Мылқауға бұйырылып, азапталып жатса да, ол Ақан әндерін шырқап, Ақан әндерін сүюге шақырады. Ақансыз тірліктің мәні жоқ. Мұншама қорлыққа төзбеген Ақтоқты өзіне қанжар салады. Трагедия деп аталатын жанрдың түйіні осылай жасалды. Бұл заңды.
Нағыз драматургия талабы көрініс беретін пьесаны актерлер ерекше екпінмен, кең диапазонмен, жоғары динамикамен ойнап шықты. Терең драматизмге толы тағдырлы оқиғаны бір тыныспен отырып көрген көрермен босаңси алмады. Серілер заманының атмосферасы сезілді. Жүрек толқыды, көз буалдыр тартты. Режиссердің жебесі катарсис нүктесіне қадалды, актерлер пьеса жұмбағын шешті. Ұлы драматург шығармасының тегеуріні осылай болса керек-ті.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ.